• Бас мақала
  • 30 Маусым, 2020

«Қоныс» дейтін қосымша болған

Дүкен Мәсімханұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қытайтану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

Біз елге алғаш оралған 1990-шы жылдардың басында Алматыдан және аймақтардан жаңа газет-журналдар көптеп жарық көріп жатты. Сол жаңа басылымдардың ішінде бізге өзінің атымен де, мазмұнымен де, елдегі мәселелерді батыл көтеруімен де ерекше ұнаған екі газет болған, оның бірі «Түркістан», енді бірі «Қазақ мәдениеті» деген газеттер еді. «Қазақ мәдениеті» деген өте жақсы шығып тұрған, елге керек басылым еді, кейін жабылып қалды. Құдайға шүкір, «Түркістан» әлі күнге дейін аман-есен шығып келе жатыр. Біз осы «Түркістан» газетіне алғашқы нөмірінен бастап «ғашық» болдық. Өйткені, басылымның о бастағы басты ұраны түркі дүниесін түгендеу, ежелгі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделеу, саралау, насихаттау болатын. Бас редакторының өзі осал емес, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз еді. Газет жаңылмасам 1993 жылдың күзінде жарық көрді. Біз бұл газетке материал беруге онсыз да ынталы едік, әні-міні деп жүргенде себепке себеп болған, сол кезде аталған газетте бөлім меңгерушісі болып қызмет ететін, жерлес ағамыз, қазақтың белгілі жазушысы марқұм Нұрқасым Қазыбеков болды. Нұрқасым ағам 1994 жылдың көктемінде менің жұмысыма (КазГУ қытайтану кафедрасы) телефон соғып, қолым тигенде «Түркістанның» редакциясына келіп кетуімді сұрады. Уағда бойынша сабағымыз жоқ күні салып ұрып жетіп бардық. Нұрағам (Қазыбекұлы) да мені күтіп отырыпты, кабинетінде бірге жұмыс істейтін тағы екі кісі бар екен, ол кісілермен таныстырды, бірі аудармашы-қаламгер Әбілмәжін Жұмабаев деген ақсақал, тағы біреуі белгілі ақын Сейфолла Оспанов ағамыз екен. Ол жердегі аз-кем әңгімеден соң Нұрекең мені бас редакторға ертіп кірді. Марқұм Қалтай аға орнынан тұрып келіп қаусыра құшақтап, төс түйістіре амандасты. Асыл ағаның сол жолғы кездесуде айтқан: «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне. Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол демейтін бе еді атам қазақ, Елім деп алып-ұшып келген жүрегіңнен айналдым!» деген сөзі жүрекке мәңгілікке жазылып қалды. Сосын Қалағаң хатшы қызына шай алғызды. Шай іше отырып біраз әңгімелестік. Ол кісі көбірек қытайдағы қазақтардың қал-ахуалына қатысты сұрақтар қойып, менің жауабымды мұқият тыңдаумен болды. Ара-арасында қытайдың туытты шектеу саясатының ондағы қандастардың тұқымын құртып тынатынын айтып қатты күйініп отырды. Бұл жолғы әңгімені Қалағаң: «Ең бірінші кезекте осы Қытайдағы қазақтарды тез көшіріп алуымыз керек. Біз осы бағытта жұмыс істейік. Тақауда мені Нұрекең (сол кездегі Президент Назарбаевты айтады. – Д.М.) мені қабылдауға тиіс. Бұл мәселені оған да жеткізем. Ал Дүкенжан, мақалаларыңды, өлеңдеріңді газет-журнал беттерінен оқып жүрмін. Бізге де жазып тұр. Көбірек көші-қон туралы, қазақты қалай көбейтуге болады, сол туралы жаз. Мына Нұрқасым ағаңмен байланыста бол», - деп тұжырды. Сол күннен бастап «Түркістан» газеті өзінің бетінде қазақ көші-қоны мен елдегі демография мәселесіне қатысты материалдарға жиі орын беріп тұрды. Біз де Қалағаңа берген уәде бойынша, ең бастысы, көші-қон, елдегі демографиялық жағдай өзіміздің де жүректі сыздатып жүрген тақырып болғандықтан, «Түркістанға» өндіріп жазып тұрдық... Сөйтіп жүрген күндердің бірінде, жаңылмасам 1995 жылдың жаз айларының бір күнінде Алматыдағы бір қонақүйде шағын жиналыс болды. Арнайы шақырумен біз де қатыстық. Жиналысқа Қалтай Мұхамеджанов, Қабдеш Жұмаділов, Ақселеу Сейдімбеков, Оразақын Асқар, Қалдарбек Найманбаев, Сұлтанәлі Балғабаев, Нұрқасым Қазыбеков, Зардыхан Қинаятұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы (сол күндерде Алматыға қыдырып келіпті), Жәркен Бөдешов, Айтан Нүсіпханов, Рақым Айыпұлы, т.б. белгілі кісілер шақырылыпты. Әрине басқа да біраз кәсіпкерлер, журналистер болды. Нақты аты-жөндері дәл қазір есте жоқ. Президиумға үш-төрт кісі жайғасты. Мәжіліс төрағасы марқұм Ақселеу Сейдімбек. Қасындағы екі-үш кісі қалталы кәсіпкерлер екен. Есімдері есте қалмады. Қысқартып айтқанда бұл жолғы жиынның мақсаты көші-қон қорын құру, көші-қон мәселесін көтеретін газет шығару, сөйтіп тез арада қытайдағы қазақтарды көшіріп алу. Қор құрылды. Қордың төрағасы болып бір ауыздан Ақселеу Сейдімбек ағамыз сайланды. Жоғарыда есімдері аталған кісілердің біразы қордың бақылаушы-құрылтайшысы болатын болды. Күн тәртібіндегі келесі сұрақ көші-қон мәселесіне арнап газет шығару. Бұл мәселені ары талқылап, бері талқылап, ең соңында келген бәтуа мынау болды: «Түркістан» газетінің ішінен «Қоныс» деген қосымша газет шығару. Қордың төрағасы А.Сейдімбектің ұсынуымен бас редактор болып Айтан Нүсіпханов сайланды. Сондай-ақ осы жиналыста қытайдағы ағайындарды бірінші кезекте едел-жедел көшіріп алудың сан түрлі жолдары қарастырылды. Жоғарыда есімдері аталған ел ағалары Президентке хат жолдайтын болды, реті келсе кіріп айтатын болды. Соңында аталған мәселелер бойынша изолюция қабылдап, жиналыс аяқталды. Жұрттар қауқылдасып, қимай қоштасып жатқанда Айтан Нүсіпханов мені және Рақым Айыпұлын шақырып алып «екеуің кетіп қалмаңдар, бірге кетеміз» деді. «Жарайды» деп Рақым екеуміз Айтан ағаны қонақүйдің алдында далада күтіп тұрдық. Көп өтпей Айтан аға да келді. Содан үшеуміз Желтоқсан көшесін жағалай тауды бетке алып жаяу тартып келеміз. Жол-жөнекей Айтан аға: «Бүгін өте жақсы жиын болды. Қытайдағы ағайынды түп қотара түгел көшіріп ала алмасақ та, алғашқы кезекте келем деп отырған ағайынның көшіне жол ашып берсек, ол да оңай олжа емес. Сондықтан, біз бұл тарапта күш-жігерімізді аяп қалмауымыз керек. «Қоныс» газеті қазірше «Түркістанның» қосымшасы болып шығатын болды. Ол да дұрыс болды. Өйткені, дәл қазір бізге «Түркістан» газетінің күші мен Қалағаңның абыройы өте керек. Ал «Қоныс» қосымшасына екеуің маған көмектессеңдер. Егер қарсы болмасаңдар ертең өтініштеріңді, құжаттарыңды алып «Түркістан» газетінің редакциясына келіңдер. Бізге сол жерден бір бөлме береді. Мен сендерді ресми түрде жұмысқа қабылдаймын», - деген байламын айтты. Біз Рақым екеуміз Айтан ағамыздың ұсынысына қуана бас изеп, жөнімізге кеттік.Уағда бойынша ертеңінде-ақ халықаралық «Түркістан» газетінің тілшісі болып шыға келдік. Ұрыста тұрыс бар ма?! «Қоныс» газеті төрт бет болып, аптасына бір мәрте «Түркістанның» қосымшасы болып шығып тұрды. Негізгі авторлар – бас редактор Айтан Нүсіпханов, Мен және Рақым Айыпұлы. Әрине, «Түркістан» газетінің журналистері де ретіне қарай атсалысып тұрды. Ал мен өз басым бұл «Қоныс» қосымшасының жұмысына барымды, жанымды салдым. Әр нөміріне салмақты-салмақты бір-екі материал берумен бірге, қытайдағы қазақтардың көші-қонына қатысты өте өзекті, түйткілді мәселелерге жауапты тұлғалардан сұхбат алып, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал еткенімді бұл күнде мақтанышпен еске аламын. Өйткені, сол жылдарда, «ҚР Халықтың көші-қон заңының» әлі дайын болмауына, сонымен бірге қазақ көші-қоны бойынша Қазақстан өкіметі мен ҚХР билігі арасында ресми келісім-шарттардың болмауына байланысты, қытайдан келген ағайындарды құжаттандыру мен көшіп келгісі келетін ағайындарды қалай көшіріп алу - қазақ қоғамындағы өртеніп тұрған мәселе еді. Осы түйткілді мәселеде біз сол кездегі ҚР ІІМ Азаматтық және құжаттандыру комитетінің төрағасы Өмірбай Мұсаевтан, ҚР Еңбек министрінің бірінші орынбасары, көші-қон комитетінің кураторы Әлихан Бәйменовтен, ҚР СІМ консулдық басқармасының бастығы Асқар Мусиновтан сұхбат алып, «Қоныстың» бетінде жариялап, қазақ көші-қонындағы өзекті мәселелер мен оны шешудің тетіктерін қоғам назарына ұсынып отырдық. Жалпы сол кездегі Қазақ өкіметінің құзырлы мекемелерінің басшысы ретінде де, ұлтжанды азаматтар ретінде де жоғарыда есімдері аталған үш азаматтың шеттен келетін қазақ көшіне, оның ішінде қытайдан келетін қазақ көшінің жандануына ерекше еңбек сіңіргенін атап айтуға тиіспіз. Осылай дүркіреп тұрған «Қоныс» газеті демеушілердің банкрот болуына байланысты тоқтап қалды. Кейін қазақтың дарынды қызы, белгілі журналист Есенгүл Кәпқызы «Түркістанның» «Қоныс» қосымшасын қайта жаңғыртып, мұндаға дейін шығарып тұрды. Ең кереметі, осы газетте жұмыс істеген бір-екі жылда қазақтың не бір марқасқа ұлдарымен, атап айтқанда, Қалтай Мұхамеджанов, Дидахмет Әшімханов, Нұрқасым Қазыбеков, Сейфолла Оспанов, Шәмшиден Пәттеев, Көлбай Адырбеков, Абзал Бөкен, Ермек Сахариев секілді ағалармен қызметтес, дәмдес, силас болып кеткенімізді де айта кету парыз.

P.S.: Сөз соңы немесе айтуға да, айтпауға да болатын бір гәп.... Қазір қазақтың көші-қон ісіне орта жолдан қосылған бір жолбикелер, жай жолбике емес, қазақ көші-қоны дүркіреп тұрған кезде делдалдықты бизнес еткендер (дұрысы: көшіп-келген ағайынға квота әперем, арғы бетте жатқан ағайынға көші-қон шақыруын жіберем деп, олардан қыруар ақша жеп дәніккен алаяқтар) дереу тондарын теріс айналдырып, өзінше қазақ көшіне жанашыр болып шыға келді. Тағы біреулер тек өздерін ғана қытайдағы қазақтың жанашыры етіп көрсету үшін, өзінен бұрын келгендерге жаппай жала жаба бастады. Мейлі ғой, ел игілігі үшін оң жақтан соғатын желге торғайдың осырығындай сеп болса, қане?! Ал бұл пақырлардың бар мақсаты елге ертеде оралып, ұлт үшін, отан үшін аянбай тер төккен, қазақ көші-қонына кең жол ашуға атсалысқан, алғашқы көші-қон заңының жобасын жасауға атсалысқан, ғылым-біліммен, кәсіпкерлікпен айналысқан, сөйтіп сол еңбектерінің бодауына азды-көпті атақ-абыройға жетіп, ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтарды өздерінше ағаш атқа теріс мінгізіп, көсеулері жеткен жерге дейін күйелеп бағу екен.... Аққа құдай жақ. Біздің отыз жылдан бері елге еткен еңбегіміз халыққа да, Хаққа да аян! Арамдық өрге басушы ма еді?! Есесіне ол сорлылардың өздерінің былық-шылығы ашылып, жұртқа масқара болуда. Кейбіреулеріне қылмыстық іс те қозғалды. Енді біреулері жардың жағалауына жақындап қалған көрінеді. «Біреуге ор қазба...» деген сол. Әрине, таба емес, тәуба! Ееее, дүние-ай десеңші! Сонау ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Отанға оралып, өзіміз аш-жалаңаш жүрсек те «қытайдағы қандастардың көші-қонына қайтсек жол ашамыз» деп жан ұшырып жүрген күндерде, сол қытайдан келген Өз бауырларымыз, мұнда келіп алған соң, бізге жаптым жала, жақтым күйе деп, жағамыздан алып, жанымызды жаралайды деп ойлаппыз ба?! Не дейміз?! Бопты, білгендері сол шығар?!

22155 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы