• Әдебиет әлемі
  • 30 Қыркүйек, 2020

Саған деген сезімнің өшуінен қорқамын

Марлен Ғилымхан

1998 жылы 4 наурызда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі

Паруана

 I

Мы живы и мертвы...

(Иоганн Вольфганг фон Гёте)

 

Төрт қанатты Періштем,

Пенделерден, перілерден неге үстем?

Мына мен де мұғжизасы ем Құдайдың,

Өң-бітімі келіскен.

Кім Тәнімді илемек,

Иланымға күмән басын иген ек.

Жеті қабат Көкке қашан жетеді,

Сүйегіме киген ет?!

 

Құпиямды қыр оқыр,

Әз рухымды әлсіретпес жыр оты.

...Айқа-а-а-й салған Аруақтардың

алдында,

Күйіп-пісіп Жын отыр!

 

II

 

Мы смеемся, а смерть смеется

внутри нас.

 (Райнер Мария Рильке)

 

Адаммын деп алданба,

Жүз жыл, сірә, жұбануға берілген.

Жарғысы бар жалғанда,

Жазамды алдым жаза басқан жерімнен.

 

Жұлдыз кімді жазым қылды ертеде,

Қайда Жанның Отаны?!

Не себепті қарашығымды өртеген,

Таңның қызыл шапағы?

 

...Су сіңірген Көлікпіз,

Гүл Тәңірге апарады, жүр, еркем.

Біз, Бәріміз – Өлікпіз,

Әзірейіл тірілтеді күні ертең!

 

Бодау

 

Залымдар шайқасуға қабілетті,

Дәуірге зұлымдықтың дәнін екті.

Қаңтарда қаңтарылған қарт мертігіп,

Қапыда шабуылды жау үдетті.

 

Үзгенде қылша мойнын талша абыздың,

Жыландар жанын жұтты қанша аңыздың?

Қаншама ұл қыршынынан қиылды екен,

Жарасы жазылмады қанша күздің?!   

 

Пірі өлген жұрт құлаған туды аяпты,

Біреулер жалғыз ұшқан қуды аяпты.

Дүниеде қанша жанның мерейі өсті,

Қаншама жанның қаны судай ақты?!

 

Қанша қыз қанша кесте тоқыды екен,

Қанша жыл қанша кітапты оқыды екен?

...Жас жігіт назын үшбу хатқа жазып,

Несіне бөлмесінде отыр екен?!

 

Ой жору. Айкезбе

 

Тамдары тозған көшенің шамдары да ескі.

 

Бұлыңғыр бейне бетпаққа тартып барады,

Соңына, бәлкім, алдаған арманы лесті?!

 

Шаңырақ – шырақ.

Уық – із.

Кереге – сенім.

Ғасырлар бойы санаммен ерегесемін.

(...Сұлбаға жиі сұқтанған мен емес едім!)

 

Бейопа дүние үмітін көптен үзбеген,

Көзінен көкке көшпейтін көктем іздеген –

Ол ақиқатын аймалап жалғанға айналған,

Жоғалған Жүрегі екенін аңғармай қалған!

Үміт

 

             «Когда мы потеряли себя, все для нас потеряно».

(Иоганн Вольфганг фон Гёте)                  

 

Себездеген жауын... әуен... таң... сарын...

Тасқа қарап қына өскен,

Қарашада бір қара шал шаршады,

Өз-өзімен күрескен.

 

Кеудесінде мекендеген жас адам,

Ісі – уайымды арттыру.

Жас адамға көп қиянат жасаған

Кінәлайды қарттығын.

 

Оны құса әлжуаз қып жіберді,

Өкпеледі түндерге.

...Мүмкін, жаңбыр жаумас па еді біреуді

жауратарын білгенде?!

 

Кәусәр

 

Жанымды қағазға көшірдім,

Алдадым.

...Сен мені несіне кешірдің,

Мен сені кешіре алмадым?!

 

Жаныңды көшіру үшін де,

Қатені кешіру үшін де –

Күш керек екен ғой.

...Қайғымен қосылу үшін де

Адамдар түс көреді екен ғой.

 

Күш керек екен ғой,

Сәттерді сағыну үшін де үнемі.

Адамдар тағы да түс көреді екен ғой,

Алаңнан арылу үшін де,

Ауыруы үшін де Жүрегі...

 

***

Менің маңғаз қалаға оралғаным,

үркек құстай көліме қона алмауым,

өле сүйген өлкемнен жоғалғаным,

 

жақын тұтқан жандардан қол үзгенім,

бұрынғымнан бөлектеу жол іздеуім -

сенен алыстамаудың амалы ғой...

 

***

Иллюзия

 

Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай,

Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай.

Ұстай қалсам сұлу Күннің белінен,

Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай.

 

Куәгерім – ауа да үнсіз қаңғымақ,

Жұлдыз біткен оянған ба қалғып ап?!

Шуақ барда елесін де еске алмай,

Тұрам сосын басым төмен салбырап.

 

Қанаттардың сусылында қалықтап,

Менен ұшып бара ма өзі жанықтап?!

...Теңіздерден сүңгіп өтіп дем алмай,

Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап.

 

Қалжырайды тінтіп інін тар ойдың,

Таныта алмай кеңістікке сана айбын.

Тілеуіне тілім иіп тәнімнің,

Жүрегіме сүмірейіп қараймын.

 

Кенет көңіл жанарына жасалды,

Ғайыпқа ертті өлеңі де масаңды.

Кеуде ішінен ес жаңыла кеуде аңсап,

Аспан әні айтылады қашанғы?!

 

Ту сыртымда Ай тұрады қашанғы?!

 

***

Бала күнгі Досым келді,

өткенім келді,

көктемім келді!

Шақтартуы –

шаттанып кеткенім болды!

 

Балғын күндерім құйыла келді,

құр күбірледім, сұйыла бердім.

ол бейқам ескі естелікті еске алып,

жымия берді…

жымия берді…

 

танысымды айтты,

жақыннан асты, алысын да айтты!

 

Еңсесініз деп есірген ұлдың,

Есейген жанға кешім де үңілді…

 

балалығымның белгісі ме еді,

Сәт сайын ойламасам да есімде жүрді…

«жылатты кімді,

кешірді кімді?!»

 

…Бүгін де аңғал, бос сияқтымыз,

Бір қызығы әлі дос сияқтымыз!

Біз бұрынғыдай дос сияқтымыз!

 

Адасу

 

Люсьен*,

сенің сезімдерің ерке еді,

ойларыңның бұлыңғыртты ертеңі,

 

Жол бақытқа апарардай шалқыдың,

әр күмәнің – алтының…

 

Мөлдір мұңың артыңда,

жүрегің жоқ жырақтаудан тартынған.

 

Қалды туыс,

қалды үйің,

Қимағанның жан күйіне – таңқиын…

 

біреу сені кетеді деп жар салды,

біреу соған тамсанды.

шулы шаһар қарсы алды…

 

…Жылдар көшті, ай кетті,

Армандаған қамсыз шағың қайда өтті?!

 

…Жардан құлап тағдырың,

Толастамай кедергіден қарғуың,

 

Бара алмасқа барам деп,

Сенделмеуді секунд сайын амалдап,

 

тас-талқаны шыққанын да байқамай,

қиялыңның құрғағанын қайталай,

 

Сұлбаң түгел салбырап,

санаңды улап сандырақ,

 

Жанарыңа жас төседі жазғаның,

Жазмышыңнан жылап қаша жаздадың!

 

Көкірегіңді сыз қарыды, сәт күлсе,

келген жолмен қайтып бара жаттың сен!

 

Қарақұрым қала бүгін артыңда,

Алдыңда ауыл сол баяғы қалпында…

 

Біреу сені келіпті деп жар салды,

Біреу соған тамсанды,

ПРОВИНЦИЯ қарсы алды!

 

…Қараңғыны сүйеді екен неге түн,

Мирабоға мен де барғым келетін?!

 

Люсьен,

сенің сезімдерің ерке еді,

бұл да, бәлкім, ерте біткен ертегі?!

 

Түнеріңкі түр-өңің,

Анда-санда қимасыңа қарасаң,

ауырады жүрегің!

 

Ауырады жүрегім…

 

***

 

Сағымсынған сәттерде қалтыраған

 қалқаным,

қиранды үйдей қаңыраған көшелерге

тартады.

Бейтанысым – танысым.

қиял іші – қартауыл,

Түстеріммен  өңімде қауышудан

 қорқамын!

Сертім,

сенен байқатпай тонап жатыр жоларды,

оңашада опынба, санаң жаққа соғармын!

…күйгелек ем,

күйрек ем…

бүгін – жүзді жел жырса,

ауыратын жаным да ауырмайтын

боп алды!

 

Көктем көрген жасыл жыр –

жапырақтай жап-жас ем,

күннен көмек күтемін…

күдігімнің жалғасы – ол!

Тәңір, тағдыр тартуы: ескі кескіндерді

 алғаш

аңғарғанымдағы ойды көкірегімнен

алмашы.

 

Үмітімдей үзілсе, қалқан сенген арқаным,

қиранды үйдей қаңыраған көшелерге

тартамын.

…Сертім,

сенің арыңды жол қорғаған секілді,

саған деген сезімнің өшуінен қорқамын!

 

743 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы