• Бас мақала
  • 21 Ақпан, 2019

Аңызға айналған «Айгүл»

Өзіндік орындаушылық шеберлігімен, ерекше талғампаздығымен танылған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамбліне 50 жыл толды.

Өнер ұжымы 1968 жылғы 8 наурызда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының жанынан ашылды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков ансамбль репертуарымен танысып, алғашқы квартетке ат қою керек екенін алға тартады. Сол тұста бұл квартеттің орындауында «Алақай», «Сатушы қыз», «Студенттердің қоштасу әні» сынды Ескендір Хасанғалиевтің және Әсет Бейсеуовтің әндері тыңдармандарға ұсынылып жүрген болатын. Топтың орындаушылық шеберлігіне тәнті болған Ө. Жәнібеков «өзі айдай жарқырап, гүлдей жайнаса, нұр үстіне нұр болмас па?» деп өнер ұжымына «Айгүл» атауын берген. Өнер ұжымы кейіннен Марат Балтабаев-тың жетекшілігімен «Айгүл» вокалдық-аспаптық ансамблі болып қайта жанданды. Алғашқы қадамынан-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленген топтың ұлт өнерінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиевтың жетекшілік етуімен құрылған квартет дүниенің түкпір-түкпірін аралап, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын. Бұл – «Айгүлдің» «алтын дәуірі» еді. Осы сәттен өнер ұжымының шығармашылық шарықтауы мен дүниежүзілік гастролі басталған болатын. Ансамбль Ленин комсомолы сыйлығына ие болып, «Халықтың шығармашыл ұжымы» атағына ие болды және «Алло, біз таланттарды іздейміз» Бүкілодақтық телеарна байқауының лауреаты атанды. «Айгүл» вокалды-аспаптық квартетінің құрамында алғашында Ағайша Исағұлова, Құрманай Омарова, Марфуға Жүнісова, Гүлнар Бегалиева, Дина Ерғалиева, Жібек Оспанова өнер көрсетсе, вокалды-аспаптық ансамблінде Сақыпжамал Ұзақбаева, Меңсұлу Жексембекова, Ақмарал Артықова, Зәуреш Әлібекова, Гүлзада Бехтеолова, Айгерім Дайырбаева, Қарлығаш Нұртазина, Роза Ерназарова-Алисова және Галина Қарамолдаева сынды өнерпаздар болды. Ансамбль мүшелерінің барлығына ҚР Мәдениет қайраткері атағы берілді. Әрқайсысы қазір ардақты ана, аяулы жар, асыл әжеге айналған. Қыздар университетінің 70 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблінің «Қазақтың ару қыздары» атты ән жинағы жарық көрді. Оған ансамбль репертуарындағы қазақ композиторларының 9 әні кірген. Олардың қатарында «Қазақтың ару қыздары», «Үшқоңыр», «Тек қана қыздар», «Ардақты ұстаз», «Толағай», «Су тасушы қыз», «Жетісу» және «Өз елім» сынды танымал әндер мен Нұртуғанның «Қанеки, тілім сөйлеші» атты термесі бар. Ансамбль 2009 жылы «Алтын дауыс» фестивалінің, 2010 жылы Түркияның Адана қаласында өткен «Түркі әлемі» фестивалінің лауреаты атанса, 2011 жылы «Алтын микрофон» конкурсының және «Nauryz jam» жастар фестивалінің жүлдегері атанды. Қазіргі күнде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрамы қайта жаңартылып, репертуары жаңа әндермен толықтырылды. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық дүние жасау – бүгінгі «айгүлдіктердің» басты мақсаты. Жаңа құрам екі жыл ішінде қазақ, түрік, ағылшын тіліндегі жаңа әндерді репертуарына еңгізді. Биылғы жылдың қазан айында Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы аясында өткен «Түркі әлемі» фестивалінде жанды дауыста ән шырқап, жиын қатысушыларының қызығушылығын тудырды. Университет ректоры Гаухар Алдамбергенова жарты ғасырлық тарихы бар ұжымға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. «Жаңа ақпараттық қоғамның өркениетті, прогресшіл бағытына сай, терең білімді, өзгеріс-ті жағдайға тез бейімделгіш, өзге елдердегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын биік өрелі ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның талабы. Осы орайда «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі де бәсекеге қабілетті, заман талабына сай ұжымдардың бірі деп айтуға болады. Өйткені елу жыл халық жадында жүрген ұжымның халыққа, жастарға берері әлі де көп. Қыздардың музыкаға деген сүйіспеншілігі, аспаптарда шебер ойнауы, қазақ өнеріне деген махаббаты ерекше. Дайындық барысында олардың құлшынысына қарап, өзім жетекшілік ететініме қуанамын. Аруларымыз өте биязы, инабатты, сыпайы. Бұл – бір жағынан қыздардың отбасында көрген тәрбиелері болса, екінші жағынан қыздар университетінің қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіндігінің дәлелі», – дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Талғат Темірғалиев. Ия, әсем ән мәнерімен, сахнадағы өзіндік бітім-болмысымен, ерекше дауысымен көзге түскен «Айгүл» ансамблі жастарды өнерге, жан-жақтылыққа, сұлулыққа, музыканы сүюге тәрбиелейтіні сөзсіз. Топтың жеке әншісі Ақтоты Төлеуғалиева Өнер және мәдениет факультетінің белсенді студенті. Ол өз ойын былайша сабақтайды: «Аты аңызға айналған ансамбльдің бүгінгі мүшесі ретінде, ұжымның ошағын сөндірмей, керісінше жандандырып, жаңаша қырынан көрсетуді мақсат тұтамын. Мұндай тарихы терең ұжымның мүшесі болудың өзі үлкен жетістік. Сондықтан да, ұжымда өнер көрсету мен үшін үлкен маңызға ие». Ал, гитарашы Меруерт қазіргі таңда университетте магистратурада білімін жалғастыруда. «Мен топ құрамына 2014 жылы кастинг арқылы қабылдандым. «Айгүл» ансамблімен бірге үлкен белестерді бағындырғым келеді. Ұжым құрамында өнер көрсете түсу үшін магистратурада білімімді жалғастырудамын. Өйткені, мен үшін «Айгүл» үлкен маңызға ие», – деп өз ойымен бөлісті Меруерт. Синтезатор аспабында ойнайтын Бақыт ансамбльдің өркендеуіне өз үлесін қосқысы келетінін алға тартады. «Есімдері «Айгүлдің» тарихында қалған Галина Қарамолдаева, Сақыпжамал Ұзақбаева апаларымыз сияқты мен де ансамбль тарихында қалғанымды қалаймын. Екінші курста оқып жүрсем де, ансамбльдің дайындығына бару, концерттерге қатысу еш қиындық тудырмайды», – дейді Бақыт. Өнер ұжымының жарты ғасырлық мерейтойына және Қыздар университетінің 75-жылдығына орай ансамбль Арман Бексұлтанның «Қазақтың ару қыздары» атты әніне бейнебаян түсіруді жоспарлап отыр. Бүгінде «айгүлдіктер» аталған ауқымды шараларды жоғары деңгейде атап өту үшін қызу дайындық үстінде.

Жандар АСАН, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз орталығының басшысы

1303 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы