• Руханият
  • 02 Мамыр, 2020

ЖаҺандану заманында қайсысын таңдағанымыз жөн?

XXI ғасыр – білім мен ғылымның шарықтауы ғана емес, сонымен қатар жаһандық жаңалықтарға толы ғасыр. Еліміздің бүгінгі жаңа қоғамға қадам жасауында баспасөздің қаншалықты маңызы бар? Газет əлде интернет? Бұл сауалды қойғанда жауап берушілердің пікірі екіге бөлінетіні айдан-анық. Бүгінгі күні екеуінің де өз орны бар екендігі еш талас тудырмайды. Дегенмен, менің пікірімше, дәстүрлі медианың, газет пен журналдың орны жоғары әрі құны әр кез бағалы. Газет – ақпарат көзі, жаңалықпен хабардар етіп, оны бізге жеткізер қоғамның бір мүшесі, құлағы, həм тілі іспетті. Газет төртінші билік өкілдерінің ажырамас бөлшегі. Газет арқылы олар халықтың сөзін сөйлеп, айналамыздағы болып жатқан мəселелер түйткілін тілге тиек етеді. Қазақ тарихының қай кезеңін алып қарамасақ та, баспасөздің орны, мәні мен маңызы, сыны мен сапасы, халық жадында бағаланлуы жоғары болған. Тіпті, бүгінде тың деректерді ашып, жаңа зерттеулер жүргізуде мұрағаттан интернеттегі жазбаларды емес, газет пен журнал басылымдарын қопаратынымыз өтірік емес. Сонау «Айқап», «Қазақтың» ізін қуған баспалардың тарихы бүгінгі қоғам үшін маңызы зор екені айдан-анық. Интернетке келер болсақ: бүгінгі таңда компьютер қаланы қойып шалғайдағы ауыл-аймаққа жетіп үлгерді. Ғылым мен техниканың дамыған өрлеу дәуірінде бұған қуану керек. Дегенмен де, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты оның да екі гәбі бар. Интернет заман қажеттілігі болғанымен, оның пайдасынан зияны көп. Оның уәжі мынаған саяды: рас, осы күнге дейін интернет арқылы қаншама дүниені оқып, білдік, ой-өрісімізді кеңейттік, тамаша жаңалықтарды таптық. Үлкен жобалар іске қосылды. Мұның бәрін жоққа шығаруға болмайды. Алайда, бақылаусыздық, бейәдеп, тексерілмеген ақпарат, біреуге дәлелсіз жала жабу, ойына не келсе соны айтқан пікірлердің өріп жүретіні сияқты келеңсіздіктер де осы «шексіз кеңестікте» жетіп артылады. Баспасөздің ертеңі біз айтып жүрген компьютерлік технологиялардың даму деңгейіне емес, оқырманның оған деген көзқарасына тәуелді. Газеттің қадірін қашыратын да, құндылығын арттыратын да – оның тұтынушысы, яғни, оқырман. Десе де, ең мықты деген басылымдардың өзі бүгінгі оқырманды сандық дәуірдің ықпалынан оқшау ұстауға қауқарсыз екенін уақыт дәлелдеді. Дәстүрлі медиа мен жаңа медианың бәсекесіне құрылған ақпарат нарығында біріншісінің емес, кейінгісінің бәсі басым тұрғаны сондықтан. Дегенмен жаңа медианың дәстүрлі медианы алмастыруы қиындау. Өйткені, жаңа медиа тек құрал, ақпаратты тез, жылдам жеткізудің тәсілі. Осы тұрғыдан жаңа медиа сұранысқа ие болады. Бірақ дәстүрлі медиа өмір сүре береді. Себебі, ақпараттың негізгі мазмұны өзгерген жоқ. Бар болғаны оны жасау тәсілі жаңарды. Бәріне уақыт төреші. Болжам жасаудың қайырлы іс емес екеніне күн өткен сайын көзіміз жете түсті. Кезінде кино пайда болғанда дуалы ауыздар театр өледі деп даурыққан еді. Газет шыққанда кітап келмеске кетеді деген болжам айтылды. Ал интернет ақпарат нарығын жаулай бастағанда баспасөз құрдымға кетеді деп шуласты жұрт. Бәрі де жел сөз екенін уақыт дәлелдеді. Театр көрерменін, кітап тұрақты оқырмандарын жоғалтқан жоқ. Ал телевизия мен баспасөз жаңа ғасырға бейімделу сатыларынан өтіп жатыр. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген Міржақып атамыздың сөзі өз өміршеңдігін жойған жоқ. Мемлекеттік тілде шығатын басылымдар – ұлттық қауіпсіздігіміздің басты тірегі. Сондықтан да, заман ағымы жаңа жетістіктерге жетелесе де, өмірлік ұстанымымызды қалып-тастыратын газет-журналдың бағасы біздің өмірімізде өзгермейді дегім келеді.

Жанеля Қадырқұлова

446 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы