• Руханият
  • 30 Қазан, 2020

Қазақ әдебиетінің мегаөрісті туындысы

Сайын дала тұрғындарына тән космостық танымды қазіргі әдебиеттің модернизациясы дәуірінде төл туындысы арқылы астарлай жеткізу нағыз қаһарман жазушының ғана қолынан келеді. Романның тақырыбы неліктен «Ай мен Айша»? «Айша» деп атаса да жарайтын еді ғой. Ай – ықылым заманнан Тәңірі дінін ұстанушылардың, көшпенділердің бір символы. Дінсіз жазушы болмайды.
«Әкесіз бала, құлыпсыз есік қана» демекші, әкелерін 1937 жылы НКВД айдап әкеткенде панасыз, жетім балаларымен жалғыз қалған, арқа сүйер тірегі жоқ Айша – Ана, Тасбет пен Жуанқұл сияқты безбүйрек сұмдардың зәбірін көреді. Шиеттей балапандарын еш сүйенішсіз жетілдіру 25-27 жастағы келіншекке оңай емес. Айшаның бар сенетіні бір Жаратушы. Ол Айға қарап, қолын жайып:
«О, Көк Тәңірі, есіркей гөр, панасыз жетімдерді!» деп, күнде жалбарынады. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деген нақылды халық бекер шығармаған. Жер бетіндегі тіршілік атаулының жалғыз иесі бар. Ежелгі қазақ өз тілегін оған қалай жеткізген? Көшпенділер ежелден Күнге, Айға, Жұлдыздарға қарап сиынған. Біздің арғы тегіміз – сақтар мен хундардың ел билеушілері таңертең Күнге, ал жатарда Айға қарап тұрып еліне амандық тілеген. Бұл салт көне заманда болған десек, қазіргі заманда көнекөз қариялардың Ай туғанда «О, Жаратқан, жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп күбірлеуі бекер іс емес. Бұл ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей беріліп келе жатқан генетикалық түйсік. Осы түйсік Шерхан Мұртазаның романында көрініс тапқан.
Роман-эссенің «Ай толғанда абай бол» деген тарауында бас кейіпкер рөліндегі Иса – жұмбақ адам. Ол – Барсханның ұстазы. Исаның кісі сенбес ғаламат кибернетикалық қабілеті планеталық ой сана деңгейінде деуге болады. «Ми миллиардтаған клеткадан тұрады, солардың тым құрыса мыңнан бірі жұмыс істесе, әрқайсысың бас-басыңа Пайғамбар болар едіңдер, – дейді Иса оқушыларына. – Ми клеткаларымыз ұйқыдан түгел оянса, біз қазіргідей хайуанат қатарынан бір-ақ адым алда жүрмей, ғарышта, басқа планеталарда жүрер едік. Онда анау батыстағыдай жабайылар соғысы болар ма еді? Соғыс салу, адамдардың бірін-бірі өлтіруі, қан төгу – сол жабайылықтан. Неге жабайы? Өйткені, адам миының клеткалары түгел жұмыс істемейді. Сендер де оятпайсыңдар миларыңның клеткаларын!». Исаның бұл сөзі шәкірттеріне ашуланғанда айтқан сөзі ғана емес, бұл – кейіпкер аузымен айтылған қазақ жазушысының әлемдік қауымдастыққа арнаған үндеуі.
«Ай мен Айшада» уақыт пен кеңістік тұрғысынан қос ғасыр бойы шешімі табылмаған мәселелер жинақталған. Сондай күрделі мәселенің бірі – экология. Туған жері Мыңбұлақтың ерте кезде нұрлы өлке болғандығын, қалың ағаш сиреп, бүгінде жойылуға айналғандығын Айша күйзеле отырып ескертеді: « – Осы біздің Мыңбұлақта ит мұрны батпас қалың орман болады екен. Емен осында, қызыл қайың да осында, арша, шынарға дейін шығады. Қазір ғой азғындап, әр жерде қарағаш пен терек қалғаны. Оның өзін отқа жағып, құртып болдық». Айшаның «қазір» дегені ХХ ғасырдың 40-жылдары. Одан бері де 70 жылдан аса уақыт өтті. Ол кезде ел отынға ағаш кессе, мәжбүрліктен отады. Соғыстың қиын-қыстау кезі ғой. Ал қазір, ХХІ ғасырда, өркениет заманында Табиғат-Анаға кісі баласы не себепті ашкөздікпен қарайды?
Барлық жазушының іздейтіні де, оқырманға ой салатыны да бір сұрақтың жауабы. Кезкелген келеңсіздіктің тууына не себеп? Адам бейкүнә сәби болып туады. Оған пенделік қылықтар қайдан жұғады? Осы пенделердің ойсыздығынан ғой дүниеде үйлесімділіктің болмауы. «Ай мен Айшаның» авторы бұның барлығы пенденің өзінен дейді: «Дүниенің жаратылысында жазық жоқ, мүкісі жоқ. Дүниені бүлдіретін – өзіміз. Ең ақылды жаратылған жан – адам баласына мүмкіндікті молынан берді. Өз санасын өзі улап, ойын былғап, ақылын айуандық іске жұмсап, құрдымға жол ашқан – пенденің өзі емес пе?».
Романның әр тарауы гуманистік ойларға жетелейді. «Жалаңаш қасқыр» аталатын тарауында Айша айтқан Көк Бөрі хикаясын баяндамас бұрын автор шегініс жасап, бөрі мен адамды қатар қойып салыстыру арқылы заман өткен сайын бұзылып бара жатқан пиғылды батыл көрсетіп, ескерту жасайды: «Қасқыр затын адамдар жек көреді. Көбі қорқады, тіпті бәрі қорқады. Малын жеп қояды, содан өштеседі. Ал адам мал жемей ме? Жейді. Оны ешкім күстәналамайды. Қасқырдың адамнан өзгешелігі: адам бәрін жей береді. Шөп-шаламды да азық қылады. Тіпті, бақа-шаян жейтін ел де бар. Ал қасқыр шөп жей алмайды. Тек емдік үшін сирек дәрі шөптерді қажағаны болмаса, шөп атаулыны аузына алмайды. Ал әлдеқайда ауырса – тек асыл тамырды ғана татады. Өзін-өзі емдемесе қасқырды кім емдейді? Табиғат солай жаратқан. Қасқыр тек етпен ғана қоректенеді. Су ішеді. Арақ ішпейді. Ол Құдайдан шекер мен бал сұрап жатқан жоқ. Ананас пен банан талап етпейді. Оның бәрі адамдардың ермегі. Қасқыр адамдар сияқты тойымсыз, тәуфиқсыз емес. Бөрі баласын жұрт «қорқау, қомағай» деп ғайбаттайды. Бәрі бекер. Қомағайлық, қорқаулық алдымен адамға тән».
Жануарлардан ерек сана иесі бола тұра кісілер байсалдылықтан айырылып, «бәрін адам билейді» деумен көкірек қағып, қоршаған ортамен үйлесім әрі тепе-теңдікті жойды. Пірсіздік, қасиеттің қадірін білмеу осыдан шығады. Ал бұл қоғамның құлдырауына, рухани азғындыққа әкеледі. Шерхан Мұртаза айтады: «Қасқырды жамандап жатқандарды көргенде, мен ішімнен: « – Уа, қасиетті киеміз, бұл пенделерді кешіре гөр, – деп отырамын. Көк Бөрі біздің қасиетті киеміз ғой. Көк Түрік заманында Көк Байраққа алтындап Көк Бөрінің басын салып қояды екен. Сол тегін деп пе едіңіз. Тегін емес қой». Рас, тегін емес. Тек қоршаған орта жағдайын ғана емес, жалпы гуманистік принциптерді берік ұстаған сайын даланы мекендеушілер әрбір тіршілік иесінің қасиетін бағалай білген, қадірлеген.
Романның бас кейіпкері Барсхан бейнесі біздің көз алдымызға ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы бала кейпін әкеледі. Ол кездегі балалардың бойында даналықтың дәні бар. Шетінен есті, ақылды. Себебі, тауқыметті көп көрді.
Айшаның қатал тәрбиесі, ер мінезі, балаларын жастайынан ересектермен бірге еңбек етуге баулуы – Барсханның парасатты азамат болуына әсер еткен осы үш нәрсе. Бұлар жазушының өмір мектебінің алғашқы баспалдақтары. Осы мектепте оны шыңдаған рухани тәлімгер ұстазы – ең алдымен анасы Айша болса, бала бойында көргендіктің дәнін еккен, Барсханға мейірімін төккен Қамқа әже, Аққыз апа, Қырғыз ата сияқты қариялар. Романның этнопедагогикалық тағылымы осы кейіпкерлер болмысына жинақталған. Айша ашуланғанда Барсханды арқасынан ұрады. Сонда Қамқа әже: «– Айша, Барсханды арқасынан ұрма!» деп ескертеді.
Ұлтының өнегесін жас та болса жадында мықтап сақтап, берік ұстанатын Айша ұлына «Кеудеңді ешкімге бастырма», «Сұғанақ болма» тәрізді мәнді сөздерді үнемі айтып отырады. Көрші қырғыз еліне бара жатып Бибісара әженің қасындағы жас Барсханға көрсеткен өнегесі бағзыдан жалғасын тауып келе жатқан халықтық тәрбиенің үлгісі. «Біліп қой, балам, мына қабырғаның ар жағында Ұлы Анаң – Айша Бибі» дейді кейуана, Айша Бибі мазарының тұсына жеткенде. Бибісара әженің Барсханға айтқан сөзінде қандай тағылым бар?! Қарт ана шынашақтай балаға осы сөзді не үшін айтты екен?
Он үш жасқа дейінгі өмір жолы шынайы боямасыз, өткір түрде баяндалған «Ай мен Айша» автордың ғана емес, қазақ әдебиетінің мегаөрісті туындысы.

Шарафат Жылқыбаева

1464 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы