• Руханият
  • 24 Желтоқсан, 2019

ҮРІМШІ-ҮРІП АУЫЗҒА САЛҒАНДАЙ МЕКЕН

Таяуда Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының ұйғарымымен Қытайдың батыс өлкесіне барған болатынмын. «Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» халықаралық семинар аясында өткен сапарымыз Аспан асты мемлекетінің Үрімші қаласынан басталды. Үрімші Азия-Еуропа құрлығының кіндігіне, Тянь-Шань таулары орта бөлігінің солтүстік бөктеріне, Жоңғар ойпатының оңтүстігіне орналасқан. Үрімшінің үш жағын тау қоршаған, солтүстігі көсілген тұнбалы сектор пішінді жазық, шамамен теңіз деңгейінен 680-920 метр биіктікте орналасқан. Орта ғасырларда Үрімші өңірінде юйлүң (Ұрым) атты түркі тайпасы өмір сүрген және Үлнтай (Үрімтай) деген қала болған. Үрімші деген атау сол Үрімтай деген сөзден шыққан дейтін жорамал бар. Кейбір ғалымдар Үрімші моңғол тілінде «Көркем жайлау» дегенді білдіреді дегенді айтады. 16 ғасырларда моңғолдың ойрат тайпасы шығыстан ауып келіп, Үрімші өңіріне қоныстанды. 1755 жылы Чиң үкіметі қазіргі Үрімшінің Жюжяуан деген жеріндегі Миң көне қаласында бекініс-қорған салғызып, әскер тұрғызды, әрі оған «Үрімші» деп ат қойды. 1755-1757 жылдары Цинь патшалығы Жоңғар хандығын жойып, 1759 жылы бүкіл Шығыс Түркістанды бағындырып, Тянь-Шань өңіріне өз билігін орнатты. 1763 жылы Цинь патшалығы қазіргі Үрімші қаласының ішіндегі Хүң шань (Қызыл тау) маңынан қала-қорған салып, атын «Ди хуа» (ақыл көзін ашу, ағарту және келтіру деген мағынада) қойды. Сол кезден бастап қала құрылысы үздіксіз салынды. Цинь өкіметі Абылай ханмен келісу арқылы 1758 жылы Үрімшіден қазақтармен сауда жасайтын арнайы базар ашты. Сол жылы Қабанбай батыр бастаған қазақтың сауда делегациясы Үрімші базарына жылқы айдап барып сауда жасады. Содан кейін Үрімші біртіндеп Шығыс Түркістандағы негізгі сауда қаласына айналды. Батыс Қытайдағы мұсылмандар көтерілісі талқандалғаннан кейін 1884 жылы Ди хуа Шыңжаң өлкесінің орталығы болып белгіленді. Халқының саны 2 миллионнан асты. Оның ішінде қытай, ұйғыр, дүңген, қазақ, моңғол, қырғыз, т.б. 47 ұлт өкілдері бар. Ұлттар саны бойынша ең көп қалалардың бірі болып саналатын Үрімші Қытайдың батысқа ашылған маңызды қақпасы әрі сыртпен экономикалық, мәдени ауыс-күйісінің терезесі болып отыр. Осы кезде Үрімші әуежайы халықаралық және ішкі 61 әуе жолын ашты, ал, ел іші-сыртына 17 қос бағытты пойыздар қатынайды. Үрімші Шыңжаң почта-телеграф коммуникациясының торабы. Еуразия коммуникациялық оптикалық кабельдері, GSM сандық ұялы байланысы бар. Үрімші – Шынжаңның өнеркәсіп базасы, онда мұнай өңдеу, металлургия, электр қуаты, көмір, тоқыма өнеркәсібі, құрылыс материалдары, механикаларды тірек еткен химия өнеркәсібі, былғары өңдеу, баспа, азық-түлік, пластик тұтыну бұйымдары, жиһаз жасау сияқтыларға арналған біртұтас өнеркәсіп жүйесі бар. Үрімші қаласының ауыл шаруашылығы көкөніс, жеміс-жидек, орманшылық, шөп, гүл сияқты сан алуан шаруашылық түрі біріккен қала маңы ауыл шаруашылық арнасына жатады. Үрімші тұрғындары көбейіп, қала құрылыстары ұлғайғандықтан 1945 жылы Гоминьдан үкіметі Үрімшіге ресми қала мәртебесін берді. Қала 5 аудан және бірнеше ауылдық әкімшіліктен тұрды. 1949 жылы қыркүйек айында Үрімшідегі Гоминьдан үкіметі Қытай коммунистік партиясына бейбіт түрде өздігінен берілді. 1955 жылы Үрімшіде Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданы құрылды. Қала құрылысы мен мәдениеті 1980 жылдан бастап тез қарқынмен дами бастады. Қалада ауыр және түсті металлургия, трактор, автомобиль жөндеу, химия, цемент заттары, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, су және электро-станциялары, университет, педагогика, мұнай, ауыл шаруашылық институттары бар. Атырабында көмір өндіріледі. Қазір Үрімші қаласы Қытайдың батыс бөлігіндегі ең маңызды халықараралық сау-да орталығы. Соңғы жылдары Үрімші қаласында жаңа технология өндірісін дамыту ауданы құрылып қарқынды жұмыс істеуде. Қазақстаннан барған жалғыз журналист болғандықтан алғашында тек қытай мен ағылшын тілінде сөйлейтін ортаға тап болғанымда қатты абдырап қалдым. Алайда орыс тіліне жетік, қытай тілінің маманы, аудармашы Чень Цзецзюнь мені тығырықтан алып шықты. Үрімшіде 2 күн бойы террактіге қатысты лекциялар курсын тыңдап, Шыңжаң жерінде осыдан 10 жыл бұрын болған қанды қақтығыстарды видео роликтерден көріп, біраз жайға қанықтық. Қағаз өндірісі әу бастан жолға қойылғандықтан болар, елде белең берген елеулі оқиғалардың бәрі «Ақ кітапқа» жазылып, роликтерге басылып сақталуда. Соңғы кезде Қытай Халық Республикасы жаңа дәуірге тың серпінмен енгенге ұқсайды. Өйткені, үкіметтің атқарушы комитеттері білім-ғылым, әлеуметтік салалардың жұмыстарына бақылауды күшейтуде. Әсіресе, ауыл мәдениетін, экономикасын көтеруге баса мән берілуде. Шыңжаң көркемөнер театрының «Мукам» ансамблінің концертін көріп отырып, 20 сағатқа созылатын поэзиялық шығарманы жатқа айтатындардың әлі де ел ішінде кездесетініне көзіміз жетті. Халық музыканты Турда Ахунның ескерткішіне тағзым еттік. Ұйғырдың рауаб, тэмбар, дутар, даб, чжек, чан, қалым, нағыра, чема және тағы да басқа ұлттық аспаптарында ойнайтын, ән шырқайтын қыз-жігіттердің өнерлеріне тәнті болдық. Үрімшіде «Қызыл тауға» бардық. Үкіметтің атқарушы органдары білім, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салалардың жұмысын ұдайы қадағалап, қисығын түзеп, түзуінің одан әрі өркендеуі үшін жағдай жасауда. Осылайша, Үрімшінің көптеген көркем жерлерін 16 елден келген 20 журналистпен бірге аралау мүмкіндігіне ие болдым. 730 метрге созылған «Гранд базарын» көрдік. Онда 134 дүкен, 50 ларек бар. Азық-түлік, киім-кешектің, жеміс-жидек пен бау-бақша өнімдерінің алуан түрін, әуесқой көркемөнерпаздардың концерттерін тамашаладық, нан музейінде тандырдан жаңа түскен таба нандардың сан алуаны алдымызға тартылды. Ертесінде «China Southern Airlines» қытай азаматтық авиациясымен Ақсу қаласына табан тіредік. Бүгінгі күні 2 миллион 900 мың тұрғыны бар бұл қала 8 уезден тұрады. Ықылым замандарда сауда-саттықты жүргізу үшін түйе керуендері жүк тасыған өлкеде бүгінде әуе кемесі қалықтап, жол көліктері жүйткуде. Жаз мезгілінде ұдайы шаңды дауыл тұрып, Ақсу тұрғындарының денсаулығына, шаруашылығына айтарлықтай зиян келтірген аймақ бүгінде адам танымастай өзгерген. Сай-салалы, шатқалы көп, шөл даланы игеру ісі 1986 жылдан бастап қолға алыныпты. Тау қопарып, тасты жарып, тылсым табиғатқа түрен салу жұмыстарына кезінде тұтас армия, жергілікті халық жаппай тартылған. Әр жыл сайын өзгеріп жатқан жер көріністері фотоға түсіріліп, істеліп жатқан жұмыстар қағазға басылып, қатталып отырған. Пәленбай гектарға жеміс-жидек өсіріп отырған өңірдің тіршілігіне көңіл марқаяды. Әсіресе, ерекше өнім шығаруға ықыласты екендіктері байқалады. Мәселен Ақсудың бренді болып саналатын «Мин Чи алмасының дәл ортасында бір түйір қант тілге оралатынын сол жердегі мамандар айтып берді. Сондықтан да «Мин Чидің» қазақша баламасы «қытырлақ алма» деген мағына беретін болып шықты. Өкінішке орай, алдағы қазан айында пісетін бұл өнімнің дәмін тата алмадық. Бірақ, нарттай қызарған апорттардан көзімізді айыру қиынға соқты. Алматының алма бақтарында жүргендей әсерлендім. Ақсу шаруашылығы жыл сайын 50 мың тонна ауыл шаруашылық өнімдерін, 20 мың тонна экологиялық орам пленкаларын шығарып, осылардың 80 пайызын сыртқа экспорттайды. Осыдан кейін Вэньсу уезіндегі «Мицуйюань» экологиялық паркіне жол түсті. «Вэньсу» сөзі он өзен деген мағына беретін көрінеді. Жас өскін ағаштарды күтіп баптау жұмыстары кісі қызығарлықтай. Тамшылатып суару жүйесі іске қосылған, топтаса өскен теректердің, үйеңкілердің, қарағайлардың шоғыры айтарлықтай үйлесім тапқан. Сыңсыған ну ағаш, сызылған, сыздықтаған музыка. Парк ішінде егде жастағылар табиғат аясында күн сайын таңертеңгілік және кешкілік мезгілдерде, белгілі уақытта, мөлшермен дене жаттығуларын жасайтын көрінеді. Шөлейтті, таулы, шатқалды өлкені құлпырған бау-бақшаға, ал, сулы, батпақты жерді қалай демалыс аймағына айналдырудың үлгісін көріп таң қалғанымызды жасыра алмадық. Бұның бәрі арнаулы орындағы мемориалды залда видеороликтердің көмегімен келген адамдарға көрсетіледі. Алғаш рет сұп-сұр тау-тасқа жасыл рең жүгірген сәтінен бастап қазіргі құлпырған көркем табиғатты қалыптастыру үшін еңбек еткен адамдардың, жетекші мамандардың, басшылардың аты-жөндері, фото-бейнелері, бәрі-бәрі сыр шертеді. Темірдей тәртіпке бағынған ерен еңбектің, табандылық пен ертеңге деген сенімнің, топырақты өңдеу, құнарландыру, өлкені жасыл желекке бөлеу ісіне қатты мән берудің арқасында Ақсу халқы бүгінгі таңда жеміс-жидек өсірудің өркенді орталығына айналды. «Кэкэя» аймағын көгалдандыру жобасы бойынша жасалған ұлттық паркке де барып бой жазып, қыдырдық. Жаратылысынан ми батпақ болып қалыптасып қалған жер енді жергілікті халықтың да, туристердің де қызықтап әрі дем алу үшін келетін мекеніне айналған. Өйткені, табиғаттың болмысын бұзбастан сақтай отырып, көгалдандырып көркейтудің нәтижесінде сулы, нулы жерге жабайы үйректер, кейін аққулар ұшып келіпті. Паркте жарқ-жұрқ еткен шамдар жоқ, айқай-шуға, қатты музыка қоюға тыйым салынған. Бұның бәрі құстарды үркітпеуге, келіп жатқан жануарлардың тыныштығын бұзбауға негізделген. Ал, адамдардың таза ауа жұтып, тынығуы үшін ағаштан ойып жасалған орындықтар, үйшіктер өте көп. Жан-жануарлардың қатқан мүсіндері қасына барсаң қозғалысқа түсетіні қызық. Аққулар ұшып, қаз қонатын, балығы тулаған көлшіктері, адамдардың демалатын, қыдыратын орындары көп экологиялық паркте сирек кездесетін 2 мыңға тарта өсімдіктер мен сәнді ағаштар менмұндалайды. Шыңжаңда жүргенде түрлі жоғары оқу орындарында, музейлерде, көрмелерде, ал Ақсуда Иганьци, Қашқарда Авати ауылдарында жергілікті халық өкілдерімен жүздесіп, өмір салты мен тұрмыстары туралы әңгімеге қанықтық. Үкіметтің кедей отбасыларына жәрдемақы беріп тұратынын білдік. Сондай-ақ Ақсу жеріндегі Доланпянь ауданындағы Жэсытэцзям, Қашқарда Этигал мешіттерінде болдық, имамдардың салауатты сөздерін тыңдадық. Қашқардың «Мэйлиао» тоқыма компаниясын көргенімде өткен ғасырдың 80-шы жылдарындағы Алматы мақта-мата комбинатында келгендей жаутаңдадым. Мақтадан жіп иіріп, соңында мектеп оқушыларына киім тігіп жатқан цехтарға тап болдық. Бір қызығы, Шыңжаңда оқушылар біздегідей қатқан костюм-шалбар немесе ақ кофта мен юбка емес, бәрі де бірыңғай спорттық киімдердің түр-түрін киетін көрінеді. Ыңғайлы, ықшам, сапалы киім-кешектің сансыз топтамасына көз жүгіртіп үлгердік. Бір сөзбен айтқанда елін көркейтіп, экономикасын өркендету үшін бүкіл ұлт өкілдерін ұйыстырып еңбекке жұмылдыра білген Қытайға қайран қалмасқа шара жоқ. Ал, біздің елде әлі де ұйықтап жатқан ауылдар, Батысқа еліктеп адасып жүрген жастар баршылық. Жеке басының мәселесін шеше алмай көгілдір экранға шығып жұрттың басын қатыратындар, мемлекеттен жәрдем тілейтіндердің қатары көбейді. Олар еліміздің келешегі үшін жан салып еңбек еткенде ғана туған отанымыз гүлденетінін ескерсе екен деген тілек шет елде жүргенде ойымнан кетпеді.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

832 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы