• Руханият
  • 29 Қыркүйек, 2020

АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ

Егеменді Қазақстанның алғашқы Конс-титуциясы 1993 жылы қабылданғаны белгілі. Бұл құжат қазақ елінің тәуелсіздігін бекіткен алғашқы құжат болғанымен, онда жіберілген кемшін тұстарды уақыттың өзі көрсетті. Сол кездегі заңгерлердің, ел басшылығының және халықтың ұсыныстары қорытындылана келе 1100-дей өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа Конституция 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтың референдумда қабылданды.
Бүгінде біздің еліміз осы Конституция бойынша өмір сүреді. Ол қабылданғаннан кейін Қазақстан өзінің одан әрі даму жолын түпкілікті таңдап алды. Осы Негізгі Заң, шын мәнінде, қоғамдық келісімге айналды, сол бойынша өкімет Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетке айналдыруды басты міндет етіп алды, ал азаматтар Конституцияны және еліміздің заңдарын бұлжытпай орындауға жауапкер. Осындай өзара міндеткерлік қоғам мен мемлекеттің одан әрі нәтижелі дамуына тиянақты негіз қалыптастырып, біздің болашаққа сеніммен қарауымызға мүмкіндік берді.
Жалпы байқасақ, Қазақстанда шұғыл бетбұрыс 1995 жылдан басталды. ТМД елдерінің арасында бірінші болып зейнетақы реформасы жүргізілді. Халықты экономикалық қорғауды әлеуметтендіру саясаты, жастардың болашағын кепілдендіру жүйесі қалыптасты. Кәсіпкерлікке кең жол ашылды. Жеке меншіктің қорғалуы шетелдік инвесторлардың сенімі мен қызығушылығын арттырды. Қолданыстағы Конституцияға 1998 және 2007 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі.
1998 жылы қазан айының 7-інде енгізілген алғашқы толықтырулар мен өзгерістер Парламенттің қабылдауымен мемлекеттік билік жүйесіндегі жоғары өкілдік органның жаңа рөлін белгіледі. Парламент палаталары депутаттарының өкілеттік мерзімдері Сенат депутаттары үшін 6 жылға, Мәжіліс депутаттары үшін 5 жылға ұзартылды. Алғаш рет пропорционалдық жүйе бойынша Мәжілістің 10 депутаты сайланатын болды. Алқабилер институтына қатысты толықтырулар енгізілді. Жалпы бұл өзгерістердің мақсаты – Қазақстанда айқын және әділ сайлау, саяси партиялардың сайлау үдерісіне белсене қатысу жүйесін құру, Парламент депутаттарының мәртебесін өсіру, сот-құқықтық жүйесі мен мемлекеттік қызметті одан әрі реформалау болды. Аталған өзгерістердің бәрі Қазақстандағы мемлекеттік биліктің негіздерін нығайту ісіне қызмет етті.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуде әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесі үлгіге алынды. Алайда, Президент бастаған еліміздің зиялы қауымы сол мемлекеттердің көшірмесін жасауды, дәл сол жолды қайталауды мақсат тұтқан жоқ. Конституцияға өзгеріс енгізуде еліміздің ерекшеліктері, ұлттық менталитетіміз басшылыққа алынды.
Сонымен, қоғамның әрбір қарым-қатынасын реттейтін, ұлттардың ынтымағын қамтамасыз ететін, мемлекеттік басқаруды жүйелеп, әр азаматтың құқығы мен мүддесін бірінші орынға қоятын жаңа нұсқадағы Ата заң ел игілігіне қызмет етуде.
Қазақстан құқықтық мемлекет орнатуды жылдар бойы көкседі. Өйткені, тәуелсіздік алғанға дейінгі уақытта қазақ халқы құқықтарының ашықтан-ашық тапталуы бұл арманды қол жетпес шыңға айналдырғанды. Алайда, бұл «шыңды» бағындырған мемлекетіміз, құқықтық ел құрудағы жолын Тәуелсіздік алған уақыттан-ақ бастап кеткен еді.
Қазақстан Республикасының Конституц-иясы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары «ең қымбат қазынасы» екенін мойындайды. Тұлғаның жеке мүмкіндіктерін дамыту мемлекеттің маңызы мен мақсаты болып табылады. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.
Ата заң адамның табиғи құқықтарын мойындап, негізгі конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, оларды қорғау механизмін қамтамасыз етті. Республика Конституциясымен құқықтар мен бостандықтарды қорғайтын екі маңызды тәсілі бекітілді: сот арқылы және әкімшілік жолмен.
Бірінші кезеңде азаматтар өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Құқықтық мемлекет жағдайында тәуелсіз сот адамның құқығын қорғауының негізгі құралы болып табылады. Ал азаматтарға сапалы құқықтық қызмет көрсету – әр азаматтың құқықтық-мүддесін жоғары қойғандықтың белгісі.
Конституция салған ізбен келе жатқанымызға биыл 25 жыл толмақ. Осы уақытта не өзгерді? Бұдан 25 жыл бұрын күнкөрістің қамымен ел кезіп кеткен жұртшылық, қазірде экономикасы тұрақты, халқы бейбіт, әлеуметтік жағдайы көңілге қонымды Тәуелсіз Отанымызда өмір сүріп жатыр. Ата-баба арманы да осы емес пе еді?!

Қ.АБДУЛЛАЕВ,
Қызылорда облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының төрағасы

1216 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы