• Бас мақала
  • 28 Шілде, 2019

ТУРИЗМ САЛАСЫНДА ҮЙРЕНЕТІНІМІЗ КӨП

Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше геосаяси маңызы бар мемлекеттердің бірі – Қытай Халық Республикасы. Екі мемлекет арасындағы ортақ шекараның ұзындығы 1740 шақырым. Сонымен қатар екі ел тарихи көршілер болып табылады. 1992 жылы Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында алғашқы дипломатиялық қатынастар орнатылғаны мәлім. Айдаһар елінің күшті экономикалық державаға айналуға ұмтылуы ойланарлық мәселе. Осы орайда Қазақстанның Шығыстағы көршіміз-бен әділетті, тең дәрежедегі қатынастарды тереңдету күн тәртібінде тұр. Жер көру, бөтен елге саяхат жасау кім-кімнің де көңіл көкжиегін кеңейтері анық. Өзге мемлекетті аралаған кез келген адам өзі туып өскен елін сағынары баршаға аян. Сондай-ақ, өзара салыстыру секілді ғажайып сезімді бастан өткересің. Бұның өзі адамның пайым-парасатын өсіруге, өз елін, ұлтын сүюге жол ашады. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын. Туризм біздің елде жаңадан қалыптасып келеді. Ал, бізден басқа көптеген мемлекеттерде туризм өте жақсы дамыған. Жақында Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен бір топ журналист қауымы Қытайға барған болатын. Алғашқы сапарымыз ел астанасы Бейжің қаласынан басталды. Дүниежүзілік өркениетке сүбелі үлес қосқан, өзіндік бай мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар, бүгінде қарышты қадамдарымен экономика, бизнес, инновация және тағы да басқа салаларда бәсекелестерінен оқ бойы озық шығып, дамудың даңғыл жолына бет алған Шығыстағы алып мемлекетті аралап көрудің сәті түсті. Бұрын-соңды атбасын бұрмаған жерге саяхаттау – көкейіңде көп сауалдарды туындатып, әртүрлі ойларға жетектейтіні бар. Өйткені, таным көкжиегің кеңейіп, алдыңнан бір жаңа дүниелер шыға бастайтыны мәлім. Бейжіңге кіргенімізде басқа әлемге тап болғандай әсерде қалдық. Себебі, бірнеше мыңжылдық тарихы бар сәулет өнерімен, темірдей тәртіпке негізделген қала келбеті айрықша әсемділігімен бізді бірден баурап алды. Тәулігіне мыңдаған ұшақтар келіп кетіп жататын Бейжің әуежайының ішінде ығы-жығы халықты байқай алмадық. Жолаушылар қарасы сәт сайын көбейіп жатса да ың-жыңсыз жөндерін тауып жан-жаққа ағылуда. Кез келген қытай сізді танымаса да жымиып қарап, сұрағыңызға жауап беруге дайын. Сары түске боялған таксилер де бірінен соң бірі кезекпен келіп тоқтайтыны қызық. Басқа елге келгенімізде әдетте ауа райын салыстыратынымыз бар емес пе, мұнда ауа райы – аса дымқыл болып көрінді. Бейжіңге көктемнің соңғы айы мен күз мезгілінің ең алғашқы айында барған дұрыс көрінеді. Бұл кезде ауа-райы қатты ыстық та емес, суық та емес, жылы әрі аздап жаңбырлы болады екен. Туризмі ілгері дамыған алып қалада көп ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, тіпті шетелдіктер қыруар қаржы тауып жұмыс істеп жүргенін де аңғаруға болады. Ең бастысы, еңбекқор қытай халқының тазалыққа және табиғатқа мән беретіні білініп тұрды. Бейжіңнің әуежайынан «Цзянь Го» мейрамханасына бара жатқанымызда шаһардың мұнтаздай тап-таза екендігін, тіпті көшеде жатқан бір тал қоқыстың жоқ екендігін байқадық. Аэропортқа таяу маңға тұрғын үйлер орналаспапты. Табиғатты күтуге аса көп мән беретін Қытайда аэропорттан өте бергенде жасыл ағашқа көмкерілген тұнық табиғатты ғана көруге болады. Әдемі көпірлер мен қоғамдық көліктер көздің жауын алады. Бұдан кейін делегация мүшелері болып Бейжіңнің теміржол бекетіне барып, Цзинань қаласына қарай жолға шықтық. Цзинань қаласы Шаньдун провинциясының астанасы болып саналады. 8177 шаршы шақырым жерді алып жатқан бұл қалада 3,5 миллионнан астам адам тұрады екен. Жайқалып өскен ағаштардың жапырақтарында ешқандай да шаңның жоқтығын көріп сүйсіндік. Шаһарда жаңадан салынып жатқан зәулім үйлер мен биік ғимараттар көп. Ауа райының жаймашуақтығы, жергілікті халықтың жүзіндегі жылы жымиыс көңіліміздің төрінен қонақтап алды. Сонымен, «Shandong Hotel» қонақүйінде Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығының IV форумы өтті. Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтік делегацияларының қатысуымен өткен форумның ашылу рәсімінде Қытай және Орталық Азия достығы қоғамының төрағасы Чэнь Фэнсян сөз сөйледі. Ол Орталық Азия мемлекеттері шығыс пен батысты байланыстыратын Жібек жолының жүрегінде орналасқандығын жан-жақты баяндады. Осыдан соң, кәсіби ынтымақтастықты жүзеге асырудың практикалық қадамы болып табылатын бірнеше келісім құжаттарына журналистер қауымы да қол қойды. Ал, делегациямыздың басшысы «Деловой Казахстан» газетінің бас редакторы Серік Қоржымбаев мінбеге шығып Қазақстан мен Қытай мемлекетінің арасындағы байланыс жылдан-жылға жақсарып келе жатқандығын, «Бір белдеу, бір жол» секілді ірі жобаны жүзеге асыру үшін ең алдымен достық қарым-қатынас керек екендігін тілге тиек етті. Белгілі философ, ойшыл Конфуцийдің (Құң-зы) отаны Цюйфу қаласына қарай шеккен сапарымыз айтарлықтай маңызды әрі әсерлі болды. Ең бастысы Цюйфу қаласында журналистер қауымы ұлттық киім ханьфуды киіп салтанатты шараға қатысты. Храмдарға бардық, Конфуцийдің тұрған үйін аралап көрдік. Бұдан кейін каллиграфиялық жазуды үйрендік. Қытай иероглифтерімен танысып, жергілікті қауым өкілдерімен жылы шырайлы әңгімелестік. Байқағанымыздай Қытайда бәрі де өз ана тілінде сөйлейді екен. Халықаралық тілді түсінеді десек, жергілікті халықтың көбісі ағылшын тілін білмейтін болып шықты. Есесіне орыс тіліне құрмет жоғары екен. Бұл біріншіден, Қытай мен Ресей арасындағы байланыстың жақсы екендігін көрсетсе, екіншіден, Кеңес Одағының идеология-сын қабылдаған Шың елі бұрынғы Одақтас 15 мемлекетке әлі де құрметпен қарайтындығында. Жалпы аумағы 815 шаршы шақырым, ал, халқы 600 мыңнан сәл асатын Конфуцийдің туған өлкесі Цюйфу қаласы жасыл желекке малынған шаһар екендігін танытты. Жергілікті халық асықпайды екен, бәрі сабырлы, жан-жаққа байыппен қарап күлімсіреп жүретінін аңғармау мүмкін емес еді. Сондай-ақ портты қала Нанбо бізге үлкен әсер қалдырды. Чжэцзян провинциясына кіретін бұл шаһардың аумағы 9365 шаршы шақырым болса, халқы 6 миллионға жуықтайды екен. Он бір ірі негізгі ауданға бөлінетін қаланың керемет дамып келе жатқандығына дәлел көп. Чжоушань порты бүкіл дүниежүзіне контейнермен зат таситындығымен ерекшеленуде. Нинбо қаласы Шығыс Қытай теңізіне құятын Янцзы өзенінің оңтүстігінде қоныс тепкен. Қытайдағы маңызды халықаралық сауда логистикалық торабы саналатын Ниңбо-Жоушаң порты осында. Қазір ол әлемнің жүзге жуық еліндегі 560 айлақпен байланыс орнатқан. Бұл арадан Оңтүстік-Шығыс Азияға, Солтүстік және Оңтүстік Америкаға, сондай-ақ Африкаға тауар жөнелтіледі. Жылдық жүк айналымы 1 миллиард тоннадан асады. Жаңа Жібек жолының Экономикалық белдеуіне енген елдер мен аймақтардан жеткізілетін жүк порттағы жалпы контейнер айналымының 40 пайызын құрайды. 2018 жылы Ниңбо-Жоушаң арқылы 26 миллион TEU (20 фут контейнермен есептелетін өлшем бірлігі) жүк өтіпті. Бұдан кейін Чжэцзян провинциясына қарасты Аньчан қаласына жол түсті. Ежелгі қала болып саналатын бұл шаһардың туризмі жақсы дамыған. Әсіресе, бұл қаланың орталығына барғанымызда Италияның Венеция қаласына ұқсас көріністі тамашаладық. Ал, енді Чжэцзян провинциясының басты орталығы Ханчжоу өте үлкен әрі қонақжай қала екен. Қытайлық Таня деген қыз журналистер қауымына қаланы таныстырып, сұрақтарымызға жауап беріп отырды. Аумағы 17 мың шаршы шақырымға жуық, ал, халқы 9 миллиондай болатын бұл мекенде тұрғындар көшеде әртүрлі көліктермен жүреді. Велосипед, мопед, самокатпен жүйткіген адамдар бір мезгілде машиналар мен автобустармен қатарласып келіп қалса да, бір-бірін түсініп жол беріп жатады. Тіпті автобус-тардан иін тірескен адамдар да көрінбейді. Хэфан көшесімен жүріп өткенімізде ешқандай кептелісті көрмедік. Сиху көліне кемемен саяхаттадық. Табиғаты өте керемет. Тап-таза! Айнала жап-жасыл ағаштар мен әсем Будда храмдарының мүсіндері алыстан менмұндалап тұрады. Жібектің отаны Қытай екені көпшілікке аян. Ал, Ханчжоу үшін жібектің орны ерекше. Жергілікті жібектің құндылығы сонша, Тан династиясы кезінде оның қызығын тек императордың әулеті көргенге ұқсайды. Сун династиясы үстемдік еткен кезеңде Қытайдың астанасы болған Ханчжоуды «Жібек үйі» деп атаған. Содан да болар, әлемдегі ең үлкен Жібек мұражайы осы Ханчжоуда. Оған бас сұққан адам жібек өндірісінің бес мыңжылдық тарихымен танысады. Ежелгі Қытай билеушілері иығына ілген жібек киімді көзбен көреді. Мұнда Ұлы Жібек жолы бойындағы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған еңбек құралдары мен түрлі жәдігерлер қойылған. Жұмысын 1992 жылы бастаған ұлттық мұражайда б.д.д. 3 мың жыл бұрынғы көне жібекпен бірге, бүгінгі заманда шығарылған жаңа маталар да қойылған. Ханчжоумен қимай қоштасып қайтадан ел астанасы Бейжіңге келдік. Бейжіңде біз CICC (China International Communication Сеnter) телеарнасында қонақта болдық. Бұл жерде орыс тілін өте жетік білетін адамдарға жұмыс табылады екен. Тіпті кейбір әріптестеріміз Қытайда 10 жыл тұрса да әлі де болса қытай тілін білмейтіндігін ашық мойындады. Орыс тілінде хабар таратып, қыруар қаржы тауып жүрген отандастарымыз Қытайда суға жүзген балықтай өздерін еркін сезінуде. Қытай халқы шетелдік қаламгерлерге құрметпен қарайтындығына бұл да бір дәлел. Ертесіне Jusfoun Big Data Information Group Co., Ltd компаниясының кеңсесіне бардық. Көптеген өнім шығаратын бұл компания көптеген елдерге инвестиция құятын көрінеді. Болашақта Қазақстанмен де байланысты орнатуды көздеп отырған бұл компанияның өсу қарқыны жоғары деңгейде. Мемлекеттік компанияның бас атқарушы директоры Джекоб Лайдың әңгімесінен түсінгеніміз компания жасанды ақыл-ойды пайдаланып, барлық провинциялардағы қандай да бір жобаға талдау жүргізеді, есеп-қисабын жасайды. Орасан мағлұматты пайдаланатын «білім экономикасы» жобасы 500-ге жуық компания мен бірлескен кәсіпорындардың басын қосады. Оның жалпы инвестициялық әлеуеті 1 млрд долларды құрайды. Компания Бейжің, Шанхай, Гуанжоу сияқты қалалардағы технологиялық дамудың жоғары деңгейін есепке алады. Әйтсе де, басты міндеті – провинциялардағы экономиканы әлемдік деңгейге көтеру. Бұл үшін JUSFOUN Big Data аймақтағы жобаларға 2 миллиард юань жұмсамақ. Тағы бір елеулі саяхатымыз, ортағасырлық қытай сәулет өнерінің бірегей ескерткіші Гугун мұражай тарихымен танысудан басталды. 1420 жылы Пекин қаласындағы Тянаньмэнь алаңының солтүстік жағына салынған Мин және Цин әулеті императорларының сарайы болған. Аумағы 723600 шаршы метр. Айналасы биіктігі 10 метр дуалмен қоршалған. 1912 жылы Қытайда патшалық билік жойылып, республика жарияланған соң сарайдың бір бөлігінде ескі мәдени жәдігерлер көрмеге қойыла бастайды, 1918 жылы мемлекеттік мұражай осында көшіріліпті. 1925 жылы Қытай үкіметі оны Гугун мұражайы етіп қайта құрып, көпшіліктің көруіне рұқсат береді. Экспонаттардың жалпы саны 1 миллион 100 мың. Мұражайда сирек кездесетін тарихи, әдеби, діни қолжазбалар мен ксилографиялық кітаптардың 500 мыңнан астам данасы сақтаулы. Олардың ішінде қытайшадан басқа шүршіт (маньчжур), моңғол, тибет, ұйғыр, түрік-шағатай жазуындағы кітап, қолжазбалар да баршылық. 1948 жылы Гоминьдан үкіметі Гугун мұражайынан әр түрлі мұралар мен сирек кездесетін қолжазба кітаптардың 230 мыңнан астам данасын Тайваньға алып кетті. 1965 жылы Тайвань – Гугун мұражайы болып қайта ашылыпты. Бұл жерде әлдебір ғұламаның «кедей елге үлкен теледидар, бай елге үлкен кітапхана керек» деген сөзі көкейімнен кетпей қойды. Иә, сонымен көршілес Қытай елінен алған әсеріміз көп. Әсіресе, жаңа технологияларды игеру, инновацияларға серпін беру, кәсіпкерлік салаларды өркендету, заманауи талаптарға сай болатын бәсекелестік орта қалыптастыру бағытында игі тәжірибелерінен үйренер нәрсе мол. Сонымен қатар әрбір қытайлық азамат өз елін шексіз сүйіп, оның асыл мұраттарына адал болуды мақсат етуде. Соған бар қызметін арнаудың өзі жетістікке апаратын даңғыл жол екені сөзсіз. Сегіз күнге созылған саяхат кезінде ғылыми, танымдық кітап оқығандай ішкі әлеміміз рухани қуаттанып, өз елімізге оралдық.

Нұрлан ҚҰМАР Бейжің – Цзинань – Цюйфу – Нинбо – Аньчан – Ханчжоу – Бейжің – Алматы

560 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы