• Білім-ғылым
  • 23 Мамыр, 2019

Бала жаны – ақ қағаз, ақ қағазға не жазып жүрміз?

Бала тәрбиесі жөнінде Абай атамыз: «…Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деп осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Ал, шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің: «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім адамның дұшпаны» деген сөзі бүгінде маңызын жойған жоқ. Ұрпақ тәрбиесіндегі бас-ты мақсат – баланың өз өміріндегі орнын, атқаратын міндетін, қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жауап-кершілігін түсіну және дара тұлға ретінде өзін қалыптастыруға баулу болып табылады. Ал, кейбір отбасыларында жиі-жиі жанжалдың, ұрыс-керістің орын алуы, әкелердің үйге мас болып келуі, аналардың бала тәрбиесіне жүрдім-бардым қарауы, жасөспірімнің пікірімен санаспауы секілді жағдайлар бала жүйкесіне кері әсер етеді.

Бала тәрбиесі ана бойына біткен күннен басталатынын атам қазақ ерте ескерген. Ата-анасы иман жүзді, мейірімді, білімді болса бала-шағалары да солардан үлгі алып, тәрбиелі болады. Ал, қазіргі уақытта көбінесе балалар теледидардан неше түрлі фильмдерді көру арқылы тәрбиеленіп өсіп жатыр. Қоғамда жағымсыз көріністердің болуы, ата-ана тарапынан тәрбиенің төмендеуі, әйел-анаға түсетін ауыртпалықтың шамадан тыс көптігі де ұл-қыздарымыздың жүгенсіз кетуіне ықпал ететіні шындық. Иә, баланың дегенін жасау, орынсыз өбектеу, тым еркелетіп жіберу, шектен шыққан тен-тектігіне көз жұма қараудың соңы үлкен кесапаттарға апаратынына күмәніміз жоқ. Тіпті баланы жұмысқа жекпегеннің өзінде білмегенін ұрысып, тілдеп, жекімей-ақ ақырын үйретіп отырудың маңызы зор. Алайда, жұмысбасты ата-аналардың өз перзенттерінің күнделікті іс-әрекетін қадағалап отыруға мүмкіндіктері аз. Өздерінің міндеттерін тек балалардың қарнын аштырмау, киімдерін бүтіндеу деп қана ойлайды. Балаларының білімін мектепте алған бағаларымен ғана бағалайды. Баласы бұзық, тәртіпсіз болса мектептегі ұстаздар қауымына тіл тигізіп, қаралап жататын кездері де аз болмайды. Әрине, баланы тәрбиелеу күрделі әрі жауапты іс. Бала отбасы өмірінде қалыптасқан тәртіп пен әдеп ережелерін және тұрмыстағы психологияны игеру арқылы тәлім-тәрбие алады. Ежелден балажан қазақ халқы баланы «жүректің миуасы», болашағым деп қарайды, «көңілдің гүлі, көздің нұры» деп түсінеді, отбасының басты қазығы, алтынтіреу діңгегі, адамгершіліктің айғағы деп санайды. Сондықтан да, балаға зор үміт артып, арманын ұрпағына аманат қып тапсырған. Өз баласының болашағын ойлау, сол баласының өмір сүрер қоғамын ойлаумен ұштасуы тиіс. ХV ғасырда Англияның атақты оқымыстысы Дж.Локк: «Баланың ақылы да, жаны да туғанда ақ қағаздай болып туады. Ақ қағазға қандай жазу жазса да жазушының өз еркінде. Сол сықылды балаға қандай тәрбие беру тәрбиешіден. Бала қалай тәрбиелесе, соған көне береді» деген болатын. Қазіргі заманда ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырттықтары басым екені баршамызға аян. Уақытын өткізіп алып, балаға тәрбие беруден кеш қалып жатқандары да баршылық. Даналық сөздің ойшылы Эпикет: «Дүниенің ең тамаша туындысы – тамаша тәрбие алып шыққан адам болып табылады» дейді. «Нәресте дүниеге өз несібесімен бірге келеді» деген халқымызда даналық сөз бар. Әрбір ата-ана баласы өмірге келген соң болашақ алдындағы зор жауапкершілікті түсінері хақ. Сондықтан да, біреулері жұмыс орнын ауыстырып, қосымша табыс көздерін іздесе, екіншілері баланың психологиясы туралы кітап оқып, сауа-тын аша бастайды. Ал, енді үшіншілері ертеңгі күнін ойлап, перзентін баспанамен қамтамасыз ету үшін, қаржы жинаудың жолын қарастырады. Осылайша әрбір әке-шеше баласының бақыты үшін қолдан келген барлық мүмкіндікті қарастырып, толып жатқан мәселелерді шешуге тырысады. Сәбилеріне күтуші жалдап, жекеменшік балабақшаларға, мектептерге беретін ата-аналар да бар. Қалталы азаматтар балаларының жақсы тамақтанып, жақсы киінгенін басты қағида етіп алғанымен, олардың еңбекке деген ынтасын ұштауды мүлдем естен шығарып жібереді. Соның салдарынан бала тоғышар болып, оқуды да оңдыртпайды. Бүгінгі нарық заманында ақша ең басты құндылыққа айналды. Сондықтан да болар үйде отырып, бала бағудың орнына түзде жүріп жұмыс істеп, ақша табуды артық санайтын ата-аналар көбейді. Әсіресе, жаз мезгілінде далада сенделіп, ата-анасының жұмыстан келуін күтіп жүретін балғындарды да жиі кездестіресіз. Қызығы сол, кей ата-аналар үшін үйде отырып бала бағудан гөрі, түзде жүріп ақша тапқан әлдеқайда маңызды екен. «HeadHunter Қазақстан» зерттеу компаниясы ел тұрғындарына «Үйде отырып бала баққан оңай ма, әлде ақша тапқанды жөн санайсыз ба?» деген сұрақ қойып, зерттеу жүргізген екен. Зерттеуге қатысқан 2339 адамның 30 пайызы бала бағудан гөрі, ақша табуды артық көреді екен. Шілде айында жүргізілген зерттеуге еліміздің түкпір-түкпірінен 2339 азамат қатысқан. Сұралғандардың 35 пайызы үйдегі балаға әкесі немесе анасы қарайтынын айтыпты. Зерттеуге қатысқан ер-азаматтар, яки 61 пайызы үйде отырып бала бағуға қарсы. Сауалға жауап бергендердің 28 пайызы баланы әжесімен немесе атасымен қалдырып, жұмыс істеуді жөн санайды. Сұралғандардың 13 пайызы баланы күнұзаққа арнайы мекемелерге тастап кететін болса, 7 пайызы күтуші жалдауға шамасы келетінін айтқан. Ал, 3 пайызы баласын достарының үйіне қалдырып кетеді екен. Әйткенмен, ер-азаматтар баланың тәрбиесін әйелдің мойнына артып қоятыны да жасырын емес. Ұл-қыз ата-анасын қуанышқа бөлеп, бақытқа жеткізу үшін, ең әуелі, әдепті болуы керек. Әдепті болып өскен бала ата-анасының қас-қабағына қарап, хал-жағдайларын айтқызбай аңғарады және олардың жеп-ішу, киім-кешек, ұйқы-демалысын қадағалап, әр нәрседен көңілдерін тауып, мерейлерін өсіреді. Халқымыз атаны да, ананы да пір тұтып, тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған. Көтерген шаңырақты кие тұтқан, беріктігін сақтаған. Сондықтан да, шаңырақта үлкені бар үйдің балаларының тәртібі мен мінез-құлқы ерекшеленіп тұрады. Олар үлкенге сый-құрмет, ізет-ілтипатпен қарайды, иманжүзді болып келеді. Баланы өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу – елдік мәселе. Осыны естен шығармаған абзал.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы