• Руханият
  • 22 Қаңтар, 2020

ТІЛМЕН МӘҢГІ ҚАЗАҚТЫҢ АЗАТТЫҒЫ

Тіл әрбір ұлтты ұлт, елді ел болып қалыптас-тырушы және жасаушы фактор. Ешқашан ұмытылмайтын ерен ерліктің айғағы, ертеңгі күнімізді айқындаушы, яғни кешегіміз, бүгінгіміз, ертеңгіміз. Адамды жануарлардан ерекшелейтін және адам ететін ең бірінші Отанына, халқына және тіліне деген өшпес махаббаты. Әуелі, өзіміздің ана сүтімен бойымызға дарыған, ғасырлар бойы атадан мұра болып қалған құнды жәдігеріміз – қазақ тілі жайлы сөз ете кетейік. Қазақ тілі еліміз тәрізді еркіндікке ұмтылған тәуелсіз және өзіндік ерекшелігі бар тіл екені бәріне мәлім. Нұртас Оңдасынов: «Қазақ тілінің орамын, бұрамын тауып, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, текемет оюға болады» деп кеткен екен. Айтқаны керемет-ақ екен, алайда сол орамы мен бұрамын іздеген жан бар ма екен? Шынымен пайдалана білсең, небір сиқыр жасауға болатын еді. Бірақ бұл кезде өз тілінен өзі ұялып, сөйлегісі келмейтін ақымақтар мен ойлағаннан да көп екен. Өз кезінде қазақ тілін олай да, бұлай да сайрата білген небір шешен адамдарымыздың артынан қалғаны тек осы осы болса өте өкінішті. Осындай кезде К.Г.Паутовскийдің: «Өз тілін құрметтемейтін адам – жәндік» дейтін айтса ойып түсірер сөзі еріксіз ойға келеді. Мұндай ойдың келуіне өмір сүріп жатқан қоғам әсер етпей қоймас.Қазақ тілін қалай болса солай қолдану, тілді бұрмалау, тіпті төл сөздерімізді білмей жататын жағдайлар көп орын алып жатады. «Қазақ тілі мұншалықты жатық әрі анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе» дейді Ыбырай атамыз. Бұл сөздер астарында қандай шындық жатқанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіліміздің өмірінде айтулы орын алған мәселелердің біріне үш тіл бағдарламасы айналды. Үш тіл заман талабы деп айтатындар сияқты, бұл үш тілдікті керек санамайтындар қатары да жеткілікті. Ал бұл мәселе аясындағы менің пікірім, «жеті жұрттың тілін біліп, жеті түрлі білім білу» артықтық етпес. Біздің мақсат – білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару болса, неге басты үш тіл бағытын ұстанбасқа? Бұдан бөлек, халықтың ойлау қабілеті мен санасының жетілуіне үлкен әсерін тигізер еді деп ойлаймын. Жаңа өзгерістерден қашқақтай беретін болсақ, болашақта еліміздің алдына қойған мақсаттарына жетуіміз екі талай. Осыған байланысты дүниежүзінде ең көп сөйлеушілері бар тіл дейтін кішігірім сауалнама жүргізген кезде, көбісінің жауабы ағылшын тілі болған еді. Алайда, статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, ең көп сөйлеушілері бар тіл – қытай тілі екен. Қытай тілінде 844 миллион адам сөйлесе, ағылшын тілінде 434 миллион адам сөйлейді екен. Сонымен қатар, қытай тілі қаншалықты қиын болса да, бұл тілді оқуға ынталылар саны көп екен. Ал қазақ тілінде сөйлеушілер саны 16197000 адамды құраса, әлі де үйренгісі келетіндері қаншама. Ал кейбір Еуропа мемлекеттерінде тілге деген өзіндік ерекше талаптар бар көрінеді. Мысалы, Германия елінің азаматтығын алу үшін, ең алдымен неміс тілін қаншалықты жақсы білетінін тексеру мақсатында тест алу үрдісі қалыптасқан. Ол тест қиындығы біздің мектеп емтихандары тәрізді болады. Сонда ұлтың неміс бола тұрып, тесттен өте алмасаң, саған өз еліңнің азаматтығы берілмейді. Тілге қаншалықты қатал талап болғанымен, өз тілің мен еліңді бағалауға үйретеді. Қазіргі қоғамның өзекті мәселесіне айналған тағы бір нәрсе – әліпбидің латынға ауысуы. Бұл біздің қазақ тіліміздің тарихында маңызды рөл атқаратын мәселе. Бұл да біздің санамыздың өсуіне, тіліміздің болашағына үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі уақытта кириллицаны пайдаланатын мемлекеттер саны небәрі 12 екен, бұл өз кезегінде әлемнің 80%-ға жуығы латын әліпбиін қолданатынын көрсетеді. Яғни біздің латынға көшкеніміз әлемдік өркениетке бір сәт жақындай түскенімізді білдіреді. Бұл жолда латын әліпбиі пайдасын тигізбесе, теріс әсер етпесі анық. Сондай-ақ қазіргі күні латын әліпбиі қоғам арасында айтарлықтай сәнге айналды дейтін болсақ, еш артық айтпаймыз. Жастардың латын әліпбиіне оң көзқараста екенін әлеуметтік желілерде пост жазуда латын әріптерінің кең қолдануы дәлел бола алады. Ойымды тұжырымдай келе, әркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне дей отырып, әр ұлттың өз тіліне, жеріне және халқына деген ешбір сезімге ұқсамайтын, жүрегіңді тебірентер бір ыстық махаббаты болады емес пе?! Қазақ тілін білмейтіндерді үйренуге, білетіндерді сөйлеуге және құрметтеуге шақырамын. Тіліміз болмаса біз ешкім емес екенімізді естен шығармайық.Біздің тәуелсіздігіміздің айғағы – тіл, қайда болсақ та бізді айқындап тұратын – тіл. Тіліміздің мәртебесі - еліміздің мәртебесі, ал тіл мәртебесі халықтың қолында. Тілді қаншалықты бағалап құрметтесек, соншалықты еліміздің еңсесі биік болады. «Тілмен мәңгі қазақтың қазақтығы, тілмен мәңгі қазақтың азаттығы» деп айтылған ұранды сөздермен аяқтағым келеді.

Аружан Аққұлова

417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы