• Әдебиет әлемі
  • 25 Қаңтар, 2019

Аралас неке – аз ұлтты жоюдың оңай жолы

Динара Мәлік

1988 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Бірнеше жыр жинақтарының авторы. «Үркер – Үміт» бәйгесінің жеңімпазы. Республикалық бірнеше жыр мүшайра-ларының жүлдегері. «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері.

Бұрын көзі көгілдір, шашы сары орысты көре қалсақ, үрпие қарайтынбыз. Құдды бір басқа әлемнен келіп, бөлекше тірлік кешіп жатқан жандар секілді көрінетін. Өйткені, мен ақ жаулықты әжесі бар, келіндері орамалсыз шәй құймайтын, той-томалақта жүгіріп жүрген балаларды шақырып алып, еттің майлы жерін алақанға толтырып асата салатын қариясы сирей қоймаған шағын ғана ауылда өстім... Осыдан жиырма жылдай бұрын жаз айында, үйді-үйді аралап, «хул-хуалласын» айтып, тиын сұрап жүретін сығандар (мүмкін өзбектер ме екен) сонадайдан көрінсе көрші-қолаң балалары жиналып алып, қораның таса-тасасына тығылатынбыз. Әжесіне, ата-анасына қолғабыс етпегенде шешелеріміз «қазір сығанға беріп жіберемін» -деп сескендіретін. Ол «сығандар» бала көзге шынымен қорқынышты еді. Қапшықтарын арқалап, адыраспандарын түтіндетіп үйді-үйді аралайды. Жүздері күннің көзіне, желдің өтінен тотыққан әйелдер топталып жүреді. Көше жағалалай тізілген үйлердің терезесінен төгіліп, қоп-қою қара түнмен кірігіп тұратын білтелі шамның жарығы ауыл түнін әсемдеп тұратын шақ. Осындай берекесіне тыныштық ұялаған отбасылары жоқ, киімдері жұпыны сол міскіндерге мүсіркей қарайтынмын. Өзім тамақ беріп, киім беріп жарылқасам деген ойға батам. «Өзге ұлт өкілдері» деген сөз қозғалғанда осы көрініс қылаң береді... Өйткені, бұл «өзге» деген менің ұғымыма орыс, өзбек, сыған секілді ұлттар саятын. Қара нәсілдіні, кәдімгі қытайыңызды көгілдір экраннан көріп жүріп, күннің күнінде асымызды бір бөліп жеп, құда-жекжатша күн кешеміз деп ойламадық. Тағы да әрірекке барсақ, жаугершілік заманда, бабаларымыз елдің берекесі, бейбітшілігі, тыныштығы үшін басқа елдерге қыз берген, қыз алған. Қазақтың «судың басын шым бітейді, жаудың басын қыз бітейді» деуі содан. Шыңғыс хан да өзге жұрттан қыз алумен бірге, күші мықты тайпаларға қыз бергенін тарихтан білеміз. Қытайыңыз да сондай. Тіпті көп жыл салып Қытайды билеген Мао Цзедунның АҚШ елшісімен бірге болған екеу-ара әңгімесінде оларға бір миллион әйел жіберу туралы ұсыныс айтқандығы кейін жарияланды. Бірақ ол ұсыныс қабылданбаған. Ол сол кездегі елдің экономикасының төмендігіне орай айтылса керек. Бұл саясат. Біздің алғашқы зиялыларымыздың басқа ұлттың қыздарына үйленгендері жайлы жақсы білеміз. Бірақ олар ұлтын сүйген нағыз алаштың азаматтары еді. Олар халқын сүйді, салт-дәстүріне адал болды. Көкіректерінде ұлттық намысы сөйлеп тұрған жандар болатын. Бір ғана мысал: Ахмет Байтұрсыновтың жұбайы орыс қызы – Анна Ивановна Кузнецова.Байтұрсынов үйленген соң әйелін мешітке апарып, «Бәтес» деген есім алып береді. Міне, жарға деген адалдық, некеге деген ықылас, ұрпақ алдындағы жауапкершілік! Сол Анна Ивановна қазақтың кемеңгер ұлын сүйетіндігін осылай аңғартады. Кейін ол Ахмет Байтұрсынов ұсталғанда Горькийдің әйеліне: «Менің күйеуім ешқандай да кінәлі емес» деп хат жазады... Мұндай шын берілген некеге дау айта алмайсың. Ұлттық тәрбиеміздің тамыры тереңде. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қазақтың тәрбиесі тал бесіктен басталады. Төсектегі басымыз бен төскейдегі малымызға дейін тыныштық бермеген дұшпандардан ата-бабамыз ұлан-байтақ жермен бірге ұлттық намысымызды да қорғай білді. Мұның Кеңестер одағы, коммунистік партия таңып берген «ескіліктің қалдықтарына» түк те қатысы жоқ. Бабаларымыздың өсиеті сол ұлттық тәрбиеміздің ұйықтап қалмауына сеп еді. Біздің санамызды осылай «ескіліктің қалдығы» деген қолдан жасап алған ұғыммен шатастырды. «Жаңаша» деген империялық саясатпен улады. Соның зардабы әлі санамыздан кеткен жоқ. Ал, аралас неке деген осы жаһандану жалмауызының бір бөлшегі іспетті. Н.С.Хрущев жетпісінші жылдары КСРО-да коммунизм орнайды, халықтар тең дәрежеде өмір сүреді, ұлт болмайды деп адастырған. Оның өзі империялық саясаттың сол кездегі көздеген мақсаты. Бүгінде қара қытай қаптап кеп қыздарымызға үйленіп жатыр. Үйленіп жатыр дейміз-ау, біздің бойжеткендеріміздің өзі соларға ынтық па қалай? Әлеуметтік желіні шарлаған қазақ қызының қытайға күйеуге шығып, өз отбасын, күйеуін сүйетіндігін, оның ұлтына қарамайтындығын, қазақ жігіттерінде мәрттік жоқ деп сөккені талайдың намысына тигені белгілі. Шындығына келгенде, оларға қазақтан ұлтарақтай жер тисе, меншігінде мүлкі болса, көкейдегілері сол деп түйдік. Өзім Қытай шекарасындағы базарға барғанымда бір жәйітті көзім көрді. Қыстың күні кішкентай балалардың көбісінің шалбар ауын кесіп тастаған. Бөпедей ғана балалардың саны тоңғанын сезбейтін секілді. Бұл не сұмдық екен деп сұрасақ, ержеткенде бала тудыра алмас үшін, тумас үшін, «жанды жерлерінің» сол кезден-ақ күшін жояды екен. Бұл ертеңгісін емес, бүгінгісін ғана ойлаған сол ұлттың аянышты санасы. Осындай ұлтқа тұрмысқа шығып, ошағының мерейін шығарам деп кеткен қыздарымыздың меселі қайтып оралғандары қаншама?! Достық даңғылында пәтерде тұратынбыз. Таңертең жұмысқа бара жатқанда көрші келіншекпен автобусқа бірге отырамын. Ол қызымен бірге балабақшадан түсіп қалады. Айтайын дегенім, қызы кәдімгі қара нәсілді. Келіншектің жүзі сынықтау көрінеді маған. Ауладағы балалар алшақтап жүретіндігі жанына бататын болса керек. Автобустағы жүргіншілер де көздерінің қиығымен бақылап отырады... Алданған қыз ақымақ болып саналмаса керек. Бірақ, қан бұзылған жерде тәрбиенің тәртібі түзеле қояр ма екен? Қазіргі уақытта қазақтың білімді балалары дүниежүзінің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Қуанамыз. Олардың бүкіл киімі мен тиынына дейін мемлекет төлеп отыр. Сол біздің жастар үміт парызын қаншалықты орындап жүр? Қазақта «Қыз – өрісің..» деген сөз бар. Бұл ұлт болашағы. Ұстаздық жолда қызмет ететін кісінің қызы Мәскеуде оқып жүрді. Әлгі кісіні кездестіргенде «қызыңыз қалай, оқуы аяқталды ма?» – деп сұрадым. «Қызым елге келгісі келмейді, Мәскеуде жұмыс істеп жатыр. Мұнда демалысқа келсе, әрең шыдайтын еді...» – деп жауап берді... Сырт қалада білім алуға жіберіп, сол жақта тұрақтап қалған біздің қазақтың ұл-қыздары жетіп артылады. Сонда дейміз-ау, әлгі қазақтың айтқан «өрісіміз» қайда? Құдасын құдайындай сыйлап, араласуды арман еткен ананың ақ тілегі қайда? Еркек бала тәрбиесіне аса көңіл бөлінбейді. Онымен кім шұғылданады. Әрине, алдымен анасы. Ол басқа ұлттан болса, тумысынан бесік көрмей, әлдимен тербелмесе, ертегі естімесе ана тілінің қадірін қастерлей ала ма? Аралас некеден де қазақ тілін қадірлейтіндерді жоққа шығара алмаймыз.Дегенмен, аз. Елге билік айтып жүргендердің көбісі жастар, Ойы бұлдыр, тілі шүлдір.Отбасында ұлт тағдыры шешілмей, мемлекет тұрғысынан шешілуі мүмкін емес. «Аралас» деген сөздің өзі кейді жағымды естілмейді. Рас, қазақта «ауылы араластың, қойы қоралас» деп жатамыз. Оның жөні бөлек. Ол тәжірибеге сүйенген мәтел.Неке мәселесіне келгенде бұл түсінікке абай болған абзал. Ана сүтін қанып ембеген сәби секілді, ана тілін бойына сіңірмей өскен ұрпақ ішкі жан-дүниесінен өмір бойы ақсап өтері анық. Отбасыңда анаң мен балаңды, әкеңді алыс кеткенде сағынғаның секілді, өз тілің мен салтыңды сәт сайын сағынып отырғанға не жетсін...

628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы