• Білім-ғылым
  • 30 Қазан, 2019

ЕЖЕЛГІНІҢ БӘРІ ЕРТЕГІ МЕ?

(Контексте адамзат ақыл-ойының даму эволюциясы)

Ноаһ Хараридің «Саналы адам»: адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітабын оқи отырып автордың төңкерісшіл көзқарастары мен ерекше қабілетіне тәнті боласың. Мәтінде оқиғалар желісі хронологиялық тәртіппен шебер қиюласып соны пікірлері терең пайыммен әдіптелген. Хараридің бейнелі тілі ежелгі адамдар қауымын бәз-бір қалпында көз алдыңа әкеліп ой иірімдерімен алысқа жетелейді. Алайда, құбыласы дарвинизм іліміне бағытталған мәтін жолдарын оқыған сайын параллель қарсы ұйқастар ой тақтасында тізбектеле берді. Дәл солай кезінде интеллектуалды ортада өзін төңіректеген ойлармен келіспеген Ибн Рушд «Терістеуді терістеу» еңбегін қолға алған еді. Ежелгі адамдардың жаңа мекендерді қоныстану жорығының басты жолсерігі ретінде оның аш құрсағы мен тәбетін алдыңғы қатарға қоямыз. Азық іздеу жолында кезіккен жыртқыш аң-құстан, меншік құқы жолында себезгілеп оянған «менікі» сезімі тудырған өзі секілділермен жауласып қалу қорқынышы, түптеп келгенде жеке басына төнетін қауіп үрейі күрделі әлеуметтік құрылымдарға бірігіп, қауымдаса өмір сүруге бейімдеді. Қауымдық құрылыс әлеуметтік жауапкершілікті туындатып отбасы институтының берік іргесін қалады. Ал ажал алдындағы дәрменсіздік мәртебелі сезімдерді оятты. Алғаш Адам атаның ұрпақтары Қабыл бауыры Абылды ішін өртеген қызғаныш сезімінің буымен ұрып өлтіріп қандықол атанғалы бірнеше мыңжылдықтар өтіп үлгерді. Адамзаттың даму тарихында осы қисса дін қызметкерлерінің уағызында алғаш қан төгілген оқиға ретінде баяндалады. Сол заматта бауырының жансыз кеудесін қайда жасырарын білмей аласұрған Қабыл жемтігін жерге көмген қарғаның әрекетін қайталап бауырының денесін жерге жасыратыны жайындағы қисса кең таралған. Жер бетіне, жамандық атаулының дәнегі себілген осы кез адам ішіндегі апжыланды оятқанымен бірге оның сана деңгейінің пердесін де жұлқи ашып тастамады ма. Бұл жәйт тек ақыл-ой төмендігіне ғана меңземейді сонымен бірге болмысқа үңілу, тіршілікті түсінуге жасалған алғаш қадам еді деп пайымдай аламыз. Адамзат даму тарихын діни философия салған белдік бойымен тарататын болсақ, дәл осы жәйт жалпы адамзат ақыл-ойы неше мың эволюциядан өтіп бүгінгі биігіне жеткендігін айшықтап тұр емес пе. Біздің он бір жылдық оқу бағдарламасы, одан кейінгі бакалавр дәрежесі үшін тер төгуіміз жалпы білім беру жүйесі сайып келгенде түп-тұқияннан бүгінгі күнге дейінгі жинақталған ілім-білімнің қалың қоймасын алдымызға жайып салып тұрған жоқ па? Миымыздағы қыртыстардың қатпарлана түскендігі үшін арғы ата-бабаларымызға қарыздар екендігімізді бір сәтке ұмытпауымыз керек. Бұл бейнелі түрде эстафета ойынын еске салады. Құрамы бірнеше адамнан тұратын екі топ бәйге сызығына дейін өзіне белгілеп берген шеңберден шықпастан бір-бірінің қолынан алған доппен мәре сызығына дейін ұмтылушы еді ғой. Адамзат ақыл-ойының даму тарихы да бірнеше кезеңнен өтіп қордаланған білімнің, тәжірибенің арқасында қоршаған ортаны игеруі де тереңдей түсті. Күнделікті тұрмыста туындаған мәселелер өзінің қажеттіліктерін іздеуге жол ашып, бейтаныс жерлерді меңгеруге итермеледі. Адамды алға жетелеген негізгі фактор оның асқазаны болды. Қарны ашқанда қоярға жер таппай, қол созым жердегі жеуге келерлік жеміс атаулыны қылғыта отырып, өзінің өзен жағалай бірнеше шақырымды артта қалдырғанын сезбей де қалды. Осылайша кең алқаптар мен жазықтар артта қала берді. Жеміс ағашындағы қолжетпес жерде өскен өскінді түсіру үшін алғаш қолданылған тал шыбықтары кейін епті қолда жан-жануардан қорғану үшін қажетті қаруға айналып үлгерді. Адам атадан тараған ұрпақ өсіп-өнем дегенше де мыңжылдықтар өтіп жатты. Қауымдағы адам санының өсуі, «асқазан» сұранысының артуы жаңаша мәселелерді туындатты. Бос құрсақ жаңа белестерді бағындыруға итермелеп, терімшілік пен қоса аңшылық қасиеттерді алға шығарды. Тұрмыс тудырған кәсіптің берері көп еді. Ауланған жемтік қауымның тәбетін қанағаттандыра отырып, кезекті жаңа міндеттер легін алға тартты. Өзен-көл жағалаған алғашқы адам өкілдері кезіккен жануарды қуып келіп кеткенде айдалаға шығандап шығып, із шалу әдісіне дағдылана бастады. Сөйтіп дала кезіп жүріп белгілі бір мекеннің аумағын жадына сақтай отырып, айсыз түнде жол тауып жүре алатын жағдайда жетті. Осы уақытта өзі секілді аңшылар тобымен жолай жолдары тоғысқан жағдайға «меншік» сезімі ушығып бір-бірін қынадай қыруға әзер болды. Сірә меншік ұғымы осындай жағдаяттарда туындаса керек. Дегенмен ол кезеңдерде бұлшық ет меншік құқығын анықтайтын еді. Ал меншік қанқасаптың бастауында қалып жеңімпаз иеге бұйырды. Ежелгі адамдардан әділеттілік жайында сұрар болсаң күшке негізделген пәлсапасын соғары анық қой. Орта ғасырлардағы әділеттілік қанға-қан заңдылығы арқылы сипатталды. Капиталист мұны әділеттілік меншігіне қол сұқпаушылық деп түсінуі мүмкін. Біздің күнімізде құқықтық мемлекетте барлығы заң шеңберінде ғана шешімін табады. Әйтседе күш көрсетіп қалу факторларын да жиі кездестіруге болады. Оны арғы тегімізге тартып туған табиғилығымыздан көреміз. Алғашқы адам үшін өзен бойы тек тіршіліктің көзі ғана болып қоймай, жаңа географиялық мекендерді ашу жолындағы алғышарттардың бірі болды. Ағын-судың оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталуы қоныстану үрдісін анықтап отырды. Алыстан мұнартып көрінген көкжиек ежелгі адамдарды тамсандырып ғана қоймай, ақыл-ойын алысқа жетелеген де шығар. Астатөк жеміс-жидектер мен түс ауа сусындау үшін суаттарға құлайтын жануарлар үйірі өзен-көлдердің маңыздылығын арттырады. Оның үстіне кезігетін жыртқыш аңдар әлеуметтік құрылымның өзегін бұрынғыдан әлдеқайда күрделендіре түсті. Меншіктен туындаған жанжал мен жыртқыш аңдардан қорғану өзара бытыраңқы әлеуметтік жүйені қауымдаса өмір сүруге үйретті. Сыртқы жаулардан қорғану қауымның тіршілігін жалғастыра отырып өзін сақтап қалудағы басты мәселеге айналды. Қатал әрі өзгермелі ортада жан сақтап қалу сезімі біртіндеп әлеуметтік қатынастарға себепкер болды да, ол ұжымдық санаға негіз қалады. Ал ол болса қауым ішіндегі сатылы-иерархиялы тізбекті дүниеге әкелді. Жер бетіндегі адам қаңқа сүйектерінің әр жерден табылуы олардың жас шамасын анықтауды кейінге шегере береді. Қазіргі ғылым бекіткен ерте палеолит дәуіріне дейін де адамзаттың алғашқы өкілдерінің жер басуы мүмкін ғой. Бұл салада табылған артефактарды жүйелеп тізімдейтін орталық жұмыстары әлі де баяу. Себебі әр елдің ғылыми меншікке деген өткір талаптары мен имидждік жобалары адам баласының жер бетіндегі жасын дәл анықтауға кедергі болуы да кәдік. Сол себепті біздің жыл санауымызға дейінгі мыңжылдықтар тарихы әлі бірнеше есе жазылатынына күмәнім жоқ. Бір нәрсе айқын. Алғашқы өкіл шығыс жерінде тіршілік құрып оның зәузаттары батысқа қарай ауа жайылғандығы. Себебі археологиялық қазба жұмыстарынан бөлек шығыста ашылған алғашқы өркениет орындары ғалымдарды осы тұжырым төңірегінде топтасуға мәжбүрледі. Тигр мен Евфрат қос өзен аралығын жәйлап тұңғыш мемлекет құрған Шумерлер өзіне дейін жинақталған ілім-білім арқасында бір орталықтан бағынатын ел бола білді. Ал Египет пирамидалары сол дәуір адамдарының ғылымда алға озып, сәулет өнерінің таңғажайып үлгілерін дүниеге әкелгендігін бар ғаламға жар салуда. Ғылыми ортада ежелгі адамдардың «жабайылығы» туралы қоздырғыштар жиі-жиі бас көтеріп гипотезаға айналудың шақ алдында тұр. Ендігі жойқын ақпараттық шабуыл алдында дәрменсіздік танытқалы тұрған саналы адам теориясы жан сақтау бөлімінен бірақ шықпаса болғаны. Шын мәнісінде түр-тұрпаты жабайы көрінген адамның жан-дүниесі де жабайы болды ма. Осы сауал көз алдыңда көлденеңдеп жаңа міндеттер жүктейді. Ол үшін өзіңді мыңдаған жылдарға кейінге тастап жапан түзде шыбын жанның қамы үшін алғашқы қадамыңды неден бастайтындығыңа ой жүгіртіп көрші? Барша тіршіліктің бастауы суы бар жерді іздеп кетер едіңіз ғой. Қатты қарның ашса шөп-шаламға қарамай қылғыта отырып дала бүлдіргені мен жиде ағашын іздеп жан сауғалауды ойлайсың. Қарның қанағат таппаса жол үсті қоян, киік ізін шалып тағы біраз уақытың зымырай шыққанын сезбей қаласың. Әйтеуір ақырында айдалада жаңа төлдеген киік лағын оп-оңай ұстап алып, енді боршалайын десеңіз союға құралыңыз жоқ. Қайтпек керек? Әрине кескіні келіскен тасты құрал ретінде пайдаланып, әлгі олжаңды тағам етіп әзірлеуге қам жасайсың. Айдалада сақал-мұрт, шашың желбірей өсіп, денеңді түк басқан кейіпте киіктің төлін бауыздап отырған сәтіңізде қазіргі замандасыңыз үстіңізден түссе, сіз жайындағы алғашқы ойы қалай өрбитіні айтпаса да түсінікті шығар. Көп нәрсеге бүгінгі күннің биігінен қарап дұрыс үңіле алмай жүргеніміз де содан болар. Еңбек құралдары жасалған материал негіздеріне қарап дәуірлерді (палеолит, мезолит, неолит) хронологиялық шекараларға бөліп қарау оларды ұбақ-шұбақ біртұтас кезеңдер деген ой елес береді. Ежелгі адамдардың ақыл-ойы эволюциялық жолмен баяу дамығаны белгілі. Бір-бірінің арасын мыңдаған шақырымдар бөліп тұрған қауымдарда ақпарат алмасу баяу жүрген еді. Бірінің тұрмыстағы ілгерілеушілігі екіншісіне жетем дегенше ондаған тіпті жүздеген жылдарды араға салды. Мәселен тау бөктерлерін мекендеген ежелгі адамдар тастың құрамындағы ерітінділерді өзінің жазық даланы мекендеген замандастарына қарағанда ерте біліп меңгерген. Сөйтіп құрамы мыс пен қалайының қосындысынан тұратын қола дәуірі сахнаға шығып жүзжылдықтарға созылды. Жердің бір ендігінде қоладан тұрмыстық бұйымдар мен қару-жарақ өндіріп жатқанда келесі бір қиянда тастан жасалған қару-жарақ асынған адамдар күнелтіп жатты. Ботай тұрағынан табылған жылқының қаңқа сүйектеріне қарап ғалымдар алғаш аттың қолға үйретілген жері Қазақстан деп тұжырым жасауда. Қалай болғанда да бұл Қазақстан жерін мекендеген тайпалардың арасында жылдам байланыс орнатуға жол ашқан оқиға болды. Ал Жезқазған өңірінен археологиялық қазба жұмыстары кезінде қола дәуіріне жататын ұстахана орындарының табылуы осыған дейін қалыптасқан стериотиптердің күлін аспанға шығарды. Алғашқы қауымдық құрылыс адам-дарының санасына енуге тырысу тек олар қалдырған заттай жабдықтар мен бейнелі мүсіндері арқылы ғана мүмкін. Жорамалдардан құралған пайымдар жасау нысананың ондық жүйесін қақ ортасына көздегенмен, қиыстау кететін тәжірибесі ортанқол садақшының ісі секілді. Оны мойындау керек...

Нұрғиса Көшеров, саясаттанушы

695 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы