• Бас мақала
  • 01 Қазан, 2019

ҚАҒАЗ БЕТІНДЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

Шарафат Жылқыбаева

Әуезов және ежелгі  дәуір әдебиеті

Әлемдегі әр халық төл әдебиетінің түпкі тамырын тануға талап қылады. Саны аз ұлттар да, ірі елдер де ұлттық сөз өнерінің тым ертеден бастау алатындығына сенеді. Үздік деген әдебиет туындыларын ұлттық мақтанышы санайды. Мысалы, испан халқы Сервантестің «Дон Кихотын» теңдессіз туынды деп, бөлек музей арнағандығы сияқты. Қазақтың терең тамырлы әдебиетінде құнары сан ғасырға жететін шығармалар мол. Ежелгі дастандар мен бүгінгі поэмалардың, көне аңыздар мен қазіргі романдардың арасында кезең алшақтығы болғанымен ішкі байланысы үзілмеген. Осы орайда ғалым Ш.Елеукеновтың «Фольклордан қол үзген роман болмайды. Халық бар жерде фольклор да бар. Одан қол үзген әдебиет әдебиет емес, өйткені ұлттық нәрінен айрылады» («Әдебиет және ұлт тағдыры», 1997) деген сөзі еске түседі. Халық даналығынан қуат алып, жаңа дәуір оюымен өрнектелген «Абай жолы» эпопеясының авторы да фольклорға көп жүгінген. Оны әр әңгіме, повесінен аңғарамыз. Мұхтар Әуезовты өзіне дейінгі әр дәуірдің әдебиеті қызықтырады. 1927 жылы жарық көрген «Әдебиет тарихы» деген зерттеу еңбегінде қазақтың бұрынғы әдебиетін жік-жікке бөліп, классификациялаған. Батырлар әңгімесі, ел поэмалары, сыршылдық салт өлеңдері, тарихи өлеңдер, ертегі, айтыс өлеңдер, зар-заман ақындары деп, өзіндік көзқараспен саралай отырып, әр жанрды терең бағамдауға тырысқан. Ең бастысы Әуезов әдебиет тарихын ел тарихымен байланыстырған. Қазақтың тарихы әлі толық анықталмағандығы жасырын емес. Иә, бүгінгі тарих ғылымы өркендесе де халқымыздың ықылымдағы салт-санасы мен болмысы толық ашылған жоқ. Жазушы айтады: «Енді ел әдебиетіне әсер ететін ішкі дүниені алсақ, бұның ерте замандағы пішінін білу әлгіден де қиын. Бұл жолда не айтсақ та, ел ортасында сарқылып қалған таусыншақ белгілерге қарап, долбарлап айтпасақ, көлденеңнен қосылатын көмек жоқ. Қазақтың жалпы тарихынан мағлұмат жиюшылар болса да, ескі замандағы ішкі дүниенің дін нанымын, ой сезімін біліп, танымын жинап, сынап, қорытынды жасаған кісі жоқ». («Әдебиет тарихы», 1991). Әуезовтың бұл сөзі әлі ескірмеген. Тіпті қазіргі тірлігімізді айтып сынағандай әсер етеді. Бергі ғасырлар болмаса ежелгі тарихымыз жайлы жазылған еңбектер әлі де аз. Әдебиеттануда Модэ, Томирис, Атилла дәуіріндегі сөз өнері деген ұғым бар. Бірақ ол заманның әдебиет туындыларының оқылу кілті құпия болғандықтан сырын бізге ашпауда. Көне заманғы сөз өнері тарихы мен фольклорға тереңірек бойлау үшін классик жазушының мынандай ұстанымын ескеру маңызды. Жазушы қазақтың өмірін екі үлкен дәуірге бөледі: ежелгі дәуір және соңғы кезең. Кейінгі заманның әдебиет үлгілері жан-жақты зерттелді, әлі де зерттелуде. Ал алғашқысы жұмбақтау. Жазушы оның сырын ашуға апаратын жолды да нұсқаған: «Бұл дәуірдің біздің заманымызға жеткен белгілері болса, елдің кейбір әдет-салтында, өлең жырында, ескілікті ұғымында қалған белгілер болады... Осылардың барлығын құрастырып сынап келсек, ісләм діні кірмей тұрғанда қазақтың дін нанымы қандайлық болып, дүниені қалайша түсінгенін нобайлауға болады». Қазақтың әдебиеттану ғылымына еселі еңбек сіңірген ғұлама жазушының кезінде көзін көрген, кейінде әрқайсысы өзіндік тұғырын тапқан қалам қайраткерлері Мұхтар Әуезовты асқан ілтипатпен еске алады. Академик С.Қирабаев «М.Әуезов тағылымы» деген кітабында «Біз Әуезовты өзіміздің рухани әкеміз санайтынбыз» дейді. Неге? Бұның сырын Ә.Тәжібаевтың мына бір естелігі жете аңғартады. 1927 жылы жарыққа шыққан «Әдебиет тарихы» еңбегімен тұңғыш 18 жасында танысқан Ә.Тәжібаев сол кездегі әсерін сексеннен асқан шағында былай жеткізеді: «Әрине, мен ол кезде әдебиет тарихының ғылыми мағынасын, тарихи құндылығын толық түсінбеген шығармын. Бірақ Мұхаң ұғындырған қазақтың салт өлеңдері маған қайта ашылған дүниедей көрінеді. Мен Қобыланды бастаған батырлармен, Баян бастаған ақылды сұлулармен табысқаныма қуандым. Билер сөзін естігенде не деген шешен елміз дедім, өзімді де ірі сезініп. Ал, Асан, Бұқар, Махамбеттер менің бала жүрегімді дірілдетті. Мен олардан құдайдан қорыққандай қорықтым, алдарында еріксіз бас идім. Мұхаң мені олармен де айрылмастай табыстырды» («Әдебиет тарихы», 1991). Еліміздің ежелгі әдебиетінің әрін кетірмей зерттеп, келешекте таралу кеңістігін кеңейтіп, зор құндылық есебінде қадірлеу міне, Әуезов нұсқаған айқын мақсат осылар. Ал, ол мақсаттың біз үшін міндет екендігін әрдайым есте ұстайық.

Кеңес кезіндегі жазушыларға жаңаша көзқарас қажет

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов жазушыға керек жеті қасиет деп мыналарды атаған: 1.Білім. 2.Ой. 3.Тіл. 4. Ар-ұят. Намыс. 5. Ерлік. 6.Тәкәппарлық. 7.Табандылық. Меніңше, осылармен бірге көрегендік деп аталатын кез-келгенге беріле бермейтін дара қасиет дарыған қаламгердің ғана туындылары мәңгі жасамақ. Бір қызығы көреген жазушылардың айтпақ болған ойы өз кезінде біржақты ғана ұғылады. Тіпті әдебиет зерттеушілердің өзі сыңаржақты зерттеудің соңына түсіп кетеді. Бұның себебі, шын мәніндегі көреген қаламгердің ой көрігінен сомдалып шыққан туындысының тылсым сырды ішіне бүгіп жатуында. Оның құпиясын ашу оңайға түспейді. Көреген қаламгердің ой жүйесі өз дәуірінен әлдеқайда ілгері болады. Мәселен, шет ел әдебиетінде Стендаль туралы Ницше былай деген: «Стендаль – таңғажайып адам. Ол өз ғасырынан озық тұр». Француздың әйгілі жазушысы Франсуа Вольтердің өз заманында көп қуғындалуы да оның тұлғалық, жазушылық болмысына өз кезеңінің ғана қамын күйттеу жат болғандығында. Қазақ әдебиетінде келешекті көбірек ойлап, заманына симаған қалам қайраткерлері жеткілікті. Поэзиядан Мағжан Жұмабаев – өз тұстастарынан санасы биік, ойы озық, дәуірінен ілгері кеткен ақын. Ол әр құбылысқа көреген көзбен қарайды. Мағжанды көпшілік замандастарының ұға алмауының бір себебі осы. Кеңес дәуірінде өмір сүріп, бүкіл ғұмырын дәуір шындығын суреттеуге арнаған Ғабиден Мұстафинді де мен көреген прозаиктердің қатарына жатқызар едім. Әриине, Мұстафинді «заманына симады» деуге келмес. Бірақ Ғабиден Мұстафин – келешектің алыс көкжиегіне көз жіберген жазушы. «Ол бар шығармасында тек өз кезеңін суреттеп, тап тартысы, жұмысшылар өмірі, әйел теңсіздігі сияқты тақырыптарды ғана көздеген. Бұндай шығармалардан қаламгер көрегендігін көру мүмкін емес» дейтіндер қателеседі. 2002 жылы бір замандасымның аузынан мынаны естідім: «Ғабиден Мұстафиннің 100 жылдығын жазушының сол дәуірде қадірлі болғандығы үшін атайық деп отырмыз. Оның шығармалары жаңа заманда өмір сүретіндерге маңызсыз болса да, өз кезеңінде зор сұранысқа ие болды ғой». Мұндай мүсіркеушіліктің Мұстафин сияқты тұғырлы жазушыға қажет емес екендігі белгілі. Мұстафиннің тек бір кезеңнің (Кеңес дәуірінің) ғана суреткері еместігін жете түсінуге бүгінгі ұрпақтың санасы жетіңкіремейтін сияқты. Неліктен? Зерделеу үшін Кеңес өкіметі тұсындағы қазақ әдебиеті туралы жазылған кез-келген оқулықты ашып қарасаңыз: «тап тартысы», «әйел теңсіздігі», «жұмысшылар тіршілігі», «ғасыр басындағы кедей ауылдың көрінісі» тәрізді тіркестерден көз сүрінеді. Сонда Мұстафин бізге халқымыздың 20-30 жылдың төңірегіндегі өмірін білу үшін ғана қажет пе? «Кітаптағы қиянат, қиянат атаулының ең ауыры. Сондықтан шындықты, тек шындықты жаздым» деген жазушының өзі. Мұстафиннің шындығын біз әлі күнге түйсіне алмай келеміз. Оның себебі, жазушы атаулыны, әсіресе Кеңес өкіметі тұсындағы қаламгерлер творчествосын бір желектің астынан шығармай, бір сарынмен зерттеп келдік. Оқырманға еріктілік қажет. Біздің ата жазушыларымыздың оқырмандары әлі күнге идеологиялық бұғауда отыр. Ол бұғау – саяси емес, жазушытанудағы еріксіздік бұғауы. Мұстафинді тек пролетариат жазушысы дейтіндер де бар. Мен өз басым бұнымен келіспеймін. «Дауылдан кейін» романындағы мына бір жолдарға үңілейік: «– Тап жаулығынан надандық жаулығы басымырақ! – деп күрсінеді Аман. – Біз осы елдің кедейі түгілі, байына не зиян келтірдік? Сонар қардың үстінде жатқан тышқан ізіндей-ақ ізіміз бар өмірде. Нені бүлдірдік?» Төменгі таптан шыққан Аманның аузына осы сөзді жазушы неліктен салып отыр? Ойлануды қажет етеді. Немесе осы романдағы Шәкен мырзаны алыңыз. Бұл кейіпкерге берілер озбыр, сараң, өзімшіл дегеннен басқа мінездеме бар ма? Шәкеннің ішкі психикасына үңіліп қараған жан оны мүлде басқа қырынан таниды. Бізде кейіпкер жан-дүниесіне тереңірек үңілу жетіспейді. Басқаны қайдам, «Дауылдан кейін» романын оқып шыққан соң өз басым Шәкен мырзаны қатты аядым. Шәкен сияқты кәмпескеленгендер мыңдап саналады. Мырза тағдырдың тәлкегіне ұшырады. Оның жан-дүниесіндегі астаң-кестеңді романның Шәкен кульминациясындағы мырзаның өз сөзінен аңғаруға болады: «...Өзімдікі дегенімнің бәрі өзгенікі болды. Соқа басым ғана қалды. Аспан алақандай-ақ. Жер тебінгідей-ақ... түбіңе қарап үңілдім де, түңілдім сенен сұм дүние!» демейтін бе еді?! Әр халықтың тағдырында кезеңдер керуен тәрізді бірінің артынан бірі келіп отырады. Шәкен мырза – қазақ елінің бір дәуірінің ең соңғы өкілі. «Шәкенді алдына салып Адхам үйден шықты...» Бұл романның соңғы сөйлемі. Иә, өр мінезді, тәкәппар, текті Шәкен кетті, айдалып кетті. Нағыз қазақи болмысты сақтап қалған мырзаның сол бір күйі арқылы жазушы ұлт тағдырының бір сәтін баян еткісі келгендей көрінеді. Менің ұғымымдағы Шәкен мырза – елінен құт қашпауды тілеген, ұлттық мінезден арылмаған, өр мінезді нағыз ер. «Келіншек мырзаның алдына дастархан жайды. Мырза орысша киінсе де, малдас құрып, жерде бөстекте отырған, дастарханның бір шетімен алдын жапты. Дастархан үстіне шытыралы, екі құлақты дәу ағаш тегене, үлкенді-кішілі сырлы аяқтар қойылды. Тегенеге шағын ыдыстармен сабадан тасып құйған қымызды мырза құлаштай сапырды. Қасындағы қайыңның безінен жонып жасаған имек сапты ожау тым сәнді. Кейінгі кезде сиреп, жоғалып бара жатқан қазақ қолөнерінің ең жақсы үлгілері осы үйде қалыпты. Қай заманда жасалды екен! Сонау адалбақанның, төрдегі кебеже, жүк-аяқтың беттеріне ойып салған өрнектер, қондырған сүйектер сонша нәзік, сонша әдемі, қолдан жасады дегенге нану қиын. Сүйіндік ұсталары істейтін қамар белбеу, күміс ер-тоқымның да көкесі осында көрінеді... Бұл үй тек байлықтың ордасы ғана емес, сонымен бірге қазақ қолөнерінің көрмесі сияқты. Жинай білген мырза сақтай да білген. Кәрлен кеседей көркем ақ үй бес жыл тығулы жатып, оның ар жағында кемі бес жыл ұсталса да әлі жап-жаңа...». Романдағы осы абзац-ақ мырзаның кім екенін танытады. Елінің бар сән-салтанатын мақтан тұтып, оның бір үлгісін өз үйі арқылы таныта білетін адамның тар пейілді болуы мүмкін емес. Ешкім сақтамаған қазақтың мүлкін, ұлтымызға ғана тән үй жабдықтарын Шәкен мырза көзінің қарашығындай сақтап отыр. Сараңдықтан, дүниеқоңыздықтан ба? Жоқ. Мәселе мынада: ұлттың ұлт болып тұруы үш белгісінен: тіл, діл, дін. Осының ішіндегі ділге – ұлттық мінез-құлық, салт-дәстүр жатады десек, рух бәрінің басын біріктіреді. Рухы биік елдің еңсесі де биік болады. Шәкен мырза – ұлт рухын сақтаушы жан. «Ортадағы шаңқан ақ үйдің екі ашпалы сырлы есігін бірден ашып, жұртты бастай мырза енгенде, шәлісі әлі түспеген жас келіншек қарсы жүгірді. Мырза шляпасын ұсына берді. Келіншек апарып, оюлы адалбақанның қошқар мүйіздес көп тармағының ең жоғарғысына ілді. Тағы не бұйырасыз дегендей сылаңдап тұр. Түлкідей қызыл, қозғалысы да түлкідей епті. Именген, қымсынған болады. Бірақ кішірек қара көзі қымсынар емес: үлкен сырға ұя боларлық терең, мөлдір, әрі өткір, әрі байыпты. Жұрт отырып болған соң, болскей ақ керуеттің аяқ жағындағы өз орнына сылқ етпей, сыпайы барып отырды». Қазақ отбасындағы ер адамның қадірінің қандай болғандығын білгісі келетін жанға, нағыз қазақ әйелінің болмысын танығысы келетін кісіге осы жеті сөйлем жеткілікті. Біз өмір сүріп отырған жаңа қоғамда ер кісілердің беделі отбасында барған сайын төмендеп барады. Қазіргі жас ұрпақ арасында туған әкесін менсінбейтіндер көп. Шығар жол қайсы? — Жас ұрпаққа жаппай ертеректе жазылған қазақ романдарын, соның ішінде Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романын оқыту қажет. «Қазақ дәстүрі тек үлкенді ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды» деген өнегелі сөзі бар Ғ.Мұстафиннің. Осы дәстүрдің лебі жазушының әр шығармасынан есіп тұрады. Жалпы кез-келген қаламгердің шығармасы тақырыптық жағынан екі астардан тұрады. Сыртқысы – көзге бірден түседі. Ғылымда көп зерттеледі де. Екіншісі – сырт көзге көрінбейді, мұқият үңілуді қажет етеді. «Сызылып барып келіншек отырды. Мырза әуелі дәмін өзі татып алып, қымыз құйды. Үлкенді-кішілі жиырма шақты адам жиналған. Дәу шараны шыпылдата, аяқты бәрінен бұрын Мақашқа ұсынды. Одан әрі аяқтар кішірейе-кішірейе, босаға жақтағыларға жеткенде, көз тостаған болды». Қандай әдемі тіркестер! Жазушының тілін ұғуға да қазақи таныммен келу керек. Шұрайлы сөздің шырқын бұзу – жазушы шығармашылығына, оның туындысына қиянат жасаумен тең.

Мұзафар атаның нақылдарын оқығанда...

Шал ақын айтқан екен: «Жақсының айтқан ақылы, қазулы сара жолмен тең». Л.Н.Толстой «Құнды сөз құнарлы ойдан туады» дейді. Иә, данышпандар бағзы дәуірлерде көп болғанымен ғасырлар өте олардың қатары сиреді. Бұл рухани өмір үрдісінің бірте-бірте материалдық тіршілікке қарай ауысуымен байланысты болса керек. Данагөйлік келбет кез-келген жазушы не ғалымға тән болып көрінгенмен шын мәніндегі даналық қасиет ілеуде бір адамға ғана қонады. Бір ұлт бір ғасырда қаншама даңқты ұлдарын дүниеге әкелсе де, солардың ішінен бірнешеуі ғана шын мәніндегі данышпан. Біз әдетте кісінің ісін, кісілік қасиетін жарқыратып көрсету үшін оның есіміне дана, философ, кемеңгер сияқты эпитеттерді қосып айтамыз. Онымыз әсіре мадақтау болып шығады. Бұл сөздердің әрқайсысының қасиеті болғандықтан лайықты орнымен қолдану керектігін ескергеніміз жөн. Ерте замандардағы философтар болмаса бұл күнде ешкім даналықтың шыңына шыққан емес. Оған өмір сүру формасы да мүмкіндік бермейді. Қазіргіні айтпағанда байырғы ғасырлардағы ойшылдар өз ортасынан жыраққа, монастырға немесе тауға кетіп, ұзақ жылдар шығармашылықпен айналысқан. Олар мөлдір рухани атмосфераны өздеріне сөйтіп тудырған. Мәңгілік маңызы бар ұлы мұраларын арттағы ұрпаққа сөйтіп қалдырған. Ал, жаңа заманның шығармашылық адамдары қоғам тірлігінен сырт қала алмайды. Бүгінгінің ойшылы даналықтың терең тамырынан нәр алған мәуелі ойларын қағазға түсіріп қана қоймай жемісімен замандастарын сусындатады. Данышпан деген атқа сай бірегей қаламгер Мұзафар Әлімбаевтың өрелі сөздері сан ұрпақтың мейірін қандырып, санасына парасаттың күміс сәулесін құйып келеді: Сөздің де батыры бар, қорқағы бар. Сөздің де ептісі бар, шорқағы бар. Жаман сөз жамандықтай ұмыт болар, Оң сөздің жемісіне ортағы бар, – деп, рубайынде өзі айтқандай, оның қаламы жазған сөз қай оқушыны болмасын оң іске жетелейді. Мұзафар атаның әр толғамы мәні жағынан да, көркемдігі тұрғысынан да мығым. Беріктігі сонша, кез-келген кезеңнен өз орнын алып, қазық болып қадала алады. Уақыт-су, саусақтың саласынан, Әп-әтте ағып кетсе, боласың таң. Ұрттап қал, аузың тосып дер кезінде, Әр сәттен қапы қалмай, аласыңды ал. Шығысқа тән сергектікті аңғарасыз. Адам өмірінің әр мезеті алтынға айырбастағысыз бағалы екендігін жете ұғыну Шығыстық танымға ғана тән. Бұндай рубайды Еуропаның әдебиетінен кездестірмейсіз. «Өмір – таңертең күн шығып, кешке қызарып батқанша», «Өмір қамшының сабындай», «Өмір – өзен» тәрізді теңеулер халық тәжірибесінен туған. Ғұмыр деген ғылымды терең һәм ұзақ ғасырлар зерттеген қазақ халқы уақыт – өмір арақатынасының зейінді білгірі. Мұзафар Әлімбаев қазақтың ұлы болғандықтан дархан философия кеңістігінде еркін толғайды. «Даналардың ақылы сарқылмайтын көлмен тең» демекші, асқан білімпаздықпен қоса өзгелер ескермеген жайттарды өзі байқап, ескертіп отыратын аңғарымпаздық айқын көрінеді. Қырға барсаң қойшыға, Қой сұрама, ой сұра. Әр тас сырын жатқа айтар, Қойшы кем бе ойшыдан?! Бұрынырақта оқыған Мұзафар атаның осы өлеңі таяуда ойыма тағы орала кетті. Оған себеп болған бір ғалымның әңгімесі. Тастардың тарихын зерттеуші ғалым еліміздегі бірталай ауылды аралапты. Жергілікті жердің кешегісі мен рулар жайлы мәлімет жинау үшін әкімдермен де, ауыл интеллигенттерімен де, малшылармен де істес болады. Сонда түйген ойы туған жерге, туған елге деген шын сүйіспеншілік, шын құрмет сезімі қойшылар қауымында басымырақ. «Қазақ қойшысы – интеллект иесі. Сезімталдық, сергектік, ақжүректік, әділдік, көрегендік сияқты қасиеттер оқығандардан гөрі қойшыларда мол. Олардың пайымдауларын тыңдап отырып, таңданбасқа амалыңыз қалмайды» деді әлгі ғалым маған. Адал еңбеккердің қашанда көкірегі ояу, ойы таза, санасы сергек. Бұндай адамдар құнды ойлардың иесі де бола алады. Жазушының қойшыны ойшылға теңеуінің себебі осы ғана ма? Кең далада мал бағып жүрген қазақтың ойлау жүйесі шексіз кеңістік тәрізді орасан ауқымды. Еркін логикадан ерекше тұжырымдар туады. Қойшының ойшылдығы бұнда да емес. Кәсібіне сай қырағы, аңғарымпаз, жады мықты адам туған өлкесінің қыр-сырынан тыс қалмайды. Қойшыны «анау бір сандықтай тас неге жатыр екен, таудан домалап түсті ме, әлде ілкідегі орны сол ма екен?» деген сұрақтар да мазалайды. Бұны қазымырлық немесе ерігу деп ойламаңыз. Жайлаудың, қыстаудың, ол отырған сайдың тағдыры оның өмірімен тікелей байланысты. Қойшы олардың күзетшісі тәрізді. Есіл даланың иелері урбанизацияға ілесіп, жұртын тастап кеткенде жерді жетім етпейтін жалғыз егесі – қойшы ғана қалды. Ол мал бағып жүріп әрі өлкесін өгейсітпейді, әрі урбандалған қандастарын етпен, сүт-май, жүнмен қамтамасыз етеді. Бірақ бұл күнде қалалықтар қойшының қадірін біле ме екен? Қой керек болғанда ғана көлігімен зырылдатып отырып тауда отырған қойлы ауылға барып, бір тоқтыны өңгеріп алып технократиялы айма-ғына қайтып оралады. Қой иесінен тау тарихы тұрмақ, тас тарихын да сұрамайды. Сұраса айтар еді. Мұзафар Әлімбаев қазіргі қазақ қоғамы алдындағы маңызы зор бірақ әлі ешкім ескермеген осынау мәселені осыдан елу жылдай бұрын, яғни 1971 жылы айтқан. Бірақ ол кезде бүгінгімен салыстырғанда еңбек иесі аса қадірлі болатын. Мәселе қойшыда ғана емес. Мұзафар ата қарапайым еңбек адамының өнегесінен ғибрат алуға, адамды қадірлеуге үндейді. Кез-келген адам Мұзафар Әлімбаевтың нақыл сөздері мен жинаған мақал-мәтелдерін оқып отырып, «неткен данышпан қаламгер» деп ойлары анық. Себебін қалам қайраткерінің өз нақылдарын зерделегенде түйсінеміз: *Тілегіңе де тірек ізде, Түлегіңе де тірек ізде. *Сөзден гөрі саз шешенірек. *Тапқырлық табалатқызбайды, табындырады. *Мысалға келтірген сөзіңнің ұяты өзіңе қалады. *Сығымдалған уыста сынап тұрмас. *Ердің баласы бола алмаған ағасы да бола алмайды. *Есінегенге де еліктейтіндер бар. *Асқар шың еңкейсе де аласармайды. *Уақыт ұқтырмай қоймайды. *Бедерсіз сөзде бедел жоқ. *Көзбен оқитын сөз бар, көңілмен тоқитын сөз бар. *Біліктілік бесіктен басталар. *Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық. *Өрлік өнерліге ғана жарасады. *Жастықтың өзі сұлулық. Әр нақыл мірдің оғындай. Атаның қаламынан туған мына бір тіркестер қазіргі заманның ақиқатын дөп басқан: «Өмір өзгерсе, ойыншық екеш ойыншық та өзгереді», «Үрейшілге руль ұстатпа», «Есінегенге де еліктейтіндер бар». Мұзафар атаның құрастыруымен қырғыз, орыс, украин, өзбек, грузин, әзірбайжан, молдаван, моңғол, болгар, жапон, индонезия, әмхара, үнді,т.б. әлем халықтарының мақал-мәтелдері «Маржан сөз» деген атпен жарық көрді. Тіл мәйегі, сөз кестесі, ой құнары – мақал-мәтелдердің ғибраты мол. *Қонысына ие бола алмаған, Болысына ие бола алмайды. *Торқа кигізсең Томар да әдемі. *Менікі де менікі, Сенікі де менікі. *Қаршыға бітімді, Қарға үнді. *Өмір көрген түлкінің Үш-үштен іні болар. *Сөз бен істің арасы – Сексен көштің шамасы. *Жоқтық өз заңын өзі жазады. *Даңқ мысқылдап келіп, Батпандап кетеді. *Шортан ораза ұстайды екен деп, Шабақ сен қалғыма бекерге. *Тақсырдың достығы – Қасқырдың достығы. *Уақыт – жасалғанды күйретер Тіл – жасалатынды күл етер. *Майға құныққанды май басар. *Ел аңқау болса Доңыз төбеге шығады. Әр нақыл бір-бір актуалды мәселені айтып тұр. Бүгінгі қоғамымыздың бет-бейнесін көресіз. Шетел мақалдарын жинап оқушыға ұсынған дана атаға риза боласыз. Нәрлі сөздің маңызынан дәм татқан ұрпақтың жаман болмасы белгілі. Біздің замандастар этнопедагогиканың, ұлт философиясының тәлімінен тыс қалмауы тиіс. Ұлттық рухты ұрпақ бойына дарытудың бірден-бір жолы халық нақылдарымен сусындату. Мен жапон мақал-мәтелдерін зерделеу барысында Мұзафар Әлімбаевтың кітаптарынан оқып, ойымда сақталған қанатты сөздерді есіме түсіріп отырамын. *Оңынан бастамаған іс оңбай тынар. *Түбіріне қарай бұтағы, Тегіне қарай ұрпағы. *Сол аяғыңнан бастап билесең сүрінерсің. *Болбыр кебісін шешкенше Пысық жуынып ат болады. *Көргенді көгершін әке-шешесінен үш бұтақ төмен қонақтайды. *Азған ұрпақ арғы тегімен бұлданар. *Күндіз шырағдан жаққан Түнде қараңғыда отырар. *Әкесіз өскен бала құлыпсыз есік қана. *Себебін атадан ізде, салдарын баладан ізде. Осы тәрізді мақал-мәтелдерді үлкендер балаларының құлағына құйып отырса жас ұрпақтың ізгілік пен игілік жолында жүрері сөзсіз. Мұзафар Әлімбаевтың кітаптары әр мектептің кітапханасында тұрса да шәкірттеріне оқытып жатқан мұғалім сирек. Бұл күнде өз бетімен ізденер саналы балалар ғана Мұзафар Әлімбаевтың жыр жинақтарын жастанып жатып оқиды, ал өзгелер ше? Өнегелі өмірін елінің рухани игілігіне арнаған Мұзафар ата Әлімбаевтан даналық сырын ұғамыз. Әйгілі Фланк Гораций «Жазушылар адам өмірінің белгілі бір кезеңіндегі танымына сай жазғаны жөн» деген екен. Бұл дегеніміз баланың қабылдауы, жастардың түсінігі, ересектердің танымы деген категорияларды қаламгерлер есте ұстауы тиіс деген сөз. Ал, Мұзафар Әлімбаев барлық ұрпақтың талғамын тура таразылаған және соған сай рухани азық бере білген кемел қаламгер болып тарихта қалды. Ата данышпандығының кілті де осында.

Ер мінезді ақын қызы қазақтың

Дүниенің сырын, өмірдің қалтарыстарын, тіршіліктің заңдылығын дұрыс көріп, оны жырлау үшін бидің әділдігі, суреткердің сезімталдығы, жыраудың көрегендігі ақынның бойынан табылуы тиіс. Ақының қайраткер батырлығы да бүкіл жамандықты отпен алас-тап, сумен шайып, келмеске кетіріп, дүниеде тек жақсылық атаулының болуын тілеген риясыз көңілінен көрінеді. Фариза Оңғарсынованың батыл да, асқақ рухты өлеңдері қажыр-қайратқа толы. Ол оқушыны биікке ұмтылдырады, жүрегіне сенім нұрын сыйлайды. Ақын сәби де бола алады, көсем де бола алады. Өрем деп өлмес жырдың от өрнегін Майысып заман жүгін көтеремін, Қайғырып басқа мұңға, Жақтырмадым Жүрісін жымысқының, жөтелгенін... Кірпияз көңіл мінсіздікті қалайды. Бірақ саф тіршілік бола ма? Бәлкім өмір жүрегі таза адамдардың адал ниетінің арқасында жалғасын тауып жатқан болар. Ақын жақсылық орнату үшін дамылсыз күреседі. Шайқастың қандай түрі болмасын жүрек пен жүйкеде таңбасын қалдырары хақ. Ауырлық атаулы қашанда жүрекке түседі. Тас кенедей у-дұшпан жайланды кеп, Көңіл жасты көгімді қайғы алды деп, Жан әлемді улардан аршу үшін Қансырайсың тағы да, қайран жүрек! Жүрек өз емін өзі іздейді. Себебі, оның иесі дара. Топты рухани жетілдіру сол дараның мойнындағы жүк. Ізгілік үшін күресте дәрменсіздік танытуға болмайды. Сыйламастардан сый күтпе – Кемеңгер – жалқы, тобыр көп, – дейді ақын. Немесе Бір өзі көкке өрлей ме, Кездеспей жолында орсыз жер... Көсемге қазылар ор да көп, құрылар тор да көп. Көсем болу кез-келгеннің қолынан келмейді. Кемеңгер адам көсемдікке өзі ұмтылмайды. Оны халық таңдайды. Өз арасынан бір дарабоздың суырылып шығып, өрге озғанын тобыр көре алмайды. Ол сондықтан да тобыр. Санасы ояу азамат ел мүддесін басты мақсат етеді. Оған жету жолында талай ордан өтері хақ. Өтсе де өмірі, алды – жар, Тылсым ба маңы, сор ма арты, Халқының даңқын қалдырар, Түбінде әйтеуір сол жалқы. Ақынның бұл сөзі кемеңгерге де, көсемге де қатысты. Халық жүгін көтерген ерлердің мерейін үстем ететін не? Ол – Ізгілік. Ізгілік барда жақсылық мәңгі. Өмір адамға жақсылық жасауды міндеттейді, ал, уақыт оның орындалуын күтпейді. Мейірім етсең тас жібіп, Жетімге түнде таң атар. Кезінде етпеген жақсылық Қылмыспен кейде пара-пар. Ақын оның себебін пенделік қасаңдықтан көреді. Сол қасаңдық бойды жайлап алса, ізгі ниетті де тұншықтырады. Адамның өткеніне көз жібергенде бір кездегі өз дәрменсіздігіне өкініп, жасалмай қалған жақсылыққа іші ашитын сәттері болады. Түңілген жанға үміт – ем, Тұтата алмасаң – нашарлық. Қайткенде сені жібітем, Адамдардағы қасаңдық? «Біз адамдарды оның шынайы болмысына қарап емес, күйбең тірліктегі кейпіне қарап бағалаймыз» деп, француз жазушысы Ш.Монтескье айтқандай, мінездегі міндер тұрмыстың, қоршаған ортаның ықпалымен қалыптасады. Адамды зерттеп білу мүмкін емес. Әр кісінің бойында жақсы-жаман, ізгі-сүреңсіз қасиеттер бұғып жатады. Олар әрекет барысында қылаң береді. Кісі баласы әманда жақсылыққа құштар. Адам деген сөздің өзі ең асыл қасиеттерден тұратын сияқты. «Асыл адам болу – бақыт» деген Фариза ақын ел үмітін ақтауды мұрат еткен. Ел сенімінен шығудың өзі бақыт емес пе? Адам әділетті серік етеді. Әділдік жолы – ақиқатқа апарады. «Шындыққа бас тік алаулап, пенделіктен бол аулақ» деген ғұлама әл-Фараби. Иә, шындыққа бас тігу үшін ержүректілік қажет. Иә, Фариза Оңғарсынова ержүрек ақын болатын.

705 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы