• Білім-ғылым
  • 31 Шілде, 2020

О, менің мәңгі ғашық тылсымым-ай!

Бұлан Жамбыл 

Арманды таң

Жатса да Өшпей арман Қарсы алып таңын бал күз. Жаңбырлы кеште қалған Жасаурап жаным жалғыз. Шаттансам кезегі кеп, Нұр жазға жарасамын. Ал жаным сезеді тек Суығын қарашаның.

Құсалы жан арманнан Күңіренді тағы күз кеп. Тұрлаусыз бұл жалғаннан Баянды бақыт іздеп.

Арманды атар таң да, Армансыз – Ұлы бір Ие. Бұл фәни тек арманда, Арманда күллі дүние.

Біреудің Құдайы – өзі сүйген өнер, Біреудің Құдайы – ақшасы ... Буырқанған бұлт келіп жаңбырын төгер, Көгерер, гүлденер бақшасы.

Әлдекім саясат соғып шарықтай жөнелер, Ал біреу мүлкім дер абыржып ... Таң атып, айнала жарыққа кенелер, Түн келіп тұрар бір тамылжып.

Күшеніп сөйлейді әлдекім жұлқынып, Қол соғу – біреудің амалы ... Қыраттың қырмызы гүлдері құлпырып, Еседі сап-салқын самалы.

Жайнаған жұлдыздар сөнеді де, ой, небір Батуға бет алар Күн шығып. Е, әйтеуір қалай да өтеді ғой өмір! Жүр, достым, етейік құлшылық.

Түнгі жол

Жол тербеген қара пойыз жүрегімді тербейді. Тербетіліс кеудемдегі түйнегімді емдейді. Бұлт торлаған қара түнде болмаса да бір сәуле, Көңілімнің көгалына егулі гүл сембейді.

Бұлт торлаған қараңғы аспан мұң бітіріп тел егіз, Жер-жаһанның бір шетінде түнді тіліп келеміз. Күліп кіріп, саңылаудан білдіреді жып-жылы Үнсіз, тілсіз түйсіктегі тыңды түріп жел лебіз.

Жол тербеген қара пойыз жүрегімді емдейді, Айдалаға өзеуреген өзегімді демдейді. Түнгі жолда жолсыз жақтан жылы лебін жұмсаған Меңіреудің мұнар мұңы меселімді меңдейді.

Жол үстінде жолайрыққа жақындаған шығармын, Жол бойына жолдауда кіл жатын далам мұнар мұң. Мұндай ерек сағынышқа неге бөлеп болмайды?! Жат сезіле бастады ғой лапылдатып шығар Күн! Қош, дүние! Қоштасарға, анық, уақыт бар әлі. Түгесілді дәптерімнің толып бітіп парағы. Түсі мені тіксіндірген қара пойыз зуылдап, Түннің түпсіз ұйығына алып кетіп барады.

Бәрібір...

Шетелдік көліктер жайнаған, Қызылды-жасылды, не керек! Оған бір қараймын, көкке бір, Бәрібір көк аспан керемет!

Адамның өнері туғызған Зәулім үй еңселі... Көре кет! Оған бір қараймын, көкке бір, Бәрібір көк аспан керемет!

Тыншымас адамзат өрелеп, Қиюлап, бекітіп, шегелеп. Алайда сұр аспан керемет! Жауыны жаңа өткен себелеп.

Сөз періште

Алланың сөздері көздегі тамшыға ұласып, бір-бірлеп құласып, мөлт етіп үзілді жанардан, мөлдіреп жүректе қамалған құба шық.

Жүзімді жуады, қуады пенделік тозаңын, құяды сөз арын, ашады әз әрін өңімнің, ұшында қалықтап көгімнің бозаң үн.

Тылсым түн аспанын басқан үн – илләһи сөздер-ді жанымен сезгенді, тамшылы көздерді нұр еткен өнетін мейірлі жүректен безбенді.

Алланың сөздері көздейді жолдауды пейішке, кенеліп кенішке, жетейік жеңіске тиімді, Құдайы сөз айтып түйінді. Әрбір сөз – періште, Періште жайласын үйіңді. Ассаламағалейкүм!

Берілу

Жауған жасыл шуақ-нұр Менен қалай жауқазынды жырақ қыр? Қашан дүние базарынан тыс қалғам? Өне бойым жылап тұр.

Тағдырымнан бақыт жайлы күтіп ән, Бәлкім өстіп уақытымнан ұтылам? Сездірместен ең жақыным боп алған Жалғыздық-ай, сенен қалай құтылам?

Бақ тілеймін, сүйінемін балама, Өмір солай – көңілі оның далада. Жақын тұтар інішекке барып ем, Бір бөгетті сездім тұрған арада.

Оқшау келем, демім суық, жан – мұздық, Жүріп өткен жатыр артта жол мызғып. Көп ішіне еніп едім, онда да Күмілжіп тұр маған қарап жалғыздық.

Асау аттай ала қашып басымды, Тұяғымнан жарқылдатып жасынды, Сенен безіп, отбасыма оралсам, Отырасың төрде керіп қасыңды.

Аптықпайсың, сөйлемейсің сыр ашып, Ханымшадай қолың нәзік бір асыл! Ала таңда аласұрып оянсам, Есігімді қағып қана тұрасың.

Ұқтым, болды. Кір кеудеме, тың тыңда! Ей, жүрегім, сен де көндік, бұлқынба! Жүреді екем өстіп өзім өз болып, Көрінбейтін шекаралар сыртында.

*** Көңілдің қымсынуы-ай! Алабұртып сонда да ұмсынуы-ай! Жұлдызды түнге қарап, Жүрегімнің жай таппай күрсінуі-ай!

Қандай күш... тулайтындай, Іңкәрлікті еселеп қинайтындай? Кеудемді кере-мере лықсығанда Толқимын ғарышқа да сыймайтындай.

Қинайтындай... қоймайды-ау Сананы сол арнаға құймай тынбай! Өзіңе шын ынтызар жүрек үшін Өмірде не бар дейсің қимайтындай?!

Заңғар көк, сайын дала... Тамсанам қарағайға, қайыңға да! Келісемін, керемет айналамыз, Қайткенмен де...

Көңілдің қымсынуы-ай! Білгісі кеп сонда да ұмсынуы-ай! Фәниде көре алмаспын көзім тойып, О, менің мәңгі ғашық тылсымым-ай!

9029 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы