• Әдебиет әлемі
  • 27 Тамыз, 2020

АБАЙ – ӘЛЕМ КАРТАСЫНДА

Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. 2019 жылы халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы комиссия құрылып, Президенттің Жарлығы шыққаны белгілі. Комиссия шешімі бойынша мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде 500-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастыру жоспарланды. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізіледі делінді.

Егер індет елімізді шарпымағанда ақынның мерейтойын өз деңгейінде атап өткен болар едік. Тіпті, ұлы ақынды ұлықтауға әлем елдеріндегі елшіліктер де атсалысуға дайын болатын. Әрине, өкінішті. Бірақ рухы асқақ, тұғыры биік ақын онсыз да әр қазақтың жүрегінде емес пе?! Себебі, Абай мен қазақ – егіз ұғым.
Қазақты әйгілі еткен ойшыл ақынға ескерткіш орнатпаған, көше атауын бермеген, тіпті шығармаларын өз тіліне аудармаған ел кемде-кем. Біз ұлы ақынға арналған ескерткіштер шоғырына тоқталып өтсек дейміз.

Ақынның ескерткіші тұрса қасқайып...

Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің бастамасымен Анкарада Абай атындағы алаң ашылып, ақынға ескерткіш орнатылған еді. Ойшылдың ескерткіші мүсінші Марат Әйнеков қолынан шыққан. Одан бөлек, Ыстанбұл қаласында Абай атындағы мектеп бар. Қазақ тарихына, қазақтан шыққан тұлғаларға Түркия тарапы зор құрмет көрсетіп келеді. Мәселен, түркиялық ағайындардың бастамасымен ол елде Абылай хан, Абай, Мұхтар Әуезов, Қабанбай батыр және Қазақтың күйші қызы Дина Нұрпейісоваға ескерткіш ашылған болатын. Ақын Мағжан Жұмабаевтың атындағы саябақ, мектеп, көше және рельеф-ескерткішті де Түркиядан таба аласыз.
Мәскеудегі ескерткіш – еліміздің Ресейге тартуы. 2006 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі кезінде ұлы ақынға ескерткіш орнату туралы келісілді. Ақынның ескерткішін Мәскеудің «Чистые пруды» бульварынан, яғни, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі маңынан көруге болады. Орындаған авторлық ұжым: мүсінші Марат Айнеков, дизайнер Тимур Сулейменов, суретші Эдуард Дробицкий, сәулетші Вячеслав Романенко.
2000 жылы Киевте Абай Құнанбайұлының естелік тақтасы орнатылса, 2007 жылы Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ, Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған.
Францияның Ренн қаласы 2011 жылы біздің бауырмашылықтың 20 жылдық құрметіне «Алматы бағын» ашқан болатын. Ал 2016 жылдың қазан айында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, сол бақтан ұлы Абай атамызға ескерткіш ашылды. Алматы және Ренн қаласының әкімі кездесіп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты, мәдениетті жақындастырған үлкен той өтті. Осы бастаманы Парижде тұратын қандасымыз, дәрігер Жанар Төребаева көтергенін айта кеткен жөн. Халықаралық «Түркістан» газетіне берген сұхбатында Жанар Төребаева: «Бұл менің бас-тамамды толық қолдаған екі елдің әкімдігінің, екі елдің елшіліктерінің көмегімен өткен ұлы той. Біз осы бақта көктеммен бірге келетін Наурыз мейрамын атап өтеміз. Абай атамның әруағы риза деп ойлаймын. Енді ақын рухы Ренде де асқақтайтын болады. Туған жерімді, Отанымды сағынған кезде Абай ескерткішіне барып, дұға етемін. Маңайын қоқыстан тазалап тұрамын» деген еді.
2013 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті марқұм Ислам Каримовтың қатысуымен Ташкентте ақын ескерткіші бой көтерді.Ескерткіш орнатылған Ташкенттегі Шайхантахур ауданындағы басты көшелердің бірі де Абай атамыздың есімімен аталады. Бұл ескерткіштің авторлары – белгілі қазақ мүсіншісі Нұрлан Далбай және сәулетші Расул Сатыбалдиев. Авторлар ақын бейнесі арқылы бүкіл қазақ халқының дарқан көңілі мен ұлы ойшылдың дана тұлғасын сомдаған. Ескерткіштің биіктігі – 9,2 метр.
Ал 2014 жылы наурызда Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды.Бұл салтанатты іс-шараға еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысты. Мүсіннің авторы – Юань Сикунь.
Мажарлардың да Абай Құнанбайұлына деген құрметі ерекше. 2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды.Мүсін қоладан жасалған, оның биіктігі – 1070 мм, ені – 900 мм. Мүсін Шығыс Қазақстан облысының мүсіншілерінің қолынан шыққан.
Сонымен қатар, Витебск қаласында да Абай атамызға арналған ескерткіш қойылған. Бұл үрдістен француздар да қалыс қалмады. 2016 жылы Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды.
2016 жылдың 13 қазанында Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласының «Еркіндік және достық» саябағында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші қойылды. Ал одан 19 жыл бұрын Каир қаласы Маади ауданындағы көшеге Абай Құнанбайұлының аты берілген еді.

ABAI

Абай атындағы көше сән түзесе

Төрткүл дүниенің бірқатар елінде ойшылдың құрметіне арнап ескерткіш ашылып, есімі көше атауларына берілуі еңбегінің әлдеқашан мойындалғанын аңғартса керек.
Украина астанасы Киевте 1988 жылы Абай Құнанбайұлы көшесі ашылды. Ақын атындағы көше осы мемлекеттің Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар.
1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Ұлыбританияның Лондон қаласында Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.
Мысыр астанасы Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Германия 2000 жылдың 18 ақпанында Қазақстанның Германиядағы сол кездегі елшісі Ерік Асанбаевтың бастамасымен және Берлин қаласының аудандық әкімшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігінің аумағына жақын көшелердің бірі қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының есімімен аталды. Абай атындағы көше (Abajstraße) Берлиннің көрікті жерлерінің бірі болып табылады. Ол көшеге елшіліктің қонақтары мен Қазақстаннан келген туристер жиі баратынын айта кету керек.
Сонымен қатар, Ташкент (Өзбекстан), Бішкек (Қырғызстан) қалаларында да, тіпті Үндістан астанасы Нью Делиде де Абай Құнанбайұлы атындағы көше бар. Люксембургтен де ақын есімін иеленген көшені кездестіресіз.
2011 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Әзербайжанның Баку қаласындағы Бинагади ауданының орталық және ең ұзын көшесі қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының атымен аталады. Сол жылы өткен көшенің салтанатты ашылуына Әзербайжанның Милли Меджлис (Парламент) депутаттары, Баку қаласы Бинагади ауданының атқарушы билігі басшысының орынбасары Эльдар Агаев, шетелдік дипломатиялық миссияларының өкілдері және Қазақстанның халық әртістері Нұржамал Үсенбаева мен Гаухар Мұрзабекова қатысты. Аталған іс-шара аясында Әзербайжан халықаралық университетінің ғимаратында Абайдың барельефті бейнесімен ақпараттық тақтайша ашылған болатын.
Сондай-ақ, Душанбеде Абай есімімен аталатын көше бар. Тәжікстанның басты шаһарындағы бұл көше 1963 жылы, қазақ әдебиетінің он күндігі аясында таныстырылған. Үндістанның басты шаһарында да ұлы ақын, композитор әрі философтың есімімен аталған көше көзге жылы ұшырасады. Делидегі көшенің толық атауы – Абай Мардж. «Мардж» деген сөз «жол» дегенді білдіреді екен. Оның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан.
Одан бөлек Ресейдің Алтай Республикасындағы Көш-Ағаш ауылында Абай көшесі бар.

Абай шығармасы – әлем тілдерінде

Қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлын бүкіл әлем таниды. Ойшыл ақынның асыл мұрасы бүгінде адамзат мұрасына айналғаны хақ. Оның шығармалары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылған.
Ұлы ағартушы және гуманист Абай Құнанбаевтың поэзиясы ХХІ ғасырда орыс тілінде қайта қауышып, ал неміс, беларусь, поляк және корей тілдеріне алғаш рет аударылды. 2006 жылы Пушкин мен Абай жылына арналып «Абай. Отыз жеті өлең» деп аталатын жаңа басылым жарық көрген болатын (құрастырушысы әрі аудармашысы – Марат Әдібаев). Кітаптың ең басты ерекшелігі – Абайдың 37 өлеңінің әрбіреуі түпнұсқа тілінде берілген, содан кейін сөзбе-сөз аудармасы беріліп, сол туындының шыққан мерзімі бойынша орыс тіліне аударылған барлық танымал аудармалары жинақталды.
Абайдың 1886 жылдан 1902 жылдары шыққан 20 өлеңін неміс тіліне Леонард Кошут аударған. Осы сериямен «Оenel Verlag» баспасынан «Abai. Zwanzig Gedichte» деп аталатын кітап шықты. Абайды неміс тіліне аударуда көп көмек көрсеткен аудармашы Г.Бельгер, ал аудармалардың ең алғашқы тыңдарманы – Л.Кошуттың жұбайы, әлем халықтарының ұлттық әдебиеттерін аударған танымал аудармашы Шарлотта.
Г.Бельгер мен Л.Кошуттың Абай поэзиясын неміс тіліне аудару мәселелері жайындағы хат алмасулары Германияның Өнер академиясының мұрағатында сақтаулы. Абайдың өлеңдеріндегі кең тыныс пен сазды әуенін, ырғақ пен өлшемін неміс тіліндегі аудармаларда түпнұсқадағыдай жеткізу өте қиын. Тек Л.Кошут қана, өлеңді түпнұсқаға жақындатып, екпінін сәйкестендіріп, сөз құрамын ұқсатып жеткізе алған.
Соңғы жылдары жанданған Қазақстан мен Беларусь арасындағы мәдени және әдеби байланыстардың қорытындысы ретінде «Абай. Стэпавы прастор. Выбраныя вершы» (2010) кітабы жарыққа шықты. Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Николай Метлицкийдің аудармасымен, әдемі өрнектелген кітаптың бастапқы беттері ақын бейнесі туралы оның алғысөзімен ашылады. Кітаптың мұқабасында жиегіне қазақтың ұлттық өрнектері орналасқан қазақтың даласы бейнеленген. Абай өлеңдерінің беларусь тіліне аударылуы өте сәтті шыққан, себебі, өлеңдері музыкаға үйлесіп тұр. Енді міне, Абай беларусь тілінде сөйлеп, кең байтақ беларусь әлеміне, Еуропа жазығына аяқ басты.
Қазақ-корей әдеби байланыстарының тарихында Абай поэзиясы алғаш рет корей тіліне аударылды. «Абай. Алтын киіз үйдегі өлеңдер» кітабы 2010 жылы Сеул қаласында жарыққа шықты. Кітапқа Абайдың 100 өлеңі (табиғат лирикасы, философиялық лирика, махаббат лирикасы, қайғы-қасірет лирикасы, сегіз аяқ, күлдіргі поэзия) мен ақынның биографиясы және Ким Бен Хактың қысқаша түсініктемелері енген. Кітап суретші Е.М.Сидоркиннің иллюстрациясымен безендірілген. Аудармашы Ким Бен Хак кітаптың алғысөзінде «Корей халқының Абайдың жерінен өзінің қонақжайлы атамекенін тапқанын, корей халқының атынан алғыс ретінде қазақ халқына сыйға» деп саяси қуғын-сүргін кезінде жер аударылып келген уақытта баспана беріп қамқорлық көрсеткен қазақ халқына өз алғысын білдіреді. Корей халқының оқырмандарына жеткізе отырып аудармашы Орталық Азияның көшпелі мәдениеті мен қазақ халқының дәстүрін терең ұғынып көз алдарына елестеді деп сенім артады. Абай поэзиясының беларусь және корей басылымдары үшін сөзбе-сөз аудармасын жасаған «Тәржіман – әдеби аудармашылар одағы» АҚ Басқармасының төрағасы, ақын, аудармашы Қайрат Бақбергенов.
Абайдың «Қара сөздері» А.Мицкевич атындағы Познань университетінің оқытушысы Хенрик Янковскидің арқасында поляк тілінде таныла бастады. 2013 жылдың 10 маусымында Варшавада Абайдың поляк тіліндегі «Қара сөздерінің» тұсаукесері өткен болатын.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы ХХІ ғасырда әлемдік танымалдылықтың шекарасын едәуір кеңейтті. Грузияның Бас ғылыми редакциясы ресми басылымдар қызметінің «Достастық» деген аталымы бойынша Грузиядағы қазақстандық мәдени-ақпараттық орталық пен Шота Руставели атындағы Грузин әдебиеті институты және «Әлемге қызмет ететін кітап» Халықаралық ағартушылық қорының дайындауымен «Абай – Илья» кітап-альбомы жарық көрді. Грузияның Мәдениет және ескерткіштерді қорғау министрі Николозо Руруаның алғысөзі мен Шота Руставели атындағы Грузин әдебиеті институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ирма Ратианидің «Абай – Илья. Параллельдер» деп аталатын тыңғылықты мақаласы болашақта салыстырмалы зерттеулер жүргізіп, әдебиетаралық диалог орнатуды көздейді.
Абай шығармаларын әлем халқы өз тілінде аударуға құштар. Абай – жасқа, ұлтқа бөлінбейді. Оның мұрасы ешқашан құндылығын жоймайды. Ұлы ақынның шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Ол келешек заман үшін де ұлттық құндылығымыздың биік шоқтығы болып қала береді. «Бірақ ұлы ақынды әлемдік деңгейде насихаттау жағы баяу»,– дейді мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков. Өйткені, Абайдың шығармашылығын басқа тілге аудару қиын. Осы бағытта жұмыстарды қолға алған жөн деген ойын жеткізді.
Айта кету керек, Абайдың шығармалары елімізде өткен ЭКСПО-2017 көрмесі аясында төрт тілге аударылып, қонақтарға кәдесый ретінде ұсынылды. Жинақта суретшілер Н.Өтепбаев (Абай портреті), Е.Сидоркиннің (графика) туындылары пайдаланылды.
2016 жылдың желтоқсан айында «Семей-Көркем» баспаханасынан жарық көрген кітаптарға ұлы ақынның көпшілікке кең танымал шығармалары енгізілді. Бір айта кетерлігі, Беларусь елінде Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына байланысты «Абай жалпақ әлемде салтанат құруда» («Абай шествует по планете»: http://sozvuchie.zviazda.by/abaj) деп аталатын сайт ашылды. Бұл Абайды тек өз елінде ғана емес, қазақ жұртын танитын барлық ел таниды дегенді білдіреді. Биыл 175 жылдық мерейтойға орай тағы дамыған 10 елдің тіліне тәржімаланады екен.
Мұндағы мақсат – Абай әлемінің бар құдіретін, болмыс-құпиясын төтркүл дүниеге барынша мол таныту. Абайды жете таныту арқылы туған халқымыздың мәдени келбетін, қадыр-қасиетін, шыққан биігін, рухани жетістіктерін әлемге әйгілеу.

Динара Мыңжасарқызы

583 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы