• Бас мақала
  • 25 Қараша, 2019

Жұртын сүйген жүрек

«Ағылшындар үшін Шекспирдің, орыстар үшін Пушкиннің рөлі қандай болса, қазақ халқы үшін Мағжанның рөлі сондай».

Әлкей Марғұлан

Мағжан Жұмабаев поэзия әлемінде өзіндік орны бар, ерекше дарынды, өр рухты, қайталанбас, дана әрі дара ақын. Ол қазақтың маңдайына біткен бағы, көгінде жарқыраған жұлдызы. Десе де, зорлық-зомбылық дәуірінің құрбаны болған ақынның тағдыры аянышты-ақ. Мағжандай ақындарымыздың кешегі мен бүгінін сабақтастыра отырып, ертеңге тұтастай бір шежіре етіп аманаттау біздің ортақ борышымыз. Мағжан Жұмабаев мұрасы қазір біраз жинақталған. Соған қарамастан менің көзім мынадай деректерді шалып қалды. Онда ақынның Омбы қаласынан өлеңдері табылған делінеді. Ол даңқты ақынның «Өміріме өкпем» атты өлеңі екен. Мұны жадында жаттап жеткізген адам – омбылық Болатхан Алпысбайұлы деген азамат. Яғни, түсінуімше Мағжанның шығармаларына енбей қалған шумақ-тармақтар аз емес. Мағжанның уақытпен санаспай, шар-шап-шалдықтым демей, күндіз-түні сарғая еңбектеніп, ойдағысын түгелімен жүзеге асыра, 1926 жылы Мәскеудегі «Кеңес одағындағы кіндік баспасынан» жиырма мың дана тиражбен «Сауатты бол!» оқулығы жарық көрді. Мағжан түрмеге түскенге дейін оқулығы төрт рет, бұған дейін қазақта болып көрмеген тиражбен басылды. Мағжан оқулыққа жаңа тарау енгізді. Қазақ-тың жаңа графикасы енгізілуіне байланыс-ты кітаптың аты латын және араб тілдерінде қайталанды. Оқулықтың соңғы бөліміне латын әрпімен жазылған Қожанасырдың әңгімелері, мақал-мәтелдер берілді, жаңа графиканың оқылуы араб жазуымен түсіндірілді. Сонымен қатар Мағжан атамыздың қазақ поэзиясына да қосқан жаңалығы туралы көп айтуға болады. Оның шығармашылығы көп зерттелуде. Дегенмен Мағжанды толық танып болдық деу қиын, әлбетте. Мәселен: Раушан гүлдің лебін қостым өлеңге, Жалбыздың жұпар иісін. Көк майса, қияқ шалғы әндеткен белеңде, Найзағай, нөсер тынысын, – деп жазуымен қазақтың қара өлең өлшеміне жаңалық алып келді. Әдетте қазақтың қара өлең ұйқасы «а-а, б-а» түрінде болса, Мағжан бұл өлеңін «а-б, а-б» деп ұйқастырған. Тағы бір кереметі, бірінші және үшінші жолдар 11 буыннан, ал, екінші жолдар 8 буыннан тұрады. Осылайша қалыптасқан ұйқас, буын өлшеміне өзгеріс енгізудің нәтижесінде дүниеге қандай керемет өлең келді. Алайда Мағжан атамыздың осы өлең құрылымына әкелген жаңалықтары әлі де зерттелген жоқ. Мағжан атамыз жөнінде тағы да жиі айтыла бермейтін бір жайт, Ақан серіні ағылшын ақыны Оскар Уайльдпен салыстырды. Себебі Оскар өмір бойы сұлулықты жырлаған, жалпы жұрттан сері деген лақап алған. Жұрт оны да сері деген. Сол серілігі үшін абақтыға жабылған. Кеңес өкіметінің тұсында «Абай да, Базар жырауда керек емес» деген Сәбит Мұқановқа қарсы пікір айта отырып, Базар жырауды қорғап қалған да, оны тұңғыш зерттеген де Мағжан Жұмабаев екенін білгеніміз жөн. Жиырма жасында «өзін-өзі атып, дүниеден қайтқан» ақын Бернияз Күлеев туралы да алғаш жазған әдебиеттанушы – Мағжан Жұмабаев. Ақынның өмірден ерте кеткеніне өкініш білдірген Мағжан «Ақынның өмірден кетуіне не себеп?» деген сауалға да жауап берген: Күнә сенікі емес, көптікі, Жаның тыныш болғай енді, жас ұлан! Мұсылмандыққа қарсы іс болғанын мойындап отырған Алаш әдебиетшісі айыпты заманға тірейді - «дұрыс тәрбие бере алмаған». Соңғы сөйлем Алаш ғалымдарына қатысты айтылғандай. Сонымен қатар Мағжан атамыз өз заманының абызы Жамбылға 24 шумақ өлең жазған деген дерек бар. Жамбыл атағы кеңінен танымал болған кезде қарт ақыннан рухани демеу күткен Алаш ақыны аталған өлеңдерін арнаған екен. Содан сақталғаны мына шумақ қана: ...Жан аға! Шықтым өлімнен, Халімді менің көрсейші. Жаның нұрға көмілген, Нұрыңнан ұшқын берсейші!... Мағжантанудың күрделі проблемалары-ның бір арнасы – Мағжанның өз кезіндегі басқа ақындармен, қайраткерлермен қатынасы. Бұл мәселенің шешілмеген жағдайлары әлі де көп. Мағжан мен Сәкен, Мағжан мен Сәбит, Мағжан және оның жас ізбасарлары – Қасым, Әбділда, Қалижан арасындағы қатынастарды бүгінгі жастар өз бетінше шеше ала ма?! Мен осы жолы Мағжан Жұмабайұлының әлі ғылыми айналымға түспеген ілгерідегідей рухтағы екі мақаласы туралы сөз қозғамақ-шымын. Бұл екі еңбек те ақынның «Жәжеке» атты бүркеншік есімімен шыққан. Аталған лақап ат тек Мағжандікі екенін ғалымдар жақсы біледі. Бірінші мақала «Автономия кімдікі?» деп аталады. Ол Омбы қаласындағы «Кедей сөзі» газетінің бетінде 1921жылы 12 ақпанда жарияланған. Екінші мақаланың аты – «Жеті батыр». Алғаш Ташкент қаласында «Ақ жолда» жарық көрген. Мұны 1923 жылы 16 ақпанда Алматы қаласындағы «Тілші» газеті көшіріп басқан. Бұл екі еңбек Мағжан Жұмабайұлының 3 томдық шығармалар жинағын құрастырып жариялау барысында еленбей қалған екен. 2005 жылы М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» атты әңгімесінің желісімен «Күнә» атты көркем фильм түсірілген болатын. Алайда көпшілікке жарияланбай қалған бұл фильм туралы не демекпіз? «Біздің фильмді мешел баладай елден жасырып отырған тәрізді көрінеді. Кейде Мағжанның жазықсыз құрбан болған сәті оның фильмінің болмысында да қайталанған сияқтанып кететіні рас» – дейді фильмнің авторы Айгүл Кемелбаева. Неге фильм эфирге шықпай қалған деген сұрақ мені де мазалағаны рас, осы тұста. Мағжантанудың ғылыми деңгейін тереңдетіп, өрісін кеңейтетін уақыт келді. Құр тамсанып, таңғалып мақтай бергеннен, бұрын қалыптасып қалған жалған ұғымдарды қайталай бергеннен Мағжанның атына да, ғылымға да пайда жоқ. Мағжан шығармашылығын зерттесеңіз мына нәрсеге көзіңіз анық жетеді – ақынның жазғандарына «заман ілгерілеп кетті, біз де ілгеріледік» – деген тұрғыдан қарамау керектігі. Өйткені, біздің ілгерілегенімізді социалистік реализм әдісі көрсететін болса, бұл әдістің де енді шама-шарқы қандай екендігі белгілі болып қалды. Мағжан поэзиясы – күрделі құбылыс. Қазақ әдебиетін дүниежүзі әдебиеті деңгейіне көтеруде алып қажыр-қайрат көрсеткен Абайдан кейінгі шырқау биігіміз – М. Жұмабаев астаң-кестеңі шыққан заманда өмір сүрді. Жүрегін жарып шыққан жыры өзінің бастан өткізген ыстық-суығын бірге бөлісті. Бір сәт найзағай отына суарылған болат семсердей жарқылдады. Тағы бірде ақ түтек дүлейге тап болып, жан ұшырды, күңіренді, жылады-сықтады. «Жұмабаев қазақ халқының, онымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған Совет өкіметінің қас жауы деп танылсын. Оның барлық шығармалары оқылудан алынуы өкіметтен сұралсын. Бұдан былай советтік баспасөз бетінен Жұмабаевтің шығармаларына орын беріл-месін». Иә, қарап отырсаң жаныңа бататын осы бір сөздер сол заматта Мағжан атамызға кесілген үкім еді. Бірақ мұнымен біткен жоқ. Жазықсыз жабылған жалалар ақын атамыздың өмірін қиды. Десек те, осы тұста мені толғандыратын мынадай жәйт бар. Ақын атамыз расында да ату жазасына кесілген 1938 жылы өмірден озды ма? Кей мәліметтерге жүгінсек, сол ату жазасынан кейін де атамыз он жылдан астам уақыт ғұмыр кешкен көрінеді. Мағжан атамыз туралы жазбас бұрын оның өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерделеп, зерттеген дұрыс-ақ. Ол кісі туралы ізденіс барысында талай-талай шаң басқан архивтерді аударып-төңкерумен болдым. Сондағы кездестіргенім міне дәл осы мәселеге қатысты болды. Өте қиыр шеттегі, Ресейдің солтүстік-шығысында Магадан деп аталатын өлке бар. Ит байласа тұрғысыз жер бір қарағанда. Алайда, осы бір жерде Мағжан атамыз өз өмірінің белгілі бір кезеңінде өмір сүрген. Сол кездерде онымен бірге жұмыс жасаған Абдулла Әбдірахманов есімді кісі бар. 2012 жылдары арнайы журналистік зерттеу бойынша экспедициялық топ құрылып, Абдулла қариямен сұхбат жүргізген екен. Осы экспедицияның барысында Мағжан Жұмабаевтің зираты осы Магаданда болуы мүмкін деген тұжырым жасалған. Абдулла ақсақал Мағжан атамызбен бірге жүрген жерлерді көрсетіп те берген. Ол кісі Мағжанның орысша сауатты болғанын, қатты ауырғанын, тісінің бәрі босап түскенін айтқан. Өзі жас әрі қайратты болғандықтан жұмысты қопара істеп, алған қосымша тамағын Мағжанға апарып, беріп жүргенін айтқан. 1937 жылы, 1950 жылдары жерленген адамдардың қабірінен Алексей немесе Сергей есімдерін іздеуді өтінген. Себебі, ол кезеңде «Воры в законе» дегеннің дәуірі жүріп тұрған шақ болған. Алайда, әбден тозған қабірлердің жазулары да, белгілері де болмаған. Ол кісінің айтуы бойынша Мағжан атамыз 1951 жылдың қаңтар айында дүниеден озған. Көп нәрсені ойға түйсек, «Мағжан 1938 жылы атылып кетті» деген деректі теріске шығаруға негіз болар жайттар көп-ақ. Мағжан қанша өмір сүрсе де, оның істеген ерліктері мың ғасырға татырлық. Өзінің бір шумақтарында: Қыбырлаған қоңыздар, Қорсылдаған доңыздар, Тілегің болды – қуан, күл. Бостандық – ізгі періште Кетпекке ұшып ғарышқа Ақ қанатын қомдап тұр, – деп кектенді. Кектеніп қана қойған жоқ, қауіп ойлады. Ақынның жай адамнан айырмашылығы – ол сезімталдығы. Кеңес халқына төніп келе жатқан қайғы-қасіретті ол қалай сезген десеңізші. Сол қауіп-қатердің алдын аламын деп, өз өмірінің шырайынан айырылмады ма? Бірі түсінсе, бірі түсінбеді оны. Мойнына айыптың сан түрі артылды. «Халық жауын» былай қойғанда, оны «түркішіл» деп айыптағандар да табылды. Сәбит Мұқановтың мына сөзі рас: «Мағжан шынында түркішіл емес. Оның түрікті «бауыр» қылуында, өз мақсатына сәйкес ойы бар. Мағжан «түрік» деген сөзді белгілі мақсат үшін ғана керек қылды. Түріктің ерлігін айта кеп, қазақты отаршыл үкіметке қарсы қайрап алғысы келді». Мағжан атамыз жайлы эссе жазу барысында, мені көп қинағаны – ол кісінің өмірбаянына байланысты иек сүйерлік материалдардың жұтаңдығы болды. Яғни, ақын атамыздың өмірінің әлі де болса зерттелмеген қырлары мен сырларының көп екендігі анық. Біз бұған дейін Мағжан Жұмабаев творчествосын бағалағанда ескірген өлшемді қолданып келдік: бір кезде жаңылды, жаза басты, соңынан беті түзеле бастады дедік. Осы дұрыс па? Меніңше дұрыс емес. Өйткені, мұндай көзқарасты басшылыққа алу Мағжан өлеңін тағы да көркем ойды мешеу еткен Сталин жүргізген қаныпезер саясатқа жығып беруге апарады. Мұнымызды қоймасақ, Мағжан өлеңдерінен тағы да «халық жауы» сарындарын іздеп, баяғы күнәға күнә жамайтын боламыз. Бізге керегі – басқа безбен. Поэзияның дәуір шындығын қалай, қайтіп тап баса білгендігі. Бұл тұста Мағжан Жұмабаев өзі де қатты толғанған. Оған ақынның Мәскеудегі әдеби-көркем институтта оқи жүре, «Алқа» үйірмесінің бағдарламасы ретінде жазған еңбегі куә. «Алқа» платформасы – қазақ тіліндегі таза әдебиет мәселелері жөнінде жазылған тұңғыш еңбек. Амал не, ол небәрі он жеті дана көлемінде ғана қолжазба түрінде көбейтілген екен. Рас, көзінің тірісінде көп еңбегі лайықты бағасын ала алмай, ақынның өзіне не бір айыптар тағылып, өмірі нала-мұңға, шерге толды. «Ескішіл», «діншіл» деген айыптар да осы Мағжандай алып тұлғаға жабылған жалалар еді. Темірді қызған кезінде соқ деген. Дәл осы тұста Мағжан ақынның дін тұрғысындағы көзқарасы туралы да айта кеткен жөн. Ант етіп айрылмасқа бірігейік, Ас-сусыз, мың бейнетпен жол шегейік. Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла, Көл қылып, қан аралас жас төгейік, – деп Алла тағаланың әділдігін жырлаған. Мағжан өлеңдерінің біразы осы дін және Алла хақында. Басына қандай іс түспесін тек бір Аллаға үміт артқан ақын басқаларды да осыған үндейді. Құдайшылыққа тыйым салынғанына қарамастан өз өлеңдерінде діни ұғымдарды қосуды тоқтатпаған. Мағжанның екі сөзінің бірінде «Алла», «пайғамбар», «періште», «иман», «құран», сияқты сөздерді қолданады. Осыдан келіп, Мағжандай ақынды діншіл, ескішіл деп айыптасақ, мұнымыз сыңаржақтық емей не? М. Жұмабайұлы қайсібір ғалымдар дәлелдегендей «жаңа өмірді түсінгісі келген жоқ» емес, түсінгісі келді. Бірақ ол имансыздықты түсінбеді. Екі сөйлейтіндерді, дәреже-даңқ үшін Отанын сататындарды, бейімделгіштерді түсінбеді.

Гүлдана Ермекқызы, «Тұран» университетінің студенті.

1123 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы