• Айтарым бар...
  • 30 Мамыр, 2020

Латын әліпбиі қайткенде қолайлы?

Әрине, классикалық латын қарпінде бар-жоғы 26 әріп бар. Ал біздің фонетикасы бай қазақ тілінде дыбыстар әлдеқайда көп. Бүгінгі кириллицамен жазылған әліпбиімізде 42 әріп. Осы ерекшелікті сақтау керек. Біз тілді жеңілдетеміз деп, төл дыбыстарымыздан ажырап қалмайық. ...Мен, әрине, қазақ тілінің профессоры емеспін, тек ағылшын тілінің бакалаврымын. Негізі, латын қарпіне көшуге қарсы емеспін, өте қызықты және аса маңызды тарихи меже деп ойлаймын. Біздің ұлт үшін, ұлт мәдениеті, ғылымы және ақпараттандыруы үшін қажет те шығар. Кириллица деген ұғым – сонау гректің Кирилл және Мефодий заманынан келе жатыр, латын қарпі сонау одан да көне Рим Империясы заманынан келе жатқан лингвистикалық құбылыс. Неліктен латын қарпі негізінде жасалған жаңа 21-ші ғасырдың «қазақ қарпісі» (казахица) деген неологизмді ұсынбасқа?! Қалжың емес, рас! Бұл да – біздің ұлттық ерекшелік болар еді, бірақ ол үшін біз әліпбиімізге ерекше әріптерді енгізуіміз керек, мысалы, менің нұсқамда олар «Ө», «Ң», «Ғ» және «Я» әріптерінің ерекше жазылу үлгілері бар. Қазір ұсынылып отырған қазақ тілінің латын қарпіндегі әліпби нұсқаларында неліктен, не үшін көптеген әріптер жоғалып қалғанын немесе кейбір дыбыстарды белгілеу үшін әріптер қосарланып (диграф болып) кеткенін түсінбеймін, түсіне де алмаймын. Бұл оқуға, жазуға – өте күрделі! Меніңше, әр дыбыстың өзінің әріптік формасы болуы тиіс. «Бір дыбыс – бір әріп» қағидасын қатаң ұстану керек!.. ...Біріншіден, қазақ тілінің кириллица қарпіндегі 42 әріпті әліпби көзімізге әбден үйренген, екіншіден, бір әріп – бір дыбыс қағидасын сақтау маңызды және үшіншіден, қазақ тілінде «э», «ю», «ъ», «ь» және т.б. әріптері бар көптеген кірме сөздер, халықаралық термин сөздер жеткілікті. Кірме сөздердегі «ц», «э», «ъ», «ь» әріптеріне де ыңғайлы фонетикалық балама.. Енді «компьютер» деген сөз «kompıyter» немесе «kompiuter» деп емес, одан дәлірек «komp``Ųter» деп жазылуы мүмкін болады. Дегенмен, кириллицадағы «сирек» әріптердің де латын әлібиінде өз баламасы, өз орны болуы керек деп ойлаймын. ...Түрік тілі, әзірбайжан тілі, өзбек тіліндегі латиница нұсқаларын толықтай көшіру тағы тиімді емес! Неліктен біз «ч», «ш», «щ», «ғ», «я», «ю» және тағы да басқа өте қажетті жеке-жеке үйреншікті дыбыстарымызды белгілеу үшін диграфтарды қолдану керекпіз, неге сөзді тым ұзартып жіберу керек?! Менің нұсқамда әрбір кирилл таңбасына бір латын таңбасы сәйкес келеді. Иә, нүктелерді қолданған дұрыс, бірақ одан басқа сызықша, үтіршені неге қолдануға болмайды?! Мәселен, Түрік тілінде кілең апострофы бар таңбалар: «ğ», «ü», «ş», «ç», «ö» және т.б. баршылық. Түріктер ол әріптерден еш ұтылып жатқан жоқ. Және «ж» деген жуан дыбысты о бастан бүкіл әлем үшін жұмсақ «j» деген дыбыспен белгілеудің не керегі бар?! Жуан «Ж» дыбысын мен ұсынған төбесінде екі нүктесі бар «Z» әріппен белгілеу әлдеқайда дұрыс.

...Бұл – біздің төл ерекшелігіміз болар еді. «Ө» деген дыбыс Түркиядағы түріктердің одан да жұмсақтау ö деген дыбысына ұқсамауы тиіс, себебі біздің тілде Ө деген сөз «көл» деген сөзде жұмсақ оқылса, ауыз екі тілде «өт», «өй», «өр» дегенде сәл жуан оқылады. Сондықтан, мен О деген латын тамғаның ортасына нүкте қою арқылы қазақтың Ө дыбысын белгілеуді ұсынып отырмын, әрі ыңғайлы, әрі ерекше жаңа әріп. Меніңше 42 әріпті латын әліпбиі әзірге уақытша қаріп нұсқасы. Және бұл әліпби нұсқасының ең басты ерекшелігі – шрифтпен (қаріп) айналысатын программисттерге бір пернеге бір әріпті сыйғызуға мүмкіндік береді. Сосын «дәл мынау диграфтардың қосындысы қандай дыбыс береді екен?» деп халық миын ашытпай, әр кириллицадағы әріпке бір тікелей баламасын ғана тауып, қолдана алады. ...Бізге ортақ әліпби нұсқасы да керек, айтып жүргеніміздей қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тілге айналғаны да керек. Бірақ, екі нәрсе керек жоқ. Ол – асығыстық пен даңғазалық! Егер қазір біз кім не десе де, батыл және сенімді түрде өз «казахицамызды» ойлап таппасақ, онда ертең не араб қарпіндегі елдер қатарында, не латын қарпіндегі елдер қатарында не кириллица қарпіндегі елдер қатарында, не иреоглиф қарпіндегі елдер қатарынан табылмай екі ортада қалуымыз ықтимал. Сондықтан, сіз бен біз болып қазірден бастап тіл мәселесін шешіп үлгеріп қалуымыз керек.

Батырбек Үрстембеков

1049 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы