• Бас мақала
  • 14 Тамыз, 2019

Қытайды әлемге танытқан әйел жазушы

Амангелді Кеңшілікұлы 

Әдебиеттің жынысқа бөлінбейтініне қарамастан, біздің, атап айтқанда қолына қалам ұстаған ер-азаматтардың нәзік жандылардың творчествосына менсінбей қарайтынымыз құпия емес. «Байтал шауып бәйге алмас» деген ескіліктің мақалын желеу етіп, көп жағдайда әйел жазушылардың шығармашылық табысына мүлде көңіл бөлмейтін, не жазып жүргеніне мүлде назар аудармайтын болып алғанымыз ащы да болса – өмірдің шындығы. Проза саласында маңдай терін төгіп, адал еңбек етіп келе жатқан әйел жазушылардың ішінен әлі күнге дейін Мемлекеттік сыйлықты иеленген бірде-бір қаламгердің болмауы осы сөзімнің ақиқат екенін дәлелдей түскендей ме, қалай? Таяуда Американың атынан ең алғашқы болып Нобель сыйлығын иеленген әйел жазушы Перл Бактың шығармаларын оқып шығып, мұндай кемшіліктің біздің халқымызға ғана емес, әлем елдерінің бәріне тән екеніне көзім жете түсті. Бір қызығы шығармалары арқылы қалың оқырманға Үндістанды таныстырған Редьярд Киплингтің талантын әдебиет зерттеушілерінің бәрі мойындайды. Ал, әлемдегі ең алып ел Қытай туралы таңғажайып романдарды дүниеге әкелген әйел жазушы Перл Бакты жұрттың көбі біле қоймайды. Неге? Шындығында да 1938 жылы Нобель сыйлығын иеленген суреткер Перл Бактың шығармашылығы – күні бүгінге дейін америка әдебиеті тарихының әлі толық зерттелмеген беттерінің бірі болып тұрғаны жасырын емес. Пешенесіне жазылған тағдырының арқасында ол өмірінің жартысын Қытайда өткізіп, екі ел – америка мен қытай мәдениетін тел емді. Алпыс жылға жуық уақыт созылған суреткердің шығармашылық жолы ұдайы еңбек етудің арқасында жемісті болды. Ол түрлі жанрларда бағын сынап, толайым табыстарға қол жеткізді. Көркем шығармалардан бөлек деректі прозаны да жазды, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында көптеген романдарды, повестерді, новеллалар жинағын, пьесаларды, публицистикалық мақалаларды дүниеге әкелді. Жазушының естеліктері, культурологиялық, өмірбаяндық, тарихи сипаттағы кітаптары, балаларға арналған шығармаларын зерттеу ісінің әлі қолға алына қоймағаны Перл Бактың әдеби мұрасының қаншалықты бай болғанына көзімізді тағы бір мәрте жеткізе түскендей. Шығармашылығының гүлденген шағы 1930-1940 жылдары Перл Бак – әлемдегі ең атақты жазушылардың бірі болды. Қаламгердің туындылары ондаған елдердің тілдеріне аударылып, ол жазған шығармалары ең көп оқылған жазушылардың қатарына қосылды. Қытай тарихының тағдырлы кезеңіне арналған оның ең үздік туындылары 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басында жазылып, «Жер» деп аталатын атақты романы дүниеге келді. Кейін бұл шығармасы жазушының атақты трилогиясының бірінші бөліміне айналып, уақыт өте келе көркем туындының екінші және үшінші бөлімдері де жазылды. Бұл туындылар миллиондаған оқырмандарды әлемдегі ең алып елдің тұрмысы, өмір сүру салты, дәстүрімен кеңірек таныстырып Батыс пен Шығыстың арасын байланыстырған рухани көпір болды. Дегенмен, Перл Бак туралы әңгіме қозғалғанда оның есімі қытай өмірі туралы көпшілікке танымал романдардың авторы немесе «жаппай» аудиторияға арналған шығармалар туғызған жазушы ретінде ғана аталып, суреткердің көркемдік шеберлігі айтылмай, белгілі қоғам қайраткері, әлеуметтанушы мен мәдениеттанушы, тоталитаризм мен фашизмге қарсы күрескер болғандығы ұмыт қалып жатады. «Жер» романы қаламгердің есімін әлемге әйгілі етіп, 1930-1940 жылдар аралығында жазушы жөнінде бірқатар мақалалар жазылғанына қарамастан, АҚШ әдебиеттанушылары Перл Бактың шығармашылығына әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлмей келеді. Перл Бактың шығармашылығы ол өмірден өткеннен кейін ғана назарға іліге бас-тады. Соған қарамастан Хемингуэй, Фолкнер, Стейнбек және тағы да басқа Нобель сыйлығын иеленген қаламгерлермен салыстырғанда Перл Бак туралы жазылған зерттеулер өте аз. Жоқтың қасы. Тіпті, Перл Бактың туындыларын бағалаған сыншылардың арасында да пікір алуандығы бар екенін айта кеткен ләзім. Бір сыншылар қаламгердің өз туындыларында экзотикалық материалдарды ұтымды пайдалана алатынына сүйсінсе, екіншілері керісінше сол үшін оны жазғырып, жазушының ескірген, бұқаралық беллетристикаға арналған үлгілерді жиі қолданатынын, көркемдік тәсіл туралы танымының таяздығын сынға алады. Ол уақыттары әдеби ортада пессимистік рухтағы шығармалар зор сұранысқа ие болғандықтан, суреткердің оптимистік рухтағы жазылған туындылары сыншылардың көңілінен шықпады. Сондай-ақ сол кездегі шығармашыл қауым Перл Бактың америкалық қаламгер болғанына қарамастан Қытай мен Азиядағы басқа елдердің өмірі туралы жазғанын жақтырмады. Тіпті, Қытай елі де жазушыны аса жақсы қабылдамай қойды. Алайда, соған қарамастан Перл Бактың АҚШ шекарасынан асқан жерлерде, оқырмандары өте көп болды. Суреткердің кітаптары ондаған тілдерге аударылып, ол шығармалары ең көп тәржімаланған және ең көп оқылған Марк Твенмен бір қатарда тұрған танымал жазушыға айналды.

500 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы