• Cұхбаттар
  • 30 Маусым, 2020

КОРОНАВИРУСТЫ ЕМДЕУДІҢ ЖОЛЫН ТАПҚАН ҚАЗАҚ

Әлемді дүрліктіріп, талай жанның өмірін қиған коронавирус ауруы ХХІ ғасырдың қауіпті індеті ретінде тарих беттерінде қалары сөзсіз. Науқастардың саны күннен күнге артып келе жатқан қауіпті кеселмен өзге елдермен қатар, Қазақстан да белсенді түрде күресіп келеді. Осы ретте «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Семей медицина университетінің ан-естезиология, реанимотология және наркология кафедрасының меңгерушісі Марат Келісұлы Сыздықбаев әріптестерімен бірігіп жазып шыққан «Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың интенсивті терапиясы» деп аталатын нұсқаулығының елдегі науқастарды емдеуде көмегі ерекше.

–  Марат, әдістемелік құрал жайлы оқырмандарымызға толығырақ айтып өтсеңіз?

–  Бұл әдістемелік нұсқаулықты үш маман бірігіп жазып шықтық. Анестезиолог-реаниматолог дәрігер – Таңатаров Саят Замамбекұлы, Семей медицина университетінің ректоры, профессор – Жүнісов Ерсін Тұрсынханұлы және мен.  Коронавирусты емдеудің қарқынды терапиясы туралы нұсқаулықты жазу барысында Қытай, Италия, Израиль, Ресей дәрігерлерінің тәжірибесіне сүйене отырып, сондай-ақ отандық медицинаның жетістіктерін бір арнаға жинақтадық. Қазір бұл нұсқаулық дәрігерлердің коронавирус инфекциясын емдеуде басты құралына айналды. Соның арқасында науқастарды жүйелі, тиімді түрде емдеу мүмкіндігі пайда болды. Ендігі жерде жағдайы ауыр науқастардың өмірін мейлінше сақтап қалу жолдарын білеміз. Бастапқыда анестезиолог, реаниматолог дәрігерлер әбігерге түсіп, қандай ем жасау тиімді екенін білмей қиналған болатын. Осы тұста Денсаулық сақтау министрлігі және біздің оқу орнының ректоры дәрігерлердің алдына тиімді емдеу жолдарын табу қажет деген міндет қойды. Осы мақсатта жазылған бұл нұсқаулық біздің күн-түн демей зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тынбай жасаған үлкен еңбегіміздің нәтижесі. Әрине, бір айдың ішінде оны құрастырып шығу бізге де оңайға соқпады. Өйткені, алдымызда үлкен жауапкершілік тұрды. Біріншіден, сауатты етіп құрастыру, бізге қателесуге болмайды. Екіншіден, тиімді емдеу жолдарын тез арада жасап шығу. Неғұрлым тезірек нәтижеге жетсек, соғұрлым көп адамның өмірін сақтап қалуға болатынын біз де жақсы түсіндік. Бүгінде нұсқаулықтың көмегімен науқастар жазылып, үйлеріне шығып жатқаны бізді қуантады.

–  Семейде нұсқаулықтың көмегімен коронавирус жұқтырған жағдайы ауыр науқас аяқтан тұрған екен. Осы жайтқа тоқтала кетсек.

–  Иә, нұсқаулық бойынша жағдайы өте ауыр науқасты емдеп жаздық. Бұл жерде айта кетерлігі, науқасты емдеу барысында шетелден гөрі өзіміздің кеңестік кезден келе жатқан емдеу тәсілі тиімдірек болды. Өкпенің шұғыл респираторлық дистресс-синдромы дейді, осы ауруды емдеу тәсілін пайдаландық, С дәрумені, сурфактант, альвеолярлы сурфактант жақсы көмектесті. Өкпенің микроцеркуляциясын жақсартатын әдіс-тәсілдерді пайдаландық. Ауыр асқынуды емдеуде бұл жақсы көмек болды.  Ең бірінші жаратушының, одан кейін медицинаның арқасында ауыр науқас жазылып шықты. Сондықтан, біздің медицина бұл қауіпті індетті жеңе алады деген сенімдемін.

–  Нұсқаулықпен Қытайдан келген әріптестеріңіз де танысқан екен. Олардың пікірі қандай болды?

–  Қытайлық дәрігерлерге біздің әдістемелік нұсқаулығымыз ұнады. Аздаған өзгешеліктер болмаса, олар да науқастарды емдеуде осы әдістерді пайдаланғандарын айтты. Коронавирусты бірінші болып ауыздықтаған елдің мамандары қолдап, оң пікір білдіргеннен кейін біздің министрлік оны дәрігерлер үшін нақты нұсқаулық ретінде бекітті. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығарылып, еліміздің бүкіл қалалары мен облыстарындағы емдеу орталықтарына таратылды.

–  Қауіпті індет елге оңай тиіп жатқан жоқ. Осы ретте әріптестеріңізге, халыққа қандай кеңес бересіз?

–  Ел басына күн туған уақытта бірлігімізді көрсетейік. Халыққа карантинге бағынып, сақтық шараларын сақтайық дегім келеді. Сонда ғана біз дәрігерлердің, медицинаның жұмысын жеңілдетеміз. Әріптестеріме жағдайға төзімділікпен қарап, жұмысқа деген жауапкершіліктеріңізді жоғалтпаңыздар, ең бас-тысы, ауырмаңыздар дегім келеді. Бұл уақытша қиындық. Біз біргеміз және бірлесе отырып бұл қиындықты да еңсереміз.

–  Марат, енді өзіңізге тоқталсақ. Жалпы, медицина мамандығын қалай таңдадыңыз? Осындай күрделі, әрі жауапкершілігі мол мамандыққа келуіңізге не себеп?

–  Мен жасымнан ана тәрбиесін көріп өстім. Анам дәрігер, ақ халатты абзал жан. Денсаулыққа зәру жандарға қолынан келгеннің бәрін жасайды, сөйте тұра менің тәрбиеме де көп көңіл бөліп өсірді. Кішкентайымнан маған адал болуды, өтірік айтпауды, істеген істі аяғына дейін жеткізуімді талап ететін. Анамның бауырлары, келіндері де медицина саласында істейді. Бала күнімнен дәрігерлерді көріп өскендіктен, мен де болашақ мамандығым ретінде осы саланы таңдауды дұрыс көрдім.

–  «Болашақ» бағдарламасы бойынша қай елде білім алдыңыз?

–  Орта мектепті бітірген соң, Семей мемлекеттік медицина институтына түстім. Оқуды аяқтағаннан кейін білімімді ары қарай жалғастырсам деп, 1998-2001 жылдар аралығында «Анестезиология реанимотология» мамандығы бойынша аспирантурада оқыдым. Ғылымға деген қызығушылығым пайда болды. Алайда Қазақстанда қорғауға мүмкіндігім болмады, кедергілер өте көп болды, сондықтан, Ресейге баруға тура келді. 2003 жылы Барнауыл қаласындағы Алтай Мемлекеттік Медициналық Университетінде диссертациямды қорғап, Ресей Федерациясының медицина ғылымдарының кандидаты деген атақ алдым. Диссертациялық жұмысымның жетекшісі профессор Яков Нах-манович Шойхет деген кісі болды. Ол сол университетке докторантураға түсуімді ұсынды, бірақ ол үшін Ресей азаматтығын алу керек болды. Мен бұл ұсынысты қабылдай алмадым. Өйткені, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» демекші, мен өз елімнің патриоты, Қазақстан азаматымын. Кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түстім. Докторлық диссертацияны да сол Алтай университетінде қорғадым. Елге оралғаннан кейін өзімнің өскен жерім Семей қаласына келіп, дәрігерлік қызметімді жалғастырып келемін. «Болашақ» бағдарламасының арқасында ғылыми еңбегімді қорғауға мүмкіндік берген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысым шексіз. Бұл бағдарлама талай жастың арманына қол жеткізуіне мұрындық болды.

–  Сіздің дәрігерлікпен қатар, суретшілік өнеріңіз бар екен. «Әлем неткен ғажап ең...» деген тақырыпта жеке көрмеңізді өткізіпсіз?

–  Бос уақытымда бала күнгі арман-қиялымды ұмытпай, сурет салумен айналысамын. 2019 жылы қаламымнан туған еңбектерімді жиыстырып, туған қалам Семейге алғашқы жеке көрмемді ұйымдастырдым. Мен сурет салуды аспирантурада оқып жүрген кезден бастадым. Бала кезімнен кітап, журналдардағы иллюс-трацияларды қызыға қарап отырып, «осындай дүние менің де қолымнан келеді ғой» деп ойлайтынмын. Бірақ дәрігерлер отбасында туып өскен соң, медицинаны таңдағанымды айтып өттім. Дегенмен, үлкен картиналар салып отырған сәттерімді түсімде жиі көретінмін. Түстерім сондай шынайы болатын. Сонда мүмкін өткен өмірде суретші болған шығармын деген ой келетін. Маған ешкім қылқаламмен жұмыс істеуді үйреткен жоқ, бұл салада арнайы білімім де жоқ. Сурет салу арқылы жан-дүнием демалып, ерекше рахат аламын.

–  Әдетте «Болашақ» бағдарламасымен білім алған түлектер билікке, жоғары мансапқа барып жатады. Сіздің алдағы жоспарыңыз қандай?

–  Маған біріншіден, ешкім мансап ұсынған жоқ. Әзірге билікке, басшылыққа бару деген жоспарым жоқ. Мансапқорлыққа, атақ-дәрежеге қызықпаймын. Менің халқыма жасаған еңбегімнен нәтиже шығып жатса, соған ризамын. Қазір жасап жатқан жаңа жобаларым бар. Мәселен, шұғыл респираторлық дистресс-синдромының алғашқы кезеңін анықтау тәсілін жасадым, ол аурудың белгілерін  компьютерлік диагностика мен  рентгендік клиникалық тәсілдерден де жылдам анықтайды. Алдыма қойған мақсатым – мамандығыма адалдық таныту.

–  Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіздің жемісін жеңіз!

Әңгімелескен

Гауһар Түстікбаева

 

22030 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы