• Руханият
  • 30 Наурыз, 2020

Бақытты адам

Болат Шарахымбай

Ұлытаудан біреу телефон шалды. Шынымды айтайын, мен үшін күтпеген жайт. Ұлылар мекені – Ұлытаудан хабарласады деп кім ойлаған!.. Сымның ар жағындағы дауыс: –Бөке, бұл сіз бе? – деп сұрады ай-шай жоқ. –Иә, менмін! – дедім дауысымды барынша жұмсартуға тырысып. –Сізді мұншама оңай тауып аламын деген жоқ едім. Адамды қинамай табыла салғаныңыз қандай жақсы болды... Сізді «эфирден» жоғалтып алдық қой. Баспасөзден де көрінбей кеттіңіз. Ізім-қайым... Алғашында бірдеңеге ұшырап қалды ма екен деп ойладық... –Не болып қалуы мүмкін? –Білмеймін ғой, өмір болған соң өз хикметтері бола береді де... Сосын неде болса іздеп көрейінші деп шештім. Таныс кісілер арқылы телефон нөміріңізді іздестіріп тауып алдым... Оңай табыла кеткеніңіз қандай жақсы болды... Иә, не ғой... Егер мазаңызды алсам кешіріңіз. Айтпақшы , сіз бейуақта қоңырау шалып отырған кім деп отырған шығарсыз? Іздеп әуре болмаңыз, бәрібір есіңізге түсіре алмайсыз. Біз жүзбе-жүз кездеспеген таныстармыз. Мен сізді тек өлеңдеріңіз арқылы ғана танимын. Сіз мені танымайсыз... Мен одан әрі үнсіз тыңдауға көштім. Ол сөйлей берді. –Иә, сіз мені өлеңмен ауыратын ауыш деп отырған шығарсыз. Ол – рас. Бірақ, біліп қойыңыз, мен өлең жазбаймын, жай оқырманмын. Жұрттың бәрі өлең жазумен айналысып кетсе, кім оқырман болмақ?! Солай емес пе?! Мен құдайдың құтты күні өлең оқимын, әсіресе таңертең... Дауыстап, мәнерлеп оқуға дағдыланғанмын. Осылай оқысам жаным жай табады, жолым болады. Неге екенін білмеймін, рахат бір сезімге бөленемін. Сізді жер-көктен іздеп, хабарласып отырғанымның себебі де осы өлеңнің кесірі... Сіз не, өлең жазуды қойып кеткеннен саусыз ба? Жоқ, сіз өйтіп өлеңге қылмыс жасамаңыз. Сізге өлең жазу керек. Сіз өлеңге керексіз!.. Мен бірдеңе демек болып едім, ол тағы да киіп кетті. –Жо-жоқ, сіз менің алдымда ақталмай-ақ қойыңыз, мен ешқашан өтірік айтпаған адаммын... Жалпы, өлең жазылмай жатыр деп күпірлік жасай алмаймын, өлең жазылып жатыр. Өлең жоқ емес, көп, бірақ күткендегідей емес... Қазіргі өлеңдерде бәрі бар, ой бар, тіл бар, ұйқас бар, бірақ жүрек жоқ, от жоқ, жылу жоқ, кір-қожалақ. Білесіз бе, оқырман жағасы кірлемеген, жаны былғанбаған өлеңге зәру... Өзін Жәнібекпін деп таныстырған телефон сымының ар жағындағы бейтаныс жігіт осылайша өлең туралы біраз ойымен бөлісті. Оны бақытты адам деп ойладым мен. Бақыты неде? Өлең жазбайтындығында! Иә, өлең арқылы бәсекелеспейтіндігінде, тәжікелеспейтіндігінде, бастысы босқа уақыт өлтірмейтіндігінде. Есесіне ұйқысы тыныш. Өлең жазбай-ақ поэзияға үлесін қосып жүр. Өз қызметіне, өз ұстанымына, өз ақындарына адал. Өз жанына жақын ақындарды іздегені үшін-ақ ол сөзсіз үлкен құрметке лайық. Шынайы әрі шыншыл. Адам баласына бұдан артық бақыттың керегі бар ма?!.

422 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы