• Білім-ғылым
  • 24 Сәуір, 2019

ҚАЗАҚ ТІЛІ НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?

Нұрлан ҚҰМАР

Қазіргі заманда білім ордаларында да қазақ тілін оқытуды қолға алу маңызды болып тұр. Себебі жастар қазақ тіліне қарағанда ағылшын тілін тез әрі жетік меңгеріп алып жүргенін көріп жүрміз. Ал, мемлекеттік тілде оқуда көбінесе қызығушылық таныта қоймайды. Мұның бір себебі жас мамандарды жұмысқа қабылдаушы мекемелердің көбі ағылшын тілін білуді талап етіп, қазақ тіліне аса мән бере қоймайды. Сол себепті де жарқын болашаққа ұмтылған жастарымыз келешегіне қолайлы бағытты таңдайды. Сондықтан, мемлекеттік мекемелерде ғана емес, сонымен қатар жеке меншік жұмыс орындарында халықаралық тілге қарағанда қазақ тіліне деген сұранысты күшейту қажет. Ал, білім ордаларында заманға сай материалдық-техникалық базасы мықты болып, студенттерді қызықты тіл әлеміне жетектеу арқылы, қызығушылық тудыру керек деп ойлаймын. Өз отанымызда отырып, әрбір мекемеде қазақ тілін үйрету курстарын ашып жатырмыз. Бірақ, сол курстарда оқып жүргендер (тең жартысы қазақ) қазақ тілін үйрене қояды дегенге өз басым иланбаймын. Өйткені, олардың көбінде ынта-ықылас жоқ. Тіл мәселесі – өте өткір мәселеге айналғалы қашан?! Себебі, тіл – әрбір ұлттың ары, намысы, абыройы, бітім-болмысы, өткен тарихы, бүгінгі болашағы. Өзінің тілін, тегін ұмытқан адам іштен шыққан жаумен тең. Отаншылдық, ұлтжандылық дейтін жақсы қасиеттердің бәрі өз ана тілін сүюден бастау алады. Кезінде авардың ұлы ақыны Расул Ғамзатов «Егер менің тілім ертең өлетін болса, мен бүгін өлуге дайынмын» дегенде осы қасиетті ана тілінің сөз жетпес құдіретін, адамға тән барша бітім-болмысының бастауы екендігін баса атап өткен болатын. Бірде алыс жолға шығып поезда келе жатқан едім. Менің қасымда жетпістен асқан әженің әңгімесінен-ақ оның Түркістан облысына қарасты Созақ ауданынан екенін аңғардым. Мемлекеттік тілдің ахуалы мен мәселесі жайлы әңгіме қозғалған кезде әлгі әже: – Ана тілі жайлы айтып жатырсыздар екен. Сендерге мына бір қызық жайтты айтайын, – деді ол. – Бірде аудан орталығындағы қайнымның үйіне барған едім. Төргі бөлмеден шығып, дәлізге беттегенімде жақында ғана осы үйге түскен келіннің сөзін естіп қалдым. Ұялы телефонмен сөйлесіп жатыр екен. «Они по свойский, по человеский говорят… Я не понимаю их» деген дауысы естілді. Сөйтсек әлгі әженің келіні еліміздің оңтүстік облыстарының бірінен. Қазақ қызы болғанымен, қазақшасы нашар екен. «Түсінісіп кетерміз…» дегенді. Жаңа түскен келіннің әлгі «по свойский» деп тұрғаны үйдегілердің қазақша сөйлейтіндігі. Міне, қазіргі таңда орыстанып кеткен солтүстік қана емес, оңтүстік өңірінен де ана тілін білмейтін қазақ жастарының бар екенін байқауға болады. Бір жағынан күлкі келтіретін, бір жағынан жүрегіңді ауыртатын көрініс. Қазақ қызының өз ұлтының тілін білмеуі масқара ғой. Кешегі уақытта кеңес өкіметін кінәлап келдік. Ал, қазір ше? Қазақтың өз билігі өзіне тиген жоқ па?! Қазаққа «Қазақша сөйлеме» деп тұрған ешкім жоқ. Өте ұят нәрсе. Өзіміз осындаймыз. Өзгелерге «қазақ тілін үйреніңдер» деп қалай айтамыз? Қай бетімізбен айтамыз? Бұдан басқа ономастика мәселесі де өткір болып тұр. Көп жерлерде көше атаулары өзгеріп жатса да, тұрғындар әлі де сол баяғы атауларды қолданып жүр. Осы жөнінде ойланып көрдік пе?! Мысалы, елімізде ең халқы көп тұратын Алматы қаласында 164 көше атауын ауыстыру мәселесі көтерілген еді. Бүгінде кейбір көше атауларын бұрынғы атаулармен қолданып жүрген аға буын өкілдері қаншама десеңізші?!. Мысалы, Қарасай батыр деудің орнына Виноградова, Мира (Желтоқсан), Ленина (Достық), Ташкентская (Райымбек батыр), Правда (Алтынсарин), Пастера (Мақатаев), Октябрская (Әйтеке би), Баумана (Тұрғыт Өзал), Мате Залка (Өтеген батыр), Дзержинский (Наурызбай батыр), Космонавтов (Байтұрсынов) деп әкете жөнелеміз. Көше атауларын өз атымен атау – үлкен мәдениет, сонымен қатар мемлекеттік тілге жасалған құрмет екенін ұмытпайық. Өйткені, көше атаулары жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыратыны анық. Өткен ғасырдың ширек ғасырынан бастап КСРО-ның құрамындағы мемлекеттерді билеген Сталин әуелі белгілі бір ел, мемлекет бір тілде сөйлейтін болады, сөйте-сөйте әлем бір тілге көшеді деген сәуегейлік айтқан. Кеңестер Одағы сол бір тілге көшуге зорлықпен болса да бейімделе бастаған. Біздің кеңес заманындағы емле ережеміз – Сталин мен Хрущевтің талабына толық сай келетін ереже. Ұлт болу үшін бес түрлі шарт жүзеге асуы керегін де Сталин белгілеп берген болатын. Оның айтуынша, ұлт болудың ең басты шарты – тілдік және тұрақ-мекен тұтастығы, сондай-ақ экономикалық, әдет-ғұрып пен салт-сана, психологиялық-мінездік бірліктер мен тұтастықтар қажет деген болатын. Мұхиттың арғы жағындағы алып ел АҚШ халықтарын бір мемлекетке біріктіріп отырған не? Ең бастысы – тіл мен тұрақ-мекенінің тұтастығы. Бұл екі тұтастық бар жерде өзге тұтастық та болады. Әйтпесе Америкада қай халық жоқ, бірақ бәрі бір тілде сөйлейді, бір мекенде тұрады. Еуропа мемлекеттеріндегі жағдай да сондай: бәрі тіл мен тұрақ-мекенінің тұтастығы арқасында ұлт ретінде дамып, өркендеп жатыр. Білім мен ғылымсыз экономиканың да, адамзаттың да дамуы болмайды. Ал, білім де, ғылым да тек тіл арқылы миға сіңеді. Мемлекетіміздің экономикалық, қаржы-лық мәселелерін министрлер, зиялы қауым өкілдері, тағы басқалар талқылайды. Осы себепті экономикамыз дамуға қарай бет алып келеді. Ал, тілді тіл білетін аз ғана топ қана талқылайды. Сондықтан, оның мәселесі мүшкіл халде әлі де шешілмей келеді. Тағы бір айта кететіні, экономика десе барлық ұлт өкілдері қызығушылық танытатын болса, ал, мемлекеттік тілге өзге ұлт өкілдері бас ауыртқысы келмейді. Тіпті жергілікті халықтың өзі де немқұрайлы. Жылда Ұлыстың ұлы мерекесі Наурыз мейрамы тойланғанда белгілі компаниялар қызметкерлеріне қазақы киімдерді киюді талап етіп жүргенін көрген кезде ішіміз жылып қуанамыз. Басқа ұлт өкілдері мұны намыс көреді. Әйтсе де, ұлттық киімде киініп, ал, тақия, сәукелені өзге ұлт өкілдері намыс-танып кимейтіндігін жиі байқаймыз. Егерде Қазақстанда барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілде сөйлесе олай болмас еді. Тілдің айналасында шешілмей жатқан мәселе көп. Сауатсыз аудармалар, қасақана қате жазылған жарнамалар – соның дәлелі. Осы күнде «Қазақ журналистикасында өзекті екі-ақ тақырып бар, ол – дін мен тіл» деп мысқылдайтындар бар. Діннің өзі тілмен тығыз байланысты екендігін де ұмытпайық. Өйткені, кім қай тілде жиі сөйлесе, сол ұлттың болмысын бойына сіңіреді. Иә, өзекті мәселе өзектілігін жоғалтқанша, бұл туралы айтыла да, жазыла да береді. Ұлттың негізгі белгісі, құндылығы – осылар болып қала береді. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жеті жылдың жүзі болса да қазір бірде-бір қазақ сөзін білмейтін, тек орысша сөйлейтін шала қазақтарды да көруге болады. Егерде ұлт боламыз, ұлттық мемлекет құрамыз десек, онда ең әуелі тілге мән беруіміз керек, мемлекеттік тіл арқылы барша халықты тұтастыра білуіміз қажет.

482 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы