• Білім-ғылым
  • 14 Тамыз, 2019

Құлыншақ, бұзау және қоян

Кальман Миксат

Мен үшін жалғанның екі мезгілі бар, ол кезде менің жанымды мұң торлайды, сол сәттерде жаныма медеу болар қаламым ғана, мен жазуға бас қоямын. Ал, егер қайғырып көрмеген жан болса мені әсте түсінбес, сондықтан менің шығармамды қолына алуының да қажеті жоқ. Ондай кезеңнін бірі – ыстық жаз, бұл уақыт қала орманға қарай көшеді. Өз отбасымды алып мен де сол жаққа барамын, бірақ ол осында қалады. Ал, қаһарлы қыс келгенде керісінше орман қалаға қарай ығысады. Бұл шақта орта бойлы жасыл шыршаның бірі біздің үйге де келіп үлгереді, бірақ оған бұрынғыдай тамсанып қарайтын адам енді жоқ. Біз оны – ол деп қана атаймыз. Басқалай атауға тыйым салынғандай, расында есімін айтуға ешкімнің батылы жетпейді. Егер бауырлары үйдегі қоңыр жәшіктен қамшы, кішкентай қызыл кеудешенің үзілген түймелерін әлде оның кішкентай балғасын тауып ұстап жүргенде мен үстінен түсіп қалып: «Балалар бұл кімдікі? Деп сұрай қалсам, «Бұл оныкі» дейді олар жасқана дауыстап. Оның есімін аузыма ала берсем жүрегім диірменнің қара тасындай жансызданып, көздерім суы құрыған құдықтай тұнжырап сала береді. Бірақ үйде оның есімі жазылған бір шыны аяқ бар. «Яношка» деп жазылған сол шыны аяқтан үнемі мысығы екеуі кофе ішетін, қызығы ол мысығымен бөліскенді жақсы көретін. Енді сол шыны аяқ маған тиесілі. Мен одан күнде таңертең кофе ішемін, мысыққа да беремін, бірақ ол енді кофе ішпейді. Тек маған жәудіреп қараудан жалықпайды. Ол да өзінің кішкентай қожайынын іздейді. Теңізден таудай толқын соқса да, жағадағы тасты жара алмас деген сөз бар, егер өмір теңіз ал мен тас болсам онда мен жарылдым. Менің жан-дүнием паршаланып, быт-шыты шықты. Өткен күннің елесінен жан ұшыра қашамын, қаша тұра тағы соңымнан жетелеймін. Менің жазу үстелімде оның сүйікті ойыншықтары тұр. Олармен тағдыр сағаты тоқтағанша ойнап еді. Содан бері олар осында. Арқасына ер тоқымын артқан ақ сары жалды құлыншақ, кеудесіне қызыл бантик таққан сүйкімді қоян мен мойнында сыңғырлауық қоңырауы бар бұзау. Жазудың шаңырағында отырғанда олар маған үнсіз қараудан жалықпайды. Әлде бір шалт қимыл жасай қалсам болғаны қоңыр бұзаудың кішкене қоңырауы сыңғырлай жөнеледі. «Сыңғыр-сыңғыр!» «Сыңғыр-сыңғыр!» Менің кішкентай қожайыным қайда? Иә, біздің кішкентай қожайынымыз, бізді әркез мәпелеп, ойнататын, қайда ол?» Сендер қайда деп сұраудан жалықпайсыңдар, көрмейсіңдер ме ол сендерге менің жамау болған жүрегімді қалдырып кетті емес пе? Ол барда мен мәуелі бәйтерек едім, қазір томармын. Сендер әлде қайда бақыттысыңдар, себебі ол сендерді өмірінің соңғы сәтіне дейін есінен шығарған емес. Әлсіз ғана үнімен сендерді шақырумен болды... Яношка әлжуаз, өте жүдеу еді. Ол ешқашан тамақ сұрамайтын. Ал, дәрігерлер бірауыздан оған әлдену үшін, оңалу үшін көбірек ет жеу керектігін айтатын. Оған бір тал ет жегізу үшін не ойлап таппадым. Оны көндіру үшін жүдеу санам қаншама рет сандалды. Мен оған түрлі-түсті суреттерге толы кітап сыйлауға сөз бергем. Бірақ Яношканың ол кітаптың суреттерін қарап тауысуы үшін небары бір-ақ күн қажет болды. Одан кейін ол тағы ет жеуден бас тартты. Сан түрлі ойыншықтар да оның көңілін ұзақ аулай алмайтын. Бұдан кейін мен қалай жалынсам да ол өзінің сүйкімді сарғыш шашы бар кішкене басын шайқаудан танбайтын. – Жегім келмейді! Ештеңе жегім келмейді! – Бір жылдан соң саған нағыз құлын алып беремін. – Бәрібір етті аузыма алмаймын. – Етігіңе арнап өкшелік алсақ ше? – Рас па? Бірақ мен етті жақсы көрмеймін ғой. Бір күні мен Яношканы тіземе отырғызып алып, онымен үлкен адамдарша сөйлесуге көштім. – Балам, егер сен ет жемейтін болсаң көрде тұр, бізді үлкен қайғы күтіп тұр. Ол жанары жәутеңдеп маған сұраулы жүзбен қарай берді. – Сенің жасың жиырмаға келгенде мен сені Венаға апарамын. – Патша тұратын мекенге ме? – Иә, дәл өзі құлыным! – Анам да бізбен бірге бара ма? – Жоқ, анаңа осында қалуға тура келеді. Онда тек екеуміз барамыз. Жай емес, үлкен іс тындыруға барамыз. Сен біздің мемлекетіміз үшін күресуің керек. Яғни патшаның ұлымен жекпе-жекке шығып, оны шайқаста жеңуің ел үшін өте маңызды. Оның сүйкімді жүзінен күлкі жоғалып, жазық маңдайын әлдебір әжім іспеттес сызықтар торлады, жүрегі атша тулай жөнелді. Оның бұл жүзінде қорқыныш пен мақтаныш қатар орын алған еді. – Рас айтасың ба, әке? – Әрине! Мен айтсам демек солай бол-ғаны. Тек... Бір нәрсе мені алаңдатады. Егер бәрі жақсы аяқталып, жеңіс туы біздің жақтан желбіресе, елімізге өзің басшы боласың. Ал, егер жеңіс патша ұлының қанжығасында кетсе бәрі бітті дей бер. Онда ол саған тиесілінің барлығын тартып алып, сені абақтыға қаматады. Оның жанары жарқ етті. Мені жұбату үшін бе, әлде қуанту үшін бе бетімнен сипап отырып: – Мен жеңіске жететініме сенемін! – деді. – Ал менің күмәнім бар. Неге екенін білесің бе? Себебі ханзада сені жеңу үшін бұл күнде талмай еңбектеніп, күндіз-түні жаттығуда. Күші мол болуы үшін көп ет жеп жүр екен. Ал, сен «Мен етті жақсы көрмеймін» деп қырсығасың. Бұл жолы мен Яношканы өз дегеніме сөзсіз көндірдім. – Маған күндегіден екі есе қылып ет қуырыңыз! – деді ол кенет. Сол күннен бастап Яношка күнде етті тартынбай жейтін болды. Ал, егер сәл ойы өзгере бастаса алдағы ұлы шайқас туралы аузыма ала берсем болды, ол қайта жанданып, алға ұмтыла түсетін. Ол өмірінің соңына дейін жеңіске деген үмітпен өмір сүріп келді. Өзінің жеңісіне сенгені сонша тіпті бауырларына өз үлестерін осы бастан бөле бастады. Лаци елдегі барлық бұқаға, ал, Альберт сиырларға қожа болды. Ал, маған адамдарды еншіледі. Тек аула сыпырушы мен кәрі күтуші Жофиді ғана өзіне алып қалды. Бірақ бір күні үй қызметшісінің аңдаусызда айтып қалған сөзінен кейін қайта өмірден түңілді. Ол патша ұлының қаза болғанын ас үйдегілерге айтып жатқанын естіп қалыпты. – Енді кіммен шайқасамын, әке?.. Ал, Яношканың шайқасы патша ұлымен емес, қаһарлы да азапты дертпен екендігін өзі аңдамады. Жиырма төрт күн бойы дерті оны азапқа салды. Әттең, өткен күннің еншісінде кеткен уақыт ай. Сол кезде тілімді алып, ет жесе ғой. Әлденер ме еді... Ол жиырма төрт күн туралы менің жазуға қауқарым жетпейді. Аурудың апанына түскен ол мені шақырып құлағыма: – Әке, мен өлгенде жануарларыма өзің ие бол. Оларды Лаци мен Альбертке берме, олар сындырып тастайды – деді. Содан кейін өзінің сүйікті ойыншықтарын ақырғы рет көргісі келді. Анасы төсегіне апарып қойған құлыншаққа, бұзауы мен қоянына қимастықпен ұзақ қарады. Мені көз қиығымен жанына жақындауымды сұрап, сөлдей солып қалған кіп-кішкене қолдарымен менің алақаныма түймедей тиын салды. (оны емдеуші дәрігер дәрілерін уақытылы қабылдағаны үшін сыйақы ретінде берген еді) – Бұл маған ба, Яношка? Дедім аузымнан сөз құрып. – Бұл менің жануарларыма азық алу үшін, енді олар сізге аманат! *** Қонақ бөлмеге сән бере сол баяғы жасыл шырша тұр. Тура бір жыл бұрынғыдай. Жарық шамдармен, түрлі ойыншықтармен безендірілді. Әдеттегідей астына сыйлықтар қойылды. Ал, менің жаным ол кезде тек бір нәрсені ғана қалады. Ол жерде бұрынғыдай Яношканың сүйікті ойыншықтары тұрса менің көңілім құлазымас еді. «Сыңғыр! Сыңғыр!» Біздің кішкентай қожайынымыз қайда?..

Орыс тілінен аударған Айкерім Қиықбай

434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы