• Руханият
  • 31 Шілде, 2020

ЖАС КОРОЛЬ

Оскар УАЙЛЬД

Таққа отыру салтанатының қарсаңында жас король ғаламат сарайында жалғыз отырғанды. Сарайдағылар бастарын иіп, этикет профессорынан дәріс алу үшін үлкен залға кіріп кеткен. Олардың кейбірі табиғи мінезінен арылмаған еді, жалпы бұл сарай адамы үшін айтарлықтай кемшілік те емес. Бозбала король, он алтыға енді толған жас жігіт оларға көңіл аудармады, зерлі жастығына жантайған соң төңірегіне біртүрлі үрейлене қарады, бейнебір қараторы орман құдайы фавн тәрізді, әлде ормандағы аңшы қақпанына түскен жас аң ба дейсің. Расында оны аңшылар тауып алған, жалаңаяқ бала сыбызғы ұстап, кедей қойшының малын бағып жүргенде. Ол өзін сол қойшының ұлымын деп есептейтін. Ол кәрі корольдің дәрежесі төмен біреумен байланысқан жалғыз қызынан туған. Ел тіпті жат жұрттық біреу лютня аспабының сиқырымен король қызын арбап алған деседі. Енді біреулер король қызы мархабатына бөленген, Үрімнен келген суретші шіркеу ішіндегі безендіру ісін аяқтамастан қаладан шығып кетіпті-міс деседі. Бұл бала туғанына бір апта болғанда ұйқыдағы анасының құшағынан ұрланыпты, сөйтіп қаладан күншілік жердегі орман қойнауындағы баласыз шаруа мен оның әйеліне беріліпті. Оны дүниеге әкелген корольдің аққұба қызы оянған соң бір сағат өте қайғыдан, әлде обадан көз жұмған. Ал сарай дәрігерінің айтуынша шараппен бірге құйылған итальяндық өткір удан жантәсілім еткен. Корольдің сенімді қуғыншысы қойшы лашығының дөрекілеу есігін ұрып жатқан шақта король қызының денесі қала сыртындағы ескі зираттағы көрге көміліпті, бұл жерде қолы артына қайырылып арқанмен байланған, кеудесінде қанжардан қалған алқызыл жарақаттары бар, бір таңғажайып көркем жігіттің де денесі жатқан деседі. Иә, жұрттан жұртқа тараған сыбыс осылай дейді. Бірақ төрінен көрі жақын кәрі король шынымен де күнәсін ойлап, қайғырды ма, әлде билікті өз ұрпағына қалдырғысы келді ме екен, сол баланы тапқызып, Кеңес мүшелерінің алдында мұрагері деп жариялайды. Жас жігіт сұлулыққа деген ынтызарлығын бірден-ақ байқатты. Нөкерлері оны болашақ король үшін арнайы жабдықталған бөлмеге апарды. Олар жігіттің ғаламат киімдер мен асыл тастарды көргенде шаттанғанын, бірден үстіндегі ұзын етек, қысқа жеңді былғары туника (ұзын етек, қысқа жең ежелгі еуропалық киім) мен қойшы шекпенін шешіп тастағанын жасырмады. Әрине ол ормандағы еркін өмірді аңсайтын, уақытты көп алатын сарайдағы рәсімдер зеріктіретін, бірақ өзі иесі боп отырған Joyeuse (французша шаттыққа бөленген) деп аталатын ғаламат сарай ләззатқа арналған жаңа өмір сияқты көрінетін, мәжіліс пен ресми қабылдаудан сытылып шығуға мұрша болған шақта жарқыраған порфирден жасалған, айналасына қола арыстандар қойылған баспалдақтармен түсіп, жабыққан жанына ем іздегендей галерея бөлмелерін аралайды. Бұл ғажайып бір әлемге саяхат тәрізді еді, кейде оған жарқыраған жамылғылы сымбатты да аққұба бектер еріп жүреді. Бірақ ол көбінесе тылсым түйсік сездіретін сұлулық құпиясы жасырын түрде білінуі керек деп ойлайтын және сұлулық даналық сияқты дара тағзымды қажет етеді деп білетін. Бұл кезеңде жас король туралы небір ғажайып әңгімелер айтылды. Бірде Бургомистр қала тұрғындарының қошеметін жеткізу үшін кірсе, бозбала Венециядан жаңа әкелінген картина алдында тізерлеп тұр дейді, бұл жаңа пірге ғибадат еткендей көрінеді. Енді бірде ол бірнеше сағатқа жоғалып кетеді, оны сарайдың солтүстік мұнарасының бір бөлмесінен Адонистің суреті бейнеленген қима тасқа қарап тұрған жерінен табады. Бұл әңгімені таратқандар оның ыстық ернін антикалық мүсінге тигізіп тұрғанын көреді. Бұл мүсінде Адрианға тиесілі вифиниялық құлдың есімі жазылғанды, оны тас көпір салғанда су түбінен тауып алған. Кейде ол түні бойы ай сәулесі Эндимионның күміс жүзіне қалай түскеніне қарап отырады. Бүкіл таңсық та асыл дүниенің барлығына жас жігіт елтіді, таңғажайып нәрселерді табу үшін көпестерді жұмсады. Бірін солтүстік теңізіндегі балықшылардан кәріптас сатып алуға, енді бірін Мысырға, тек перғауындар зиратынан табылатын, ерекше қасиетке ие таңғажайып лағылды іздеуге, енді біреулерін Парсы еліне жібек кілемдер мен өрнектелген ыдыс-аяқ әкелуге, қалғандарын Үнді еліне кәсей (жұқа кездеме) мен боялған піл сүйегін, айтас пен нефрит білезік, сандал, жасыл финифть және жұқа жүн орамал әкелуге жіберді. Бірақ бәрінен де оның көңілін жаулағаны таққа отыру салтанатына киетін алтынмен апталған киімі мен лағылмен безендірілген тәжі және інжу көмкерген асатаяғы болды. Бұл кеште алауошақтағы қарағай шөркенің қалай жанғанына қарап жатып осы заттар туралы ойлады. Бірнеше ай бұрын атақты суретшілер салған эскиздерді алған еді, зергерлер күні-түні бар уақытын король киімін безендіруге арнасын, олардың жұмысына пайдаланатын асыл тастар бүкіл әлемнен ізделсін деп әмір еткен. Ол өзін ғаламат король киімін киіп, шіркеудегі биік мехраб алдында тұрғанын көзіне елестеткенде балаң ерні күлімсіреп, қара көзі нұрланып кетеді. Бір кезде ол орнынан көтерілді, алакөлеңке бөлмеге көз тастады. Қабырғада сұлулық салтанатын паш ететін түсті кілемдер ілулі. Ақықпен бедерленген көкшіл шкаф бұрыштан орын алған. Терезе алдында лакпен боялған, алтын жалатылған нақышты шкаф бар, үстіне венециялық шыныдан жасалған жұп-жұқа құты мен қою жолақты ақық тостаған қойылған. Төсектегі боз көкнәр кестеленген жібек жапқыш ұйқылы-ояу қолдан сусып түскен тәрізді. Піл сүйегінен ойылған түзу қамыс барқыттан тігілген далда шымылдықты ұстап тұр, ақ көбік тәрізді түйеқұс мамығы бөлменің ақшаңқай күміс төбесіне тиіп тұр. Көк қоладан құйылған нәркес жылтыраған айнаны ұстап тұр. Үстел үстіне жалпақ күлгінтастан жасалған табақша қойылған. Терезеден көлеңке үйлердің төбесінен төнген шар тәрізді шіркеу күмбезі көрінеді. Өзендегі тұман арасынан жолда әрі бері теңселген қалжыраған күзетшілер көлбеңдейді. Бақ қойнауынан бұлбұл сайрайды. Терезеден ақгүлдің нәзік иісі сезіледі. Жігіт қоңыр бұйра шашын серпіп тастап қолына лютнясын алып, ішекке саусақтарын тигізді. Ауыр қабағын төмен салып, маужырап кетті. Бұған дейін ғажайып заттардың сиқыры мен тылсымын соншалық терең, бір нәзік ризашылықпен сезбеген еді. Түн жарымда мұнараның сағаты соғылған шақта ол қоңырауға қолын тигізді, бектері кірді, рәсімге сай киімін шешті, раушан суын қолына септі, жастығына гүл шашты. Олар бөлмеден шығып кеткен соң жігіт ұйықтап кетті. Ол ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде қапырық шеберхана іші екен дейді, төңірек тігін білдегінің тарсылдаған дыбыстарына тола. Солғын сәуле тор терезеден түсіп тұр, жас король еңкейген тоқымашыларды көрді. Боп-боз, аурушаң балалар білдектің қалың арқалығында бүк түсіп отыр екен. Тігін мәшинесінің қайықшасы тіректен өткенде балалар ауыр төрткілдешті көтеріп, қайықша тоқтағанда төрткілдешті түсіріп, жіпті түзейді. Аштықтан балалардың жағы суалған, арық қолдары дір-дір етеді. Үстел басында бірнеше қажыған әйел іс тігіп отыр. Бықсыған бөлме лас иіске толған. Шеберхана ауасы ауыр, сыздан қабырғалар ылғал. Жас король тоқымашылардың біріне жақындап қарап тұр екен. Тоқымашы оған ашулана қарап былай деді: – Немене қарап тұрсың? Қожайынның тыңшысы ма едің бізге жіберген? – Қожайының кім? – деп сұрады жас король. – Біздің қожайын! – деп, айқайлап жіберді тоқымашы. Ол да мен сияқты адам ғой. Бірақ айырмамыз – ол жарқырап киінеді, ал менің киімім алба-жұлба, аштықтан үзілейін деп тұрмын. Қожайын жегіштіктен жарылады-ау. – Біздің елімізде бәрі еркін емес пе? – деді, жас король. – Сондықтан сен құл емессің. – Соғыста, – деді тоқымашы. – Күшті әлсізді құл етеді, бейбіт заманда бай кедейді құл қылады. Өлмес үшін еңбек етудеміз, бізге мардымсыз ақы төлейді, өлермен болдық қой. Күні бойы байлар үшін тер төгеміз, олар болса сандықтарына алтынды толтырып жатыр, біздің балаларымыз өспей жатып солып, жүздері дөрекі боп кетті. Біз жүзім сығамыз, шарабын басқалар ішеді, біз бидай егеміз, ал өз үстелімізде нан жоқ. Біз бұғаудағы құлмыз, бірақ оны ешкім көрмейді. Құл бола тұра еркіндікте саналамыз. – Бәрі осылай өмір сүре ме? – деп сұрады жас король. – Иә, бәрі де осылай өмір сүруде, – деді тоқымашы. – Жас пен кәрі, әйел мен еркек, балалар мен қарттар, барлығы түгел. Жасаған өнімімізді көпестер тонайды, олардың айтқан бағасына көнуіміз керек. Священник таспиығын қолына ұстап дәл қасымыздан өтеді, бізге ешкім қарамайды. Ешқашан күн түспейтін жолымызбен кедейлік деген аш көзімен жорғалап жүреді, күнә мастықтан сезімінен айырылған жүзімен оның артынан еріп жүреді. Қасірет таңертең оятса, ұят түні бойы қасымызда отырады. Саған бұның бәрі неге керек? Сен біздің топқа жатпайсың ғой. Жүзің тым бақытты екен. Тоқымашы осылай деп теріс айналды да, тігін мәшинесінің қайықшасын тіректен өткізді. Жас король арқаудағы алтын жіпті көрді. Оны сұмдық үрей билеп, тоқымашыдан сұрады: – Мына тоқып жатқаның не нәрсе? – Бұл жас корольдің таққа отыру салтанатына арналған киім, – деп, жауап берді тоқымашы. — Оның саған не керегі бар? Жас король өз даусынан шошып оянды. Бөлмесінде жатыр екен, терезеден қараңғы аспанда салбыраған сары ай көрінеді. Ол тағы да ұйықтап кетті, және бір түс көрді. Түсінде жазалылар есетін көп ескекті кеменің үстінде тұр екен. Кеме үсті тола құл. Бұның жанында кілем үстіне кеме капитаны жайғасқан. Капитан эбен ағашы тәрізді қап-қара, басындағы шалмасы алқызыл жібектен, құлағында үлкен күміс сырғалар салбырап тұр, қолында піл сүйегінен таразысы бар. Құлдар жалаңаш, тек белден төменгі жері бүркелген. Құлдар бір-біріне шынжырланып байланған. Кеме үстін күн күйдіріп тұр. Құлдарды негрлер қайыс белдікпен осып-осып қояды. Құлдар арық қолдарымен ауыр ескектерді суға малып келеді. Ескектердің түбіне тұзды су шашырауда. Олар мүйіске жеткенде тереңдікті өлшей бастады. Теңіз бетінде самал еседі, кеменің едені мен үлкен латын желкенін қызғылт түсті шаң басқан. Кенет найза ұстаған үш арап шауып келді. Кеме капитаны түрлі-түсті садағын алды, жебесі бір араптың алқымына кірді. Анау құлап түсті де серіктері шауып кетті. Түйеге мінген, сары пәренжелі әйел бұлардың артынан ерді, ол жансыз денеге қарап-қарап қояды. Зәкір тасталып, желкен түсірілгенде негрлер кеменің астыңғы бөлігіне түсіп, қорғасын жүк байланған ұзын арқан басапалдақ шығарды. Капитан баспалдақты лақтырып, ұштарын екі темір бағанға байлады. Негрлер ең жас құлды аяғындағы кісеннен босатып, танауы мен құлағына балауыз құйып, беліне ауыр тас байлады. Құл баспалдақпен баяу түсті де теңіз ішінде ғайып болды. Ол теңізге түскен жерден көбік көрінді. Басқа құлдар бортқа қызықтап қарап тұр. Кеме тұмсығында акула арбаушы барабан соғып отыр. Біраздан кейін сүңгуші су бетіне шықты, ауыр тыныстап, баспалдаққа жармасты, оң қолында інжу бар. Негрлер онысын жұлып алып, құлды қайтадан теңізге итеріп жіберді. Басқа құлдар ескек ұстап қалғып отыр. Сүңгуші қайта-қайта су бетіне шығып, әдемі інжулерді таси берді. Кеме капитаны інжуді өлшеп, жасыл былғарыдан тігілген қапшыққа салып жатыр. Жас король сөйлегісі келеді, бірақ еріндері таңдайына жабысып қалған тілі сияқты бағынбайды. Негрлер бірдеңелерді айтысып, түрлі-түсті моншақтың жібі үшін ұрсысып жатыр. Екі тырна кеме төбесінде айнала ұшып жүр. Сүңгіуші соңғы рет көрінді. Бұл жолғы тапқаны Ормуз інжулерінен де ғажайып еді. Бейнебір толған ай тәрізді, таңғы жұлдыздан да аппақ. Бірақ сүңгушінің өңі боп-боз, ол кеме үстіне құлағанда құлағы мен мұрнынан қан ытқып шықты. Құл дір етті де қимылсыз қалды. Негрлер денені кемеден лақтырып жіберді. Кеме капитаны қарқылдап күліп, қолын созып інжуді алды. Бажайлай қарап маңдайына тигізіп, тағзым етті. – Бұл інжу, – деді ол. – Жас корольдің асатаяғына сән болады. Ол негрлерге зәкірді көтеруге бұйырды. Бұны естіген жас корольдің жан даусы шықты, оянып кетті. Терезеден боз жұлдызға жармасқан сұрғылт таң көрінді. Ол қайтадан ұйықтап кетті, тағы да түс көрді. Қараңғы орман ішінде келеді екен дейді, айналада біртүрлі жемістер өсіп тұр, ғажайып улы гүлдер көрінеді. Бұның артынан улы жыландар ысылдап келеді, түрлі-түсті тотықұстар бұтақтан бұтаққа қонып жүр. Ауыр тасбақалар жылы балдыр үстінде ұйықтап жатыр. Ағаштарда сансыз маймыл мен тауыс құс. Бір кезде ол орман жиегіне жетті, кеуіп қалған өзен аңғарында жұмыс істеп жатқан көп кісіні көрді. Тобыр құзға құмырсқадай үймелеп алған. Олар терең құдық қазып жатыр. Бірі дәу балтамен тас жарып, енді бірі құм тазалауда. Олар кактусты түбірімен жұлып, алқызыл гүлдерді таптауда. Бәрі асығыс, абыр-дабыр, қарбалас. Бұл топқа қараңғы үңгірден Өлім мен Ашкөздік тесілуде. Өлім айтты: – Мен шаршадым. Маған мыналардың үштен бірін бер, кетейін. Бірақ Ашкөздік басын шайқады. – Жоқ, олар менің құлым, – деді ол. Өлім сұрады: – Қолыңда не бар? – Үш түйір бидай дәні, – деді Ашкөздік. – Не үшін сұрадың? – Маған бір түйірін бер, – деді Өлім. Бақшама егейін. Тек бір түйірін ғана, алайын да кетейін. – Саған ештеңе де бермеймін, – деп, Ашкөздік қолын киімінің астарына жасырды. Өлім қарқылап күлді де бір ыдысты лай суға батырды, ішінен безгек ауруы шықты. Безгек қалың топқа жайылды, әрбір үшінші адам өлім құшты. Оның артынан суық тұман жайылды, су жыландары жорғалап жетті. Ашкөздік бұны көргенде кеудесін ұрғылап өкіріп жылады. Ол өзінің суалып қалған омырауын соққылап, бақырды. – Сен менің құлдарымның үштен бірін өлтірдің, – деді ол. – Көзіңді жоғалт. Татар тауларында соғыс боп жатыр, соғысқан тайпа көсемдері сені шақыруда. Ауғандықтар қара өгіз сойып, жорыққа шықты. Олар темір дулыға киіп, қалқандарын найзамен ұрғылауда. Менің алқабым саған не керек? Одан да соларға бар. – Жоқ, – деді Өлім. – Маған бидай дәнін бермейінше кетпеймін. Ашкөздік тістеніп, жұдырығын қыса түсті. – Ештеңе де бермеймін. Өлім қарқылдай күліп, қара тасты көтеріп орманға лақтырды, қалың убалдырған арасынан от киімді қызба ауруы көрінді. Ол көпшілікті аралап, қолымен адамдарды ұстады. Оның қолы тиген жан өліп кетті. Қызбаның аяқ астындағы өсімдіктер солып қалды. Ашкөздік қалшылдап, өз басына күл шашты. – Сен қатыгезсің, – деді ол. – Қаныпезер-сің. Үнді тауларын аштық жайлады, Самарқан құдықтары суалып қалды. Мысыр тауларын аштық меңдеді, шөлден шегіртке қаптап кетті. Ніл арнасынан асып, абыздар Исирис пен Осириске дұға оқуда. Сені күткендерге бар, менің құлдарымды таста. – Жоқ, – деді Өлім. Маған бидай дәнін бермейінше кетпеймін. – Саған түк те бермеймін, – деді Ашкөздік. Өлім тағы қарқылдай күліп, саусақтарын аузына салды, ысқырды, осы сәтте әуеден бір әйел ұшып келді. Маңдайында «оба» деген жазуы бар, айналасында құзғын ұшып жүр. Құзғындар алқапқа қанаттарын кергенде жұрт қырылып қалды. Ашкөздік шыңғырып, орманға қашты. Өлім қызыл атына мініп шаба жөнелді, ол желден де жылдам ұшты. Алқап түбіне жиналған шырыштан айдаһарлар мен желбезекті құбыжықтар пайда болды. Құм бетінде ауаны иіскеген шиебөрі қаптады. Жас король жылап тұрып былай деді: – Анау жоқ іздегендер кім? – Король тәжі үшін лағыл іздегендер ғой, – деді арқасында тұрған біреу. Жас король дір етіп, артына бұрылды. Қолына күміс айна ұстаған, қажы киіміндегі біреуді көрді. Жас корольдің өңі бозарып, сұрады: – Ол кімнің тәжі? Қажы киіміндегі адам айтты: – Мына айнаға қара, кімнің тәжі екенін білесің. Жігіт айнаға қарағанда өзі жүзін көрді, айқайлап жіберді де оянып кетті. Жарқыраған Күн нұры бөлмесіне құйылып тұр екен, бақтағы ағаштарда құстар сайрауда. Король сарайының меңгерушісі мен төрелер иіліп тағзым етті, бектері алтынмен апталған киімді ұсынды, алдына тәж бен асатаяқ қойды. Жас король киімге көз тастады, ғаламат екен. Бұған дейін көрген киімдерінен де асқан ғажайып көркем. Ол түсінде көргені есіне түсіп, мырзаларға былай деді: – Мынаның бәрін алып кетіңдер, қабылдамаймын. Сарайдағылар таңданды, кейбірі күліп жіберді, король әзілдеп тұр деп ойлады. Жас король оларға қатулана қарап сөзін қайталады: – Мынаның ешқайсысын маған көрсет-пеңдер. Бүгін таққа отыру салтанатым болса да бұның ешқайсысын қабыл алмаймын. Мына киім Қасірет шеберханасында Азаптың ақ қолымен тоқылған. Лағылдың өзегінде Қан, інжудің ортасында Өлім бар. Сөйтіп ол мырзаларға үш түсін баян етті. Бұны естіген сарайдағылар бір-біріне қарасып, «Шамасы патшамыз есінен адасқан болар, түс жай ғана түс қой, көзге көрінген құбылыс әшейін құбылыс емес пе? Сақтанатын не бар тәйірі? Бізге қызмет етіп жүргендердің өмірін не қыламыз? Егінші үшін нан жемеуіміз керек пе, жүзім өсіруші үшін шарап ішпейміз бе? Сарай меңгерушісі жас корольге қарап сөйледі: – Тақсыр! Өтінемін, күмәнді ойларды артқа тастап, алтынмен апталып, асыл тастармен безендірілген шапанды киюіңізді өтінемін. Асыл тәжді басыңызға киіңіз. Тұғырыңызға сай көрінбесеңіз, халық сіздің король екеніңізді қайдан біледі? Жас король оған қарап былай деді: – Шынымен де солай ма? Король сияқты киінбесем менің король екенімді білмей ме? – Сізді ел танымай қалады, — деді сарай меңгерушісі. – Мен король сәні басқаша болар деп ойлаған едім, – деді жас король. – Сенің айтқаның дұрыс шығар. Бірақ мен сарайға қалай кірсем сол қалыпта қалғым келеді. Жас король бір бозбаладан басқасын шығарып жіберді. Бұл өзінен бір жас кіші жігіт еді. Жас король мөлдір сумен дәрет алды да үлкен боялған сандықты ашты, ішінен тау-да қойшының ұзын жүн ешкілерін бағып жүргенде киген былғары туника мен шекпенін шығарды. Ол туника мен шекпенді киіп, қолына қойшы таяғын алды. Жас бектің көк көздері бақырайып, оған таңдана қарады. – Тақсыр, киімің мен таяғыңды көріп тұрмын, ал тәжің қайда? – деді ол. Жас король балконға шырмалған жабайы аршагүлдің бұтағын алып тәж жасады. – Міне тәж, – деді ол. Жас король осы қалпында сарайдың үлкен залына шықты, оны мырзалар күтіп тұр еді. Сарайдағылар жамырай күлісіп: – Тақсыр! Халық корольді күтіп тұр, сен пақыр боп көрінесің бе? – десті. Енді біреулер ызаланып: – Бұл біздің корольдікті масқара қылады, сондықтан ел басқаруға лайық емес, – деді. Жас король ләм-мим демей, ары қарай жүрді. Жарқыраған порфирден жасалған баспалдақтан төмен түсіп, қола дарбазадан сыртқа шықты да, атқа мініп шіркеуге жетті. Жас бек артынан жүгіріп жетті. – Сарайдың сайқымазағы келеді, – деп мазақтады жұрт. Король тізгінін тартып: – Мен сайқымазақ емес, корольмін, – деді. Сөйтіп ол халыққа үш түсін баян етті. Топ ішінен біреу шығып, айтты: – Тақсыр! Кедей бай салтанатына көзі тойып өмір сүреді емес пе? Сіздің ғаламат киіміңізге қарап біз тоқ боламыз. Иә, қожайын үшін еңбек ету азап, ал еңбегіңді арнайтын ешкім болмаса одан да қиын. Сіз болмасаңыз бізді қарғалар асырай ма? Сондықтан, сарайға барып, алқызыл үлбіреген сәнді шапанды кигеніңіз жөн болар. Біздің өзіміз бен көрген азабымыз сізге не керек? – Бай мен кедей ағайын емес пе? – деді жас король. – Иә, бір туған, – деп жауап берді анау. – Байдың есімі Кабыл. Жас корольдің көзі жасқа толды, ол топты жарып ілгері жылжыды. Жас бек артта қалды. Ол шіркеу қақпасына жеткенде күзетшілер айбалтасын көлденең ұстап: – Мұнда корольден басқа ешкім кірмейді, – деді. Жас корольдің жүзі ызадан қызарып кетті. Ол айбалтаны итеріп тастап, қақпадан кірді. Қойшы киімін киген корольді көргенде кәрі епископ орнынан таңдана көтерілді. – Ұлым менің! Король киімің қайда? Бұл сенің ел алдында қор болатын емес, мәртебеңді көтеретін қуанышты күнің емес пе? – Қуаныш қасіреттен тоқылған киімге орануы керек пе? – деді жас король. Ол епис-копке үш түсін айтып берді. Тыңдап болған соң епископ қабағын түйіп, сөйледі: – Ұлым менің! Қартайған шағымда бұл дүниеде зұлымдықтың небір түрі бар екенін білемін. Таудан жауыз қарақшылар түсіп, жас балаларды ұрлап әкетіп, маврларға сатып жатыр. Арыстандар керуен жолын тосып, түйелерге шабуыл жасауда. Жабайы қабандар егінді таптап, түлкілер тау бөктеріндегі жүзімдікті кеміруде. Теңіз қарақшылары жағалауды ойрандап, балықшы қайықтарын өртеп, ауларын тартып алуда. Алапеспен ауырғандар сортаңда қамыс лашық жасауда, оларға ешкім жолай алмайды. Қайыршылар қала кезіп, иттермен бірге қалған-құтқанды қорек етуде. Сен бұны жоя аласың ба? Алапеспен бірге жатып, қайыршымен бірге тамақтанасың ба? Арыстан өтінішіңе құлақ асып, қабан саған бағына ма? Кедейлікті жаратқан құдірет сенен гөрі дана емес пе? Өтінемін, сарайыңа барып, король киіміңді ки, мен басыңа алтын тәж кигізіп, қолыңа інжумен сәнделген асатаяқ ұстатайын. Түс деген не тәйірі, мән берме. Дүниенің ауыртпалығын жалғыз адам арқалай алмайды. Дүниенің қасіретін жалғыз жүрек көтермес. – Бұның бәрін кімнің үйінде айтып тұрсың? – деп, жас король епископты жанай өтті де, баспалдақпен мехрабқа көтерілді. Ол қос қолымен алтын ыдыс ұстап тұр, бірінде қызғылт шарап, екіншісіне қасиетті май құйылған. Ол Құдайға тағзым етті. Асыл тастарға орнатылған шырағдан жарқырап тұр, жұпар иісті түтін жоғары көтерілуде. Дөрекілеу киімдегі дін қызметкерлері шығып кетті. Кенет есік жақтан шу естілді, найза ұстаған мырзалар кіріп келді. Қалпақтарында қауырсын желбірейді, болат қалқан жарқырайды. – Түс көргіш қайда? – деп айқайлады олар. – Кедей киімін киген король қайсы? Корольдікті масқара ететін жүгермек қане? Өлтірейік оны, бізді басқаруға лайық емес. Жас король басын иіп, жалбарына берді. Кенет терезеден күн сәулесі құйылып, жігіттің үстіне нұрдан ғаламат киім киілді. Көк нұрынан өрілген король киімі бұрынғылардан да ғажайып еді. Сол сәтте қойшының қара таяғы лалагүл көмкерген асатаяққа айналды. Таяқтағы күлтелерін ашқан лалагүлдер інжуден де аппақ. Қойшы таяғының тікенектері алқызыл лағылдан да көркем қызыл раушанға айналыпты. Лалагүлдердің сабақтары таза күмістен құйылған. Қып-қызыл раушан жапырақтары алтыннан нақышталып ойылған. Жас король осындай көркем келбетке ие болған шақта мехрабтың асыл тастармен әшекейленген қақпасы ашылды. Асыл зат сақтайтын сандықшаның мөлдір жиегіне тылсым нұр құйылды. Жігіт ғажайып король киімімен сыртқа шыққанда органы гуілдеп, сырнайы ойнап, салтанатты оркестр күтіп тұрды. Зәресі ұшқан халық тізесін бүгіп, тағзым етті. Мырзалар мен бектер қылыштарын қынына салып, адал қызмет етуге ант берді. Епископтың өңі қуарып, қолдары дірілдеп кетті. «Менен де құдіретті күш сені таққа отырғызды» деген епископ тізерлеп, тағзым етті. Жас король мехрабтан түсіп, топты жарып ілгері жүрді. Бірақ бірде бір адам корольдің бетіне тура қарай алмады, өйткені, оның жүзі періштедей нұрлы еді.

Ағылшын тілінен тәржімалаған Шарафат Жылқыбаева

717 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы