• Бас мақала
  • 24 Сәуір, 2019

ШОҢ

Омар Қыйқымов М. Әуезов атындағы акаде-миялық драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі актер Мұрат Нұрасыловтың өнердегі өмірі емес, өмірдегі өнері жайлы қоспасыз айтын.

Шоң деген кім десеңіз?..

Айнымай «сырбаз» мінез парықты ойдан, Өз аты ұмыт болып қалып қойған. Шоң деген жампозыңның жанама аты, Мүкеңді еркелетіп халық қойған. Бісміллә, «бет алған жақтан бақ берсін» айтып, шүу дегеннен аттың басын «Балқантауға» бірден тіремей, айтынымыздың кейіпкері Нұрасылдың Мұраты хақында, кішігірім мағлұмат, аздаған анықтама бере кетсек, артық болып арқамызға бата қоймас. Шынымен білмесеңіз, Шоқыдай шоң дегенің кім десеңіз... Өткен ғасырдың дәл ортасында 1949 жылы қақап тұрған қаңтардың 20 жұлдызында қарып тұрған саршұнақ аязға қарамай, Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Қоңыр ауылында жалған дүниеге жарқ ете түскен. 1955 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1967 жылы аман-есен бітіріп шыққан. Екі жыл ауылда не істегенін өзі біледі. 1969-71 жылдары азаматтық борышын өтеген. 1973 жылы эстрада студиясын бітіріп, қуыршақ театрында, 1974-75 жылдары Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда театрында қызмет істеген. Сол жылы 1975-тің 4 қарашасында Талдықорған театры ашылады. Шөкең желіп отырып, желтоқсанның 30-ында осында келіп жұмысқа орналасады. Осылай біраз жердің тоңын ерітіп, дәмін татқан көкемізге 1976 жылы театр институтына келіп атақтары қара жерді қақ айырған Асқар Тоқпанов, Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімовтерден дәріс алу бақыты бұйырады. 1980 жылы Асанәлі Әшімовше айтсақ, «Тоқпановтың тоқпағының» астында институтқа Мұрат болып түсіп, Шоңмұрат болып бітіріп шығады. Азан шақырып қойған атының өзгеруіне келсек, ол кезде көршілес Қырғыз елінің қыз-жігіттері бізден келіп білім алатын. Солардың арасында жаның жамандық көрмегір Жұпариса деген қыз болған. Міне, сол сұлудың тасқа қаққан темірқазықтай қадап кеткен есімі. Келін болып тергегендігінен емес, Мүкеңнің жасының үлкендігіне қарап, һәм басқа Мұраттармен шатастырмау үшін. Шөкең сол 1980 жылы қазақ өнерінің қара шаңырағы, әкем театрына қабылданып, күні бүгінге дейін шапқылап келе жатқан жайы бар. Сахнадағы, экрандағы еңбектері елінің, көрерменінің көз алдында. Көпшіліктің көріп, біліп, тап басып танып отырған дүниесіне тоқталып қайталап жату артық болар деп түсіндім. Шөкеңнің жеке ғұмырнамасына ат шалдыратын болсақ, Құдай қосқан қосағы – Қалампырға соқпай кетпейтініміз бек шындық. Жеңешеміз кессе кемімейтін, шайқаса төгілмейтін неге болсын таразылап, талдап қарайтын ақылына ажары сай, сөзімен ісі қабысқан артық өлшеп, асырып кесетін әйел затында сирек кездесетін сабырлылық әлемін еркін меңгерген, жер қозғалса қозғалмайтындай салмақты да, салиқалы мінездің иесі. Шөкең сияқты ұшып-қонба ебелек мінез, ерке құлықты еркектің бағы үшін арнайы жаратылған арда жан десем, тілім жазықты болмас дүр. Ерлі-зайыптылық тату-тәттілігі, жанұялық жылуы аңыздай айтылатын ақиқат. Бұл дәлелдеуді қажетсінбейтін аксиома. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әріп-тестеріне, өнерге жақын жандарға, қасында бірге жүрген үзеңгілестерінің аузымен тарап жатқан Шөкеңнің қылықтарын, айтқандарын дәл табиғи қалпында жеткізе алмасымыз хақ. Әсіресе, ашуланғандағы сөздерін сол күйінде сүйкей салуға қағаз қауқарсыз, қалам әлсіз «ішің білсін әлу-ай». Әйтпесе, боқтағандырының өзі майдай жағатын, онысына ешбір адам ренжімейтін жұмыр жердегі жалғыз жан Шөкең шығар. Ол пендеңіздің қожанасыр қылықтары бір емес, бірнеше кітапқа жүк болары кәміл. Аман болсақ, әлі талай айтылар, жазылар ал мына жекешелеп ат қойып, айдар тағып жариялап отырған жәйттардан жазылмай қалған жолдарды тауып, танып оқырсыздар.

Уәдені дұғамен қайтару

1987 жылы қараша айы «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклінің тұсаукесер қойылымына (премьера) бір апта уақыт қалған, дайындық қарбаласы қайнап тұрған кез. Авторы Иранбек Оразбаев болса, режиссеры Асанәлі Әшімов болса қайнамай көрсін. Күндізгі дайындық аяқталып, Төлеубек (Абай), Саят (Оразбай), Шоңмұрат (Көкбай) үшеуі театрдан шығып, орталық стадиондағы аялдамаға беттеп келе жатады. Бір кезде Шөкең кілт тоқтап, - Ей, Сәйкен-ей дейді, жұлып алғандай, Сәйкені құлағым сенде айта бер деген ишарат білдіреді. Шөкең қайғылы қазаны естіртетіндей қалыпта: айтайын дегенім, осы сенбі күні премьера артынан банкет, Иранбек үйіне шақырады екен. Өзің түсінесің, Асекең ұстазым, Иранбек дос ағам, әрі қайнаға, әрі Түркістанда Қожахмет Яасауидың басында болған жағдайды жақсы білесің. Не істеймін? (Шөкеңнің шерменде болып тұрғаны былай, өткен жазда мамыр, маусым айларында Түркістан қаласына барғанда Құдайдың өзі айдап әкеліп тұрғанын, сәтті пайдаланып сондағы атақты кесенеге барып, молдаға ақшасын беріп, арнайы құран оқытып, «Уа, Қожа Ахмет Яасауи әулие бабам мен саған уәде беремін! Бұдан былай арақ деген бәлені аузыма алмаймын, тек сыра ғана ішемін!» -деп, бетін сипап дұға қылған ғой). – Өзіңнің не істемек ойың бар? – Иранбек ішпесіңе қоймайтынын білесің. – Әрине, ішкізеді. – Онда Сәйкен былай істесек, бүгін сәрсенбі сәтті күн екен, мешітке барсақ, Түркістандағы уәдені қайтартсақ қайтеді? – Жүр, барсақ барайық, қайтартсақ қайтартайық! Сен алдымен садақаға «бірдеме» ал, дейді Сәкең. – Не алайын Сәйкен? – Жеті қорап «қазақстан» темекісін ал! Жеті киелі сан. – Оны кімге, молдаға береміз бе? – Маған бересің. – Болды, ұқтым, – деп Шөкең елп ете түсіп айналадағы дүкендердің бірінен досының ал дегенін алады. Сәкең төртеуін өзіне қалдырып, үш қорапты Төлеубекке береді. Ойламаған жерде олжалы болған Төкең келе қалған автобусына отырып, үйіне кетеді. – Сәйкен, үш қорап темекіні Төкенге неге бердің, ол бізбен бірге бармайды ғой?! – Шоң, қызықсың, сен маған мешітке бара жатқан соң садақа бердің, мен де мешітке бара жатырмын, менің де біреуге садақа беруім керек қой. – Ә-ә... Такси ұстап екі дос мешітке келеді. Ол кезде Алматыда жалғыз ғана, қазіргі орталық мешіттің жанында ескі мешіт болған. Екеуін қабылдаған молдекең өзінің асығыс екенін ескертіп, жұмыстарын жылдамдатуды талап етеді. Сонда да әңгімені алыстан орағытып, «біздің келген шаруамыз былай еді» -деп, Сәкең бипаздап бастай бергенде, шыдамы асығып отырған молдадан бұрын таусылған Шөкең, ұшып тұрып: «Қысқасы, молдеке былай, мен Түркістанға барғанда қара басып, тура Қожа Ахмет Йассауидің өзіне бұдан былай арақ ішпеймін деп уәде беріп едім, соны» дей бергенде асығып отырған молдекең сөзін бөліп жіберіп, «болды түсіндім, жайыңдар қолдарыңды» дейді де адам естіп көрмеген бір сүрені сайрай жөнеледі. Онысын қысқа қайырып, бетті бір сипап. «бітті енді арақты ішпек түгілі татып алмайсың, аумин!» – деп, етек-жеңін қағып-сілкіп шығып кетеді. Естері ауып екі дос қалады. Тызетпе Шөкең бірінші болып оталады. Мешіттің ішінде, сыртында, көшеге шығып та Сәкеңнің жетпіс жеті атасынан бері тартып орысша-қазақша түгендеп түк қалдырмайды. Арасында адресі жоқ боқтаулар да кетіп жатыр. Сәкең ары-бері жүрген елден ұялып көшенің арғы бетіне шығып кетеді. Сонда да қоятын түрі байқалмайды. Сәкең жалтақ-жалтақ қарағандардан да жер болып барады. Екі-үш темекіні қатар-қатар тартып тастап, Шоңға жетіп келіп, жағасынан шап беріп ұстап, сілкіп-сілкіп жіберіп: (Сәкең қанша ашуланса да аузынан ешқашан да боқауыз сөз шықпайтын адам) - Ей, оттаубай мен оттап отырғанда аузыңа құм құя тұрсаң, сөздің аяғына дейін шыдап, молдаға дұрыстап түсіндіргенше орта жолдан қыстырылмасаң жарылып кетер ме едің? Жоқ. Бір жеріңді тесіп шығар ма еді? Өзіңнің кінәңді білмей, жер-көкті тілдеп көкисің. Жөн сөзге жүні жығылып, Шөкең сабасына түседі. Темекісін езуіне қыстырып, маң-маң басып, жүріп кеткен Сәкеңнің артынан, шәпкесі бір жағына қисайып томпаңдап еріп береді. Қараң қалғыр үнсіздік, қашанғы үстемдік етсін, қайтымы тез қайран ерің бірінші болып тіл қатты. - Сәйкеней жаным, ақылың бар еді ғой, бір амалын тапсаңшы, мүмкін тағы бір айналып соғармыз. – Жоқ олай болмайды, бір күнде екі дұға қатарынан қабылданбайды. – Тағы сондайы бар ма еді бұл шешеңнің... (соңғы сөзі орысша атылды). Сөзді Сәкең бастады. – Бүгін қай күн? – Сәрсенбі! Үміт оты жылт еткендей Шөкең шошаң ете қалды. – Премьера сенбіде, сәрсенбі сәтсіз болды, араға сөтке салып, қасиетті жұмаға келеміз, – деді Сәкең салмақты әрі, сенімді түрде. Бәтуа осы болып, қол алысып қоштасып, екі дос екі жаққа бұрылды. Асыға күткен жұма да, тағатты тауыса жаздап жетті-ау әйтеуір. Сәрсенбідегі «салт-дәстүр» сол қалпында тағы қайталанды. Жеті қорап «Қазақстан» темекісі алынды, төртеуі Сәкеңнің қалтасына салынды, үшеуі Төлеубекке берілді. Бұл жолы мешітте кезекші имам, қуанышқа орай басқа адам екен. Екі тақуаны сол ағамыз қабылдады. Аузы күйген Шөкең, тағы да шоқ басып аламын ба деп, шошаңдамай отыруға әбден бекінген. Әңгіменің екі тізгін, бір шылбыры Саят сүлейдің қолында. Сәкең сылап-сипап болған жағдайды баппен, уәдені неге бұзу керектігін, әр премьера актер үшін өмірге келген нәрестедей маңызды екенін, жүз грамм ішіп алып, көз шығарып, бас жармайтындарын, болмаса көрінген жерде жығылып-сүрініп жатпайтындарын тәпіштеп түсіндіргендей болады. - Қарақтарым, сендер мені аса ауыр жолға жұмсап отырсыңдар, бұлай бола қоймайды-ау, – деп, имам ағамыз иілетін түр танытпайды. Ең соңғы үміт шырағы сөніп бара жатқандай, шырайлы жүзі солып, шымыр денесі шөгіп кеткендей бүрісіп отырған Шөкеңе, алдын-ала келісіп қойған шарт бойынша Сәкең, белгі береді. Шөкең елпең етіп, акасының алдында жатқан ақ матаның жиегін көтеріп, үш сомдық көк құлақтың жетеуін яғни, жиырма бір сомды шеттерін көрсетіңкіреп, жыттыра қояды. Имамның иманды жүзі жылып сала береді. -«Ешкі мен қой бірге жатады, әркім өз кінәсін өзі тартады» деген, өздерің де артық кетіп, асылық істемейтін жігіт сияқтысыңдар Құдай өзі кешірсін» – деп, күрең дауысын күңіренте соза түсіп, екі көзді тас жұмып, аш ішектей шұбатылған ұзақ –сонар сүресін бастап кетті. Па, шіркін! Мешіттен шыққандағы Шөкеңнің көңіл-күйін көретін көз болса ғой. Дүние түгел, жаға жайлауда. Жүр-ей, Сәйкен-ей – деп, таксидің өзін таңдап тоқтатып, орталық стадиондағы кафетериге келіп, двойной порция-дан екі табақ қаймақ қосқан тұшпараға, екі жүз граммнан төрт стақан шарапқа тапсырыс бергені айтпаса да түсінікті. Тамшыдай тасқа тұнып мөлдірген, Өрнектеп жазар ма едім өндір өлең. Кіршіксіз жүректеріңнен айналайын, Адалдық ақ туындай желбіреген.

Тараздағы танысу

Өткен ғасырдың 1991 жылы гастрольдық сапармен Тараз қаласына бардық. Жамбыл қонақ үйінің екінші қабатындағы біркелкі бөлмелерге жігіттер қатар-қатар орналасқанбыз... Қайда барсаң қазақтың ұлы қасиеті, қонақжайлылығы қалған ба? Мейрамханаға, үйлеріне шақырғандары аздай оны-мұныларын арқалап қонақ үйге де ағылып жатқаны. Жергілікті театрдың актерлары Мағзум, Қарабай, Аспандияр, Құрақ дейтін жігіттер Саят Мерекеұлы көкеміздің түбіт мұрты тебіндей бастаған кезіндегі араласқан достары, бізді сырттай білетін ағаларымыз. Бір күні сол төртеуі Сәкеңнің бөлмесіне сау ете қалды. Қолдарында көп емес, 20 литрлік ыдысқа құйып алған күреңжирен жеңіл қызылдары бар. «Ұрыста тұрыс жоқ» берекелі бешіріміз бермешел піспей басталып кетті. Қызды-қыздымен әңгіменің ағыны Шөкеңнің өнердегі емес, өмірдегі творчествосы туралы тарам-тарам арнаға түсіп, ағып берді. Қонақтар қыран-топан күлкіге көміліп жатыр. Шөкеңнің көрші бөлмеде тұратыны айтылып қалғанда жігіттердің бірі - осында шақырмайсыңдар ма? – деді. Сәкең құрдасының моншаға кеткенін, ол кісінің қай қалаға барсақ та, бірден монша іздейтінін, екі күнде бір барып, моншаларды бір-бірімен салыстырып таңдайтынын, сөйтіп жүргенде гастрольдық сапарымыздың аяқталып қалатынын, бір қыдырау әңгіме қылып айтып болып, аузын жиғанша Шөкеңнің де, бөлмесіне келгенінен белгі білінді. – Әне, жетті-ау деймін жампозың. Омаш, бар бажаңды шықырып кел, – деді Сәкең... Монтаны түр, момақан қалып, имене басып, мысық табандап бажам келді. Әдеппен амандық-саулық айтылды. Моншадан кейін алабұртып тұрған Шөкең көңіл таныс, көз біліс жігіттермен қол алысып, қоян-қолтық танысып, жақсы тілек, әдемі сөздер айтып «жеңіл қызылдың» екі-үш стақанын жөнелтіп жіберді. Нарттай қызарып жайнап шыға келді. Бұл қызталақ, шарап шіркіннің қасиетін қойсаңшы, әңгіме думанның жайма базары буы бұрқырап, түтіні будақтап жүріп берді. Шөкеңнің екі қолы оңға-солға сермеліп, қиялы ойға-қырға тербеліп, аталы сөздің кордасын енді қозғап, қоздыра бастағаны сол еді...әдемі басталған әжептәуір әңгімені, кілт тоқтатқан көліктей ыңқ еткізіп, қақ ортасынан шорт үзіп... – Ей, Шоңмұрат, анауыңды жұт та жүрші, – деп, құтыдағысын қотара ішкізіп, Сәкең қолынан жетелеп алып, шығып кетті. Жан-жағына жаутаң қарап, екі түрлі бір, сұмдық кейіпте Шөкең кетті. – Қотырын қасып жібердім, қазір қызықты көресіңдер, – деді, Сәкең қайтып оралып. Сыртқа шығарып, бөлмеде киетін киімімен келе салғанын айыптап, «Білетін жерде бой сыйлы, білмейтін жерде тон сыйлы» деген, дұрыстап киініп кел десе керек. – Сөйтейін бе, Сәйкен? – Сөйт! Сәл уақыт өтер өтпесте, қонақ үйдің қоңыр есігі түп орнымен қопарылып кете жаздап, сарт етіп ашылып, тарс етіп жабылды. Ине-жіптен әзір шыққандай, мұздай боп киініп, Шөкең кіріп келді. Аяғында жөндеп қараған адамның жүзі көрінетіндей, жалтыраған қара топылай, үстінде қыры ұстараның жүзіндей қара-көк костюм шалбар, ақша қардың көбігінен тіккендей аппақ сүт көйлек, мойнында екі күн бұрын Сәйкені байлап берген шиқанқызыл галстук (Шөкең галстук таққыштардың қатарына жатқанымен байлауға мақрұм. Ол кісінің жекеменшік басыбайлы байлағышы баяғы Сәкең). Кірген бетте дәл ортаға келіп, «Әкеңнің дәп аузын ұрайын сары ит, мә...!» – деп, қос тізеге гүрс отырды. Екі білекті сыбанып жіберіп, маңдайды шапалақпен шарт еткізіп, орысша-қазақша тағы бір сыбап жіберді сыбағанда да, семіз қойдың шикі құйрығын шыжғырып алып, майлағандай әсерде сыбады. Әлгінде үзілген әңгімесін әрмен жалғамақ болды. Оны тыңдайтын құлақ қайда. Қонақтар отырған жерінде омақаса құлады. Іштері түйіліп, күлкіден көздерінен жас парлап дөңгелеп жатыр. Мыналардың естері дұрыс па дегендей Шөкең жан-жағына қарап аң-таң. Сондағы жігіттердің риза болғандағы бір ауыздан айтқандары «араларыңда мынандай азаматтарың бар, армандарың жоқ қой» - дегенге сайды. Иә, расында да боқтау сөзінің өзінен кісіліктің кемел парасаты, адамилықтың ақ адал пайымы аңқып тұрған ай маңдай ағаларымыз арамызда жүргенде шынымен бақытты шығармыз. Кім біледі?!

Мен бүліндім ғой

Бірде Шөкең театрға күндегі Шөкеңнен бөлектеу кейіпте келеді. Түрінде абыржу, абдырау бар. «Түннен қалған бір шөл де жоқ емес». Қысқасы, Шөкеңде шөкімдей болса да өзгерістің бары рас. Дайындығын жұмыстың (репетиция) аяқталуын асыға күткен Шөкең тіс жарып айтуға болмайтын, атқа ауыр, атанға жүк батпан құпияны жариялайтындай; – Сәйкен-ей, – дейді оңашалап. (Сәйкен деп отырғаны актер Саят Мерекеұлы). – Жүр мені үйге алып бар. Осындай да осындай кеше қайдағы бір кещелермен тойлап кетіп, тойған жерімде түнеп қалыппын. Қалампырға жүздесуге беті құрғыр күйіп тұр, – депті. Көзінің жасы көкірегіне тамады. Мәселенің мән-жайын түсіне қойған Сәкең: – Жүр , тек екі шартым бар! – Ойбай, айта ғой, Сәйкен. – Айтсам былай: ставканы білесің, бір «жарты» тазасынан, екі пачка «Шыңғысхан» (темекі) аласың. Екінші: үйге барған соң аузыңа құм құйып, дымыңды шығармай отырасың, оттауды маған қалдырасың. – Келістік пе? – Болды Сәйкен, айтқаның болады. Сонымен «екі дос қаздай, жұптарын жазбай» алатындарын алып, қалтаға салып, ақ маңдайларын Алатаудың сары самалына сүйгізіп, үйге келсін. Шаңырағынан шуағы шашыраған, Шөкеңнің ыстық босағасы қос есігін айқара ашады. Қалампыр жеңгеміз қашанғы жайдары қалпы, ақ жүзі одан сайын нұрланып, құрақ ұшып қарсы алады. Саяттай құрбыларының келгеніне қуаныш құрметі тіпті алабөтен. Қарсылықтарына қарамай, ас үйге емес, дастарқанды залға жаяды. Өткен-кеткеннен Сәкең сөз қозғайды, әңгіме арасында әрнені сылтауратып жүз граммдар да жөнеліп жатады. Іштен тынып, дымы құрып, қозғалақтап Шөкең отырады. Әңгіменің ауаны дөйдала, жастық шақ, заман жайлы, сандалып саясатқа кіріп-шығып, әзіл-қалжыңға ауысып кешегі жағдай мүлдем ұмытылып барады. Қалай шыдасын?! Шөкең орнынан қарғып тұрады, алақанымен мұрынды үйкеп-үйкеп жіберіп, маңдайына шапалақпен салып қалып, (ашуланғандағы әдеті) қос тізеге гүрс етіп отырады да, – Қалампыр, мен... мен бүліндім ғой, бүліндім, сен соны білесің бе? Білмейсің... Мен б-ү-л-і-н-д-і-м, – дейді. Қос көзінің алты тарам жасы атқып-атқып кетеді. Шөкеңнің бала қылық былдыр сөзіне мән беріп, қыңқ етіп жатқан Қалампыр жоқ. – Осы Мұрат қызық, – деп жымиып ас үйге шығып кетеді. Сәкең оқты көзді бір қадап, ей дегеннен басқаға тілі келмей, ұсқынсыз үнсіздік үрпие қалады. Шәй-пәйын жаңалап Қалампыр келеді. Шөкең орнынан атып тұрып: – Мәшкөнтайым, (еркелеткенде айтатын аты) сен мені неге қызғанбайсың, – жаным, дейді. – Мұрат қызықсың, не үшін қызғануым керек? Шөкең морт сынған кебу ағаштай шарт ете қалады. – Шынымен қызғанбайсың ба? – ?.. – Жоқ, шынымен қызғанбайсың ба? – Мұрат-ау, қызғану үшін бір себеп керек қой ондай оғаш қылығыңды көрмесем, білмесем, естімесем неге қызғанам, – дейді Қалампыр жайдары қалпы. Шөкеңнің қалақтай бойындағы, күреткей ашуы бұрқ ете қалады. Автоматтың оғындай сақылдаған үтір-нүктесіз айтылатын орысша-қазақша боқтауы, қара қазаннан қотара салған атала көжедей лақ етіп ақтарылды. Ауыздан ақ иті мен көк итін жіберіп болып, сабасына түсіп: – Шынымен қызғанбайсың ба? – ?.. Бітті. Ажырасам. – Сәке, шай ішіңіз, – деген Қалампырдың сөзі тілек айтыңыз дегендей әсер етіп, Сәкең мөлиіп тұрған құтыға қол созады. – Ой, Қалампыр-ай, жас баланың қартадан ұтылғаны, ішіп алған адамның сөзі құрысын демей ме, – деп істің тігісін жатқызғансымақ болады. Сол-ақ екен Шөкеңді соқыр молда жетелеп, қор етіп тәтті ұйқының құшағына қойып кетеді. Құдай қосқан қосағын ыспалап, сүйемелдеп орнына апарып, жайлап жатқызып, асты-үстін қымтап жауып жатқан Қалампырды көріп, Сәкеңнің жаны жадырап сала береді. Сәкең Жауһар, Гауһар, Ақандардың беттерінен бір-бір сүйіп, көңілі орнына түсіп үйге қайтады. Жасай бер, адамзат баласына ғана тән, жанашырлық пен мейірімділік!

Солақай қолдың соткасы

Біздің Шөкең көп нәрсеге «қолын кеш сермеген» адам. Алайда, қатарынан қалып, еш нәрседен құр қалған емес. Шүкір! Күллі халық болып жаппай ұялы телефонға (сотка) бас қойғанда Шөкең біраз жыл қолына ұстап та қоймаған, пысқырып та қарамаған. Өмір деген шіркініңіз өр-еңіске бірдей жүйткитін жүйрік емес пе? Сеңдей жылжып, сынаптай сырғып өтіп жатты. Басқа жақта шаруамыз қанша, театр бойынша жалғыз жан Шөкеңіздің сотка ұстамайтыны айдан-анық. Мұз еріп, тас балқып жатқан тіршілік дейтін тірі организмде, дөңгеленген дүние дүрмегіңіз, қалыбында қатып тұра бермейтіні және белгілі. Балалары Шөкеңнің жүрегін жұмсартып, көңілін жібітіп, сотка ұстауға көндірген көрінеді. Әр сейсенбі сайын өтетін театрдың тыныс тіршілігі барысын сараптайтын лездемеміз (планерка) бар. Тіріміз-тай тұяғымыз қалмай түгел жиналу міндет. Ол театрдың кіші залында өтеді. Залдағы орындықтарда әркімнің өзінің отыратын «жеке меншік» орны бар. Оны ешкім бекітіп берген жоқ, бірақ солай қалыптасып қалған. Тұңғышбай көкеміз бастап, Айдос Бектемір, Бауыржан Қаптағай, Дулыға Ақмолда, Бекжан Тұрыс, Асылбек Боранбаев, Жұмағали Маханов, Шоңмұрат Нұрасылов, Жоламан Әміров, Болат Әбділманов, Үсіпхан Сейтімбет, Саят Мерекеұлы бәріміз залдың ортасынан артына қарай, сол жақ шетінен орын тепкіштерміз. Сондай бір жиылысымыздың кезі, басталатын уақыты жете қоймаған. Амандық-саулық сұрасып, қауқылдасып жатқанбыз. Сәкең (Саят Мерекеұлы) жұлып алғандай, – Ей, Шоң, соткаң қайсы көрсетсеңші,-деді. Міне, деп Шөкең қалтасынан судай жаңа соткасын сопаң еткізіп суырып берді (Екі-үш күн бұрын Шөкең, Саятқа жаңа телефонның тұсауын кесіп, қоңырау шалып, жағымды жаңалықтан жақсылап хабардар еткен көрінеді). Аппаратты бірінші болып мен қолыма алдым. Ақтарып төңкеріп, мұқият қарағансып: – Шоң аға, сіз солақайсыз ба? – дедім. Ұшатын қарға құсап, қопаң етіп: – Жоқ оңқаймын, – деді. Мынау солақайларға арналған телефон ғой, – дегенім сол еді, артқы жағында отырған Ай-көкем (Айдос Бектемір): - Өй мұның сондайы бар ма? Мен бірінші рет естіп тұрмын, – деді. Мен қайбір қатырып біледі дейсің, бір тетігін көрсеттім де: –Міне, мынау оңқай қолдікі болса, мына шетінде тұру керек, – дедім. -Бәсе, (орысша, қазақша айызды қандырып, аңыратып жіберіп, маңдайды шапалақпен салып қалды). -Кейде, звондағанда ғыр-ғыр етіп естілмей қалады, содан екен ғой. Асау қан басқа шапты. Шөкең күйіп кетті. Айнадай жалтыраған басының дәл төбесінен көзге көрінбейтін бір шүйкедей түтін бұрқ ете қалғандай болды. Бекжан, Асылбек, Дулыға, Жұмағали іштерін басып, төртеуі төрт жаққа құлады. Шоң көкем мен Ай-көкем аң-таң, қалғандары күлкіге тұншықты. Баладай аңғал, даладай дархан, асыл ағаларым осы адалдықтарыңыздан айнымай, аман-есен шапқылап жүре беріңіздерші!

Ықылас

Көңілі айрандай аппақ, пейілі қайнардай мөлдір, мамық жүректі Мұкеңдей марғасқа, желкенін желмен тербеп, «Жетпіс» дейтін айтсаң аузың толатын тарлан таудың төбесіне жай Мұраттан Шоң Мұрат болып шығып отырған жан. Құрметті Шөке, өзіңді тұңғыш ұлындай мәпелеген Мәшкөнтайың (Қалампыр) екеуің көздеріңнің ағы мен қарасындай ұл-қыздарың Гауһар, Жауһар, Ақаныңның жақсылықтарына жандарың семіріп, қызықтарын бірге көріңдер! Өнерде бергеніңнен берерің мол болсын! Бойыңдағы жиналып қалатын әлдеқандай «адреналиндерді» майлап тұрып, сыбап салатын «сұлу» да «сүйкімді» сөздеріңмен шығарып тас-тап, алдағы айбары асқақ, абыройы кенен шоң төбе, биік шыңдарға шаршамай-шалдықпай, шашаларыңды шаң қаппай, шырқап шығуыңа шын жүректен, ақ ниетпен тілектеспін. Зілсіз, аңқылдаған аңқау мінезімен дараланып, қызық қылық, сүйкімді пейілімен бағаланып жүрген, әзіл-қалжыңымыз жарасқан әріптес-аға жайлы жазамын деп жазықты болып жатсам, кешіріммен қарарсыздар!

633 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы