• Руханият
  • 01 Мамыр, 2020

Шебер Құдайдың туындысы (Эссе)

Аудитория. Есіктен кіре салысымен шеткері орынға келіп жайғасып, ешкімде де, ештеңеде де шаруасы жоқ отырған студенттің құлағы ұстаздың «Шарын шатқалы» деген үнін оқыстан естігендей селт ете қалды. Міне, осыдан бастап-ақ сол бір жаныма ерекше болып сезілетін сенбіні асыға күттім. Алтайдың алты қырын асып, Париж, Лондон, Дубайға сапар шегетіндей жүрегім ерекше қуанышты сезінді. Несі бар? Сол Париж, Лондон, Дубайдың тұрғындары осынау Шарындай кереметті бір көрсем деп ағылып келіп жатқан жоқ па? Тым өзгеше толқыныс, өзгеше бір ой бойымды билеп көзімді аштым. Апырай, ұйықтап қалдым-ау. Неге оятқыштың үнін естімегенмін. Жылы төсектен өзін-өзі жұлып алған жандай сағатқа қарадым. Жүрегім жай тапты. Иә, сол күнгі толқыныс пен қуаныш ұйқымды ұрлаған екен. Іштей үлкен жақсылықты, үлкен шабытты сезсек те, сапарымыз мұндай әсерлі боларын кім білген?! Жол бойы өлең, поэзиямен сусындап, Шарын шатқалына келіп қалғанымызды аңғармай да қалыппыз. Автобустан түсе салысымен бәрінің танаулары үлкейіп, көздері дөңгеленіп, соққан самал да, салқын желге жүздерін тосып, таза ауаны қайта-қайта жұта берді. Екі қолын екі жаққа құлаштай сермеп, алғашқы әсермен бірі «Шарын» деп, бірі «Тұран» деп айғай салды. Әрбіріміздің арқамызға мінген ауыр жол сөмкелерге қарамастан, тау ішін шарлай жөнелдік. Бір топ болып шыққан біздер, таулардың сұлу сиқырына елітіп, қалай бір-бірімізден бөлініп кеткенімізді аңғармай да қалыппыз. О құдірет! Мұндай ғажап болар ма?! Дәл осындай қайталанбас мекені бар Қазақстан расында да бағы жанған ел екен ғой. Ежелгі тарихтан қалған көне қаланың орны дейміз бе, жоқ әлде аңыздардағы секілді сиқыр күшімен тауға, тасқа айналған тіршілік иелері дейміз бе? Қалай десек те жарасады. Саусағыңның ұшымен шертіп қалсаң төменге қарай құлдыйлайтындай көрінеді кейбірі. Расында, осы тастарды ұстап тұрған қандай құдіретті күш?! Әр қадам басқан сайын жүрегімнің соғысы жиілеп, аяқтарым еркіме бағынбай алға қарай адымдай түсті, тоқтауға, дем алуға да мұрсат берер емес. Мысырдағы Хеопс болмаса да, оның айналасына шоғырланған ірілі-ұсақты пирамидалар, суға кеткен «Титаниктің» бөлігі, «Аризон толқыны» керек десең құмды аңғарларды да кездестіресің. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі бар керемет осы Шарын шатқалына келіп шоғырланған-ау деген ойға қалдым іштей. Жер ананың бауырына қысқан таулары бірінен-бірі өткен сұлу, табиғаттың таңғажайып сыйы. Бұл жерді алқаптар ғимараты тіпті қызғылт қамалдар иірімі десе де болады. Шатқал өзіне келген адамды өзгешелігімен баурай түседі. Табиғаттың тылсым сырын ішіне бүккен шатқал жардан төмен қарай бұралаң күйі ағараңдап жатқан жалғыз аяқ жол арқылы өзіне жетелейді. Жан-жағыңнан қоршаған таулардың бірі өзіндік тау келбетін көз алдыңызға әкелсе, енді бірі ғайыптан пайда болған жұмбақ мұнара секілді көрініс береді. Шарын шатқалының тіл жетпес табиғатын, сыйлайтын ерекше әсерін қанша айтсақ та, көзбен бір көргенге жетпейді-ау. Екінші мәрте, тіпті үшінші, төртінші мәрте барсамда аузымның суы құрып әңгімелеуден, тауларына таң қалудан жалықпас едім. Әр барған сайын Шарынның шатқалдарын жаңа бір қырынан танитынымды да анық білемін. Өміріміздегі көп мәселелер, іштей уайым болған жағдайлар, қаланың у-шуы, өзге дүниенің бәрін бір сәтке ұмыттырып, жаныңды рахатқа бөлеп, ертегілер еліне апаратын, ерекше құтты, қасиетті мекен. Алып таулардың керім келбеті көз қарықтырады. Ақ жолақ белдеулер сан ғасырлық тарихтан сыр ақтарғандай. Бірде мүсін кейпінде, бірде киіз үйлі ауылды көз алдыңа әкелетін құзар жартастың қылығына қызықпасқа болмайды. Жер мен таудың мың сан қатпары түрлі бояумен көз алдыңда тұр. Аспан астындағы мұражай дерсің. Сол мұражайды аралай жүріп, қалай уақыттың зымырай өткенін білмей де қалдық. Алған ерекше әсерімізбен автобусымызға қайта міндік. Алыс жолды жүріп өткенімізге қарамастан ешкімнің жүзінен я шаршағандықтың, я өкініштің белгісі байқалмады. Шабытымызға шабыт қосқан Шарын шатқалына арнап бір шумақ болсын жыр жазбау, бұл тұста әбестік боларын білемін. Бойымызды кернеген толқыныс жыр шумақтарын туғызбай қоймады:

Таулар жерде таласады бұлтпенен, Таулар қызғылт күйдіргендей отпенен. Таулар Шарын шатқалында көрерсің, Жазатұғын сұлулығын том-томмен.

Жер ана бауырына салып ап, Тербетеді асқар тауын ән шырқап. Гуілдеген тау арасы желменен, Өзенге кеп қосылады сарқырап.

Қатпарланған әжімдей боп жүзінде, Қарт таулар тұр қалғып-мүлгіп, қалжырап. Тарихты да өз көзіммен көрдім деп, Шірейтіндей маңғаздана, жалтырап.

Көрдім дейді кешегіні, бүгінді, Содан болар елжіретер көңілді. Тұнып тұрған тауларына көз салсаң, Бейнелейді өтіп жатқан өмірді.

Гүлдана Ермекқызы

356 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы