• Бас мақала
  • 14 Тамыз, 2019

Ең құнды мұра - Тіл

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасында»: «Тілді дамыту – Қазақстан Республикасы мемлекеті саясатының аса өзекті бағыттарының бірі... Мемлекеттік тілді оқытудың саны мен сапасына көңіл бөлу керек» делінген. Қазіргі уақытта осы міндеттерді жүзеге асыру үшін сан түрлі шаралар қолға алынуда. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Стратегиясында мемлекеттік тілдің қолданылу саласын кеңейтуді елдің әрі қарай даму артықшылықтарының бірі ретінде атады. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, өмір қажеттілігіне айналдыру. Бұл ретте қазақстандықтардың алдына мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру, тілге деген сұранысты арттыру, тіл мәдениетін жетілдіру міндеттері қойылған. Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарлама өз нәтижесін көрсетуде. Өйткені, өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуді мақсат еткен азаматтар баршылық. Олар тіл мәртебесін биіктетуге күш салуда. Мұндайды тек қуана қолдайтынымыз анық. Тәуелсіздік бесігінде тербелген 27 жыл ішінде мемлекеттік тілді дамыту жолында көп дүние жасалды. Елбасы Қоры жанынан құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоры жұмыс істейді. Республиканың барлық облысында мемлекеттік тілді тегін оқытатын орталықтар ашылды. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында тіл саясаты жан-жақты ойластырылып, сәтті жүзеге асуда. Тіл саясатын жүргізуде асығыстыққа салынудың жөні жоқ. Барлық жұмыс жүйелі жолмен, кезең-кезеңімен, қазақстандықтардың мүддесін ескере отырып атқарылуы тиіс. ҚР тілдерді дамыту және қолдану мемлекеттік бағдарламасының 2017-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес, жыл сайын тұрақты негізде республикалық конкурстар өткізіледі, осылайша мемлекеттік тілді БАҚ-та насихаттау, республиканың жастары арасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін игеру бойынша «Тіл шебері» республикалық конкурсы, «Тілдарын» республикалық олимпиадасы өткізілді. Қазақстан халқының тілдері фестивалі шеңберінде мәнерлеп оқу шеберлері арасында «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлігі» республикалық конкурсы қоғамның қолдауына ие болды. Сондай-ақ, «Түп-тамыры ежелгі әліпби: жалпы түріктік сәйкестігінің берік негізі» халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және ілеспе-аудармашылардың дағдыларын арттыру мақсатында қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне ілеспе аудару шеберлік-сыныбы өткізілді. Орыс тілді азаматтар арасында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» жобалары бойынша көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде түрлі шаралар өтуде. Қазақ тілінің қолданылуын дамыту, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мақсатында Алматы қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі», «Абай оқулары», «Пушкин оқулары», ал, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген жастар арасында түрлі байқаулар ұйымдастырылып келеді. Ал, Мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру мақсатында «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Көркемсөз оқу шеберлері», «Тіл мерейі», «Ана тілім – ардағым», БАҚ өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты түрлі деңгейдегі байқаулар өткізу дәстүрге айналып отыр.

Мақалаға орай бірер сөз

Атсалим ИДИГОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мемлекеттік тілді ұлықтайық!» атты ұзақ мерзімді республикалық акциясын қолға алса жақсы болар еді. Акция шеңберінде қазақ тілін дәріптейтін күнделікті «дөңгелек үстелдер», семинарлар, ток-шоу мен байқаулар, әртүрлі оқулар, тіл ғалымдарымен кездесулер, тегін дәрістер ұйымдастырылып тұрса деймін. Нәтижесінде, қазіргі таңда жетіспей жатқан тілдік ортаның қалыптасуына жол ашылады. Ең бастысы, адамдардың мемлекеттік тілдегі ойлау жүйесі өзгеріп, құрметі артады деп есептеймін. Елбасының «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген танымал сөзі бар. «Мемлекеттік тіл – біздің тіл! Қазақ тілін біз сыйламасақ, басқа кім сыйлайды? Біз қорғамасақ, кім қорғайды? Біз сақтамасақ, кім сақтайды?». Мемлекеттік тілді білмейтіндерге осы сөздерді аударып, ішкі мағынасына үңілуді ұсынамын. Одан кейін латын қарпімен қайтадан қазақ тілінде жазуы қажет. Бұл сіз үшін Ұлы Даланың ұлы мұрасы – әлемдегі ең бай әрі түркілердің ең таза тілі – қазақ тілін үйренудің маңызы зор.

Алла ЧЕЧЕТКИНА, журналист. Ұлтым – молдаван. Өзім қазақтың салт-дәстүрі және мәдениетімен сусындап өскенмін. Қазақ тілін білу үшін мен сияқты көрші қазақ әженің тәрбиесін көріп өсу керек. Сол кісінің қолдың сары майын қосып дайындаған таба нанының дәмі әлі таңдайымнан кетпейді. Ата-анамның ақылымен қазақ сыныбында оқыдым. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Қазақтың нанын жеп, суын ішіп өскендіктен, ең алдымен қазақ тіліне құрмет көрсетілуін жөн деп білемін. Мемлекеттік тілде сөйлемесек, білуге тырыспасақ, біздің егемендігімізге қосқан үлесіміз немен өлшенеді?! Барлық қандас бауырларымды қазақ тілін білуге, сүюге, өмірлік рухани азық етуге шақырамын. Жаһандану заманында қазақы тәрбие ұмытылмаса екен деп тілеймін.

Василий ПАК, IT саласының маманы. Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Әке-шешем жұмыс барысымен Қызылордадан еліміздің батыс өңіріне орныққан болатын. Ал аталарым сонау 30-шы жылдары Кореядан Қазақстанға қоныс тепкен. Көп балалы отбасынан шыққанмын. Ауылда тұрып қазақ мектебінде оқыдым. Достарымның барлығы қазақ болды. Қазақстанда тұратын барлық азамат тек мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс. Ұлтым кәріс болса да, өзімді қазақ сияқты сезінемін. Алматыда көптен бері тұрып келемін. Бұл әсем қалада өзге ұлт арасында өтетін байқауларға да қатыс-қанмын.

489 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы