• Руханият
  • 30 Маусым, 2020

Жазудың нәзік сыры (Эссе)

Дидар Амантай, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Қағаз бетіне түсіп жатқан сөз әдемі. Елең-алаң, қайдан келгені белгісіз, таң ата жазғанда пайда болады. Қалам астынан төгіледі. Шаған жапырақ үстімен қалтырап сырғып келе жатқан таңғы шық тәрізді, мөлдір, жас, ебедейсіз. Бірақ, өзіне жарасады. Төмен еңкейген сайын еңбегі рәсуа, тосын, көлденең жармасқан жас тал оқыс солқылдап жоғары көтерілгенде, шашын төңірегіне дым бүркіп, басы, ұшы төмен иілген көк сабақтан тамған су тамшылары жерге тасқындап құйылып, үзік-үзік шашырап түседі. Таңғы шық қарапайым. Күн сәулесі көрген жерден жұтып қояды. Өсімдік бетінен, көлік үстінен, кісі жүзінен. Енді – жоқ. Қазір ыстық түседі. Дүниені құтқарып тұрған жалғыз тамшыны ішісімен әлем Күн құшағына енеді. Құшағы қандай ыстық. Құшақтаған сайын бойыңыз жылып, жүзіңіз алабұртады. Ыстық. Қыста – суық. Бірқалыпты емес, түзде екі орта жоқ, не бағы жанады, не бақыты күйеді. Пафос сөзді күйдіреді, сосын, сөйлемін өрт шалады. Мәтін жалынға оранады, оттай шоқтанып, қоламтаға айналады, қоламтадан күл қалады. Сөз суық болса да жаман, шығармаға жылы көңіл, жайма-шуақ атмосфера керек. Байыптың соңы – байлық. Қазына. Көркем өнер, оның ішінде, әдебиет пафостың жетегінде кетсе, бостан қалам күн тәртібіне – құл, айтқанына көніп, айдағанына жүреді, туындыға емес, шығарма төңірегіндегі әңгімеге қызмет ете бастайды. Жалған жазушы – сөздің соры. Әсілі, бодан жазбалар ақыры оқырманға әлдеқашан анық – бойында еркіндігі, басында билігі жоқ мәтін заман ауысқанда, маңызынан айрылады, мазмұны мәнін, демек, мәтінін жоғалтады. Мәнерін тапса, ой – сөздің көркем бейнесіне айналады. Бір сапа бір сапаға ауысады. Демек, онтологиялық кеңістік эстетикалық уақыт қасиетіне айналады, бірте-бірте эстетика мәні этикаға көшеді. Мінезі әдемінің пейілі де түзу. Жазғанда, тосын көрінуі үшін ескірмеген сөз іздейсіз, жиі қолданылған сөздің әсері біртіндеп жойылады, оны енді мүдірмей оқысақ та, түсінбеген қалпы кідірмей өте шығамыз. Көз сүрінбейді, бірақ, қызметі әлсірейді, сондықтан, жаңа сөз қажет, мәтін әсерін күшейту мақсатында табуға тура келеді. Поэзия – болмыстың алғашқы аты, депті Мартин Хайдеггер, енді бір сөзінде біз болмысқа ерте, Құдайға кеш келеміз деген екен. Сөз – ғұмырдың Отаны, қабірі – естелік, өткен ғұмыр естелік сөзде өмір сүреді. Өмір қалың емес, мәтіні бір сөзге сыйып кетеді. Әсілі, ойдың бастауы – сезім. Көңіл, шіркін, екі-үш жақтың да жағдайын ойлап, бірде көзге, бірде сезімге, бірде сөзге айналады. Көрген сезгенге, сезген ойлағанға, ойлаған түсінгенге жетеді. Пенде туған сәтінен бастап қазасына дейін жүріп өткен жолы бір жарықтың ішіне толады. Сана жарықтық түнде жанып тұрған шам тәрізді. Бір күні шырақ жалп етіп сөнеді. Қараңғы сана түнекте өшіп жатады. Енді оны ешкім оятпайды, өйткені, оянбайтыны белгілі. Бұрын да ұйқы қалың, ояу сәті аз болды. Жүздеген жылдар жоқпыз, мыңдаған ғасыр ешкім бізді таба алмайды. Таппайды да. Бір-ақ рет жарық дүниеге келген адам енді қайтып жарық дүние есігін ашпайтынын біледі. Мен білмеймін. Осының бәрі бір күні аяқталатынына сенбеймін де. Сіз де иланбаңыз, алдауына көнбесеңіз болғаны, бұл һарам ой күндердің күнінде тура жолдан адастырып кетуге бір келіп қалуы мүмкін.

Өнерден бақиға дейін

Қысқа мерзімді сапар. Сан түрлі уақиға ғана уақытын ұзартады. Біз саяхат жасаймыз. Әдетте, бір нүктеден шығып, соңғы нүктеге дейінгі жолды жүріп өткен кеме, зәкір тастайды. Келдік. Тағдырымыз – анық, таным – күңгірт, ашық мұхитта ақиқат жоқ, бәрі су, жаға – құм. Жанар тоқтатып, қадалып қарағанда, көлбеңдеп сағым жүреді. Ол жалған дүниеден тұрады. Ойы-қыры жоқ теңіз бетінде із бола ма. Судан белгі іздемеңіз, бірақ, түзде адаспайсыз. Таңба таста, бейне санада қалады. Бірі қаріп, бірі көне ақпар-мәлімет, дыбыс екінші рөлде. Сағым – жаратылыс образы. Ешқашан дүние бар екеніне көзің жетпейді. Бірде, қалқиып шыға келеді, бірде ізім-қайым жоғалады. Қараның бәрі зат емес, ноқат қарайып көрінеді, ағарып сағымданады. Күндіз жарыққа сіңеді, түнде қараңғылыққа батады. Болмыс ақиқат тәрізді. Тұр. Тұрғаны – өмір сүргені. Бірақ, ғұмырдың панасы – қозғалыс, бар нәрсе қозғалыста тұрады. Тіршілік иелерін қозғайтын алғашқы екпін – ғылымның күн тәртібінде емес, философияның тақырыбы. Материяның өмір сүру формасы – қозғалыс. Болмыс та космос формасында бей-берекет іс-әрекет үстінде. Біздің сөзіміз де біреуді, бір нәрсені қозғайды, түрленіп келіп еді, құбылып кетеді. Бұзылғаны жөнделіп, кемісі бүтінделіп... қайта бүлінгенше. Жай ғұмырдың өзі – жанталас, шығарма-шылық өмір – жүк. Нақ, ағамыздан естідік, Мұқтар Мағауин, «Көк мұнар» романы, 1972 жыл: «Ғылым мен өнер адамы үшін фәниден бақиға барар жол біреу-ақ – жұмыс істеу, басқаның бәрі алдамшы». Құптадық.

477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы