• Айтарым бар...
  • 30 Қыркүйек, 2020

Орысша оқудан қалай құтылдым

1977 жылдың жазы. Биыл менің «нөлебайға» баратыным белгілі болды. Аса кетәрі болмасам да, қуанып жүргенім де шамалы. Нағыз науқан басталып, қызатын шағында қаншама ойын қалып кететін болды... Бірақ, мен ғана емес, осынау біздің аты шулы Гагарин көшесінің шаңын күніге бірге бұрқыратып жүрген бірнеше жүгермекке тықыр таянып тұр. Сорлы аяқтарымыз әр кеш сайын қырғышпен қырылып, ұлы ойбаймен кілегей жағылып, етіне дейін сіңіп қалған қап-қара күстен күн санап арылып жатыр.
Байқаймын, іргелес отырған орыс көршімізбен ну ормандай бірігіп кеткен бау-бақшамыздағы жемістер мен көкөністердің күтімі жайында тілі жеткенше сөйлесіп, қалғанын ымдасып-ақ түсінісіп жүретін әкем соңғы уақытта олармен мен жайында бір түсініксіз мәселені қызу талқылап жүр. Өйткені, ара-арасында тётя Шураның: «Серик способный мальчик» дегені мен Петя ағайдың: «Да он быстро освоит всё» деп жатқандарын естіп қаламын. Әкемнің де әскерде жүрген Төлеуғали ағама баспаша әріптермен хат жазуды қатырып жүргенімді мақтауы жаман. Осылар мені не істейін деп жүр екен а?..
Жаратқан Алла құрсағы бай табиғаттың бар ырысын үйіп-төгіп бере салған құтты мекенге қоныс тепкен біздің Науалы – үлкен ауыл. Тарбағатай тауының етегінде орманы мен тоғайы тербеліп, өзен-бұлақтары сылдырап, жеміс-жидегі мен көк желегі жайқалып тұр. Аудан тұрмақ, бүкіл Семей облысына атағы дүркіреп тұрған алдыңғы қатарлы Ленин атындағы колхоз осында.
Ауылымыздың Науалы аталуының тарихы да аңызға айналып кеткен. Бір ағайындар атам заманда осындағы ұлан-ғайыр егістік жерлерді науамен су шығарып, суарғаннан қалған көне атау десе, екіншілері ерте кезде мұндағы мыңғырған малдың жем-шөбін салған науалар көп болыпты деген аңызды алға тартады. Қалай болғанда да, сулы да нулы осынау өлкеге аңыздардың қай нұсқасы да сай келетіні анық.
Аумағы үлкен болғандықтан, ауылымыз Науалы, Мытыс, Зәблиша деген «прикольный» атаулары бар үш бейресми «автономиялық аудандарға» бөлінген. Яғни, ауыл жұрты Қусақ пен Көлденең деген мұздай суы мөлдірей ағатын екі өзеннің ортасындағы негізгі бөлігін ғана Науалы деп атап, Қусақтың оң жақ бетіндегі колхоздың машине-трактор стансасы (МТС) орналасқан бөлігін Мытыс атап кеткен. Ал Мытыстың арғы жағындағы көкорай шалғыны бар терең сай бөліп жатқан бөлігі – Зәблиша. Негізі Малақ хуторы деп аталатын бұл бөлік алғашқы колхоздасу жылдары «Зоветы Ильича» деген бөлімше болып құрылғандықтан, оның атауын науалылық қазақтар ұтымды қысқартып, Зәблиша деп атап кеткен. Оның Забилиша, Зəбəдиша деген нұсқалары да бар, мархабат, тіліңізге ілінгенін алып, айта беріңіз.
Кезінде осы үш «автономиялық ауданда» үш мектеп болған. Кейіннен Зәблишадағы шағын мектеп жабылып, екі үлкен мектеп қана қалған. Бірі – ауылымыздың орталығында тұрған Ә.Жанкелдин атындағы қазақ орта мектебі болса, екіншісі – Мытыстағы В.Маяковский атындағы аралас орта мектеп.
Үлкендердің айтуынша, сонау 50-жылдары Жанкелдин де аралас мектеп болып ашылған екен, бірақ көп ұзамай таза қазақ мектебіне айналған. Ал Науалыны тату-тәтті мекен ететін орыс, неміс, украин, татар, шешен, ұйғыр, дүңген, өзбек, кәріс сияқты өзге ұлт өкілдерінің балалары, одан қалса, ауылымызда орналасқан республика, қала берді одақ бойынша ірі балалар үйлерінің бірі болып саналатын «детдом» тәрбиеленушілерінің басым бөлігі осы Маяковскийде оқитын.
Науалының білімді де еңбекқор, бауырмал да мінезді халқы керемет. Сол кереметтің көрінісіндей етіп көршілерімізді де Құдай бере салған. Қатар-қатар үйлеріміздің арасында қоршау да болмайтын. Ауламыз араласып, қора-қопсы, бау-бақшамыз бірігіп жататын еді. Ех, шіркін, кеңшілік заман-ай десеңізші!
Мәселен, оң жағымыздағы көршіміз Петр Васильевич Башкирцев еліміздегі тың көтеру жылдары Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясын бітіріп, бірден біздің ауылдағы Ленин колхозына агроном болып келген екен. Кейіннен жұмыс бабында денсаулығына зақым келіп, балдақпен жүретіндігіне қарамастан, колхозымыздың маңдайалды маманы. Жұбайы Александра Александровна Маяковский мектебінде математика пәнінің мұғалімі. Балаларының барлығы қазақшаға судай. Үлкен қызы Маша Алматыда қызметте, Анютасы Ресейдің Кемер облысында оқуда. Аяғыма ылғи төрткіл ағаштан екі метрлік «ходуля» жасап беретін Гриша деген жалғыз ұлы келер жылы мектепті бітіріп, Новосибирскіге оқуға аттанбақ. Кез-келген бұтаның арасынан кірпікшешен тауып алатын Жулик атты ақылды қанден иті екеуміз енді Гришаны сағына күтетін болдық.
Ал, сол жағымызда тұратын көршіміз Мәрия апамыз қашанда балаша қалбалақтап жүретін, аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған адам. Шешем оны «менің Мәкөшкем» деп еркелетеді. Шалы Тоқтаров Анарбек ақсақал – Ұлы Отан соғысының ардагері. Біз көшіп келген жылдары көбінесе төсек тартып жататын ата көп сөзі жоқ, біртоға, жүзі сондай жылы, бекзат адам еді. Бөкен, Бикеш, Бижамал деген ұл-қыздары жеке отау құрып кеткен. Есімдерін Секіман, Дәукен, Ожан деп еркелетіп айтатын ұлдары колхозда еңбек ететін. Кенжесі Сәуле менің Гүлшарбан апайыммен Жанкелдин мектебінде бір класта оқиды. Нұрлан деген менен кішілеу немересімен күнде бірге ойнаймыз. Тіпті, түнге дейін кімнің үйінде сілеміз қатқанша ойнасақ, сол үйден қалғып-шұлғып отырып тамақ ішіп, сол үйде алаңсыз қисайып ұйықтай саламыз.
Үйдегі ұлдың кішісі болғандықтан ба, бармақтай кезімнен ерке болған менің бабым тіптен қиын болғанға ұқсайды. Қолыма ұстатқан тәтті-дәмді аз болса немесе ыдысы орта болса, риза болмай, лақтырып жібереді екенмін.
Біраз жыл әкемнің жұмыс бабымен колхоздың Горький көшесіндегі үйінде тұрдық та, 1974 жылы Абдраман деген өзбектен сатып алған Гагарин көшесіндегі үйімізге екі жылдан кейін ғана көшіп келіппіз.
Анда-санда келіп-кетіп жүргесін, көршілердің толықтай сыралғы бола қоймаған кезі болуы керек. Дегенмен, заманның кең кезі ғой. Бірде көрші Мәрия апамыз ауыл адамдарының берекелі дағдысымен жүгіріп шешеме жетіп, үйіне келіп қалған қонағының алдына қоятын пешение сұраған ғой. Сұрағанын берейін деп, көршіні ертіп клетке кіргенде, мен де қылқиып қоса кіріппін. Менің де «пішина» жегім келіп кеткен болар. Содан шешем пешение толы қағаз жәшіктің қақпағын ашып, орташа тәрелкенің түбінен бастап, бос жер қалдырмай, пешениені қатарлай тізе бастаған ғой. Оны көріп, «пешениенің өзін санап беріп тұрған мына көршінің қолының қаттысы-ай» деп ойлап үлгерген Мәрия апам іштей жағасын ұстап тұрған ғой. Сөйтіп, бос орын қалмаған тәрелкенің «толық» екенін көріп, көңілі көншіген мендей бәлені шығарып жіберіп, үлкен тәрелкеге пешениені уыстап-уыстап салып бере бастағанда ғана Мәрия апа жарықтықтың жүрегі орнына түскен көрінеді.
Сол кездері жас келін болып түскен, өзіміз Гүлбазар көке атап кеткен жеңгеме де өмірінде көрмеген небір қорлықты көрсеткен екенмін.
Мендей еркенің мінезін білетін Қадырғали ағамның достары қызық көріп, маған неше түрлі кәмпиттің қызылды-жасылды орама қағаздарын көрсетіп: «Мынаны бізге Гүлбазар берді. Біз бәрін жеп қойдық» деп, әдейі айдап салатын көрінеді. Мен болсам «ел жеген тәттіні мен неге жемеймінге» басып, қолыма түскен таспен де, таяқпен де бас-көз демей, тоқпақтап, өзі кіп-кішкентай өрімдей жас көкемді өкшелей қуып, өлімші етеді екенмін. Неқылған озбырлық десеңізші!
Сол бір жексұрын мінезімнің соңғы эпизодтарын мектепке барар жылы көрсетіппін...
Өзі ауылдың емханасында жұмыс істейтін көкем қайтар жолда дүкеннен сұраған тәтті-дәмдімді алып беретін болып, алдаусыратып, мендей жабайы бәлені мектеп алды дәрігерлік байқаудан өткізуге ертіп барса керек. Дәрігердің кеудемді тыңдап, аузымды ашқан, көзімді басқан «қорлығына» көнсем де, саусақтан қан алуға келгенде келісе алмайтынымды ашық байқатып, «қан бергенше жан бергенім артық» деп, қотиындық қопарылыстың көкесін көрсеткенмін.
Ту сыртымнан қапсыра құшақтап отырған жеңгемнің тас құрсауын асау бұқаша бұзып шығып, жойқын күшпен жағалай тепкілеппін. Дәрігер қыздың тізесін қан қақсатып, құралдарын көкке ұшырып, ойбайлатып, көзді ашып-жұмғанша тар жердің топалаңын шығарып жіберсем керек. Сөйтіп, долдана сыртқа ытқып шығып, жөнелгем ғой. Артымнан қуалай жеңгем шыққан.
Қыр соңыма түскен оған «Жолаушы болма маған!» деп, тас ала жүгіреді екенмін. Қайта, Құдай сақтап, кіп-кішкентай көкемді маңдайынан дәу таспен таңқ еткізіп, өлтіріп қоймағанмын. Тіпті, «қуаласпақ қуған» екеумізді жолдан көріп тоқтап, көпір арқылы жеткізіп тастамақшы болған әкемнің досы Бейсембаев Тұрсын ағаның мәшинесіне де тас атып, терезесін тас-талқан етіппін.
Сол кеткеннен, сонау Мытыстан Науалыға қарай Қусақ өзенін шапылдата кешіп, аңғарын тікелей тіліп өтіп, үйге тартсам керек.
Жә, мектепке баруға даярланып жатқан қара табандарға оралайын.
Әлқисса, содан не керек, әкемнің орыс көршімен түсініксіздеу әңгімесінің сыры мені жетектеп Маяковский мектебіндегі орыс сыныбының «нөлебайына» жаздыруға ертіп келгенде ашылды. Ата-анасына ілескен қазақ-орысымыз аралас мектептің кең әрі жап-жарық кіреберісіне жиналып тұрмыз. Дәл сол кезде, неге екенін қайдам, тап осы тап-таза кіреберіс менің бала көзіме аурухананың дәлізіндей болып көрініп кеткен...
Біздің көшеден ата-аналарына ілесіп келген көрші досым Бақыт Кебекбаев пен Саша Землянухин да осында екен. Орысша оқитынымнан гөрі орыстармен бірге оқитыныма кегежем кейін тартып тұрса да, көршілерімді көріп, кәдімгідей қуанып қалғаным рас. Қызығы да сол, күнде орыс балалармен бірге араласып, ойын қуып жүрсек те, олармен бірге оқуға дәл қазір сәл жүрексініп тұрмын. Олай болатыны – көңілімде жүрексінуден де бөлек, ешкімге айта алмаған үлкен үрей тұрған. Үрей емес-ау, балалық қорқыныш тұрған болатын. Ол қорқыныш...
Ия, көктемде су тасығанда үлкен көпір арқылы айналып баратының болмаса, бақшаның аяғынан шыға қойып, өзендегі «жалғыз аяқ» көпірмен өте салатын болсаң, біздің үйге Жангелдиннен гөрі Маяковский мектебі жақын.
Бірақ, өткен жазда өзеннің оң жақ аңғарындағы көгалда қарындасыммен бірге қозы-лақ жайып жүргенімізде бірнеше рет өзімізбен ала шыққан тамағымызды тартып алып, таяқпен ұрып, қозы-лағымызды бір жаққа, өзімізді екінші жаққа тырқырата қуалаған Пушкарёв пен Бетсольд деген түр-тұрпаттары күмәнді екі «беспредельщиктен» қатты қорқып қалғаным бар еді. Содан бері қозы-лақты көгалда қыдыртпақ түгілі, енді қайтып ол жаққа аттап басуға беттей алмай қалғаным бар.
Қас қылғандай, өзен аңғары арқылы мектепке апаратын тура жол тап сол Пушкарёв пен Бетсольдтың үйлерінің түбінен өтеді. Ал ол екеуі қашан көрсең де, көшеде жүреді. Көкейімдегі қара бұлттай қорқынышым – осы!
Бұл екі сотқардың адамдарға аса бір зияны жоқ, ақыл-естері кеміс балалар екенін есейе келе білдім. Кейіннен талай рет ұстап алып, сабап, балалықпен талай «сыбағаларын» да бердік. Ия, мұның бәрі кейіннен болды. Ал ол кезде «Ой-ё-ё-ё, шире вселенной горе моё» дегендей, жердің домалақ екеніне күмәні бар жеті жасар жүгермектің желкесіндегі үрейдің орны жер жүзінен де жалпақ еді...
Дегенмен, Алла да шын көңілмен сұрағаныңды береді екен ғой. Құжатымды тіркетіп болғанша, Алтынсарин атам айтқандай, «тілегенім алдымнан іздемей-ақ табыла» кеткені.
Мектептің мұғалімі ме, медбикесі ме, әйтеуір Құдай тілеуін бергір бір орыс апай жаз бойы күні-түні өзеннің суынан шықпайтын біздің басымызға дөңгелек-дөңгелек болып, ағарып шығып, күзге қарай жоғалып кететін ақтаңдақтарға назар аудара қалғаны. Байқады да, Үржарға барып, «кожный врачқа» қаралу керектігін айтып, бірден үйге қайтарды.
Ертесінде аудан орталығындағы «кожная больницаға» барып, тұтқиылдан таз атанып, екі аптаға Екатерина Сергеевна Болдырева деген дәу дәрігердің йодынан «каска», сап-сары сасық майынан «маска» киетін тақырбас пациенті болып шыға келдім. Дегенмен, қандай кездейсоқтық болса да, алғаш кірген кезде-ақ мектептің дәлізін аурухананың дәлізіне ұқсатқанымда қандай сәйкестік болғанын әлі күнге дейін түсіне алмаған жайым бар.
Ауруханада жатқан өзім құралыптас тақырбастармен арпалысып ойнап, Маяковский мектебіне апаратын үрейлі жолдан уақытша құтылғаныма серпіліп қалсам да, бала жүрегіме қонақтап алған қорқыныш бәрібір сейілген жоқ болатын. Осында жатқан Жомарт, Қайрат сынды өзімнен сәл ересек ауылдас балалардың Жанкелдин мектебінде оқитындарына қызыға да қызғана қарап жүрдім.
Ертең ауруханадан шыққан соң, тағы да сол жексұрын жолмен жүретінімді, тағы да сол жүгермектермен жолығысып қалатынымды, тіпті, қашып құтылсам да, олар да орыс болғандықтан Маяковскийде оқитындықтарын ойлағанда, олар мені мектепте үнемі күтіп отырғандай көрініп кететін. Тіпті, кейде қыр соңымнан қалмай қуып келе жатқан Пушкарёв пен Бетсольд түсіме кіріп, қара терге малшынып оянатын болғанмын.
Осы ойлар миымды әбден мықшыңдатып жіберсе керек, үйді де сағынып қалғаным бар, әйтеуір аптаның соңында қал-жағдайымды білуге келген әкемді көре сала, бас салып: «Папа, Маяковскийде оқымаймын! Маяковскийде оқығым келмейді, папа!» деп, көзімнен мөп-мөлдір жасым, мұрнымнан сап-сары сорам ағып тұрып, ағыл-тегіл ұза-а-ақ еңірегенім есімде. Өзгеге тізесін батырып жібермесе, өзі аса тебірене қоймайтын тентегінен тап мұндайды күтпеген әкем жарықтық: «Кім тиді саған? Біреу тиісті ме?» деп, қайта-қайта сұрап, әбден састы. Аурухананың ауласында жүрген ауру-сырқау біткеннің барлығы аңтарылып, айналамызды қоршай жиналып қалған. Мен басымды шайқап, солқылдай еңіреймін: «Маяковскийде оқығым келмейді!»
Әкем жарықтықтың сын сағатқа қажетті шешімді шұғыл қабылдайтын қасиеті бар еді. Бір шешімінің бұрыс болғанын өзі де сезді ме, кесімін бір-ақ айтты: «Болды! Жанкелдинге барасың!»
Сөйтіп, екі аптамыз екі күндей болмай, зың-ң етіп өте шыққанша, күнде Болдыреваның йодын «интенсивно» ішіп, майын «мощно» жеген «таздығым» да тың-ң етіп тарқап үлгерді. Бұл кез – тамылжыған тамыздың орта тұсы болар.
Келесі дүйсенбі күні әкемнің қолынан ұстап, бір қалам, екі дәптер салынған «Хоккей» деген жазуы бар сөмкемді арқалап, талтақтай басып Жанкелдин мектебіне келсем, мұнда өңкей өзім сияқты қарасирақтар жиналыпты. Арасында адам танымастай таза домалақ болып киініп алған көзтаныс қара домалақтарым да толып жүр.
Әкемнің алдын-ала келіп, тіркетіп кеткенін қайдан білейін, өзімше көл қылған көз жасымды көрген Құдайдың бар екеніне іштей тәнті болып, дәл келгенімізге қуанып жүрмін.
Бұл жақтың «нөлебайының» мықтылары екі класқа бөлініп, сабақты бүгін ғана бастамақшы екен. Сегіз килә сүйек-саяғымды өзіне қалдырып, етімді өткізіп кете барған әкемнен қабылдап алып қалған алғашқы ұстазым Үмітжан Омарова апайым тақыр басымнан мейірлене сипап әкеліп, бойымның «ұзындығын» ескерген болар, алдыңғы партаға отырғызды.
Р.S. Осы жазбада нақты аты аталған ауылдастарымның көпшілігі бұл күнде мәңгілік мекендеріне аттанып кеткен. Жатқан жерлері жарық, иманы саламат болсын.
Аталған мектеп, көше атаулары да қазір өзгерген.

Серікқали Мұқашев

511 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы