• Cұхбаттар
  • 19 Наурыз, 2019

Наурызды қанша күн, қалай тойлаған дұрыс?

Барша ағайынға әз Наурыз құтты болсын дейміз! Киім жеңілденіп өзіміз көңілденіп, табиғат-ана мейірленіп, бәйшешек гүлдеген осынау таңғажайып мезгілге дөп келген мереке қарсаңында осындай сауал қоюды жөн көрдік. Өйткені Наурыз – мерекелердің төресі болуы тиіс деген ниет дала халқының тамырында қай кезде де қанымен қоса бүлкілдеп жататыны ақиқат. Ендеше, мархабат, оқи отырыңыздар.

Тоқтарәлі Таңжарық: Үш күн, үш түн. Айгүл Жұмаділ: 1 қаңтардағы жаңа жылды бір ай бұрын күтеміз ғой, қаланы да, даланы да, шыршасы бар, басқасы бар безендіріп, Наурызды да солай бір ай тойласақ несі айып?!. Гүл Зарқұмар: Тоғыз күн тойлау керек! Абылайхан Қуанышев: Әр адам өз рухына сай тойласа жарасар еді. Неге десеңіз қалыпқа сияр мереке деуге келмес. Айгүл Болатханқызы: Үйінде нау-рыз көже пісірмейтіндерге бәрбір, жексенбі 22 наурызға түсіп тұр ма, бірдеңеден құр қалғандай жұма күні 19-20-сында наурыз тойлай салады. Осыны істейтін өзіміздің қазақтар! Өз мерекесенің мәнін білмейтіндер көп. Наурыз – шаруа, көңіл, еңбек, тазалық мейрамы. Соның бірін де істемей, көшеден қарын тойдырғанға мәз. Наурызда өз басым ескірген затты жаңартып, сынғанын тастап, айналаны түгел тазалап, жаңа киім алып, жақындарыма сыйлық ұсынып, 21-інен 22-сіне қараған түні түн күзетіп, көжемді салып, ең кемі 10 адамға көжемнен дәм татырам. Сол бір күнмен шектелмей 22 сәуірге дейін 2-3 рет наурыз көже пісіріледі біздікінде. Өмір Есқали: 14 наурызда Маңғыстауда Отпан тауда басталады. Оны бүкіл өңір бойынша жалғастырып әкету керек. Белгілі саясаткер Серік Ерғали ұлттық нақышта тамаша сценарийді жылда ұсынады. Бірден-бір үлгі сол. 3 күн аз. Тұрсын Қалимова: Біз жақта Жаңа жыл 14 наурызда көрісіп, қауышудан басталып, келер жылдың наурызына дейін жалғаса береді. Айттағы секілді, наурыз бойы үйден ағайын-тума, алыс-жуықтағы ағайындар келіп, мәре-сәре боламыз. Бізге олар, оларға біз барып дегендей. Анар Жұмабаева: 14-22 наурыз аралығы дұрыс-ау... Асыл Адам: Наурыз дегеніміз аты ғана емес, ол – жыл басы. Наурыз дегеніміз – қанаттылардың оралуы, Қыдыр атаның келуі, жетпегеніңе жету, өтпегеніңнен өту, өкпелегеніңе кешірім ету, етігіңді шеш, тоныңды таста, өзіңді және өзгені жылылыққа баста деген сөз. Сәбит Қамысбай: Асқар Мырзахметов Оңтүстікті басқарып тұрғанда тамаша үлгісін көрсетті ғой, сол жақсы дәстүрді неге жалғастырмаймыз? Бір күн ауланы, айналаны тазалау, бір күн тал-терек егу т.б. Маңғыстауда 14-ші Наурыздан бастап көрісу деген жақсы дәстүр бар, айларға созылады. Тіпті жарасымды дәстүр! Дәмелі Қуанышқызы: Атырауда 14-нен бастап көрісу, сол күнді асыға күтеміз. Тойдың көкесі ғой көрісу! Мұратхан Орынтайұлы: Наурыз шыға тойлай беру керек шығар, көрші-қолаң, туыс-туған бір-бірін наурыз көжеге шақырып... Тұрсын Қалимова: 14 наурыздан бастап аталып өткені дұрыс. Әлімжан Өтегенов: Бізде соңғы жылдары дәстүрге айналған мынандай тәсіл бар – жаңадан көшіп келген көршілер жиналып, арнайы үлкен казанға наурыз көже, қосымша палау жасалынып, кеш батқанша түрлі ойындар ойнап, ән айтылып, арқа-жарқа боламыз. Шәмшия Жұбатова: Ертеректе бір ай бойы тойлап, сонша уақыт көже пісіретінбіз. Мұса Тұрсынәлі: Астанада жеті күн, жеті түн тойлаймын!.. Біз көнеден қалған соңғы ұрпақ сияқтымыз... Үйде, саяжайда, қонақүйде, кемпірінен ажырасқан шалдың үйінде, ауыл-дағы кемпірі жоқ қарттың үйінде, əлі үйленбей жүрген шəкірттің жатағында... Əйтеуір наурыз көже мол болуы керек. Алма Құрманбаева: Күнде-күнде тойдан да жалығып кетесің ғой. Дұрыс сценарий жазып тойлау керек. Жындыға күнде той етіп берекесін қашырудың қажеті жоқ. Ләззәт Оңғар: Бір күн. 22 наурызда. Нау-рыз көже пісіріп, қонақ шақырған дұрыс. Айналаны тазартып, жасыл желекке көңіл бөлген жөн. Менің ойымша, балаларға, үлкен кісілерге сыйлық жасаған да дұрыс. Бақыт Қапалбаев: Бір ай дұрыс, көже беріледі, ағаш отырғызылады, тазалық жасау керек. Редакциядан: Байқасақ әркімнің пікірі әр түрлі. Ең бастысы – ел тыныш, жер аманда еңсеміз биік болсын! Шаңырақтарыңызға Қыдыр дарысын!

531 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы