• Бас мақала
  • 02 Наурыз, 2020

КӨҢІЛ және КЕҢ ДАЛА

Зулаған көліктің артындағы шаңнан жүріп өткен жолымыз көрінбейді. – Келдік, – деді. Ернұрдың сөзінен келгенімізді емес, көлігіміздің бұзылғанын аңғарып, ақырын есікті ашып, мен де сыртқа шықтым. Төртінші сыныптан бері көлік тізгіндеген досымның бұл жолы әкесіне қоңырау шалғанынан-ақ жағдайдың мүшкіл екеніне көзім жетті. Тас-түнек қараңғы. Өлі тыныштық. Желдің уілінен жолдың шетіндегі бір-біріне соқтығысып, сыр-сыр еткен қамыс атаулының дыбысы ғана. Көлік оңайлықпен оталар емес, әйтсе де интернаттағы бітпейтін оқу мен сарбаздардың өміріндей белгілеп қойған күнтізбеден тыс, алаңсыз өткізген бірнеше күн көңілге тыныштық, бойға қуат, алдағы күндеріме жігер сыйлағандай... Сенбі. Түскі уақыт. «Кеңес» ауылы. Әдеттегідей әмиянымнан үш жүз теңге алып, жүргізушіге бердім. Көліктен түстім де, жолдорбамды асынып, үйге кірдім. Анаммен қауышқан соң бірден киімімді ауыстыруға кірістім. Бұл жолы да әкем алыс жолда, жұмысында еді. Жеңіл сөмкеме бір-екі киімімді салдым да: – Мам, мен кеттім, – дей бергенім сол еді, – Балам-ау, келгеніңнен кеткенің тез болды ғой, – деді анам сағынышқа толы көздерімен. – Бір-екі күн боламын да қайтамын, уайымдамаңыз. Жаратқанның құдіреті-ай десеңші, анам да жүзіме бір қарағаннан жан-дүниемді айтқызбай-ақ түсінгендей. Бұл фәниде анаңның құшағынан ыстық не бар?!. Анамды құшақтай сала есіктен шыға бергенім сол еді: – Байқап жүр! Атпен шабамын деп бір жеріңді майып қылып алма, – деген дауыс естілді ас үйдің терезесінен. – Хорошо, мам! – деп орысшалап жауап қайтардым да, досымның үйіне қарай тарта жөнелдім. Жүз адым аттағаным сол еді, алдымнан Ернұрдың көлігі көрінді. Жолдың шетіне тоқтап,терезесін түсіріп: – О, Жохабай, тілегенге –сұраған. Уақытында шықтың ғой, секір машинаға! – деді. Арқа-жарқа боп құшақтасып, көлікке отырдық та, жолға шықтық. Ернұр орта бойлы, төртпақтау келген, қысық көз қара торы жігіт. Сөздің түбін түсіріп сөйлегенмен, көпшіліктің алдында топ жарып сөз бастауы сирек еді. Талай айтыстан қанжығасы майланып қайтқан досымның арасында жыр жазатыны да бар. Қатарларымның ішінде ағынан жарыла сырымызды айтып, бір-бірімізге өлеңімізді оқитын, саусақпен санарлық досымның бірі. Үстіндегісі – әскери сарбаздарға арналған қыстық форма, ала комуфляж. Бір жақсысы: бұл киім біздің ауылдың қара суығына да, қимылдап жұмыс істеуге де таптырмайтын дүние. Қалтасы да көп, кірді де жақсы көтереді. Ернұрмен қыстаққа жеткенше ішіміздегіні айтып, жол қысқарттық. Буыны қатқан биік тұлға болмасақ та, кейде осылай өмір жайлы қозғайтынымыз бар. Тыраштанып, мән-байыбына түйсігіміз жете бермейтін даналық сөздерді де құр қалдырмаймыз. Қыстаққа жете бергенде алдымыздан алабай төбет – Аққоян, тағы да екі-үш асыл тұқымды аңшы тазы жан-жақтан үріп қарсы алды. Көңіліме қыстақтың осы тұсынан қазақылықтың, дала мәдениетінің, ұлы жазықтың иісі аңқып шығатындай көрінеді. Текті бабаларымыз «Ит – жеті қазынаның бірі, оның ішінде тазысы» дегенді бекерге айтпаса керек. Қалабай көкемнің қыстағы пәс орналасқан үш бөлмелі жер үй. Үйге жалғанған, жанында ошағы мен тапшаны бар бастырма. Ауласы темір шарбақпен қоршалған. Күншығысқа қарай мал шыбығымен қоса жеп, одан қалса көрші қыстақтың түйелері «мазасын алған» қос қара тал өсіп тұр. Ернұрдың ата-анасы мені туған баласынан кем көрмейді. Менің де құрметім соған пара-пар. Көліктен шыға сала амандасып, жол-жөнекей ауыл шетіндегі артезиан құдықтан құйып алған суды түсіріп жатырмыз. – Балам, әке-шешең қалай? Сабағың жақсы ма? – деп менімен жөн сұрасқан соң бізге тапсырмасын беріп, Ернұрдың ата-анасы жолға жиналды. Сүт пісірім уақытта біз келген көлікпен олар да ауылға қарай тартты. Менің қыстаққа үш күндік кезекті сапарым осылай басталып еді. Ұлы жазықтың ауасы да өзге. Нағыз таза ауа тауда да, бауда да емес, осы өлкеде деп білемін. Таңсәріден тұрып, өкпеңді толтыра дем алғанның өзі ғажап қой! Отар қойды жайылымға жаю, жылқыға құрық салу – бәрі-бәрі әлі күнге ата-бабамның тұрмысындай. Ошаққа піскен ас, табаға көмілген нан, самаурынның шайы, балғын, нәрлі қымыз... Жүйрік жылқыға мініп, желмен жүйткіп жарысқанда нағыз еркіндік те, азаттық та өн бойыңа толысады. Атқа мінудің де, ат әбзелдерінің де өзіндік мәдениеті бар. Жылқы мінген жас баланы қиыршық тасына дейін тарихқа толы дархан дала алақанына салып, әлдилейтіндей көрінеді маған. Бұл даланың топырағы да көз сүртерліктей киелі. Қаланың күйбең тіршілігінен шаршаған, қазақылықтан мақұрым қалған, дала киесін, тарихын ұмытқан адамдарды көрсем, кейде Ернұрдың қыстағына тым құрығанда үш күнге салып алғым келеді... Қазаны қайнап, тұрмысы сайрап тұрған қыстақ тіршілігінде осылай үш күнімнің өте шыққанын да байқамай қалыппын. Ауылға қайтатын уақыт келді. Ернұр екеуміз көк «Ниваға» отырдық. Ауыл мен қыстақ арасы жиырма шақырымдай. Күн ұясына әлдеқашан батқан. Зулаған көліктің артындағы шаңнан жүріп өткен жолымыз көрінбейді. – Келдік, – деді...

Жомарт ЕСҚАРА

633 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы