• Білім-ғылым
  • 24 Сәуір, 2019

Табиғатты аялау әрбір азаматтың борышы

Қазақстан Республикасында туризмді әрі қарай дамыту үшін барлық қажетті, мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар бар. Осыған байланысты республика Үкіметі өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөніндегі бағдарламасында туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялағаны белгілі. Өйткені Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру керектігін атап өткен болатын. Қазақстанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында елімізде «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы құрылды. Аталмыш компанияның алғашқы міндеті – еліміздің туристік әлеуетін шетелде насихаттау болса, екіншісі – осы салаға инвестиция тарту. Соңғы жылдары ел үкіметі туризм саласын дамытуға негізделген мақсаттарды айқындап, әсіресе, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу стратегиясы бойынша нақты міндеттемелер жүктеп отыр. Ұлттық туризм секторы жоғары деңгейдегі жан-жақты дамыған инфрақұрылым арқылы аталмыш стратегияның орындалуына өз септігін тигізе алады. Сондай-ақ, мемлекет жүктеген тағы бір міндеттердің бірі – Орта Азия аймағындағы туристік орталыққа айналу. Бұл бағдарламаны дамыту үшін мемлекеттің бюджет қорынан біраз қаржы бөлінген. Аталған тұжырымдаманың негізгі стратегиялық мақсаты – Қазақстанды 2020 жылға қарай жаһандық деңгейдегі туристік орталықтың біріне айналдыру. Ол үшін бес аумақтық кластерлер – Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстанды дамыту ұсынылған. Атап айтқанда, Астана мен Алматыны іскерлік туризмнің, Шығыс Қазақстанды – экологиялық туризмнің, Оңтүстік Қазақстанды – мәдени туризмнің, Батыс Қазақстанды – жағажай туризмінің орталығы ретінде өркендету көзделген. Сондай-ақ Алматы қаласы тау туризмінің даму ордасы ретінде қарастырылады. Аталған жобалар толығымен іске асырылған жағдайда елімізге келетін туристердің ағыны жылына 8 миллионнан астам адамды құрап, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Мәселен, түркі дүние-сінің рухани астанасы Түркістандағы сакральды орындардың маңызы әлемдегі ең мықты деген өңірлерден әсте кем емес. Зеренді мен Бурабайдың тура өліара тұсында Қараүңгір деген шағын ғана мөлдір көл бар. Ортасын бөліп жатқан ештеңе болмаса да, осы Қараүңгір көлінің бір жағының суы – тұзды. Тұщы жақта балық көп. Ал, тұзды жақта тіршілік атаулы атымен жоқ. Есесіне оның емдік, шипалық қасиеті басым. Кереметі сонда, бір көлдің аясындағы осындай ғажап құбылыс ешқандай бөгетсіз, араға тартылған тас бөгетсіз жүзеге асып тұр. Көл туралы сөз етсек, тылсым сырға толы Алакөл, Шайтанкөл, Сабындыкөл, Айнакөл сияқты отандық брендтер туралы ұзақ әңгімелеуге тура келеді. Демек, туған өлкемізде таңдай қағып, тамашалайтын жерлер аз емес. Шын мәнінде, Қазақстанда туризмді дамыту үшін әлі игерілмеген орындар көп. Өкінішке орай, ел аймақтарындағы өлкетану туризмінің даму деңгейі өте төмен. Өз шешімін күтіп отырған маңызды мәселе – республикамызда керемет туристік ресурстардың болуына қарамастан, ішкі туризмнің әлі жеткілікті дамымай отырғандығы, оларға көрсетілетін туристік қызметтер де көп болмағандықтан, көптеген қазақстандықтар шетелге саяхаттауды жөн көреді. Ел экономикасын көтерудің бір жолы – туризм саласын дамыту. Ол үшін отандық демалыс орындары шетелдік шипажайлардан кем түспеуі керек. Сол деңгейге жетпесек те, оған жету жолы қарқынды даму үстінде. Бұл ретте еліміздің әр өңірінде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Кей кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының көмегімен жергілікті туризмді өркендетуде белсенділік танытуда. Туризм саласын қолға алып жатқан кәсіпкерлерге соңғы жылдары мемлекет зор қолдау көрсетуде. Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша гранттар және субсидиялар, төмен пайыздық шарттармен несиелер берілуде. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің үйлесімі арқасында түрлі жобалар жүзеге асып жатыр. Осы орайда өңіріміздің сұлу жерлерін қонақтарға паш ету мақсатында кейбір облыс орталығында арнайы экскурсиялық бюро жұмысын бастады. Туризм саласы – бұл табиғатпен етене байланысты. Бүгінде Алматыда 569 туристік ұйым бар. Олардың дені шетелдік демалыс орындарымен жұмыс істейді. Мәселен, жыл сайын оңтүстік астанадан сыртқа 3 миллионға жуық адам сапар шегеді. Соңғы кезде туристік агенттіктер отандық демалыс орындарымен бірлесіп, ішкі туризм форматын жетілдіру ісін қолға алуда. Мысалы, бұған дәлел шырайлы Шымкент жақтағы Түркістан мен Отырарға да барушылар көп. Тек бір Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жылына 1 миллионнан астам адам зиярат етеді екен. Бұдан басқа, «Қазақтың Швейцариясы» деп аталған Бурабайға да шет-шеттен туристер көп ағылады. Әсіресе, елімізде Ресей, Қытай, Түркия, Әзербайжан мен Грузия, тіпті Ираннан да демалушылардың қатары көп. Жалпы туристік әлеуеттің артуы транзиттік логистиканың дамуымен тікелей байланыс-ты. Мәселен, соңғы 5 жылда республикалық маңызы бар 34,2 мың шақырым автомобиль жолдары, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,3 мың шақырым жол салынған. Теміржол желілерінің ұзындығы 1 854 шақырымға ұлғайды. Сондай-ақ еліміздегі жұмыс істеп тұрған 18 әуежайдың 15-інде жөндеу жүргізіліп, 11 жолаушылар терминалы салынды. Туризм саласының түрі көп. Соның бірі – ауыл туризмі. Мемлекетімізде ауыл шаруашылығы – экономиканың басым саласы-ның бірі. Халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылда шоғырланған. Бірақ, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы айтарлықтай емес, ауыл экономикасына табыс мол түседі деп айта алмаймыз. Сондықтан, ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту – өзекті міндеттің бірі. Бұл міндетті шешудің дүние-жүзіндегі тәжірибесіне зер салатын болсақ, агротуризм бірден ауызға ілігеді. Ауыл туризмі қазіргі кезде Еуропа елдеріндегі ең танымал демалыс түріне айналған. Қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәт тыныстап, таза ауада демалғанға, қолыңа күрек алып, тал-терек отырғызғанға, маң далада мал баққанға, қора тазалап, отын жарғанға, жеміс-жидек теріп, көкөніс баптағанға не жетсін! Міне, сондықтан да, ауыл туризмін дамытудың да маңызы зор.

Мақалаға орай бірер сөз

Әсел Нүркебаева, Алматыдағы «АТАК» ЖКБ және ЗТ президенті: Біз шындығын айтқанда бес жылда туристер ағымын 10 миллион адамға ұлғайта алмаймыз. Мемлекеттік қолдау шараларына қатысты ұсыныстарымызды ғана емес, барлық тараптарды қарастыруға талпынып отырмыз. Дегенмен бизнестің барлық ұсыныстары жаңа даму бағдарламасына қосылмай қалады ма деген қорқынышы жоқ емес. Юлия Якупбаева, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары: Туризмге байланысты шыққан жаңа бағдарламаның құрылымын қайта қарап ішкі және сырттан кіретін туризмге арналған шараларды бөлу, сондай-ақ қысқа мерзімді («жедел әсер») және ұзақ мерзімді (стратегиялық шаралар) іс-шараларды бөліп көрсету керек. Ішкі туризмде саяхат құнын арзандату, өңірлердегі туристік орындардың дамуы, стратегиялық бағыттарды анықтау және отандық туристік өнімдерді қалыптастыруды ынталандыру шараларын әзірлеу қажеттілігін ескеру қажет. Қайрат Садуақасов, «Kazakh Tourism»ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары: Еліміздегі туризм индустриясын дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – Қазақстан Республикасының туристік саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сонымен қоса ЖІӨ құрылымында оның үлесін 2023 жылға қарай 8 пайызға дейін жеткізу. Осы мақсатта біз өзімізге төрт негізгі міндет қойдық: индустрия-ны заңнамалық бастамалар арқылы институттандыру, мемлекеттік қолдау шараларын жүйелендіру, маркетингтік қызметті жандандыру. Бұл мәселелерді шешу сырттан кіретін туризмді дамытудан түсетін табысымыздың 30 пайызын құрайды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы