• Айтарым бар...
  • 21 Ақпан, 2019

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Нұрлан ҚҰМАР «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі.

Қазақстан Республикасының денсау-лық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген игі істер атқарылып жатқаны жасырын емес. Әсіресе, бұл бағдарлама аясында қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру, медициналық білім беруді жаңғырту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жетілдіру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толық іске асса, елімізде білікті де тәжірибелі дәрігерлер көбейіп, медицина қызметкерлерінің жалақысы артады. Дәрі-дәрмекпен, амбулаторлық көмекпен қамту көлемі өседі. Осыдан-ақ диспансерлік есептегі науқастар үшін бөлінетін тегін дәрі-дәрмек босатуда арадағы делдалдар жоғалып, науқас үшін қолайлы жағдай туындайды. Алайда МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі) жұртшылықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін толық шеше алмайды. Дегенмен қазірдің өзінде мемлекет кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде 40-тан астам ауру түрі бойынша 200-ден астам дәріні науқастарға тегін ұсынып келеді. Бұл дәрілердің дәріханаларға түсіп, оның тиісті адамдарға жетуі күрделі мәселеге айналғаны белгілі. Осы үшін алдымен тендер жарияланады да, артынша бұған белгілі бір компания иелік етеді, сондықтан да диспансерлік есепте тұрған халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін көп уақыт кететіні ақиқат. МӘМС-тің сақтандыру қоры дәріханалармен ешқандай делдалсыз, тікелей келісімшарт жасауды көздеуде. Осы тәсілмен бұқара халық дәрілік препараттармен уақытылы қамтамасыз етіліп, тіпті кез келген дәріні таңдай алатын дәрежеге жетпек. Елімізде МӘМС жүйесі 2020 жылы толық күшіне енеді деп жоспарлануда. Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламаны жан-жақты қарастырып келеді. Әлеуметтік мәртебені анықтау тетіктерін жүйелендіріп алу қажет екендігі аян. Мамандардың пікірінше Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін емханалардағы ұзынсонар кезек жойылады екен. Емделушілердің барлығы алдын-ала тіркелгендіктен, кезек күтіп тұруға еш негіз болмайды. Адам денсаулығы – қоғам байлығы. Мемлекетіміздің міндеті – халықтың дене және рухани күшінің жан-жақты дамуына қолайлы жағдай туғызу, жалпыға бірдей қолжетімді әрі жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық қызмет көрсету. Бұл міндеттер мемлекеттік бағдарламалардан бастау алып, жемісті нәтижелермен жалғасын тауып жатыр. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында денсаулық сақтау секторы үшін қосымша ресурстарды жұмылдыру және әр адам өз денсаулығына деген жауапкершілікті арттыру қажеттігі атап өтілген болатын. Біздің елімізде медициналық сақтандырудың ерікті түрін пайдаланады. Бірақ халықтың көпшілігі әлі күнге шейін медициналық сақтандырудың не екенін біле бермейді. Халықтың санасында кеңес кезіндегі «медицина тегін» деген ой қалыптасып қалған. КСРО кезінде медициналық сақтандыру деген түсінік мүлдем болмаған. Қазақстанда ерікті түрдегі медициналық сақтандыруға халық көңіл аудара бермейді немесе медициналық сақтандыру туралы мүлдем хабары жоқ. Халық медициналық сақтандыру полисін тек өзіне қажет болғанда ғана алады. Жалпы медициналық сақтандыру бұқара халық үшін қажет. Сонымен МӘМС жүйесі туралы қысқаша тоқталсақ. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін дамыған елдердің барлығы дерлік пайдаланады. Ал, ең алғашқы міндетті медициналық сақтандыру қашан және кімнің бастамасымен пайда болды? деген сауалға жауап іздеп көрелік. Германияда Отто фон Бисмарк тұсында жұмысшы тапқа арналған міндетті әлеуметтік сақтандыруды жүзеге асыратын құқықтық нормативтік актілерді жасау ісі қолға алынады. Германияда 1871 жылы өндірісте жазатайым жағдайдан сақтандыратын әлеуметтік сақтандыру енгізіледі, 1880 жылы медициналық көмекті қаржыландыру жүзеге асырылып, 1883 жылы ауруға шалдыққан кезде жәрдемақы берілетін болды. 1883 жылы канцлер Отто Фон Бисмарктың бастамасымен Германияда міндетті медициналық сақтандыру туралы заң шығарылады. Бұл заң бойынша белгілі бір өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлер ауырып қалудан сақтануға міндетті болған. Сақтандыру қорлары жұмысшылардың және олардың жұмыс берушілердің міндетті төлемдері арқылы қаржыландырылатын. Әлеуметтік сақтандырудың осы түріне тарихта «Пруссиялық социализм» немесе «Бисмарк моделі» атау берілген. Кейін әлеуметтік сақтандырудың осы моделін басқа Еуропа елдері мәселен, 1887 жылы Австрия, 1898 жылы Франция, 1894 жылы Норвегия, 1900 жылы Жаңа Зеландия, 1901 жылы Швеция қолданысқа енгізеді. Осылайша Бисмарк үкіметінің денсаулық сақтау саласына байланысты қабылдаған бірнеше заңнамалары әлеуметтік сақтандырудың дамуына үлес қосты. Міндетті медициналық сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау жүйесін кейін «Бисмарктың денсаулық жүйесі» деп атап кеткен. Еліміздегі МӘМС жүйесі бюджеттік сақтандыруға негізделген. Таңдап алған үлгіміз басқалардан еш кем түспейді. Бұндағы басты мәселе – алғашқы жарнаның жиналуында. Халық мәртебесінің толық әрі нақты анықталуында. Медициналық сақтандырудың жұмыс істеуі медициналық қызмет көрсету саласында нарықтық қатынас тудырады. Бұл өз кезегінде, медициналық қызмет көрсететін – медициналық мекемелердің, олардың қызметкерлерінің, жеке машықтанушы дәрігерлердің еңбегінің саны мен сапасына нақты баға беруге мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ науқастарды емдеу-профилактикалық мекеме мен нақтылы дәрігерді таңдау құқығы пайда болады. Міндетті медициналық сақтандыру қоры емделушілердің мүддесін қорғайды, медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен көлеміне сараптық баға беру мүмкіндігі бар, емдеу нәтижелеріне кінәрат-талап таға алады, ал, қажеттік кезінде емдеуші мекемеге немесе жеке машықтанушы дәрігерге экономикалық санкциялар қолдана алады. Жалпы алғанда, медициналық сақтандырудың дамуы қазіргі кездегі денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді азайтып, біршама істерді жүйелеуге жол ашады. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген. Қорыта айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мемлекет үшін ғана емес, қарапайым халықтың мүддесі үшін де қажет.

476 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы