• Білім-ғылым
  • 28 Ақпан, 2020

Білетінің бір тоғыз...

Сіз білесіз бе?

Компас сілтеген бағыттан тайма!

Адамға магнит рудасының сыры өте ерте замандардан бері мәлім. Ол алғаш рет Кіші Азиядағы Магнезия деген жерден табылды. Оның аты да сол жердің атына сәйкес қойылса керек. Магниттің темірді тартатын қасиеті талай-талай ғажайып аңыздардың тууына себепші болды. Плинийдің «Табиғат тарихында» Үнді өзеніне таяу жерде ерекше қасиеті бар екі тау тұрғаны жазылған. Аңыздың айтуына қарағанда оның біреуі түбіндегі өзен арқылы өтіп бара жатқан кемелердің бойындағы темір атаулыны, олардың барлық шегесін тартып алады екен де, шегесі суырылып алқа-салқасы шыққан кемелер суға батып, опат болатын көрінеді. Ал, екінші таудың кереметі сол, ол өзіне маңайлаған темір біткенді жойқын күшпен кері серпеді екен. Магнит таулары жөніндегі мұндай әңгімелер «ғылыми куәлердің» деректерімен толықтырыла түсті де, ертедегі орта ғасыр теңізшілерінің арасында ерекше кең тарады. Содан да шығар, магниттің киелі қасиеті жайындағы лақап әбден зердесіне сіңіп қалған теңізшілер көп уақытқа дейін компасқа үрке қарап, оны жын-шайтанның қолынан шыққан зат деп жуымай жүрді. Қытайдың көне жазбаларында компас жайлы жазылған естеліктер аз емес, бірақ онда магнит тілі жайлы дерек кездеспейді. Себебі ерте дүниеде қолданылған компастарда мұндай тетіктің қызметін кәдімгі «қасық» атқаратын. Әуелде мұндай құрал мүлде басқа мақсаттар үшін пайдаланылды. Яғни, тәңірінің шапағаты түсетін орынды, былайша айтқанда, үй салуға, қабір қазуға қолайлы жерді анықтауға қызмет етті. Ал, магнит тілі тек VII ғасырда пайда болса керек. 720 жылдар шамасында «будда» дінін уағыздаушы, әрі астроном И-Синг магнит тілінің құбылып тұратынын бірінші болып байқады. Яғни, оның солтүстік пен оңтүстікті үнемі дәл көрсете бермейтінін аңғарады. Ал еуропалықтардан мұны тұңғыш байқаған адам – Христофор Колумб.

Қылқалам

Графика

«Графика» деген сөз гректің «qrapho» – «жазамын», «суретке саламын» деген сөзінен шыққан. Ол – сурет салу өнері. Қарындашпен, тушьпен салынған суреттер немесе әлгінде ғана әңгіме болған гравюралар графикаға жатады. Графика өнерінің туындыларын тек көрмелерде ғана емес, күнделікті тұрмыста да жиі ұшырастырамыз. Бала кезімізден кітапқа, оның ішіне, мұқабасына салынған түрлі түсті суреттерге сүйсінеміз. Кітаптағы сол суреттердің бәрі кітап графикасы деп аталады. Сонымен қатар, қосалқы, қолданылмалы графика да болады. Мәселен, біреуді мерекемен құттықтағымыз келсе, қатырма ашық хат пен оған жапсыратын марка сатып аламыз. Ашық хат та, марка да суретшінің қолынан шыққан. Ал, әлгі әр алуан қорап-тардың, пакеттер мен шыны сауыттардың сыртындағы ала-бажақ жапсырынды қағаздарға – жарлықтарға назар аудара да бермейміз. Шынтуайтқа келгенде, олар да суретшілердің туындылары. Міне, осының бәрі қолданылмалы графикаға жатады.

Артық болмас білгенің

Жануарлар қанша жасайды?

Иттердің ең өмір сүру рекорды 34 жыл, бірақ біздің бұл достарымыз 20 жасқа дейін сирек жетеді (орташа 18 жыл). Бұған қарағанда мысық ұзақ өмір сүреді, ол – 39 жасқа дейін жасайды. Егерде үйдегі жағдайы жақсы болса, олардың көпшілігі 20 жылдан аса өмір сүреді. Теңіздегі сүтқоректілер ішінде ұзақ өмір сүрудің рекорды киттерге тиісті, олар 37 жасқа дейін жасайды. Құстардың ішінде бәрінен де аққулар (170 жасқа дейін) көп жасайды, одан кейін бүркіт (90 жас), қарға (69), үкі (68) бірқазан және кондор (52) ұзақ жасайды. Асыранды құстар ішінде тоты неғұрлым ұзақ өмір сүреді. Кейде олар 140 жасқа дейін жетіп, ұлғайып қартайған сайын қасқаланып, алжи бастайды. Қаз орта есеппен 44 жыл, үйрек 14 жыл өмір сүреді. Әр түрлі кішкене құстар 10 жасқа дейін жасайды. Ал, бұларға шымшық құсты қосуға болмайды, ол 23 жасқа дейін өмір сүреді. Кейбір балықтар да ұзақ өмір сүрушілер қатарына қосылады. Мәселен, тұқы әдетте 47 жыл жасайды, жылан балық – 36 жылға дейін, алтын балық – 30 жылға дейін, камбала – 25 жылға дейін өмір сүреді.

Дайындаған Салтанат ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

758 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы