• Қоғам
  • 30 Қазан, 2020

ЕНДІ ҚАЙТЫП КЕЛМЕ СЕН

Әлем – әлем-тапырақ. Көңілде – үрей, көк тұман. Бір-ақ күнде дүниені бір қауызға сыйдырып, қыбырлағанды – інге, қыдырымпазды – үйге қуып тыққан коронавирустың қауқары сұмдық. Тәубесінен жаңыла бастаған адамзат баласы оның алдында дәрменсіз екен, соны ұқтық. Миллиондаған адам дертті. Демін әрең алып, өмір мен өлім арасында арпалысуда. Мыңдаған адам келместің кемесімен мәңгілік жағалауына аттанды. Асыл армандары мен мақсат-мұраттарының күні батты, панасын тапты. Рухтары шат болғай!..
Жансыз жау өз дегенін істеді. Ал біз не қылдық?..
Әуелгіде көрші елден қылаң берген бұл індеттен саяси астар іздеп сабылдық. Алпауыт елдердің өзара есеп айырысуы, шартарапты жеке дара билеудің амалы дегендей болжамдарға өзімізді сендіруге тырыстық. Әсіре діншілдер тарапынан бұл індет мұсылмандарға жұқпайды-мыс деген әңгімелерді де естідік. Өздерін жұлдыз санайтын қайсыбір желбіршаш әншілер «біз – бармыз, коронавирус – жоқ» деп кергіді. Сөйтсек ол бар екен. Ұстанған дінің, шыққан биігің, жинаған байлығың, сайлаулы қаруың да оған бес тиын екен. Екі аяғымызды бір етікке тықты, біз ойлағаннан әлдеқайда мықты болып шықты. Әзілдеспейік. Әзілді адам көтерер, ауру көтере ме екен...

***

«Әркімнің өз тазалығы – өзіне» деп келгенбіз. Олай емес екен. Сенің тазалығың – отбасыңа, ортаңа да қорған екен. Дерт – өкшелей қуған жау. Жауды қасарысып та, қашып жүріп те жеңуге болады. Адамзат баласына соңғы тәсіл қажет. Өйткені, бұл жаудың көзі байлаулы. Ал сенің көзің ашық. Өзің барып ұрынба. Ол үшін арнайы сабақ өтудің керегі шамалы. Сабақты үйде отырып та оқуға болады, үйде отырып та сабақ беруге болады.

***

«Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар» депті бабаларымыз. Озық дәстүр – ұлт қорғаны болуы тиіс. Дәстүршілдікті дүрмекке айналдыру қауіп. Бабаларымыз ұрпақ қамын ойлағанда жақсы ісін оздырып, жаманын тоздырып отырған. Көпшілміз. Алайда көпшілдігіміз – көпке өмір сыйлау ыңғайында болса, қанеки. Көңілжықпастық тұрғысында емес. Әзірше қуаныш пен қайғыда да осы ұстаным озып алға шықса дейсің. Адамзат алдындағы бұл сынақ бізге осыны меңзейді. Қасарыспайық. Төзім – қанымызда бар. Қандағы қасиетті қайта тірілтпек лазым. Екі берілмейтін өмірді сақтаудың жолы осы. Жоралғы жасаудың да жөні келер.

***

Мейірімді болу мен қайырымды болудың заманы келді. Бай, кедей, орта таптың ортақ тіл табысар шағы да осы кез. Аты жаман індеттен аман қалудың бір жолы ағзаның қорғану қабілетін арттыру. Ол үшін дұрыс тамақтану, тыныш ұйықтау, таза ауада көп жүруге кеңес береді мамандар. Алайда біздің көбімізде ондай мүмкіндік жоқ. Барын талғажау етіп, жоғына алақан жайған жұртқа қайдағы тыныш ұйқы, қайдағы таза ауа? Міне, осы түйткілдің түйінін тарқату үшін де мейірім керек, қайырым қажет. Кедейлік – кемдік емес, оған кеңдік жасауға асыққан жөн. Байлықтың мәні бар болуда емес, жоқ-жітікке жомарттықта.

***

Әлем алпауыттары індеттен қорғануға екпе ерегесін бастап та кетті. Ресей бұл тұрғыда басқаларды шаң қаптырып, нәтижеге жеткенін жалпақ әлемге жариялап үлгерді. Алыстағы Америка да жанталасып жатыр. Іргедегі Қытай да бұл бәсекеде жеңімпаз болуға асық. Біздің ел де әрекет үстінде. Оңынан болсын дейік. Ешкімнен кем емеспіз. Ең бастысы, екпені салғызу немесе салғызбауға еріктіміз. Қалай болғанда да, елге келетін екпенің құтқарушы күші, құтқарушы қабілетін нақты дәлелдермен анықтап беретін мықтылар қажет адамзатқа. Ел сонда ғана ерікті түрде екпе салдыруға ынталы болмақ. Әйтпесе, ешкімнің де арасы есік пен төрдей өмірден ерте кетсем дейтін ойы жоқ.

***

«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» дейтін пендеміз. Бұл тажалдың да беті қатты. Әлем елдері оның екінші толқынына әзірленуде. Бәрі бір Құдайдың қолында. Ең бастысы, үрей отын алаулата бермейік. Үрей тұтанбасын. Арамызды сиретіп кеткен бүл дүлей енді қайтып келмесін деп тілейік. Тілек те – ем!

Жарас Сәрсек

628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы