• Руханият
  • 27 Наурыз, 2020

ШАРАСЫЗДЫҒЫМНАН КҮЛЕМІН

 Ербол Исаханов

Артына қалдырып қасірет ғасырды,

Аяқтап үлгермей өлеңін ақырғы,

Ұсталып жазықсыз жаламен,

Ірі ақын, ұлы ақын атылды.

Құлады,

Көзінде тек жалғыз сұрағы,

«Қалайша кінәлі?»

Көк аспан күңіреніп,

Қара жер қойнына алуға

қия алмай жылады.

Аттырды ақынды, кім атқан?

Арыла алмадым осы бір сұрақтан.

Жауабын іздедім мұрасы

артында қалдырған мөп-мөлдір бұлақтан.

«Құлагер»

Шапқылап болмайын босқа тер,

Жауап бер,

Әр жерін сұраққа ап,

Отырмын беттерін парақтап,

Алдымнан Батыраш көрінді

Алақтап.

Сенсің бе?

Кінәң бар жүйрікті атқызған елсізде,

Ал бірақ ақынға оқ ату

Қолыңнан келсін бе?

Табылып қалар деп жауабы

Парақтап «Күй», «Күйші», «Даланы»,

О тоба!

Қолымнан сырғанап,

Тырс етті еденге қаламым.

Құдай ау!

Бұл қандай мазағы,

Ел жерін сүйгені үшінде

Бола ма кінәлі жазалы?

Басқасын айыптап қайтейін

Ал қазағы, қазағы?..

Ақынды атқызды ,өлтіртті,

Ал сонда сол қоғам не ұтты,

Бұл қоғам не ұтты,

Бұл қоғам нені ұқты?..

***

Барлық ғұмыр аяқталар бір сөнбек,

Тірлігінде белгі салып өлсем деп.

Ойлады ма жанып тұрған май шамға,

Ұмтылды да күлге айналды көбелек.

Саналды ма ұмтылғаны жарыққа,

Миға қонбас кешірілмес айыпқа.

Көбелекті өртеп жағып жіберді,

Жатпастан-ақ байыбына барып та.

Қараңғылық жер бетіне байлана,

Жарығына құштар болар айнала,

Өзін-өзі балағандай май шамын

Заңғарында мәңгі жүзер Айға да.

Таң қылаңдай шам да майын тауысты,

Жанып бітті ол да күлге ауысты.

Кеше кешке өзі жағып жіберген,

Көбелектің күліменен қауышты.

***

Мазасыздау, таусылмайтын сұрағы,

Тобыр топқа ұқсамайтын тұр әні.

Байқап тұрсақ небір мықты дүние,

Жанын жеген жындылардан шығады.

Ол – көбелек, жанып тұрған сіз отсыз,

Келер күнде мен де, сіз де – біз жоқпыз.

Сәуле іздеген балғындарды жарықтан,

Өртеп алып жүрмейікші себепсіз.

***

Туып өскен ауылға,

Жиналам жылда баруға.

Бітпейтін тірлік кимелеп,

Кейінге ылғи қалуда.

Сыйласып жүрген жолдасым,

Шақырып еді тойына,

Шығып қалып жұмысым,

Қалдырдым шетте оны да.

Өткенде сыныптастарым,

Бас қосып еді ауылда,

Баяғы бара алмастығым,

Үндемей қалдым тағы да.

Бітпейтін бәрі шұғыл іс,

Күні бойы жүгіріс.

Таң атар да кеш батар,

Өзгермеген құбылыс.

Әкемнің замандастары,

Отыр ма екен орнында,

Барғанда ауылдастарым,

Қартайған мені таныр ма?

***

Бұл өмірге келдік біздер не үшін,

Жаратқанмен болды қандай келісім.

Адамдардың тірліктегі арманы,

Талпынбаса бермейді ме жемісін.

Даулас дейді кіммен неге дауласам,

Бар адамды бірдей көрген жан болсам.

Ертең сатып кететінін білсем де,

Ісі түссе жауыма да қарасам.

Күрес дейді кіммен қалай күресем,

Ібілістің бет-әлпетін білмесем.

Аңғалмын ба, аңқаумын ба әлде мен,

Біреулерге рас кетіп жүр ме есем?

Көңіліме қонбай ешбір басқасы,

Өмір сүру болмай үлгі, нұсқасы,

Ата-баба өткенінен үйреніп,

Болғандаймын өз жолымның ұстасы.

Тілім үшін, дінім үшін күрестім,

Көкбөрінің көкжалымен үндестім.

Әуре болып ауласында білместің,

Ертеңіме алаңдаулы күй кештім.

Рушылдармен қазақ бол деп дауластым,

Дауласам деп жарға ұрылып, шоқ бастым.

Бөлінгенді күнде келер бөктерер,

Мен олардың ауылында болмаспын.

Болсын десек отанымыз мәңгілік,

Бас идея қажеттігі заңдылық.

Қазақ жерін мекен еткен халыққа,

Ортақ жалғыз құндылық.

Ал әзірге нені біліп, нені ұқтым,

Талапайлар айтар уәжі берік тым.

Әр жемістің пісетін бар уақыты,

Мен өмірге сәл ертерек келіппін.

***

Жалғанда жалғыз жазықсыз

болар жүрегім,

Бар менен жоқтың арқалап арман тілегін.

Мөлдір бұлақтың тереңін іздеп жүдедің,

Тұрлаусыз өмірдің таба алмағанда тірегін,

Шарасыздығымнан күлемін.

Жалғанға сеніп жазықсыз жетім ойларым,

Жүрегімді жүндеп жеңісіңді талай

 тойладың.

Қиялыңа мініп щарықтап кетсең де

айға мың,

Шабытыңа шалқып әлемді түгел

 шарладың,

Таба алмағанда тұрлаусыз өмір

байламын,

Таяқ жейтұғын соңында сорлы бармағың.

***

Қоғам мынау көз көрген,

Іс тындырмай сөз терген,

Орындалмас сөз берген,

Қара халық қамығып,

Жұмыс таппай сенделген.

Ана тілін менсінбей,

Шет тілдерді меңгерген,

Жат тілінде сөйлеген.

Қазақ өзі қазағын,

Өзгелерден кем көрген,

Өзгенікін жөн көрген.

Надандарға дем берген.

Тәуелсіз ел болғанмен,

Ештеме жоқ өзгерген.

Көңілін аулап баршаның,

Мұңыңда мүлгіп шаршадың.

Дауласқан даулы қоғамға,

Бар ма, жоқ па айтарың.

Бар менен жоқтың арасы,

Қаптаған қиял моласы.

Жетімек ойлар жетелеп,

Жеткен жерім, бары осы.

***

Саясат деп сығаламаймын,

Мен оны ұға да алмаймын.

Өз елін бағаламағанды,

Кім болса да бағаламаймын.

Екі империяның арасындағы,

Үш мәдениеттің ортасындағы

халықпыз.

Тарихтың тезінен,

Тағдырдың өзінен

аман  қалыппыз.

Қаншама жерден кескілегенмен,

Әлі де  алыппыз.

Өр мінез қазақтығымды,

Көре алмайтындар бар-ау азат күнімді,

Екі жүздей елдің арасында

Дара   тарихымды жазатындығымды...

Ешкімді  кінәламаймын.

Ештеме де ұға да алмаймын.

Бағасын болашақ берер,

Қараламаймын, бағаламаймын.

 

572 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы