• Руханият
  • 30 Мамыр, 2020

ҚАЗАҚ ЖАЛҚАУ МА,БЕЙҒАМ БА?

Нартай САУДАНБЕКҰЛЫ

Қазір қит етсе қазақ жалқау деп шыға келетін заман болды. Оны жақтаушылар да, даттаушылар да жетіп артылады. Арты ию-қию әңгімеге ұласады. Ақыры майдан! Енді осыны құр патриоттықтан ада көңілмен бағамдап көрейікші. Алысқа бармай-ақ кешегі Абай хакімнің заманына бара салайық. Бұл кез орыс салтының дендеп кіріп келе жатқан заманы. Орысқа қарап қазақтың өте кішкене ғана бөлігі, тірлік қыла бастады. Бірақ ол айтуға тұрмайтындай мардымсыз еді. Абай жарықтық та қазақтың бос салтаңбайымен алысып ақ өтті. Қазақ күпініп көп сөйлеп, партия құрып, бірін-бірі жамандап немесе паралап атын оздырумен әлек болды дейді данамыз. Ен далада малдан басқа шаруасы жоқ еркін көсіліп көшіп қонған қазақтың ХІХ ғасырдағы көрінісі осындай еді. Құй қабылда, құй қабылдама шындық осы. Негізі қазақты жұмысқа үйреткен, онда да нақты тәртіпті жұмысқа үйреткен аштық. Алапат аштық негізі қазақты шошытты. Қазақ ойнауға болмайтын нәрселер бар екенін ұқты. Содан өзінен басқаға ешқашан жұмыс істеп көрмеген қазақ зауыт-фабрикаларға, станоктарға, кеңселерге жұмысқа тұрды. Ал ол жердің бәрінде тәртіп бар еді. Яғни, таңғы 8 ден кешкі 18 ге дейін деген жұмыс күні. Басында асау қазақ бұл тәртіпке тіпті көндіге алмай қойды. Бірақ бірте-бірте үйрене бастады. (Бірақ қазірдің өзінде уақытынан бұрын зу ете қалатындардың бойында ескі қазақтың қаны қалған-ау шамасы. Ал енді тәртіп мәселесінде біздің ұлттай немқұрайлы ұлт некен саяқ шығар. Жұмысына кешігіп келген немесе жұмысынан кешігіп шыққан немісті елестетіңізші. Иә, елестете алмайсыз. Айтпақшы неміс демекші біздің ауылда бір неміс қариясы тұрушы еді. Аты Исай болатын. Енді әңгімені сол жаққа бұрайын. «Ауылдағы қазақта мүмкіндік жоқ», «іс бастауға қаржысы жоқ», «тірлікті қалада немесе қала маңында ғана жасау керек» дейтін скептиктер Исай атай жәйлі әңгімеге не айтар екен?! Хооош. Сарыбастау. Кеңестік кезеңдегі алдыңғы қатарлы ауыл. Миллионер Колхоз. Мектебінде 2 мыңдай бала оқитын, замануи моншасы бар, өркениет көрінісін беретін дүниелері түгел, бай ауыл. Сол ауылдың қақ ортасында, кішкене ғана өзеншенің жағасын ала Исай атай қоныс тепкен. Исай атамыз қай жерде тұрудың өзін дәлме-дәл білмесе өзге қазақтардай ауылдың кез-келген жерінде тұра берер еді. Бірақ ол жәй қазақ емес, неміс қой. Су – тіршілік көзі екенін біледі, сондықтан, ауылдың бас жағындағы жасанды көлден тарайтын судың жағасын ала үй салған. Қазақта не көп, той көп. Кісі шақыру көп. Сол келетін кісінің алдына қойылатын бүкіл жер анамыз беретін дәмнің бәрі кімде бар?.. Дұрыс! Тек қана Исай атамызда ғана. Пияз, укроп, сәйі, қырыққабат, редиска, бәдірең, қызанақ, сәбіз, қызылша, кәуәб, ранетка, тіпті шалалау піскен өрік те табылар еді ол үйден. Ең қызығы жұмыртқасы жоқтар сол үйден жұмыртқа сатып алушы еді. Ал қазақта не бар? Қазақта күзде ғана қызығын көретін картоп қана бар. Сол бір ауыл. Бір су. Бір климат. Бірақ немісте бар да, қазақта жоқ. Жалқаулық па? Жалқаулық! Құдай-оу тіпті 5 тауық бір қораз әкеп қойсаң өз күндерін өздері көріп кетер еді ғой сол қыт-қыттар. Есесіне ешкімге барып жұмыртқа сұрап көзіңді сатпас едің. Жә. Әңгімені жалғасырайық. Енді кәсіпке байланысты. Сол неміс атайдың үйінде болғаным бар. Не деген тәртіп пен тазалық. Не деген реттілік. Жайқалған гүлдер... (Гүлдер демекші біздің ауылдан 35 шақырым жердегі Нарынқолдың ортасында дәл осы қарияға ұқсас бір адам бар еді. Оның да қазақ емес екені түсінікті шығар. Кәдімгі этаж үйдің бірінші қабатында-ақ тұрып, тұрған жерін жаннат бақшасына айналдырып, гүл өсіріп сатып отырған атақты Строганов деген өзге ұлт өкілі) Қо-о-ош, Исай атамның ауласынан Нарынқолға бір-ақ апарған гүлдерге келейін. Гүлдің иісі танауыңды қыттықтап елітіп әкетеді. Бірақ сату үшін емес, жан рақатын көздеп өсірген болу керек, Строгановтікіндей көп емес. Сол жақтағы кішігірім гараж секілдінің іші Исай атаның шеберханасы. Бұл кісінің енді қолынан келмейтіні жоқ. Ал негізгі шаруасы ол ағаш ұсталығы. Сол Сарыбастаудың 80 пайыз тұрғыны Исай атай жасаған қонақ күтетін үлкен столдарды пайдаланатын. Менің әкем де бір күні неміс қарияның жасаған 2 метрлік столын әкелді. Созсаң 3 метрден асып кететін нән стол бір қызығы жеп-жеңіл. Сол кездегі 6 сыныпта оқитын мен оп-оңай көтеріп әкететінмін. Қалай болса солай жасалған емес, құдды зауыттан шыққандай, сирақтары оюлы сол столдардың алды қазір 70 жыл жасаса, кейінгілеріне 30 жыл болып қапты. Ал ең қызығы, сол столдардың біреусі сынбақ түгілі сықырлап көрмепті. Сол стол менің қара шаңырағымда әлі тұр. Құдай біледі деп айтайын әлі де 80 жыл тұра беретін сыңайлы. Сонда бұл не? Не сиқыр? Бүкіл қазақ отырып ап, таңдайымызды тақылдата таңғалып; «неміс қой енді» деуден басқаға бара алмаймыз. Сонда не, неміс оқып туа ма? Әлде ананың жатырында жатқанда бір кәсіпті меңгере шыға ма? Жауапсыз сұрақ. Әлқиса! Қияңдағы ауылдағы сол неміс атайды кейін ұлы келіп Германияға көшіріп әкетті. Бір сиыр беріп сол кісінің шеберханасын сатып алған Марат деген ауылдасымыз күні-түні Исайдың қасынан қалмай жүріп, жер өңдеуді де, ағаштан ою оюды да меңгеріп, қазір жиһаз фабрикасын ашты десем... Иә, атай көшіп кетті. Оның бір жақсылығын да алып қала алмаған қазақ, неміс ата жасап беріп кеткен столдың басында; «бас аман болсын, кел алып қояйық» деп әлі отыр. Стол да мызғымайды.

P.S. Жапондар әлемді сапамен таңқалдыру жоспарын алдарына қойып, соның нәтижесіне жетті. «Неміс сапасы» мен, «неміс машинасы» деген үлкен брэндке айналды. Ал қазақ десе...

546 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы