• Білім-ғылым
  • 21 Ақпан, 2019

Өзбек шайырлары

Зульфия

Өткен өмірімді...

Өткен өмірімді бір күн күреп мен, Өкінген түгім жоқ теріме сыйдым. Күлу керек болса күлдім жүрекпен, Сүю керек болса егіле сүйдім.

Кигенім жібек пе, шыт па, сиса ма ед(і)? Арымды күзеттім көрген өмірім. Отқа да, суға да түстім қанша рет, Өлең ғана ұсынды төрден тұғырын.

Өткен күндеріме оралдым, бақтым. Бақ-сорым қосылып жанды тербеді. Сүйдім, Еркеледім, Тоналдым, Таптым, Адам болып қалдым, бар бітіргенім...

Қайда сол шаттығым...

Оқылмаған хаттар, Тақпайтын бұйым, Дүниемменен қажетсіз түнесін бірге. Елеусіздеу бұрышта сақтаймын қиып, ...азапқа саларын білесіңдер ме?

Буырқанған сезім болардай көктем, Жалалардан биік, десім ең, керім. Шаттығым-ай қайдасың оралмай кеткен, Өткінші, тұрақсыз несібем менің?...

Мухаммад ЮСУФ

Н-ға.

Мейлі біреулерге Ұнайды аса, Тіпті кейбіреуі сөз етер берік. Біз бақытты боламыз Құдай қаласа, Құдай қаламаса Кездесер ме едік?

Райхан жұпарыңды Жоладырма сеп, Әр күні күт мені Түнде ай туған. Жылама тек қана, «Айыбым не?»–деп, Айыбың – сені анаң Шырайлы туған.

Бір шаттық жарығым Сыйла маған да, Нұр тамсын Үп-үлбір еріндеріңнен. Айтшы өзің сендей жан Бар ма ғаламда, Кірпіктерің ұзын - Кекілдеріңнен?

Гүлде-жайна жаным Мұңға шырмалма. Сезімді тұсама, Ұмтыл арманға. Берілме қаңқу сөз, Жала құмарға, Өйткені, жалғызсың Мына жалғанда.

Ал, мен – ғашығыңмын Сенің ең ғаріп. Түндерді ұйқысыз, Таңға жалғайтын. Жаныңда жүріп-ақ, Саған таң қалып, Жаныңда жүріп-ақ Сені аңсайтын.

Тіпті, ақтарылам Алдыңда бүгін, Сүйдім, оным үшін Ұялам кімнен? Барлық періштелер жаныңда күнім, Көлеңке құрлы емес, Қияға сіңген...

Біз бақытты боламыз, Құдай қаласа, Құдай қаламаса, Кездесер ме едік?!

Махаббат – сен сұлусың

Махаббат – сен шырайлы, Махаббат – сен қиял сан. Тағы бір сәт тұрайық, Сөйлеспей-ақ, ұялсаң...

Мазаламан мұң шағып, Көз-көркіңе шомылған. Сүйгендігім соншалық, Ұстай алман қолыңнан.

Сезім жолын от қаптар, Қалған сайын кіл жалғыз. Әр түрлі соқпақтар, Қош аман бол гөззал қыз.

Махаббат – ұмыт мені, Жан сырым боп жүр деймін. Түстеріңде күт мені, Түстеріңе кіргеймін...

Махаббат – сен шырайлы, Махаббат – сен қиял сан. Тағы бір сәт тұрайық, Сөйлеспей-ақ, ұялсаң...

Иқбол МИРЗО

Сені бүгін көрмесем болмас

Не бір мұңға толы бұл – жүрек, Бара жатыр соғуың үдеп, Сені бүгін көруім керек – Сені бүгін көрмесем болмас.

Желкеме жүк артты көк менің, Бұл азаптар жыр ғой төкпелі, Сағындым ғой жаным тек сені – Сені бүгін көрмесем болмас.

Мүмкін күн де күлер таңертең, Ашылар ма гүл де жан еркем? Не болса да, болсын дәл ертең – Сені бүгін көрмесем болмас. Жұмбағымсың сұлуым, түсін, Сезер ылғи жылуыңды ішім, Ертең өмір сүруім үшін – Сені бүгін көрмесем болмас...

Жалғыз

Миллион жыл адамзат мені күткен-ді, Тізесін таулардың дені бүккен-ді, Жүректерде мейірім демі біткен-ді, Сол сәтте мен тудым – әлемде жалғыз!

Теңіз тамшы болып күн кеше білген, Жанарлар бар нұрды күннен сіңірген. Жаңбырдан, Күннен де өзгешемін мен, Өйткені жалғызбын, әлемде жалғыз.

Мыңдаған ұлт, халық, еркін өсуде, Жұлдыздар телінді не түрлі есімге. Басқа ақын жоқ сірә, жердің бетінде, Өйткені жалғызбын, әлемде жалғыз.

Әр сөзім құдірет, жақұт һәм көктем, Табаным тиген жер бақытқа жеткен. Көз отым найзағай тасып, жарқ еткен. Өйткені жалғызбын, әлемде жалғыз.

Құдай өзі берсін күшіңе - күшін, Әділ һәм оң етсін ісіңе үкім. Мен енді тумаймын түсінемісің, Өйткені жалғызбын, әлемде жалғыз...

Садық шегеші

Садықтың әйелі қиянат қылды... Шегеші жарлы еді, Елеусіз, шолақ. Перзентсіздіктен, арын сиялап тынды, Айсұлу болғанмен жарының аты. Айдай сұлу көркем емес-тін бірақ, Сұлулық – некені сақтай алмады. Оны шайтан жолдан ұрды. Құдай ұрды Садықты. Өзіне сыймады, ұйықтай алмады, Ошақтан жалақтап қызыл жалын да Келемеждеді, қағытты. Құманда ойнақшып су да қайнаған, Қарқылдап күлді үстінен. – Құры!.. – деді Айсұлуға жәй ғана, Айсұлу үнсіз ғана тұрды өксумен. Садықтық танытпай жар, тіпті тіреу, Түнде жоқ боп шықты Садықтың өзі. Сандырақтап жүрген байғұсты біреу, Терең арық жақта шалыпты көзі. Бір жыл өтті, екі, үш, бес жыл, Айсұлуды жын шалды, Шұбар жайлады. Шаштары жайылған су пері кескін, Тереңарық бойында отырады-мыс. Қолында Шегешінің құрал-сайманы, Қолында Садығының құрал-сайманы: Садағы, ілмек бізі, желім кеппеген. «Шықшы, бегім, көңіліңізді желімдеп берем, Жаныңды, берші, бегім желімдеп берем...

*(Шегеші – ескі парсылардың сынған қыш ыдыстарын желімдеуші ұста. Жоғалып бара жатқан өнер.)

*Садық – шегеші ұстаның есімі *Садықтық – некеге адалдық деген мағынада.

Фарида АФРУЗ

*** Түн... Жаңбыр... Сиқырлы ертегі... Шегірткелер шебер күйшідей Күйін шертеді... Түн... Жаңбыр... Сиқырлы ертегі... Ыстық құшақ... Оттай сүйісу, Жанымды өртеді... Түн... Жаңбыр... Сиқырлы ертегі... Асау жүрек неткен ерке еді, Тасыған қан, тамырға сыймай Ұзын қылды келтені...

Таң... Күн шықты... Сиқыр – сөзге ұласты... Жаңбыр тынды, басылды құмар, Тоқтап қалған уақыт еріншек, Көздерін ашты...

Сағынып...

Сағынып келесің, сен күліп, Кетесің сағынып... Жолыңа күн кешем телміріп, Тағы үміт...

Хаттан да сағыныш от өрдің, Жауапқа өртендің, барма айып? Жолыңа қараумен өтермін, Сарғайып... Сағынып, бал мұңға малынып, Көзіме телмірдің тағы нық... Сен – маған, мен – саған жете алмай, Қамығып өтерміз, зарығып. Сағынып...

*** Бүгін мен шырайлы болуым керек, Бәрінен сұлу һәм бәрінен көркем. Құдайым, бір күнге жылуың керек, Бақыт келеді алғаш жанымен ерке – Мен бүгін оны көремін.

Әтіргүл көйлегін сыйлашы маған, Ерке жел шашымды жайғызам деме. Құдайым бір күнге қимасыңды алам, Ай нұрын қызғанба, айжүзімменен – Мен бүгін оны көремін.

Жүректе сағыныш, жаным күн бе еді, Құстар, шуламаңдар ақылың артық? Құдайым бір күнге жалын қыл мені, Кеудеме сүйенсін, аптығын сарқып – Мен бүгін оны көремін.

Сырыңды аш өмірім, бәрі өткінші, Сарқырап тасы-ей, сезім дәриясы. Құдайым бір күнге дәруіш қылшы, Жайнасын дүние – көзім жайнашы– Мен бүгін оны көремін.

О, сезім – мен сені кешуге дайын, Дерт біткен ұшыңдар тәнімнен аулақ. Құдайым бір күнге есімнен айыр, Бір күн өртенейін, жаныммен лаулап – Мен бүгін оны көремін.

Аударған Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ

441 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы