• Айтарым бар...
  • 01 Қазан, 2019

ЖАСТАР және ЖАУАПКЕРШІЛІК

2019 жыл қазақстандық жастар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялады. Бұл жыл Үкімет алдына жастар мәселесін шешуді талап ете отырып, жастардан ынта мен жауапкершілікті күтеді. Қазақстандық жастар үшін бұл үлкен бетбұрыс, өйткені Қазақстанның тәуелсіздік құрдастары биыл 28 жасқа келеді. Еліміздің алдыңғы жылдарының қорытындысын жасау жылы деп атасақ та болады. Қазір ұрпақтар жалғастығы мен ұрпақтар сабақтастығының үйлесімді жүруі маңызды. Адамзаттың биологиялық мақсаты артына ұрпақ қалдыру болса, ал моральдық-этикалық мақсаты толық адамды қалыптастыру. Толық адам категориясы Абайдың философиясында кездеседі, адам болу бұл материяның дүниеден формаға еніп, өтуі. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Философияны үйренуден бұрын нені білу керектігі туралы» трактатында әр түрлі пікірлерді айта келіп, этиканың қасиетін көре білген Теофрастың да б.з.д. 371-286 ж.ж. көзқарасын келтіреді: «…Теофрастың жолын ұстанғандар этикадан бастау керек деп санайды, өйткені мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға да қолы жетпейді» дейді. Абай да – этикалық мәселені, мораль философиясын тереңдеп сөз еткен ғалым, ойшыл, ақын. Жалпы, діни-философиялық ойдың даму тарихында «адам» ұғымының алатын орны орасан десек те, оны белгілі бір жүйеге түсіріп, тиянақты түсіндіруге көшбасшы болған философ – Сократ. Абайдың толық адам танымы туралы сол Сократтан басталатын Платон, Плотиндердегі сүюді сүйеніш, тірек еткен адам, қытайлардың дао іліміндегі әбден жетілген адам, шығыс ойшылдары мен суфизмдегі «камили инсан» туыстасып жатады. Абайдың адамгершілікті жырлаудағы ең басты жаңалығы да осы. Абайда толық адамның мәні мен негізіне үңілген белгілі бір жүйе бар: а) толық адам: ақыл, қайрат, жүрек, т.б). жәуанмәртілік: ақыл, рақым, әділет; в) жүрек: әділет, рақым, мейірім, сүю, т.б. г) әділет; е) ізгілік, қайырымдылық, бақыт. Демек, қоғамдағы санасы сан тараулы жылдар бойы дамып келе жатқан адамның мақсаты, артынан саналы ұрпақ қалдыру деп қорытамыз. «Жастар – ел ертеңі» тіркесінде болашақ үшін жастардың жауапкершілігі қаншалықты маңызға ие болатынын көріп отырмыз, сондықтан жастарды қолдау саясаты келешегімізге деген үлкен инвестициялардың бірі болмақ. Қазіргі таңдағы жастар арасындағы шешімін табуға тиісті өзекті мәселелерді сенім, еркіндік, парыз, жауапкершілік категорияларымен тығыз байланыстыра қарауды талап етеді. Өйткені, жастардың үндеуі, жастарды қоғам толыққанды мүшесі ретінде қабылдай отырып, оны мойындауы, ата-ана мен бала арасындағы мәселелердің шығу тегі жоғарыда көрсетілген категориялық тізбекпен сәйкес келеді. Объективті әлемде біз тек өзіміздің еркін әрекетіміздің ішкі шектелуін ғана байқаймыз. Еркіндік үшін алғышарт қажет, адам өз әрекетінде еркін, соңғы нәтижесінде қажеттілікке тәуелді. Адам еркіндігі мәселесі қазіргі таңда саяси және рухани өмірдің орталығында тұр, оған жету деңгейі қазіргі қоғаммен, оның жалпы мәдени дамуы демократиялығымен анықталады және өркениеттілігінің негізгі критерийі болып табылады. Жауапкершілік – бұл біреуге жүктелген міндет, ол адам өз әрекетіне, өз кінәсіне, оның салдарына есеп бере алатын болуы қажет. Біз әрдайым өз өміріміз бен өзгелер үшін де жауапкершіліктеміз, еркіндік қашан да жауапкершіліксіз өмір сүрмейді, сондықтан олар өзара байланысады. Әр азаматтың жауапкершілігі, азаматтық қоғам орнату үшін жасалатын әрекет пен түсінік, адамзат тағдыры ғана емес, нақты қоғамдық жағдайын анықтайды. Аристотель кезеңінен бастап практикалық философияда жауапкершілік этикасы қарастырыла бастады. Жауапкершілік түсінігі Аристотель эссенциясында «Ең жақсы адам, өзіне қатысты қайырымды қатынас жасаған адам емес, өзге адамға жасаған әрекеті қайырымды болып табылады – бұл өте күрделі». Индивидуалистік, субъективтілік жауапкершілік пен объективтілік арасындағы байланыс қоғамдық қызығушылықты тудырады. Аристотель жауапкершілік түсінігін адамгершілік зерттеу логикасында қайырымдылық деп қарастырады. Мораль кеңістігіндегі әрекет қоғамға пайдалы ғана емес, адамның «жан қалауы», мотивацияға, ниетке сәйкес жүзеге асырылады. Демек, адам үшін өмірдегі «өзіндік мақсат» моральдық-адамгершілік ұстанымдарға сүйенетін әрекетпен астасып жатуы керек. Сонда ғана руханиятта үйлесімділік орнауына мүмкіндіктер ашылады. Ең алдымен қарапайым талдау, ата-ана мен бала арасындағы мәселе, өз баламызды өз еркімізбен жауапкершілік пен еркіндіктен айырамыз, мысалы, «ол жасай алмайды», «ол әлі кішкентай», «оның ісі шала» – мұндай нұсқамалар баланы жауапкершіліктен айырып, қорқақтыққа алып келеді. Ал біздің қоғамда бала өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезіне алмайды, оның сөзіне ешкім құлақ аспайды, бұл біздің қоғамдағы үлкендердің қамқорлығы мен сенімсіздігінің арқасында пайда болады. Адам өміріндегі ең бір маңызды таңдау, ол мамандық таңдау болса, ата-ана мен қоғам тағы да өз рөлдерін ойнай отырып, одан жауапкершілік пен ынтаны талап етеді. Еркіндік болмаған жерде жауапкершілік болмайтындығы анық. Біздің тәуелсіз Қазақстанымыз, жастарға, сонымен қатар, мол мүмкіндіктерді беріп отыр. Оқуға түсуші талапкерлерге гранттардың саны жыл сайын артуы, оқу бағдарламалары шет елдерге тәжірибе алмасуға, халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік берсе, жастар өз кәсібін бастау үшін алты пайыздық үстемемен несиелер, «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін шешіп жатыр. Дүние жүзінде мемлекеттер капиталистік жолда дамып жатқандықтан, Қазақстанның дамуы да осы мемлекеттермен бірыңғай жағдайда. Сондықтан кім прагматикалық тұрғыда мүмкіндікті пайдалана білсе, жетістігі сондай болмақ.

Айдана ЕРЖАНОВА, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

749 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы