• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2020

ТӨРЛЕТ, ТӨРЕ ТІЛ!

Жаңабай Шүкірханұлы,
журналист

Сонау кеңес дәуірінің соңғы жылдарында, еліміздің егемендік туралы декларациясы жарияланған 1990 жылдан бастап күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің ішіндегі ең бастысы – қазақ тілінің мелекеттік мәртебесі мен тағдыры. Алғашқы жылдарда қазақ тіліне деген сұраныс әжептәуір артып, өзге ұлт өкілдері де аздап болса бет бұра бастағаны есімізде. Ал, кезінде жаппай орыстанып кеткен сияқты қандастарымыз да біртіндеп балаларын қазақ мектептеріне бере бастаған болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы он-он бес жылда қазақ тілді мектептер мен балабақшалар да жаппай ашылып, туған тіліміз құтты тұғырына қонғандай болып еді...
Өкінішке қарай, соңғы жылдарда солқылдақ саясаттың салдарынан қазақ тілінің мәртебесі бірте-бірте көмескіленіп, тек қана қағаз жүзінде қалып бара жатқандай әсер ететін маған. Оның басты себептерінің бірі – елімізде көпұлттық мемлекет пен ұлтаралық қарым-қатынас, әуелі экономика, содан кейін саясат деген ұраншылдықтың орын алуы еді. Жалпы саны жүзден асып жығылатын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ тілін қайтсін, егер ұлтаралық орыс тілінде де сөйлеп, іс қағаздарын жүргізе беруге болса?! Іргедегі Ресейдің өзге посткеңестік республикалардағы тілге қатысты саяси ықпалынан кейін де біздің билік қазақ тілінен гөрі орыс тіліне көп басымдық бергені рас. Тіпті, үкімет құрамындағы министрлер мен шенеуніктердің қағазға қарап, екі ауыз сөзді ежіктеп оқитынын көріп те естіп те жүрміз... Соларды көргендер мемлекеттік тілдің мемлекеттік мәртебесін қайтсін?!
Әрине, осы жылдарда қазақ тілін өркендету үшін қаншама құжаттар қабылданып, оқулықтар, түрлі бағдарламалар жасалды десеңізші?! Мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржыны да жоққа шығаруға болмас. Алайда, нәтижесі шамалы екенін көріп жүрміз. Соңғы жылдары керісінше қаракөздеріміздің өздері орыс тілінде сөйлеуге, балаларын орыс тіліндегі мектептер мен балабақшаларға беруге бейімделіп бара жатқаны өкінішті. Осылай жалғаса берсе ұлтымыздың болашағы бұлыңғырланып, туған тіліміздің қолдану аясы тарыла берері сөзсіз.
Міне, дәл осындай сын сағатта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нақты іс жүзінде көтеру туралы айқын тапсырмалар берді. Атап айтар болсақ, біріншіден, бұдан былай мемлекеттік лауазымды қызметтерге, халықпен тығыз байланыс жасайтын мекемелерге қазақ тілін жетік меңгерген азаматтарды қабылдау керек деді. Екіншіден, қазақ тілін жақсы меңгерген басқа ұлт өкілдерін түрлі лауазымды қызметтерге көптеп тартуға назар аудару туралы айтылды. Міне, осындай азаматтар арқылы тіліміздің мәртебесін ұлтаралық дәрежеге көтеруге болады дейді Президент мырза. Өте құптарлық, тамаша ұсыныс.
Үшіншіден, қазақ тілін енді үйреніп, тәжірибе ретінде қолданып жүрген азаматтардың азды-көпті жіберетін қателерін бірден сынамай, түсіністікпен қарауға шақырды.
Төртіншіден, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында аталмыш мәселелерді айта келе, әсіресе, теледидар, радио бағдарламаларының тілге қатысты сапасын жоғары деңгейге көтеру керектігін атап айтты. Яғни, кез келген көркем туынды, хабар, қойылым, т.б. шығармашылық материалдар арқылы қазақ тілінің мәртебесін нақты іс жүзінде мемлекеттік, тіпті ұлтаралық қарым-қатынас тілі болатын деңгейге көтеру керек. Әрине, орыс тілінен біржолата бас тарту мүмкін емес, себебі біз Ресей сияқты алып мемлекетпен құдайы көршіміз. Қаласаң да, қаламасаң да бірсыпыра ресми құжаттар орыс тілінде жүргізіледі. Бірақ, кез келген құжат заң жүзінде, бірінші қазақ тілінде жазылуы шарт. Орыс тілі екінші кезекте ресми, ұлтаралық тіл ретінде жазылуы керек. Бұл заң жүзінде бекітіліп, оны орындамаушылар тиісті жауапқа тартылуы тиісті. Бір сөзбен айтқанда, 30 жыл бойы босағада телміріп, өз төріне өте алмай, әбден шарасыз күйде қалған қазақ тіліне Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі араша түсіп, тұғырына қайта қондыруға нақты тапсырма, айқын бағыт берді! Ендігі мәселе – Сіз бен Біздің қолда, аса мәртебелі билік өкілдері мен ақ көңіл қайсар қазақ қазаққа жанашыр бола білетін өзге ұлт өкілдері! Төрлет, төре тіл! Тұран даласын тұлпардай шарлап, ғасырдан ғасырға жалғайтын әуезді үні бол!

1070 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы