• Бас мақала
  • 01 Қазан, 2019

Табиғаты көркем Көлсай

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Отансүйгіштік кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі…» деген жолдар бар.

Туып өскен өңір туралы ой кешкенде көрінісі көркем, тамылжыған табиғат көз алдымызға келеді. Солардың бірі – Көлсай. Екі таудың ортасында айнадай мөлдіреп жатқан көлдің көрікті келбетіне кім-кімнің де сүйсіне қарайтыны анық. Алматы қаласынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Көлсайға Құлжа тас жолы арқылы, Шелек-Көкпек жолдарын басып өтіп, жүйткіген көлікпен 6 сағатта жетіп бардық. Жалпы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ҚР Үкіметінің 2007 жылғы №88 қаулысымен құрылған. Жалпы аумағы 161045 гектарды құрайды. Тұрақты жер пайдаланудағы мемлекеттік актісі бар. Туризмді дамыту бойынша бас жос-пар 2009 жылы әзірленген. Күрделі жөндеу нысанның 20 учаскесі белгіленген. 32 учаске қысқа мерзімді пайдалану объектісі ретінде берілген. Сондай-ақ 15 туристік маршрут бар. Қазіргі таңда жалпы ауданы 0,8 гектар бір учаске ұлттық парк аумағында туризмді дамыту мақсатында берілген. 6 учаске этноауыл орналастыру, шатыр орнату және Төменгі Көлсайдан екінші Көлсай өзеніне дейінгі туристік жаяу жүру жолдары үшін қысқа мерзімді пайдалануға беріліпті. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Ұлттық паркке оларды абаттандыру бойынша жыл сайын жүргізілетін жұмыстары үшін 5 маршрут әзірлеп, бекіткен.

«Көлсай туралы айтар болсам, осы күндері әрбір әкімдіктің өз жоспары бар. Өздеріне бөлінген міндеттерді атқарып жатыр. Ал, туристерге тиімді интернет жағын реттеу біздің құзыретімізге кірмейді, оны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі реттеу керек. Ауыл-ауылдарында интернет болуы керек, ал биік тауларға шығып, арнайы интернет мұнараларын орнату өте қиын әрі бәленбай қаржы керек. Біздің жаңадан құрылып жатқан министрлікте әзірге көлемді қаражат жоқ», деді осы паркте жасалып жатқан шараларға жауапты Мұратбек Молдашұлы. Көлсай көлдерін «Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны» деп атайды. Бұл арада аң-құстың барлық түрі бар деуге болады. Мұнда жалпы хайуанаттар түрінің 226 түрі бар. Бұғы, марал, қабылан, тауешкілер көптеп кездеседі. Қар барысы мен Түркістан сілеусінін де табуға болады. Таудың басына дейін өрмелегендер аюмен кезігіп қалуы да әбден мүмкін. Сонымен қатар тек қана таза суда өмір сүретін ханбалық (форель) осы суда мекен етеді. Көпшілік қызығатын форель лай немесе жылы суда тіршілік ете алмайды. Көлсай көлінің суы әдетте – 5 градусқа дейін төмендейді. Ханбалықтың қылтанағы болмайды, өте таза балық. Біршама уақыт бұрын бұл маңда балық аулауға рұқсат берген болатын. Арнайы белгіленген орындарда, қармақпен ғана аулауға болады. Осы арада көл аймағындағы табиғи мұралар мен мәдени танымдық ескерткіштерді де айтып өтпеуге болмас. «Таңбалы тас аңғары», «Ащылы тоғайдағы көне суреттер», аңшылардың таутеке атып жатқандары бейнеленген тас-тар, ағаштан қиылып салынған үй. Жалпы айтқанда, жұмақ мекеннің жауһарын арттыратын тарихи жәдігерлердің ізі бар. Ұлттық саябақтың негізгі міндеті отандық туризмді дамыту болғандықтан саяхатшыларға ыңғайлы үш туристік бағыт бар. Сәні мен сымбаты артқан мекенде суретке түсіп, қайыққа мініп, қаумалаған қарағайдың ішімен жүріп, көк майсаның үстінде жатып демалғанға не жетсін. Демалуға келгендер өзімен бірге үйшатырын ала жүреді болмаса жергілікті орманшылардың үйін жалдап демалысын жалғастырады. Қалың қарағайдың қоршауындағы Көлсай көлін көргендердің шаршауға мүмкіндігі болмайды. Шыршалы орманмен қоршалған көлдер желісіне 3 көл кіреді: Төменгі Көлсай немесе Саты – 1818 метр биіктікте орналасқан. Үш көлдің арасын өзара жалғап Көлсай өзені ағып өтеді. Бұлардан бөлек шығысқа қарай 11 шақырым жерде Қайыңды көлі орналасқан. Екіншісі ортаңғы Көлсай немесе Мыңжылқы – 2252 метр биіктікте болса, үшіншісі жоғарғы Көлсай көлі – 2850 метр биіктікте орналасқан. Жыл бойына ұлттық парк аумағына 35-40 мыңға жуық демалушылар келеді. Сондай-ақ парк аумағында туристік ұйымдар мен туристік фирмалар: «Бласт Тур» ЖШС, «Akzhol Travel» ЖШС, «Гранд Вояж» ЖШС, «Тур Медиасистем» ЖШС, «Банан» ЖШС, «Казақстан Туризм» ЖШС тұрақты түрде жұмыс істейді. Өткен жылдың соңғы есебі бойынша ұлттық парк аумағына келушілердің саны 41 000 адамды құрады, оның ішінде Франция, Чехия, Индия, АҚШ, Қытай, Германия, Малайзия, Бельгия, Польша, Австралия, Түркия, Испания, Корея, Канада, Литва, Англия, Жапония, Ресей, Швейцария, Израиль, Голландия, Италия, Мексика, Иран, Финляндия, Тайланд, Румыния, Гренландия, Беларусь секілді елдерден келген шетелдіктер саны 3000-ға жуық адам болды. Елімізде туризмнен 2016 жылы 1 пайыздан 2025 жылға қарай 8 пайызға дейін Жалпы ішкі өнімнің үлесін арттыру туралы маңызды мақсат қойылды. Ол үшін ҚР Туристік қызметті дамытудың 2023 жылға дейінгі бағдарламасы сәтті жүзеге асқаны абзал. Сұлулығы талай ақынның жырына, талай сазгердің әніне арқау болып жүрген жер жаннаты Жетісу табиғат жауһарларына толы мекен. Бір ғана мысал, Кеген ауданындағы аядай ғана Саты ауылы әлемнің түкпір-түкпірінен келетін қонақтарды құшағына сыйдырып отырған мерекелі де берекелі ауыл. Көлсай мен Қайыңды осы Саты ауылдық округіне қарасты аумақта орналасқан. Осы арада Көлсайдың көркін одан әрі арттырып, ғажайыпқа бөлеген Қайыңды көлі бар. Бұның да сұлулығы Көлсайдан кем емес. Бұл керемет көрініс екі көлден құралған. Бірі шағын, екіншісінің көлемі үлкен.

Көлсайдан 4-5 шақы-рым жердегі Қайыңды көлі аумағында жеміс-жидектің 20-дан астам түрі (шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, ит-мұрын, қой қарақат, рауғаш т.б.) өседі. Әзірге, мұндағы жемістердің «қызығын» тек жергілікті тұрғындар көруде. Сондай-ақ, мұнда сусын дайындауға таптырмайтын қалақай, қымыз-дық, шайқурай да бар. Бұған қоса, мұнда емдік қасиеті мол шетен, долана, итмұрын, тобылғы, қарақат көп өседі. Соңғы дерекке жүгінсек, мұнда дәрілік шөптер мен жеміс-жидектердің 47 түрі кездеседі. Олардың кейбіреуі бүгінгі күні ұлттық формацептикада қолданылуда. Сонымен қатар Қайыңды көлі аймағында біртіндеп жоғалып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің 12 түрі – күнгей бозы, жылтыр жанаргүл, Семенов айдаршөбі, жирен ақбас қурай, сабақсыз лейоспара, күмбел саршатыры, т.б. өсімдіктер бар. Бұл – баға жетпес, орасан зор байлық.

751 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы