• Бас мақала
  • 24 Желтоқсан, 2019

БІРЖҮРГЕН

(АҚЫН ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕК  ТУРАЛЫ САҒЫНЫШ СӨЗ)

Ол Алматыға ақын болып келді. Бір курс, бір топ, бір кафедрада бірге оқыдық. Кафедрамыз «Журналистикаға шеберлік» деп аталатын. Бір қызығы онда қойын дәптері жұлым-жұлым, іші үзік-үзік шумақтарға толы, әлдебір ұстазымыз айтпақшы кілең «жын қаққандар» жиналыппыз. Сағындық Рзахмет, Болат Қожаев, Қазбек Құттымұратұлы, Мұрат Тілеуберген болып тізім жалғасып кете беретін. Рая Ескендірова бастаған біраз жанашыр қыздар да жанымыздан табыла кететін. Балаң деуге келмейтін, бәлен деу-ге көнбейтін, өзіміз үшін өз биігіндегі өлеңдерімізді кез келген ортада өзеурей оқып, толқып-басылып жүретінбіз. Әмірханша айтқанда «беймарал». Бертін келе КазГУ-дегі көрші факультеттерге де көз тіге бастадық. Ондағы ой – өзімізге ұқсастарды өз қатарымызға қосып алу ғой. Филология факультетінен Әділ Ботпанов, Бауыржан Бабажанұлы, Батырболат Айтболатұлы, философия факультетінен Дидар Амантайлармен шебіміз нығайып, шекарамыз ұлғая бастады. Осы екі арада Тараздан арындап Маралтай, әскерден қатайып Әлібек Шегебайлар келе қалды. Бұл да бізге аз болды. Ептеп Алматыдағы барлық оқу орындарына дүрбі сала бастадық. КазПиден Алданазар, Қанат, Бақыт Беделхан, Ержан Алаштуған, Бағдат Дүйсен, т.б. дүрлермен бір толықтық. Бізге бұл да аздай көрінді. Гоголь көшесіне қарай ойысып, ҚызПИмен шекарамызды шегендесек дедік. Ниет дұрыс, бірақ ақын таппадық. Есесіне көшімізге небір мың бұралған биші, домбыра, гитара құшақтаған небір әнші-сазгерлер келіп қосылды. Бүгінде әндері саз әлемінің сәніне айналған Айгүл Бажанова, Жәудір Артықбаева сияқты сазгерлер сол кездегі көшіміздің еркелері еді!.. Әмірхан достың, Әмірхан бауырдың талай тәтті жырларына кейіпкер болған бір арудың қызығы мол сол бір қызды ауылдан екендігін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

***

Әмірхан қойындәптерсіз жүрмейтін. Қайда болмасын, қайда отырмасын, лықсып келе қалған ұшқыр ойлар мен тіркестерді әйтеуір ебін тауып түртіп отырады. Жылдам қимылдайды, жылдам жазады. Жазуы айдақ-сайдақ, әріп-таңбасы жержаңғақтай ірі. Білетінім – алғашқы жыр жинағы «Метаморфоза» сол қойындәптерге тиесілі. Ондай қойындәптер – блакноттың Әбекеңде бірнешеуі болды. Кәстөм атаулы киімілгішке ілініп, көгілдір көктем көйлегін сүйрей келген мезгілде ол кең шалбарға көшетін. Кең шалбардың қалтасы да кең. Блакнот салуға ыңғайлы... Тоңы сірескен сол бір тоқсаныншы жылдардың жастарында бүгінде көп ешкім киінбейді. Көлем – ықшам, көңіл – тар. Кейде кең киім киген әлдекімді көре қалсам, жүрек тұсым шым ете қалады. Иесі ақын болар деп...

***

Кітапқұмар болатын. Кітаптан кітап тудыратын. Дұрысы бір авторды бір авторға жетелейтін. Жүйелі оқу деген сол шығар. «Қасқыр Құдай болған кезін» түсіну үшін, тың болжамдары мен ой-түйіндерін салмақтау үшін де оқырманға Оның оқығанын оқу керек шығар, бәлкім?..

***

Жазғы демалыстың бірінде ауылы – Шардараға, қасиетті Жаушықұмына жиналып жатты. Бір сәт жұпыны студенттік дастарханымыздан бір тілім нан алды да, беторамалына орап, қап-қара дипломатының бұрышына ебпен жайғастырды. Білінер-білінбес ернін бір жыбырлатты. Ырымдады. Жолын мысық кескенді ұнатпайтын. Құйындай құйғытқан күйі мысықтың жолын өзі кесіп өтетін. Төлқұжатына айналған «Баба – ырым» атты өлеңінің кіріспесінде: «Бабалар ырымы бойынша тілі шығуы кешеуілдей бастаған сәбиге итаяқтан су ішкізеді екен. Сондай жағдай менің де басымда қайталаныпты», – дейді өзі. Жалпы тарихта есімі алтын әріппен жазылған талай айтулылар ырымға сенген. Демек, ырымшылдық – ескішілдік емес. Ол жаңаның басы, жаңғырудың бастауы деп білеміз.

***

Әдебиет ауылына Тәуелсіздікпен жағаласа ат басын бұрған ұрпақпыз. Бұрынғымыз баянсыз, алдымыз бұлдыр буын ек. «Қазаққа қазір 300 жігіт жеткілікті», – дейтін ол дербестікті баянды ету үшін. Одан бері де ширек ғасырдан аса уақыт өтті. Руханият әлемінде сәл де болса өрлеу нышаны байқалса, оған Әмірханның да қосқан үлесі бар. 300-дің бірі өзі. Ол даусыз.

***

«Жұмаққа жол жер арқылы барады». Тоқсаныншы жылдардың басында «Жас қазақ» апталығында студент Әмірханның осындай тақырыппен мақаласы жарияланды. Оқырман елең етті. Айтпағым Әмірхан журналистикаға хабар жазумен келген жорналшы емес. Ол оқырманды бірден ойлы да терең сараптамалық дүниелерімен баурап алған талант. Тіпті ол хабар жазуды өзіне ар санайтын. Оның байыпты мифолог, зерделі түркітанушы ретіндегі зерттеу еңбектерінің өзі бір төбе. Ол еңбектерге айтылар пікір, берілер баға уақыт еншісінде. Ол Алматыға ақын болып келді. Алашына ақын, азамат, білімдар зерттеуші ретінде танылды. Ойдың тереңіне сүңгіді, сөздің нәрлісіне жүгінді. Ғапыл дүниеден ғайып болғанша солай ғұмыр кешті. Жыр сүйді, жар сүйді, ұрпақ сүйді. Демек өмірі жалғаса бермек!

Жарас Сәрсек

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы