- Руханият
- 30 Маусым, 2020
Әл- Фараби және музыкалық дыбыс
Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Журналистика факультетінің деканы, ф.ғ.к., доцент
Осыдан 1150 жыл бұрын дүниеге келіп, сексен жылдық тіршілігінде соңына ірілі-ұсақты 160-тан астам ғылыми еңбек қалдырған данышпан бабамыздың әруағының ғасырлар жылжып өткен сайын асқақтап, рухының биіктеп кеткені соншалық, ұрпақтарының бүгінде оған қолы да, ойы да жете бермейтіндігін де жоққа шығара алмайсыз. Қолы жете бермейтіні-кемеңгердің он ғасырдан астам уақыт бұрын өз қолымен жазған шығармаларының көпшілігі сақталмаған, сақталғандардың бір де бірі Қазақстан аумағында жоқ. Ой жете бермейтіні – «ұстаздардың ұстазы» атанған Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме-түсіндірме жасаған, ғылымның сан саласы бойынша өзі де талайларды таңдандырып, тамсандырған бірнеше рисалат-трактаттар жазған дана адамның не айтқанын я нені түсіндіргісі келгенін білу үшін түпнұсқа таңбаланған тілдің сол ортағасырлық қалпын меңгеру қажет. Ал ол тілді бүгінгі фарабтықтар, яғни, отырарлықтар біле ме? Шындығында Аристотельдің «Жан туралы» еңбегін жүз рет, «Физикасын» қырық рет, «Риторикасын» екі жүз рет (!) оқыған» (Хайруллаев М.М. Абу Наср аль-Фараби. –М., 1982, с.45) әл-Фараби еңбектерін біз қанша рет қайталап оқуымыз керек сонда?.. Тым болмаса бір рет оқып шығу үшін еңбектері түгелімен біздің бүгінгі тілімізге толық түсінерліктей аударылды ма екен? Мінеки, ойымыз тұрмақ, қиялымыз жете бермейтін қисынды қиындықтың бәрі осында жатса керек. Сонда «толық танысақ» деп талпынып жүрген Әбу Насыр әл-Фарабиіміз кім? Айтпақшы, фарабитанушы Ауданбек Көбесовтің таныстыруынан 961 жылы қайтыс болған Ысқақ Фарабиді, XI-XII ғасырлар шамасында өмір сүрген Ахмет Фарабиді білуші едік; ал айтулы арабист-ғалым Әбсаттар Дербісалиевтің айтуынша тағы да отызға жуық (!) Фараби өз атын тарихта қалдырыпты. Демек, әрқайсысы тарихи тұлға ретінде жеке-жеке зерттеуді, таныс-тыруды талап ететін әл-Фарабилердің ішіндегі біз сөз еткелі отырғанымыз – қай әл-Фараби десеңіз, ол әрине, әлемге әлдеқашан әйгілі болған Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлақ Әл-Фараби ат-Турки. Фарабитанушы ғалымдарымыз анықтаған азын-аулақ өмірбаяндық деректерге жүгінсек, ортағасырлық кіндік Азияның ең ірі ғылыми, мәдени һәм саяси орталығы болған, бір өзі дүниеге жиырмаға жуық ғұлама әкелген қасиетті Отырар қаласының киелі топырағында кіндік қаны 870 жылы тамыпты. Осында сауат ашады, одан соң Хорасанға барады; өз бетімен алған білімін жетілдіру үшін сол кездегі араб мәдениетінің орталығы Бағдатқа жетеді. Осы Бағдатта жүргенде емшілік өнер мен логиканы Юханна ибн Хайланнан, жаратылыстану ілімін Әбу Башар Маттадан оқып үйренеді. Одан кейін Дамаскіде, Харранда, Алеппода қызмет етеді. Өмірін түгел дерлік ғылымға жұмсаған ғұлама, соңына мәңгілік өлмес мұралар қалдырған, тарихта аты бар әл-Фарабилердің ең үздігі – Әбу-Насыр әл-Фарабидің сүйегі Дамаскінің «Баб ас-сағир» («Кіші дарбаза») зиратына қойылған. Жерлеу рәсіміне Сириядағы атақты 15 қаланың басшылары түгел қатысып, сол кездегі Дамаскінің башысы Сейд-ад-Даул Хамданидің өзі жаназасын шығарған. Осы билік иесі мен Әбу Насыр әл-Фарабидың арасында болған оқиғалардан хабар берер, алдыңғы буын ғалымдарымыз жеткізген аңыздардың бірін алға тарта кеткен артық болмайтын секілді: «Дамаскіде ғалымдар жиналатын жер болған. Сол жерге алғаш келген әл-Фараби жиналған жұртшылықтан «Қай жерге отырайын?» – деп сұрайды. «Өзіңіз қай жерге сәйкес келемін десеңіз, сол жерге отырыңыз», – деседі ел. Сонда әл-Фараби Дамаск қаласының билеушісі Сайф ад-Даул Әбу ль Хасан Али ибн Абдаллах ибн Хамданидің қасына барып отырыпты. Жұрт аң-таң, билеуші өз тілінде: «Осы жиын біткен соң, сұрақ қоямын, жауап бере алмаса, жазасын беріңдер», – дейді. Сонда Фараби: «Тақсыр, әліптің артын бағайық», – депті билеушінің тілінде. Қала басшысы: «Бұл тілді қайдан білесіз?» - деп таңырқапты. Әл-Фараби: «Мен 70 тіл білемін», – дейді. Сонда барып орталарында тұрған адамның кім екенін таныған жұрт: – «Ә-ә, сіз Әбу Насыр әл-Фараби екенсіз ғой», – деп ғалымға құрмет көрсетіпті». Иә, бұл – аңыз. Бірақ аңыз түбі – ақиқат екенін ескерсек, шындығында ол көп тіл білген. Көне қыпшақ, грек, араб, парсы, сирий, түрк, т. б. тілдерін жетік меңгергендігін (Даукеева С.Д. Философия музыки Абу Насра Мухаммеда аль-Фараби.-Алматы: Фонд Сорос – Казахстан, 2002, с.129.) өз еңбектерін ақтарғанда анық көзің жетеді. Тағы бір оқиғаны айта кеткен орынды. Бұл оқиғадан ғұламаның болмысын да, ортағасырлық мұсылман мәдениетін де аңғарамыз: Алеппоның әйгілі әмірі Сайф ад-Даул ибн Хамдани ақындарды, жыршыларды, әнші-күйшілерді жинап өнерін тамашалауды әрі соларды бір біріне сынатып отыруды жөн көреді екен. Сондай күннің бірінде әркім өз аспаптарымен келіп өнер көрсетуін бұйырыпты. Әр дарын иесі өзінің ала келген аспабымен бар өнерін салып жұрт көңілінен шығуға тырысып-ақ бағады. Бірақ, Әбу Насыр әл-Фараби ғана солардың әр қайсысына «Сіз мына жерінде қате жібердіңіз» деген сынын айтып, дәлелдеп отырыпты. Мұны көріп таңданып отырған әмір Сайф ад-Даул Хамдани бір кезде: – Сенің осы өнерден хабарың бар ма өзі? – деп қатаң сұрапты. Сонда әл-Фараби сабырмен: – Иә, – депті де қойнынан былғары қабын шығарып, оның ішінен бірнеше бөлшекті алып құрастырып болған соң құлақкүйін келтіріпті де тарта жөнеліпті. Отырғандардың бәрінің көңілі көтеріліп қалады. Бұдан соң ол әлгі аспабын бөлшектеп тастап, қайта құрастырып, басқа сарынды тарта жөнеледі. Жиналғандар мұңға батып, кейбірі көзіне жас алыпты. Сарынын аяқтап болған соң әл-Фараби аспабын тағы да бөлшектеп тастап, қайта басқаша құрастырып, тағы бір әуезді тартыпты. Сонда мәжілісте отырғандардың бәрі, тіпті сақшы да ұйықтап қалыпты. әл-Фараби аспабын жинап алып, ұйықтап қалғандарды тастап, сыртқа шығып кетіпті. Бұл әңгімені ортағасырлық ғалымдардың бірі Ибн Халликан (1282) өзінің «Ұлы адамдар қазасы және замана ұлдарының мәліметтері туралы кітап» (Уафайат ал-а иан уа анба абна аз-заман) деген еңбегінде қалдырған.( Шуйский С.А. Ибн Халикан об аль-Фараби// Аль-Фараби.Научное творчество/ сб. Статей. М., 1975, с.112-119.)
Әл-Фарабидің әйгілі болуының сыры неде?
Иә, әлемнің «жетпіс тілін» білген, бірнеше музыкалық аспаптың сырын меңгерген сол Әбу Насыр әл-Фараби несімен әйгілі? Бұл сұраққа қанағаттанарлықтай жауапты ұлы философтың барлық еңбектерін түгел түгесе оқып барып, талдау жасау арқылы көзіміз жеткен ақиқатты өз санамыздың сүзгісінен өткізгеннен кейін ғана айта алар ма едік? Дилетанттықпен үзіп-жұлқып оқып қалғанымызды түсінгенсіп айта салсақ, оның өзі өмірін, қызметін фарабитануға сарп еткен алдыңғы буын ағалардың айтқанын қайталау әрі жеңілтектік болып шығары сөзсіз. Десек те, әл-Фарабидің ғылымға белгілі ең мәшһүр жалпы саны жүзге жетерлік ғылыми шығармаларының барлығын жіпке тізгендей атап шығып жатпай-ақ, орыс және қазақ тілдеріне аракідік аударылып басылған ең ірі еңбектерін айтып өту артық етпес. Олар: «Философиялық трактаттар(1970 ж.); «Математикалық трактаттар» (1972 ж.); «Логикалық трактаттар» (1975 ж.); «Птоломейдің «Альмагестіне» түсіндірме» (1975 ж.) «Тарихи философиялық трактаттар» (1985 ж.); «Ғылыми-жаратылыстану трактаттары» (1987 ж); «Музыка және поэзия туралы трактаттар» (1992 ж); «Музыканың үлкен кітабы» (2008 ж.). Әл-Фарабиді әлемге әйгілі еткен тарихта «Мұсылмандық қайта өрлеу» («Мусульманский ренессанс») деген атпен қалған алтын дәуірдің тот баспас қазығы іспетті еңбегі – Аристотельдің «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Категориялар», «Аналитика» және басқа да философиялық, логикалық шығармаларына жазған қосажарлары (комментарийлері) еді. Онымен шектеліп қалмай, ұлы ұстазының дүниеге ойшылдық көзқарасынан туындаған идеяларын одан әрі дамытуға үлес қосқан «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғылымдардың шығуы», «Бақытқа жету» секілді фәлсәфалық еңбектерді, «Музыка туралы үлкен кітап» атты назариалық таным мен тәжірибелік тәлім негізінде жазылған тың зерттеуді дүниеге әкелді. Осындай әлемдік ақыл-ойдың алға жылжуына серпіліс туғызған теңдесі жоқ еңбегі үшін «Ал муаллим ас-сани» яғни «Екінші ұстаз» атанды. Сол еңбектері кіндіктес бабамыздың атақ-даңқын арада мың жылдан астам уақыт өтсе де адамзаттық парасат биігінен түсірмей келеді. Біз осы ғұлама бабамыздың музыкалық дыбыс туралы кейбір ойларын түсінуге талпыныс жасап көрсек...
1.Дыбыс қалай шығады?
Әбу Насыр әл-Фараби дыбыс туралы ойларын физикалық таныммен байланыстыра өрбітеді. Ол денелердің бір- біріне қарама-қарсы келгенде ауаны жарып барып соқтығысуынан туындайтын физикалық құбылыстарға назар аударады. Кей денелер басқа денелердің тегеурініне тап болғанда ешқандай қарсылық көрсетпей, келген қысымға көндіге салады. Қарсылық көрсете қоймайтын мұндай заттарға сұйықтық пен жұмсақ денелерді жатқызады. Өзіне келген қысымға қарсылық танытпай, келген соққының бағытына ілесе беретін денелерді де жұмсақ және сұйық денелер қатарына қосады. Мұндай жұмсақ және сұйық денелерден дыбыс шыға қоймайтынын ескертеді. Ал енді қатты денелер өзге қатты денелермен қақтығысқанда шыққан дыбыс жұмсақ денелерге соғылғандағы дыбыс секілді жұтылып кетпейді, соғылған заттың ырқына ілесе салмайды. Бірақ, қатты денелер бірі біріне соғылғанда дыбыс шығуы үшін белгілі бір заңдылық болуы қажет екен. Әл-Фарабидің айтуынша екі қатты дене соқтығысқанда дыбыс шығуы үшін «қысым көрсететін дененің қуаты қысым көрсетілетін дененің күшінен төмен болуы қажет» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 130-бет.). Соқтығысатын денелерге де қарсылық жасайтын заттар болады. Соғылуға келе жатқан дене мен соғылатын дененің арасында белгілі бір дәрежеде кедергі тудыратын ондай зат – ауа. Осы ауаның бір бөлігі соғылуға келе жатқан денеге қарсылық танытса, келесі бөлігі ығысып жол береді. Ал дыбыс қайдан шығады? Ғұлама бұл сұраққа былай жауап береді: «Екі дененің арасындағы қысым әсерінің дүмпуімен ұшқан [ауа] қабатының бөлшектері үлкен күшпен қысылып, бір-біріне тығыз жанасқан кезде дыбыс туады. Неғұрлым қысу күшті болса, соғұрлым дыбыс та анық әрі жақсы шығады» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 130-131-беттер.) Осы тұста ғалым үйкелуден шығатын дыбыс туралы айтқанда да физикалық заңдылықтарды ұмытпайды. Үйкелетін екі заттың бетіндегі бедер ұсақ, тығыз және үйкелуі жұмсақ болған сайын арасындағы ауа бөлшектерінің бір-бірімен жанасуы жиіленеді әрі күштірек қысылады да қысылған ауа да барынша қуатты жұлқынып шығады. Ал енді үйкелетін екі заттың бетіндегі бедерлер ірі болған сайын сол бедерлердің арасындағы ауа барынша қысылмай еркіндікте қалады да дыбыстың қатты шығу мүмкіндігі азаяды.
2. Дыбыс қалай құлаққа естіледі?
Бір дене екінші денеге қатты соғылғанда шыққан дыбыс осы соққыдан «пайда болған серпіліс толқыны арқылы ауамен келеді». Осы серпілген ауа қарсы келген ауаның келесі толқынына өзінің күйін сақтаған қалпы өтеді де ауаның бұл қабаты дәл осы күйінде келесі ауа қабатына ауысады. Бұл құбылыс әрі қарай сабақтаса береді. «Осылай ауаның бір қабатынан келесі қабатына беріліп отырған дыбыс, құлақтың ішіндегі ауаға беріледі, одан құлақ пердесіне, кейін миға жетіп, адам естиді» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 129-беттер.).
3. Үн қай кезде пайда болады?
Зейін қойған адам ғалымның дыбыс пен үнді екі бөлек қарастырғанына көз жеткізеді. Шындығында, дыбыс пен үн – екеуі екі түрлі физикалық-акустикалық құбылыс екен. Яғни, бір дене екінші бір денеге соқтығысқанда шыққан дыбыс қандай физикалық құбылыстан кейін үнге айналады деген сұраққа жауап іздеген ғалым құлаққа естілгеннің бәрі дыбыс болғанымен, олардың бәрі үн бола бермейтіндігін дәлелдеген. Ғалымның айтуынша тітіреуге, дірілдеуге қабілеті бар денелер ғана дыбысты үнге айналдыра алады екен. «Тітіреуге қабілеті бар деп біз әр түрлі бағыттағы қозғалысты [ауа қозғалысын] қабылдап, оны белгілі бір уақыт ішінде сақтай білген денелерді айтамыз» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 129-бет.). Тітіреуге душар ететін сыртқы күш тоқтап қалса да қозғалыс ақырын-ақырын соғылған дененің барлық бөлшектеріне тарайды да біраз уақыт тербеліп тұрады. Сөйтіп үн пайда болады екен. Бұл құбылысты анық аңғару үшін музыкалық аспап ішегін мысалға келтіреді ғалым. Оның айтуынша, ішектің тербелісі өзін қоршаған ауаны итеру арқылы оған да қозғалыс береді. Яғни, дірілдетеді. Осы дірілдің нәтижесінде «ауаның құрамындағы бөлшектер арасында тізбекті дүмпулер туындайды» (Сонда)Осы тізбекті дүмпулер үннің шығуына себепші болады екен. Әл-Фараби айтады: «...қысым жасаушының қысымы қатты болған сайын, үннің дыбысталуы да жоғарылай түседі. Себебі, ол қатты қысым жасау арқылы ауа бөлшектерінің қозғалысын жылдамдата түседі. Ал енді оның қысымы төмендеген сайын, үннің дыбысталуы да баяулай береді». (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап. ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008.130-бет).
4. Дыбыстың құдіреті неде?
Айналаңызға бір сәт құлақ түріңізші. Саумал самал тербеген жапырақтар сыбдыры, қыр мен ойды қуалап, құлдырай аққан сыршыл бұлақ сылдыры, бұлбұл үні, бозторғайдың шырылы, алып завод гуілі, самолеттің гүрілі, тұлпар тұяғының дүбірі... Бәрі дыбыс, бәрі үн... Әлем сан алуан әуенге толып, аспан асты, жер үстін дыбыс кернеп тұрғандай. Дыбыс – мынау ғажайып ғаламның керінбес тірегі, бөлінбес бөлігі дерсің. Онсыз мына дүниені көз алдыңа елестету мүмкін емес. Ендеше, дыбыс ең әуелі тіршілік белгісі екен. Дыбыс қатынас құралы да. Адамдар бір-бірімен сөйлесу арқылы қарым-қатынас жасайды, өмірлік проблемаларды шешеді. Ал сөйлесу – дыбыстау, дауыстау, үндесу арқылы жүзеге асады. Жан-жануарлар мен құстардың дыбыстамайтыны жоқ. Дельфиндер мен жарқанаттар өздері таратқан қуатты дыбыс толқынының қатты денеге шағылып кері қайтқан жаңғырығын есту арқылы кедергі, қауіптен сақтана алады. Тіл пайда болмай тұрғанда адамдар бір-бірімен дыбыстау арқылы түсініскен. Қазіргі заманғы ғылым мен техникада дыбыс ерекше роль атқарады. Ғарыштағы жасанды спутниктерді әуе арқылы жіберілген жүйелі дыбыстар толқыны басқарса, айшылық алыс жерден әп-сәтте жеткен дыбыс белгілерін қағазға түсіріп, мағыналы сөз, мазмұнды хабар оқуға болады. Қуатты дыбыс толқынын тарату арқылы сұйық ішіндегі денені ұнтақтау, микробтарды жою, сүт немесе басқа тағамдарды тазарту, мұхит тереңдігін өлшеу, су түбіндегі балықтарды, жоғалған қайықты табуға болады. Адам алғаш өзі қорек ететін аң-құстарды түр-түсімен қоса, шығарған дыбысына қарай да тез ажырата білді. Бұл адамның аңдар әлемінің қыр-сырын танып, білуіне жол ашты. Күнделікті пайдаланып жүрген құрал-саймандарының қандай жағдайда қалай, қандай дыбыс шығаратынын аңғару, ұғу арқылы да өз санасын байытты. Көзбен көрмей-ақ дыбыстың неден, қайдан шығып жатқанын айыра білетін болды. Табиғаттың дүлей күштеріне құлақ түру, соған көңіл бөлу, соған орай қалай әрекет ету керектігін түйсіну, нәтижесінде іске көшу – адамның өмір сүру әдетіне келе-келе ережесіне айналған. Қорқынышты дыбыс пен тыныштық сәттердегі үнсіздік адамның санасына екі түрлі әсер етті. Бірі жан-жүйесін түршіктірсе, екіншісі жанын сабырға түсірді. Табиғат ғұмырының, адамзат тыныс-тіршілігінің тетігі қозғалыста екенін ескерсек, онда дыбыс атаулының да бастау бұлағы қимыл-әрекет деп түсінеміз. Шындығында кез келген физикалық дене сыртқы күш әсерінен ғана өзіне тән дыбыс береді. Адам табиғатпен етене өмір сүру барысында қатты бітеу денелерден ащы, қысқа, ал іші қуыс, жұмсақ денелерден ұзақ, тербелісті дыбыс шығаратынын түсінді. Ол аң-құсты айдау үшін және өздеріне төнген қауіпті хабарлау үшін дыбысы қуатты шығатын аспаптар жасап алды. Дыбыс құдіреті арқылы осылайша өз өмірлерінде ұлы жаңалықтар ашып жатты. Күнделікті тіршілікте болып жатқан сол жаңалықтар арқылы адамның ақыл-ой, сезімі үнемі алға жылжып, толысып, толыға түсті. Адам жан-дүниесінің құбылуынан туған әсерін сыртқа шығару арқылы толқынды, әсерлі, әуезді дыбыстар тудырды. Мінеки, музыкалық дыбыс шартты түрде осылай өмірге келді. Шартты музыкалық дыбыс музыкалық аспаптың дүниеге келуіне бірден-бір себепші болды. Музыкалық дыбыстың шынайы дамуы музыкалық аспаптардың пайда болуымен тікелей байланысты. Айнала алуан дыбысқа толы. Бірақ дыбыс атаулының бәрі музыкалық дыбыс, бәрі де адам өміріне қызмет етеді деп түсіну қателік.
Әл-Фараби айтады: «Мысалы, адамның құлағына ауыр тиетін, өте жоғары дыбыстар мен осыны шығаратын аспаптар мүлдем табиғи еместерге жатқызылады. Бірақ бұларға белгілі бір жағдайларда ғана жүгінеді.Тіпті, олардың кейбірі дауамен тең, науқастың дертіне қарсы дауа сияқты пайдаланылады. Басқа біреулері умен тең және сол мақсатта пайдаланылады: мысалы, ерте замандағы Мысыр патшаларының бұйрығымен қолданылған өлім шақыратын және саңырау ететін дыбысы бар әскери аспаптар мен қоңыраулар, сондай-ақ, Византия императорлары пайдаланған аспаптар яки болмаса ұрыс, шабуыл кезінде Парсы патшалары жалдаған адамдардың айғайы...» (Әбу Насыр әл-Фараби. Музыка туралы үлкен кітап.ауд.: Ж. Сандыбаев. Алматы: «Колор», 2008. 60-бет.). Әйтсе де дыбыстың ең жоғары қызметі – адамға рухани азық сыйлау. Мұндай қызметті – музыкалық дыбыс қана атқарады».
21492 рет
көрсетілді0
пікір