• Руханият
  • 30 Мамыр, 2020

Қанали Әбілқайыр: Махаббат деген қарсылық...

Дзё+Рин Жанарыңнаң табылуым шұғыл-ақ Бір мен үшін жан-тәніңнің ығы бақ Мен іздесем таба алмай қаламын, Қарасам да Эверестке шығып-ап.   Берейің бе Арктиканы жылы ғып, Қар үстіне қалсаң егер жығылып. Бірақ неге сезімімнен қашасың, Марианның ең түбіне тығылып?!   Көңіл көктем тұрғанында күзге енбей Жақындашы екі моншақ тізгендей. Басымызды айналдырып әкетсін, Амазонка ағысымен жүзгендей!   Жаным саған жете алмай алқынды-ау, Сондықтан да, әр сөзіңе бар тыңдау. Саған деген сезімімнің жанында, Фудзияма лавалары салқындау.   Өзің алдың ой-санамды ғашық қып, Ғашықтықпен қанша көңіл тасыттық?! Дзё, Рин деген саған берген өлшемдер Алыстауға рұқсат берген қашықтық!   Есігіңнің енін білем жарығым...   Сол күні мені өлтірдің, бірақ тірімін, Ертеңнен бақыт күтпейтін жанның бірімін. Айқайлап тұнған даусымды еске алмассың, Мен әлі сезем даусыңның нәзік дірілін.   Білмейсің сірә, біткенін менің әлімнің, Мойныма ауыр шынжырдай болып тағылдың. Тек саған ашқан құшақты білмей қалдың ау, Мен дәмін сезем, тәттілігін тәніңнің.   Көзімді жұмсам кірпікке келіп асылдың, Көңілсіз күзде нұр болып қайта шашылдың. Саусақтарың да ұмытқан шығар өзімді, Мен аңсап жүрмін иісін қалың шашыңның.   Қоралар, қорлар, қалалар, қара қорымдар, Қай-қайда барсам қалмайтын соңнан сорым бар. Көшелер кезіп қалайша жаным жүресің, Жазғырып қарап тұрса егер біздің орындар.   Әр таңымнан шат күлкіңді таныдым, Үй алдына бара берем тағы мың. Шыдамсыздық бойлағанмен жанымды Жетеді екен менің көпке сабырым. Есімімді ұмытсаң да сен менің. Есігіңнің енін білем жарығым!..   Тылсым   Нәзік жанын мен айтпай-ақ түсінгем Ал ол менің сезімімді білмей ме? Күндіз ойдан түнде  шықпай түсімнен Кездесуге келмей жүрген бір бейне.   Білмей жүрмін назарының өтеуін Жаны оның Алматының күзіндей Мен бір күні жоқ болам да кетемін Ғайып болар ұшақтардың ізіндей   Жүрек қайта ғашығына ұмтылсын Махабаттан алапат күш тапқандай. Қасиетіне қайран қалам – бір тылсым, Қайталанбай кездесетін ақ қардай.   Қылығыңды жасап жүрер ақтайтын Жүрегіме өзің берген тәтті мұң. Біздің жақтан іздесе де таппайтын Петербордан келдің бе сен ақ түнім?   Абайлаумен, абыржумен аңсағам, Жел боп өбсем арманым жоқ бетіңді. Қараймын да ғажап нұрға тамсанам, Жанған поляр шұғыласы секілді.   Өзгеше емес десең дағы өзгені, Заты ерек болып қалар дараның. Тылсым күшің сүйіп қалған кездері Сағым сынды жоғалмасын маралым!   Жақсы көремін бәріңді бірдей   Баласың деп те айтарың анық Өз еркін берген сайтанына нық. Бала боп жүрмін өмір жолынан Балалығымды қайтарып алып.   Тартқысы келіп талап тізгінін Бәсеңсіп келер қанатсыз жырым. Өмірдің мынау жауабын таппай, Өршіген шығар жауапсыздығым.   Түседі неге еңсеңіз сіздің?! Әр сенімімнің өлшемін сыздым. Кешегі күні сені жоғалтып, Ертеңгі күнге мен сенімсізбін.   Көбісі мені есалаң дейді, Оған да көңіл босаған мейлі! Сенбессің, бірақ, көңілім менің Өздеріңменен қоса гүлдейді!   Қара арасынан ағыңды білмей, Көремін қара жаныңды – күндей! Бәріңнің алдында жазығым менің – Жақсы көремін бәріңді бірдей!   *** Шынайы сүйген жандардың Ғұмыры келте деседі. Өзгелер сүрген өмірден Мағынасы еселі.   Сүйікті жаннан айырған Махаббат жайлы аңыздар. Өлімнің пошталарында Ғашықтар жазған арыз бар...   Жүректер тірі болсын деп Ақ сезім берді жаршы қып Махаббат деген жек көру, Махаббат деген қарсылық! Сезім де кетті тарылып, Бағалар адам қашанғы?! Махаббат құнды болған соң Сезімдер шыққан жасанды...   Бітеді қашан күндестік?!   Бір еспей желдер, бір есіп, Білмейді-ау сезім үлесін. Өзгелер маған не керек, Өзіммен жүрмін күресіп   Кетпесе деумен текке өлең. Ойымның түбін көп терем. Сүйе де тұра өзімді, Өзімді өзім жек көрем!   Ажалмен біткен ертегім Ертеңім қайта тентегім?! Жанымнан шыққан жырымды Өр теңім неге өртедің?!   Жаным мен ойым тілдесті, Әр қадам маған білместік. Шайқасқан өзім-өзіммен Бітеді қашан күндестік?!   Қазанат (Ағама)   Жылқыны сүйген қазағым көне ғасырдан, Адал-ау сірә, қазіргі жүрген досыңнаң. Қазанаттардай шаппаса егер ер жігіт, Аумасы анық, жүк артып жүрген қашырдан!   Кетеді кейде, өмір де аса болып тар, Жиілеп кетсе жауларға жойқын жорықтар. Иеге серік, жылқылар кетсе ауылдан Өздерін жылқы сезінеді екен қодықтар!   Қарашы қалай тасиды бойда күш деген, Жылқымен қоса бәйгеде мен де тістенем. Асыл тұқымды, бәйгеге қосар Қазанат, Өзгелер ішкен суларды мүлде ішпеген!   Жоғалтпау үшін ертеңгі күнге сенімін, Жинауың керек ертеңге деген өнімін. Болашағыңа сенуің үшін алайда, Қазанат сынды киелі болсын серігің.   Әр қадамыңа, абайлап қарап, алаңдар, Ағаларыңа разылықпенен қараңдар! Бәйгеден озар, жетелеп сені жеңіске Қазанат сынды менің де асқақ ағам бар!   Қала дейтін...   Түңгі өмірді алғанбыз ғой сән қылып, Жұмыста да, үйіңде де тағы шу. Бұл қалада күнделікті заңдылық Төсектерден төсектерге ауысу.   Өмір сүріп ажыратпай күн айды Бұл қалада кіл жақсы мен кіл мықты. Бұл қалада өтірікші сұрайды Талап етіп, ақиқат пен шындықты.   Бұл қалада ат шығару тез үлгі, Адам алдау, тонау, қара саясат. Бұл қалада тағдыр берген сезімді Өзгертеміз ағын сумен шая сап.   Қыз арынан өкшелері жоғары, Дін жайлы айтар мұнафиқ пен дінсіздер. Айқайлайды жыртылғанша тамағы, Сыр жасырып тұрса егер үнсіздер.   Бұл қалада адам болу арман да, Жақсы болып қалу бағың қолдағы. Қала дейтін жыртқышы көп орманда, Түзу жолдан адаспасақ болғаны.    

702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы