• Әдебиет әлемі
  • 27 Тамыз, 2020

АРШЫН СҰЛУ (Әңгіме)

Қалжыр аузы жағынан салқын леп келеді.
– Мағдан Жұрағатұлы, – деп Дулат жетекшісіне жақын келді. – Жаңа ғана төменге телефон шалдым. Студенттер Қалжыр ауылына келіпті... Ауыл әкіміне хабарластым. Сізге сәлем айтып жатыр.
– Жайғасу жағы қалай екен?
– Былғары табытқа алыс емес пе? – деп сұрады Аршын сұлу да.
– Бүгінше Қалжыр ауылында болады. Ертең Былғары табытқа барады. Арасы алыс емес. Ертең біз де таңмен жолға шығатын шығармыз, – деп Дулат өз жоспарын білдірді.
Аршын жұлып алғандай:
– Жаль, что! Марқакөлге жүзе алмаймыз ба сонда?! - деп өкініші мен назын білдіріп үлгерді. – Магда, мен қалайын да екі-үш күн... Суретімді салайын. Сосын барам ғой.
Профессор жас әйелі назына құлақ аспағансыды.
– Мағдан Жұрағатұлы, атақты ускуч балығын аулауға барамыз. Жеңгей, сіз де атқа отыруға ықшам киініп алыңыз, – деп, жетекшісін қабағынан танитын Дулат сөз ләмін аударуға тырысты.
Оған бірақ Аршын сұлу қуана қоймады.
Мұны байқап үлгерген Сұңғат та:
– Аршын жеңгей, атпен бүгін серуендеп қайтыңыз. Ускучтың қызыл икрасын ұстаған жерде жейсіз... Марқа да қашпайды, оны да қыдырарсыз, – деп дәмелендірді.
Үндемей келе жатқан Ғазиз де:
– Қайық та дайын. Балық та аулаймыз, –деп қалды.
Бұл сөз құлағына тигенде Аршын сұлу:
– Магда, мен осында қалам, – деп, күйеуіне батыл айтты. – Сіз де ауылға барып, қайтып келіңіз!
Профессор жас әйелдің жын қуған сылаң мінезін білгендіктен «жатарда сөйлесермін» деп ойлады да, бөгде жұрт көзінше келіскен сыңай танытты.
– Жарайды, қалқам! Ертең көлге барасың.
Аршын сұлу профессордың мойнына асыла кетіп:
– Рахмет саған, Магда! Мой любимый! –деп бетінен сүйіп алды.
Жастық жалыны жанын үздіктіріп, қызулы тәні тоят таппай тұрған Аршын сұлу киіз үйге қарай жүгіре жөнелді. Киімін ауыстырып алуға асықты.
Уылдырық шашатын балықтай бұлаң қаққан бедеу арудың соңынан ұрлана көз жүгірткен Ғазиз бен Сұңғат профессордан аулақтап, кермеде байлаулы тұрған аттарға қарай жүрді. Дулат қана олардың бұлықсыған бедеуге құмартқан көзқарасын байқаса да байқамағансыды... Жетекшісін жетектеп, киіз үйге шейін апарды.
Көңілінде профессорға деген аяушылық-пен қоса, ағасы мен сыныптасының ұрыкөз қылықтарынан қарадай ұялушылық сезім қатар бас көтерді. Жетекшісі алдында өзін кінәлі адамдай сезінді. Профессор түсін билеп, сыр білдірмеді... Киіз үйдің сықырлауығын ашып, ішке еніп кетті.
Дулат керме жанында қарқылдай күлісіп, темекі шегісіп тұрған ағасы мен құрдасына қарай жүрді. Табан астында ат шашасын көтерер күреңше майысып жатты.
Келе сыныптасы Ғазизге бас салды.
– Қатынқұмар! – деді жағын жанып: – Жолаушы болма! Ол сенің теңің емес.
– Ол да оның теңі емес, – деді Ғазиз де. – Күйлеп жүр... Менің кінәм не?
– Ұятқа қалдырмашы! Жетекшіме обал!
– О баста ойлану керек еді. Жас қатын – жалбағайдікі...
– Жә-жә, жігіттер! Үндемесем, аға тұр, жаға тұр дейтін емессіңдер ғой... Қойыңдар! Әзірге намысқа тиер ештеңе болған жоқ. Сен де Дулат шамданба! – деп Сұңғат сабырға шақырды.
– Сәке, намысқа тиіп, қанды қоздырып жүрген қаншықтың өзі... Ондайда еркек емеспіз бе, сезімді шабақтамасын!
Дулат шарт кетті.
– Сен не, құнажын күйледі деп, артыла бермексің бе? Әлде ол маған күйлемей жүр дейсің бе? Шыда! Азаматтың басын сыйла!
– Дулат, қайдағы бір қатын үшін қырылмайықшы! Мен саған уәде етейін, шалдың көзінше «смирно» жүрем. Ал оңашада жолығыссақ, ренжіме!
– Тфу! Саған дауа жоқ... Әйтеуір, бүлдірмеші!
– Етегін көтерсе, есек те қарап тұрмайды... Қызталақ қатынды аямашы! Талайды көрген ғой... Мені де көргісі келеді де, – деп Ғазиз қыршаңқы тілімен қыршып алды.
– Дулат, – деп Сұңғат амалсыз араласты. – Доғарайық. Қонақ екенін ұмытпаңдар! Абырой бізге керек.
– Қонақтың «көңілін» қалдырмау керек қой... Барлық жағынан да разы қылайық! – деп Ғазиз тағы да тілімен шағып алды.
– Қалжыңды қой! Профессор әлемдік жаңалық ашу үшін келіп отыр. Елге жайылып жүрме!
– Жайылмай жүрген жайым жоқ. Одан несін қысылам! Қатыным құтырық ауру, жармес науқас екенін ел біледі... Маған сөгіс жоқ. Қу тіземді құшақтап жүрмін. Бір қысыр қатынға көңіл аударсам, несі айып!?
– Жігіттер, болды. Қонақтар келеді, – деп Сұңғат екеуін де тыйып тастады.
Мектеп қабырғасынан бақталас өскен екеуі басы қосыла қалса, қырқысып шыға келуші еді. Қазір де сол әдеттеріне сылқым әйел қылығы май құйып жібергендей көрініп кетті.
Ғазиз сыныптасын Күршім Мәдениет үйінен Сұңғатқа айтып алдырған Дулаттың өзі болатын. Енді амал жоқ, тілін тістеп тұр. Орақ ауыз, от тілді сыныптасының тағдыры тайқы болғаны рас. Сүйіп қосылған жары да музыкант еді, тұңғышын тапқанда қызыл шудан көтеріліп кетті... Содан да іші күйікке толы.
Мағдан Жұрағатұлы Аршын сұлуды ертіп келеді деген Дулаттың үш ұйықтаса ойында жоқ еді. Жетекшісі «Ол Астанада қалады. Ақмола өңіріндегі ауылына баратын шығар» деп, мұны мамырда-ақ сендіріп тастаған-ды. Арқадан «Жеңгең Алтайды көруге, Былғары табытты қазуға келе жатыр» деп ұялы телефоннан әуежайда тұрып хабарлағанда, «Қап! Ғазиз қырындап, әуіре етеді-ау!» деп өкінген.
Ал Ғазизді қайтару кеш еді... Амалсыздан дәмді ауыл әңгімесін айтып, әнін шырқап, профессордың ішін пыстырмас деген оймен де еріксіз өзін жұбатқан.
Құлын мүшесі шиыршық атып, спорттық киім тәніне жабыса қалған, басындағы кепкі жараса кеткен Аршын профессорды қолтықтап, суда қалқыған қаздай жақындады. Еркек көзінің құртын жеді... Профессор да сұлу әйел адында масаттана түсіп, алшаңдай басты. Басында шляпа, үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай спорттық костюм.
Ғазиз ғана «Мына сайқалдың сынықсуын-ай!» деп, зығырданы қайнайды...
– Кеттік! – десті Аршын сұлу.
– Кеттік! – десті Ғазиз әнші.
– Маған жүйрік ат керек. Шабан емес – резвый! – деп Аршын сұлу таңдау айтты.
– Жеңгей, жығылып қалмайсыз ба? – деп Сұңғат қауіптеніп қалды.
– Һа-а! – деп, Аршын менсінбей таңырқатты. – Мен чемпионмын ғой.
– Жеңгелерің ат спортынан қала чемпионы... Қорықпай бере беріңдер аттарыңды!
– Тақымды болып шықты ғой... – деп қалды Ғазиз.
– Тақымым берік, – деп Аршын да Сұңғат ұсынған жүгенді ала берді.
– Оны қазір байқаймыз! – Ғазиз де іліп қалды.
– Байқасақ – байқайық! – Аршын сұлу да көзін қысып, жігітті шарықтай жанып қасарды.
Сұңғат:
– Жеңгей, бізде шабан-шардақ ат жоқ, – деді, шамданса да шыдап: - Тау жылқысы сергек келеді... Мына ат құтырып тұр. Басы жұмсақ.
Ер қасына қол арта бере Аршын сұлу ақ тиіндей жеңіл қарғып, ертоқымға сарт ете қалды. Пұшпағы қанамаған келіншек серіппелі тән ширақтығын танытты. Атпал азаматтар еріксіз сүйсіністі.
Бәрі де үндеместен атқа қонды...
Сол-ақ екен үзеңгіні тебініп қап, Аршын сұлу топтан суырылып шыға берді. Астына мінген жирен ат та ауыздыққа езуін жыртқызбаған мал еді. Шашасын шалғын тарап, жалын жел қағып, құстай шырқады.
Аршынмен бірге Сұңғат пен Ғазиз аттары да ытырыла жөнелді. Бір сәт қалыс қалған профессор мен Дулат та қамшы басты. Құйма тұяқ қылқұйрықтылар сілтей шапты. Жануарлар ұзап бара жатқан жиренге жете алмай, үздік-создық келеді.
Бәрінің алдында – аппақ киімді Аршын сұлу... Бәйгеге шапқан баладай еңкейіп алыпты.
Шүмектің шаңқан жазығы жануарлардың бауырын жазды. Қапталдағы қалың шырша дөңгелене қалып жатыр. Сұңғат та, Ғазиз де Аршын сұлуды қуып жетпесе, Табалдырық алдындағы шомбал тастарға барып киліге ме деп қауіптенді. Екеуі де ат сауырына қамшы үйіріп, тау төсінде айқайға басты.
Сұңғат:
– Қап, әкеңнің аузы... қаншық-ай! – деп боқтап та жіберді. – Бас, Ғазиз! Бас! Жирен ұшқыр. Сенің атың алысқа шабады. Жиренді қуып жетесің! Барлығады қазір... Шап!
Ғазиз де:
– Жетем! Жетем! – деп айғайлап, ұзай берді.
Олардан көп қалыс қалған Дулат пен профессор ештеңені ести алған жоқ. Алдағылар жазаң бетіндегі дөңесті асып, лезде көзден ғайып болды. Профессор жүгенді тартып, басы айналып келе жатыр еді. Біртіндеп желіске түсіріп, амалсыз солқылдаған текіректен тоқтауына тура келді. Оған қарайлай шауып келе жатқан Дулат та озып барып, қайта айнала кері бұрылды.
Қызып алған аттың басын шаужайлап:
– Мағдан Жұрағатұлы, сізге не болды?! - деп шошына сұрады.
Ер қасынан ұстап, ат үстінде әрең отырған профессор:
– Басым айналып барады... Түсір! - деп зорға айтты.
Жүзін тер жауып, өңі бозарып кетіпті. Дулат аттан секіре түсіп, қолтығынан демеді. Салмағы ауыр Мағдан Жұрағатұлы Дулаттың иығына асыла ауып түсті.
– Дәрімді!.. - деді жетекшісі зорлана.
Дулат шындап шошыды. «Алтайға алып шығып, ажалына себеп болмайын» деген ой санасын сілкіп өтті... Профессор да шалқасынан жата кетті. Дулат пластик құтыны темір сырмалы қалтасынан алып, тіл астына шашып-шашып жіберді.
Шәкірті ұстаз-жетекшісінің басын көтермек болып еді, ол «қозғама» деп ишара білдірді. Көзін жұмып, көк жасаңның үстінде қол-аяғын керіп, ұзақ жатты. Дулат та үндемей, ақырын күтті. Жетекшісі де еркін тыныстағандай болды.
Күн де жадырап, сұлу төңіректі сәулесімен аймалап тұр еді...
Ал бұл кезде Ғазиз бен Аршын да қатарласып, жігіт ағасы барлыға бастаған жиреннің шылбырынан алып, бұрып әкетті. Көлден қотарыла ағып, Табалдырық бетімен таси сырғып жатқан Қалжыр аузындағы өркеш-өркеш жақпар жартастарға жеткізбеді жиренді.
Алқына шапқан арғымақтар Аршын сұлу мен Ғазиз әншіні алып қашқандай ытырыла шауып, күңгей алаптағы қалыңға ойысты. Олардың соңын ала жеткен Сұңғат «Тоқта!» деп Ғазизге айтқысы келді де, оның ендігі жерде қайырылмасын сезіп, атының басын ірікті. «Барсын! Зарығын бассын!» деп ойлады. Артта қалған Дулаттар әзірге жете қоймасын межелеп, «Әй, Ғазиз-ай!» деп іркіле берді... Артынан баруға ар санады. Екеуін де өз арларына тапсырды.
Күткен профессор мен Дулат бірақ төбе көрсетіспеді...
Ал Аршынға алқын-жұлқын жеткен Ғазиз орман арасына қарай аттарды бұрып әкетті. Қарағай ішіне ене бере ат үстінен Аршын сұлуды құшақтап, «Келші, жаным! Күткенім сен екенсің ғой... Сүйші, сәулем!» деп аймалай берді. Қосарласқан аттардың ауыздықтарын тартып, атүсті екеуі де қысылмай, қымсынбай сүйісіп қалысты... Ат тұяқтары ғана самырсын иісі аңқыған ағаш арасында айналақтап тыпыршыды.
Көлеңкелі қарағай арасында күн нұры селдірей құлайды.
Аршын тұншыға сыбырлап, «Кейін... реті келер!» деп үздіккен сезімін сабырға жеңдірді. Жігітті де кеудесінен итеріп, алыпұшпа арынын басты. «Қой енді! - деп қайырып тастады. – Ұят болады! Кейін өзім... бәріне де жол табамын!»
Көзі алды бұлдырап, асау сезім нәпсісін атүсті шабақтаған Ғазиз еліріңкіреп бара жатқан соң, Аршын сұлу қамшымен тартып-тартып жіберді. Сонда ғана ол есін жиып алғандай болды. Қалт тоқтап: «Сука! Мә саған!..» деп, қамшымен жеңіл ғана сипай салып кеп жіберді. Жон арқасын жанай өткен қамшы ұшы артқы ер қасына тиді.
Салмақсыз жанап өтсе де, Аршын өтіріктен шар ете түсті...
– Кешірші, жаным! Құлың боп өтейін!
Ғазиз атын тебініп кеп, жас әйелді айқара құшақтап алды. Аршын сұлу да әлсіз бұлқынып қап, жігіт ағасы құшағында солқылдап кеп жылады. «Бақытсызбын мен! Махабатты аңсаушы ем, жолықпады жасымнан... Қорлық, зорлық көргенім! Сені азамат деп ойлап ем?!» деген сәтте, Ғазиз сұлу әйел сөзіне шекердей еріп, «Ешкімге де бермеймін, жаным! Қандай тәтті едің! – деп ернінен өбіп, еміреніп кетті. – Әнім сенсің, Аршын! Жаным садаға! Құрбаның болайын! Аршыным! Аршам!»
Қармағын қапысыз қаптырғанын сезген Аршын сұлу қайта ойнап шыға келді. Құшақтан балықтай бұлқына құтылып:
– Ертең көл үстіне шығамыз ғой, – деді жасын жанарынан домалатып. – Сені серік етемін... Анау Сұңғатты жолатпашы қайыққа! Суқаным сүймейді.
– Аршыным – арманым!.. Екеуміз ғана қыдырамыз. Белің қандай қиылған?! Білегің қандай оралған?!
– Сүйіп қалдым сені – Ғазиз!.. Дауысыңды сүйдім! Ерге тән мінезіңді сүйдім! Күйдірмеші енді! – деп, жиренді тебініп қалып, еркек қасынан сытыла жөнелді.
Салма бұтақты қарағай ішінен әлгінде шауып келген жаққа қарай шыға берді.
Ғазиз:
– Ақылдым менің! – деп, сылқым сұлудың соңынан еріксіз ере жөнелгенін білмей қалды.
– Қуып жет! Хи-хи! – деп, сыңғырлай күліп, ер-азаматты ынтықтыра түсіп, тағы бір өнер шығарды.
Желе шапқан Аршын бұларды асықпай күтіп, атын көкмайсаға шалдырып тұрған Сұңғатқа суырыла жетті. Ол күле қарсы алып:
– Нағыз шабондоз екенсің, қарындасым! –деді. – Қуып жете алмадық қой...
– Қайдам, нағыз жігіт жетпей қоймайды. Нашарсыз да, – деп, әлі де алқынып тұрған атымен мұны шеңберлей айналып шықты.
– Әлгі балығыңыз қайда? Тірідей уылдырығын жейтін...
Қастарына асықпай келіп қалған Ғазиз:
– Күйеуің келсін, балық кашпас! – деді жорта түк болмағансып.
– Магда жаным, жайбасар!.. Бәрінен құр қалып жүреді, өстіп...
– Құр қалғаны – сіз болсыңыз, тұлпармын деген тақымды азаматтар – есек те, - деп қалды қыршаңқы тілді Ғазиз шыдай алмай кетіп.
– Сұлуды сүю үшін тер төгу керек, - деп Сұңғат та қостағандай болды.
– Отқа түсу керек!.. – деп, Аршын астындағы тықыршыған жиреннің жүгенін тартқылады.
Ғазиз:
– Байың отыңа күйіп қалғаны көрініп-ақ тұр!.. – деп кекете қызғанып қалды.
– Иә, күйіп қалған... Күйген жүрегі – сүйген! – деп Аршын сұлу жігіт шамына тиіп алды. – Қиналмай-ақ кандидаттық қорғатты... phd доктор да болам! Оны маған туған әкем де істей алмайды.
Ғазиз тосылып қалды...
Сұңғат екеуінің бір-бірін жақсы көре тұрып, бір-бірінің намыстарына тие сөйлегендеріне таңырқап, өзара қызғаныштарына қызыға қарады. «Құмарлары басылмай, сезімдері тарқамай тұр-ау!..» деген ой құйындай соғып өтті. Жаңа ғана қарағай арасындағы апаш-құпаш құшақ айқастырысқаны екеуін де шала өкпелетіп, жандарын жаралап кеткенін түсінді. Қолың жетпеген соң, найзағай отындай қысқа сезім күйігі басылмайды... Бұл да ондайды бас-тан кешкен.
– О, Магдалар көрінді!
Аршын профессор күйеуіне қарай шаба жөнелді. Олар аттарды аяңдатып, жүгенді бос тастап, соны шалдырып келе жатты.
– Тфу, сайтан! – деп Ғазиз әрі сүйсіне, әрі ызалана буынды. – Сәке, мына қатын мені өлтіретін шығар... Қайдан ғана кез болдым?! Дулат мен үшін әдейі алып келгендей... Тұла бойым өртеніп барам!
– Қой, бауырым, шатылма! Ыстық-суығың басылмаған жас емессің. Қатын да құшып, бала да сүйген азаматсың. Не болды сонша, басыңды жоғалтып?!
– Білмеймін, Сәке! Ағамызсың ғой... Тап мынандай сайтанды көрмеппін?!
– Көрмесең – көрдің, міне! Тыныш жүр!
Сұңғат та ат басын қонаққа бұрып, алдарынан шықты. Мағдан Жұрағатұлының өні қызарып, беті албырап кетіпті. Сұңғат тіксініп қалды.
– Аға, сізге не болған?
– Қаныңыз көтеріліп тұр ғой, - деді Ғазиз де.
– Ә, абыржымаңдар! Қымыздікі. Қысым да бар тауда, - деп профессор бұларды тыныштандырып тастады.
– Дулат, телефон неге шалмадың? - деп Сұңғат сонда да сасқанын сездірді.
– Мен оған... шалдырмадым! Аршын шошып қалар деп...
– Магда, абай болшы! Сен төсек тартсаң, я не переживу!
Аршын сұлу күйеуіне қиыла қарады...
Профессор да сыр білдірмеуге тырысып:
– Қане, жігіттер, ускучка барайық! - деп атын тебінді.
Дулат профессордың аттан түсіп, күреңше үстінде жүрек тұсын уқалап, ұзақ жатқанын жасырып қалғандай болды... Жетекшісінің өзі де жұртқа білдіргісі жоқ екенін байқаған соң, жақ ашпауға тырысты. Аршынның сезбегені де жөн. Кім білсін, жас әйел Астанаға қайту керек деп, мұның жылдар бойы санасында сарымайдай сақтап, ғаламат археологиялық жаңалық ашсам деген жоспарының күл-талқанын шығарып жүрсе... Аш құлақтан тыш құлақ. Жетекшісінің коньяк ішкіш жүрегі шыдауға тиіс. Бұдан зорғыны көрген ол зорығып кетпес.
«Зорықса – аттай жүрегі Аршындай жас әйелден зорығар» деген әзәзіл түйінге келген-ді...
Жылдам қан қысымын түсірген шашпа спрей дәріден кейін профессор бұларға жеткенше атқа мініп, сергіп те қалған. Енді ештеңеге қарайламай, Сұңғат тасыған Қалжырға қарай тартты. Жол жорғалы аяңы бар атқа отырған Дулаттың жетекшісі шалқар шабыстан кейін кәрі қырандай қомданып, қанаттанып алған.
Ал жастар жағы күліп-ойнап келеді...
Аршын сұлумен алма-кезек қысыр қалжың қағысып қалады. «Жеңгей, жер түбінен келіп тұрсыз. Қалжырға батырып аламыз» деседі. Ол да «Несі бар, мен түспеген су бар ма? Түркиядан бастап, арап пен мысырлықтың, қытай мен үндістің, грек пен малайдың суын кешіп, дәмін татқанмын... Марқаның суы таңсық емес!» деп, зілсіз мақтанады.
Ықшам киінген адамдарды Шүмек жазаңы самалы қағып қояды. Бүлдіргені пісіп, балығы уылдырық шашып жатқан жұмақ шақ. Марқаның қалғымайтын күзетшісіндей ақбас Азутау андағайлап, Қалжырдың көлден шығар аузы мен атпен серуендеген жүргіншілердің желкесінен сұсты қарайды.
Көлдің үйрек тұмсығындай сүйірлене біткен жалпақ аузынан жігіттей жуасып шыққан Қалжыр суы мәрмәр Табалдырық бетімен сыпырыла сырғып, Марқа сұлудың аппақ алқымын аймалай сүйіп, аялай жуып жатыр. Момын Қылжыр өзені Табалдырық бойымен екі жүз құлаштай жайымен жылжып барады да, бірден еңістеп кетіп, түйе ағызар тасқынға ұласады. Ары қарай асау Қалжыр бір шақырымдай екпіндеп барып, халық Көлденең атап кеткен бұрма таутұғырға тіреліп, ашулы аюдай арқырай соғылады.
Сұңғат қонақтарды аткөпір алқынып жатқан осы тұсқа әкеле жатқан. Бұл ара тасқынды болғанымен, балығы ағыс бетімен ұша жүзетін ғажайып суретімен де ерекше еді. Ағын жүзімен құстай ұшатын қанатты ускуч көз алдыңда үйір-үйір болып, құлаған су ағысын қанжарша жарып, мәрмәр Табалдырық бетіне қайтсе ілігуге асығатын. Сол жолда бар күштерін сарп етіп, ұрпақ шашу үшін ұлы күресін мәңгілікке тоқтатпайтын. Мыңдаған жылдар бойы ұшқыш балықтың азапты жолы армансыз қайталанып жататын.
Биыл да бұл сұлу сурет сұрапыл су ағысында мамыр туа сызылып жатты...
Судың тұнығын сүзіп ішетін, шөптің сонысын таңдап жейтін жылқы жануар мен бастаудың басын, қоныстың құйқалысын таңдап қонатын алтайлық қазақтар секілді еді ұшқыш-ускуч балықтар да... Қара қанат, бұла балық қырық қатпарлы Қалжырдың қырық құлаш құлама күркүреуінен шағаладай ұшып шығып, қырық батпан ағыстарын қылыштап турай жүзеді.
Қаншама баспалдақты Табалдырықтарын сұңқардай ұшып өтіп, қаншама шат-шатқалының бұрма-бұрылысындағы шұңғыма иірімдерін кесіп, бұлғақ күн мен түнді басынан кешіп, шымырлай тынып жатқан Марқа сұлуына жетеді дейсің... Ал Марқаның өзі мың сан бұрымды сұлудай, жон жайлаудың басында бұрқылдап, жер астынан мұздай болып қайнап шығып жатқан ерке бұлақ, мөлдір қайнарлардан құралатыны белгілі. Қалжырдан көтерілген ұшқыш-ускуч балықтар мұнда да тоқтамастан көлге құятын арқалы өзендерді өрлеп, сол өзендерден сан тарамдана тарап жатқан таяз өзенше-өзектерге жетіп, жаппай уылдырығын шашады.
Дүние жаралғалы бері білектей ұшқыш-ускуч балыққа тиесілі таңғажайып таңбалы тағдыр айнымай қайталанып келеді... Әлі де Алтайдай әсем әлемде қайталана береді. Ал Аршын сұлу мен Мағдан Жұрағатұлы сияқты адамдар да шәйі жібектей Шүмекке бір келіп-кетуін доғармас.
Алып аңғар шатқалға салт аттылар қырғауылдай қиялап түсті. Жалғыз аяқ соқпақпен қаздай тізіліп келеді. Тау қиясында құлын кезінен тұяқ тоқтатқан жануарлар жазбай басады. Аршын сұлу мен профессор ғана жүрексініп қояды.
Жүрексінетін де жөні бар. Алба-жалба аңғарды жаңғырықтырып Қалжыр дауысы құлаққа келеді. Жан-жағыңда қара-құла жартастар аңғал-саңғал арбияды. Қазір құлап кететіндей еңкейе опыраяды. Қарағай аралас сап түзеген қайың-терек, шілік-тал орманы басып, ұсақ қараған, итмұрын аралас өскен ұшқат-қарақат жынысы бұлар бауырлап келе жатқан соқпақты қос қапталынан қысып тастапты. Арасынан Алтайдың ақтөс қара аюы мен қоңыр аюы, аламойнақ аюы мен сүлей сілеусіні, бұлаң құйрық барысы шыға келетіндей көрінеді.
Аршын сұлу төңірекке үрке қарайды...
Ұңғыл-шұңғыл шат іші де салқын екен. Тоңазып та келеді. Қалжыр суынан ылғал білінеді. Түс ауып бара жатса да, терең шатқалдың тік қабақ қия қабырғалары көлеңке тартыпты.
Кешікпей қия шатқалды құлдай арқыраған асау ағыс үстінен шықты. Үйдей тастар мен атам заманғы ағаштардың тамыры дөңкиіп жатқан түйетайлы жағаға кез болды. Бәрі аттан түсіп, күліктерді шеткерек апарып, ауыздықтарын алып, жайыла алатындай етіп жігіттер шылбырлап тастады.
Қалжыр өзені иен жатқан көрдей шатқалда жын шақырғандай үрейлене өкіріп, дем ала алмай желігеді...

821 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы