• Айтарым бар...
  • 19 Наурыз, 2019

Денсаулық – зор байлық

«Ауру – астан» десек те, көпшілігіміз жүйелі тамақтана бермейміз. Ал, асқорыту жүйесінің бұзылуы түрлі ауруға шалдықтыратыны анық. Академик Төрегелді Шармановтың айтуынша, ауру-сырқаудың – 70, өлім-жітім көрсеткішінің 60 пайызы тамақтануға байланысты екен. Жалпы, деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір екінші тұрғын асқазан ауруынан зардап шегеді. Сонымен….

Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

№1 қалалық емхананың учаскелік терапевт дәрігері Гүлнұр Шарипова асқазан ауруына әртүрлі жағдайлардың себеп болатынын айтады. Яғни ауру, біріншіден, жүйелі әрі құнарлы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан пайда болса, екіншіден, күйзеліс пен жүйкеге шектен тыс салмақ түсіру де ауруға шалдықтырады екен. Дәрігердің нұсқауынсыз өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдау ас қорыту жүйесін бұзса, шылым шегу мен арақ-шарап ішудің соңы да асқазан жарасына соқтыруы мүмкін. Кез келген дәрінің асқазан арқылы сіңетінін ескерсек, үнемі дәрі қабылдауға мәжбүр, мәселен, жүрек ауруымен ауыратын адамдар аса сақтықпен қарағаны жөн. – Адамдардың көпшілігі емханаға ауруын асқындырып келеді, – дейді Гүлнұр Шарипова. – Мәселен, гастрит ауруы кезінде асқазан қабынып, іші эрозияға ұшырайды. Егер гастритті дер уақытында емдемесе, асқазан жарасының пайда болуына әкеледі. Бұндай кезде адамның жүрегі айнып, құсқысы келеді. Асқазаны қыжылдап, кекіреді, төс асты, жауырынның орта тұсы ауырады. Адам мазасызданып, ұйқысы қашады. Ауыруды сезіну асқазандағы жараның орналасуына да байланысты. Егер жара асқазанның жоғары бөлігінде болса, тамақ ішер алдында, орта тұсында болса, ас ішкеннен кейін екі-үш сағаттан соң ауырады. Ауру асқынған кезде қан құсып, асқазан тесіледі, үлкен дәреттің түсі қарайып, адам әлсірейді. Бұндай жағдайда науқасты ауруханаға жатқызып, жараны ота жасау әдісі арқылы алып тастайды. Ал, емханаға келген науқастар қан мен зәр тапсырғаннан кейін, оларға фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) әдісі арқылы тексеру жүргізіледі. Яғни жараның бар немесе жоқ екенін, болса қай жерде орналасқанын анықтайды. Бұған қоса ультрадыбысты зерттеу аппараты арқылы бауыр, ұйқы безі мен өт жолын тексереміз. Өйткені асқазан аталған ағзалармен тікелей байланыс-та болғандықтан, барлығын жіті қарауымыз қажет. Мәселен, кейде адамдар асқазаны ауырып тұрғанын айтады. Бірақ тексере келгенде жүрегі болып шығады. Өйткені жүрек ауруының кейбір белгілері асқазан ауруына ұқсас. Әрі екеуі жақын орналасқандықтан адам қай жерінің ауырып тұрғанын айыра алмайды. Сондай-ақ Гүлнұр Шарипова уақытында тамақтанудың маңызы өте зор екенін айтады. Дұрыс тамақтанбаған кезде адамның жүйкесі де сыр береді екен. – Адамның қарны аша бастаған кезде ашулануға бейім келеді. Себебі жүйке жасушалары да асқазанмен байланысты. Сондықтан аш жүрмеген абзал. Және ауқаттанар кезде есте ұстайтын бір нәрсе, ас алдында кисель немесе айран секілді сұйықтық ішу керек. Бұл астың дұрыс қорытылуына жақсы әсер етеді. Асқазаныңда ақаудың бар екенін білгеннен кейін майлы, ащы, қуырылған тағамдардан аулақ болған жөн. Тамақты суға қайнатып жегеннің пайдасы өте көп. Бірақ көпшілік осыған мән бермейді. Мәселен, шұжық, кириешки, чипсы, гриль, кәуап секілді қуырылған әрі құрамында жасанды қоспалары бар тағамдарды сау адамның өзі шектеп жеу керек. Сонымен бірге асты асығыс жеп, дұрыс шайнамағандықтан, асқазан бүрлері тітіркеніп, күйзеліске түседі. Өйткені сөл асты қорытып үлгере алмайды. Қарын және ішек жолдарындағы шырышты қабық жарақаттанады. Үздіксіз сағыз шайнау да ас қорыту жүйесіне зиян. Өйткені ауыз қуысында мөлшерден тыс көп бөлінетін сілекей асқазан түгіне зиянын тигізеді, - дейді дәрігер. Гүлнұр Шарипова қызмет көрсетуге тиісті аумақта 17 адам асқазан жарасымен тіркеуде тұр. Ал дәрігер күніге жиырмадан астам адам қабылдайтын болса, соның кем дегенде екеуі асқазан ауруымен шағымданады екен. Әсіресе, аталған дертке алдымен жастар ұрынады. Қаламыздағы Тұрғындар қалашығы ауданында орналасқан №1 қалалық емхана Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтергені мәлім. Қазір емдеу мекемесінде 300-ден астам қызметкер еңбек етеді. Жаңа ғимарат барлық қажетті соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Емхананың бас дәрігері Марат Биханов әзірге асқазан жарасын анықтаудың ең тиімді әдісі фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) екенін айтады. Емхана қарауға тиіс аумақ тұрғындары аталған әдіс бойынша тегін тексеріледі. Науқастарға білікті маман, медицина ғылымдарының кандидаты Қанат Төребеков қызмет көрсетеді. Жалпы, емхананың асқазан, ішек, өт жолдары және өзге де аурумен сырқаттанғандарды толық медициналық тексеруден өткізуге мүмкіндігі бар. Мәселен, өткен жылы бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында хирургия бөлімі ашылған. Алғашында тәжірибе жүзінде қолға алынған игілікті шара қазір оң нәтиже беріп отыр. Сондай-ақ биылғы жылы емханада оңалту бөлімшесі жұмысын бастады. Бұнда мүмкіндігі шектеулі 13 жасқа дейінгі балалар тегін ем-дом ала алады. Бүгінде күндізгі стационарда 10 бала ем алуда. Бас дәрігер кез келген аурудың дер кезінде алдын алса, емнің нәтижелі болатынын айтады. Өмірінде тісі ауырмаған адам кемде-кем шығар. Әсіресе, кариеспен (тіс эмалінің бүлінуі) ауыратындар көп. Тіпті тісті жиі тазалап, дәрігерге уақтылы көрініп жүргендер де тіс ауруынан 100 пайыз адамын деп айта алмайды екен. Неліктен бұлай? Осы сұрақ төңірегінде зерттеу жүргізген ғалымдар күні бүгінге дейін тістің бүліну себептерін тәттіні көп қолданудан, ыстық-суықтан, тісті дұрыс тазалай алмаудан деп түсіндіріп келген еді. Ал таяуда тіс бұзылуының басты себебі ішкі ағза мүшелерінің дұрыс жұмыс істемеуінен деген тұжырымға келіпті. Адамда 32 тіс болатыны мәлім, 16-сы жоғарғы, 16-сы төменгі жақта. Дәрігерлер, осы тістерді 8-ден бөліп, нөмірлейді. Яғни алдыңғы тістер сол жаққа қарай 8, оң жаққа қарай 8, барлығы -16. Осы тістердің дәл ортадағы екеуін 1-ші деп белгілеген, әрі қарай ретімен кете береді. Міне, осы 1-ші және 2-ші тістердің бүлінуі қуық пен бүйректе, құлақта кінәрат барын білдірсе, 3-ші тістердің бұзылуы бауыр мен өттің жұмысы дұрыс еместігін аңғартады екен. 4-ші тістер бүлінсе, өкпе мен тоқ ішекте ауру болғаны, 6-шы тістердің бүлінуі асқазан, асқазан асты безінің жұмысы бұзылғанын білдіреді. Ал 8-ші тістердің, яғни азу тістердің бүлінуі жүрек пен аш ішектің жұмысы бұзылуынан хабар береді екен. Сондай-ақ асқазан мен ішектегі кінәраттар иектің күйінен де аңғарылады. Асқазан мен аш ішекте жара болса, көбіне пародонтоз пайда болады. Асқазан жарасы кезінде тісте тас түзіледі. Қысқасы, тістің жай-күйіне қарап ішкі ағзаның қай мүшесінде ауру пайда болғанын аңғаруға болады екен. Егер де белгілі бір тісті емдеткен соң ол қайтадан ауырса, демек, мұны сол тіспен байланысы бар ағза мүшесіндегі аурудың асқынғаны деп түсінген жөн. Мұндай жағдайда тіс дәрігерінен басқа да маманға көрінген дұрыс болмақ. Ағзаның ауруға ұшыраған мүшесін емдеуді қолға алмаса, ол бұл жайлы өзімен байланыстағы тіске дабыл жіберіп тұрады, яғни ол тіс ауырып белгі береді немесе бүліне бастайды. Мысалы, бас сақинасы ұстап жүретін адамдардың тісі тіс жегісімен зақымданған. Бұл кезде тістің өзі ауырмауы да мүмкін. Ал оның себебін адам тұмаудан, суық тиюден, магниттік өрістің ауытқуынан, тағы да басқа жайсыздықтардан көріп жатады. Мұндай кезде бас ауруы бүкіл басты қамтығандай әсер береді. Сондай-ақ кейде сап-сау тістің ауыратын кезі болады. Ал оған көбіне қан қысымының қалыптан ауытқуы себеп.

Кәмшат ҚОПАЕВА Ақтөбе қаласы.

504 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы