• Бас мақала
  • 25 Желтоқсан, 2018

ТАЙЫНДА ОЗҒАН ҚҰНАННАН...

Сағатбек Медеубекұлы жайлы сыр-толғау

Омар Қыйқымов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері

...Жасыңнан жігіт едің жайды ұғынған, Қай жағыңнан келейін қай қырыңнан... – дегендей, Сақа сенің оңайлау, жұмбақтау, жеңілдеу, осы сырын, осы қырын ешкім біле бермейді-ау, дейтін көлеңкелі, ық жағыңнан келейін десем, ырқыма көнер, айдауыма жүрер, байлауыма тұрар ыңғайлы тұсыңды таппай, тарығып отырғаным, осының бәріне өзің кінәлісің... Аузыңды ашсаң өкпе, бауыр, қолқа, бүйрек түгілі арғы жағынан қара жер көрініп тұратындай, аңқылдаған пәк көңіл, адал жүрегіңнің кесірі ме деймін. Айтшы, Сақа, ел білмейтін, мен білетін қай қырың бар? Бір жерден естідім бе, оқыдым ба білмеймін, бір ғұламаның айтқаны бар еді. «Өзің өте жақсы білетін адам жайлы айту, жазу әрі оңай, әрі қиын» – деп, міне мен де соның кебін киіп отырмын. Оның үстіне азулары алты қарыс, қаламымен мұз ерітіп, тас балқытқан жазарман, дос, жолдас, аға-інілеріңнен де таңдайға татыр тозаң, жалай қояр жұғын қалмаған сияқты. «А» дегенде екеумізді етене жақындатқан спортышылығыңа келсек, жүгіруден ауыл, аудан, облыс көлемінде талай жарыстарда алдыңа қара салмай жүлде алғаның анық. Керімсал ауаны кедергісіз жұтсын деп, ана қырантұмсық, тұлпар танауды Құдай бекер бере салмаған екен. Шаңғымен де шашаңа шаң жұқтырмағаның жалпақ жұрттың әлі есінде. Шиырлаған іздерің Шөләдірдің дөңдерінде, Шырғанақтың белдерінде шимайланып, әлі жатқандай. Кейде, Қарқара өзенінің жағасына барып, Қабақтың қырына шығып, жарқыраған ай, жымыңдаған жұлдыздарды тамашалап, сан саққа ой тазыны жүгіртіп, қиял құсты самғатып, көкжиектің көрінбес қиырына көз салып сырласатын шақтарымыздың жиі болатынын ұмытпаған шығарсың. Сол еске түссе, сенің сурет өнері туралы, сол өнерге өмірін арнаған өнерпаздар (суретшілер) туралы көп білетінің, өзің де қатырып сурет салатының ойыма орала кетеді. Сол хақында айта, аша түспек болсам, ұсталық, сурет, мүсін, жалпы қолөнердің хас шебері, данышпаны Дәркембай Шоқпарұлы: «Сағатбек жазу емес, сызу саласын таңдағанда да, талайға таңдай қақтырар еді» – деп, бағасын беріп қойғаны белгілі. Сенің күйшілігіңді айтып, күй тартатыныңды, күй шығаратыныңды, небір аңыз күйлердің шығу тарихы жайлы әңгімемен құлақтың құрышын қандыратыныңды, шертіп ауыздың суын ағызатын домбырашылығыңды жарқыратып жаңалық ашайын десем, сен оған уызыңда жарығансың. Олай дейтінім, әкең Медеубек, атаң Сабырбек Мыңжылқының мың жылдық қарағайынан шапқан қалақтай қара домбырамен Қарқараны теріс ағызатын су жорғаның өзі болған. Соның бәрін құлаққа құйып, көкейге түйіп өстің. Балпанақтай басыңның екі жағына жас баланың жаялығындай қос жарғақты Жаратқаның жайдан-жай, жаңылып жабыстырмаған болды. Әншілігіңді әңгіме қылып Америка ашайын десем, сен табалдырығын аттағаннан бастап, кейін қызыл аттестатын құшақтап ұшып шыққан алтын ұяң, Қарқара орта мектебінің АКТ залының сахнасымен ауылдық, аудандық Мәдениет үйлерінің сахнасы елестейді. Сол сахналарда елу-алпыс адамнан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің ең алдыңғы қатарында, аяқтары еденге жетпей, қоңқиған мұрын, қалқайған құлақтары бірден көзге ұрып, бармақтай болып отырған немесе жеке орындауда, бойынан ұзын домбырасын өңгеріп алып, неше түрлі әндерді құйқылжытып салған Сағатбексің. Сақаңның өнеріне риза болған көрерменнің, қабырғаны қақыратып жіберердей қошемет қолпашы. Қалаберді сахнаға қарай ана әнді, мына әнді орындашы деп өтінген сұраныс хаттар легі. Оның бірі орындалса, бірі орындалмайды. Концерт жүргізуші қыз: «Кешіріңіздер, Сағатбек Балуан шолақтың «Ғалиясын» айтайын-ақ деп еді, орындауға Марс ағай рұқсат бермей қойды, ренжімеңіздер» – деп майысқанына қарамай, орындарынан тұрып кеткен халық, найзағайдай шатырлаған шапалақ. Бір жапырақ болып қушиған беті біресе қызарып, біресе бозарып, сахнаға қайта-қайта шығып, ел алдында еңкеңдеген бармақтай бала – көпшіліктің әлі күнге дейін көз алдында. Әншілік пен күйшілік, сол ән мен күйді шығарушылық кез келген адамға дари бермейтін арда қасиет. Осыған талмас табандылық пен ерінбес еңбекқорлықты қосыңыз. Осының бәрінің басы бірігіп, бір адамның бойынан табылмаған болса... Ел аралап су кешіп, ой мен қырға қаңғырып, теріп-тепшімесе, «Жетісудің әндері мен күйлері» атты елдің игілігіне айналған кірпіштің қалыңдығындай екі кітап жазылмаған болар еді. Студенттік дейтін сал-серілеу, сылқым шақта домбырасын сылқылдатып, әнін әуелетіп жүрген Сақаң, бір күні универ жанындағы драма үйірмесінен бір-ақ шықты. Жай шықпады, айды аспанға шығарды. Спектальдегі Сәкен Сейфуллин бейнесін кәнігі маман актерларға жетеқабыл сомдап шықты. Оған анау-мынау дүниеге көсем көңілі мырзалық таныта бермейтін, әдебиеттің, жалпы өнердің Күреңбайы – Темірбек Қожекеевтей ұстаздың «Сәкенім» деп еркелетіп өткені дәлел. Қатыгездік пен мейірімділіктің, адалдық пен қараулықтың, арсыздық пен парасаттылықтың, обал-сауап пен озбырлықтың, қиянат пен әділдіктің ара жігін ажыратып, аршып, арашалап берген көсемдігіңді, азаматтығыңды айтқым келсе, оған да жауабың, ісіңмен дайын. Ол: «Халық жауы деген жаламен жазықсыз жапа шегіп, құрдымға кеткен Алаштың бірнеше азаматтарының, ақ дидарын жарқыратып, су бетіне алып шыққан шырқау еңбегің. 1993 жылы жаз айында Қарқара жайлауына келген елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, қақпайлаған қара костюмдегілердің тосқауылына қарамай бұзып-жарып кіріп, Қарқара өзенінің Ыстық көлге бұрылғалы жатқанын, арығы қазылып қойылғанын, егер Қарқара өзенін Қырғыздар ағызып алып кетсе, сонау Балқашқа дейіңгі қаншама қалалар, аудандар мен елдімекендердің тіпті жеріміздің жай-күйінің қандай болатынын, бір деммен жеткізіп Елбасын елең еткізгені, ол кісі, қасында тұрған Балташ Тұрсынбаевқа мәселенің аяқсыз қалмауын ескерткені бар (егерде Қарқара өзені бұрылғанда, сол өңірдегі Кеген, Нарынқол, Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарының қаншама азаматтары, аттарын таң асырып байлап, шоқпар сойылдарын сайлап сақадай сай отырды, тіпті Қарқараның айналасындағы ауылдарда қолында бар техникасының жанармайын толтырып, өзенді бұрып ағызатын болса атой саламыз «өзекті жанға бір өлім» деп ажал, азабыңа пысқырып та қарамай, нартәуекелге барып отырған нарқасқаларды құлағымыз естіді, көзіміз көрді). Ақыры сол шаруа оңынан шешіліп, Қарқарамыз ешқандай дау-дамайсыз бүгінгі таңда өз арнасымен ағып жатқаны, мінездің өрлігі, азаматтың ерлігі емес пе! Тағдырдың тауқыметі дейміз бе, болмаса басым елдің басқа салған нәубеті дейміз бе, қалай десек те, жұмыр жердің сан-саласына еріксіз тентіреп кеткен қажырлы да қам көңіл қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы жайлы жазған: «Дүниені дүр сілкіндірген бір күн» атты шығармаң шыныменен ақпарат әлемін дүр сілкіндіргені хақ. Шіркін сол кездегі мақалаларға жарыс ұйымдастырылғанда бәйгені шаппай алатыны айдан-анық еді. Кезінде «Менің ақындығым Мұқатайдың ақындығының қолына су құюға ғана жарайды» – деп, жауһар жырдың ақиығы ұлы Мұқағали бағасын берген, соқпағы сүрлеуге айналып, ізі көмескіленіп бара жатқан Мұқатай Жылқайдарұлындай марқасқаның әр-әр жерде тарыдай шашылып қалған өлең-жырларын жиып-теріп, тап-тұйнақтай кітап етіп шығарғаныңның өзі неге тұрады! Сақаң ҚазМУ-ға төртінші рет тапсыратын жылы Алматы облысы Шелек ауданының орталығы Шелек ауылында кездестік. Мен Алматыдан ауылға, ол ауылдан Алматыға бара жатқан бетіміз еді. Сақаң аса сабырлы салқын қанды кейіпте: – «Омаш, осы сапар оқуға түссем түстім, түспесем екінші Алматыны, оқу атаулыны ойыма да алмаймын», – деген. – Не істемексің? – «Өзің білесің екі жылдық отан алдындағы азаматтық борышымды атқарып келдім, енді алаңсыз ауылға барып қой бағып, адамдық борышымды атқарам» деді... Сол жылы Сақаң оқуға түсті, өкініштісі – Қарқарадай, қабырғалы қой совхозы керемет шопаннан айырылды. «Талант қайда болсын талант», алдына ешкім шығып көрген жоқ, Жолсейіт Молдасанов әкесі сияқты алтын жұлдыз омырауында жарқырамасына кім кепіл. Қаршадай кезіңде, яғни, 1976 жылы Қарқара жайлауы қатар-қатар ақшаңқан үйлерді, самаладай жарқыратып тігіп тастап, қырғыз-қазақ болып ат шаптырып, қыз қуып «Шопандар слеті» аталатын ақпа-төк малшылар тойын өткізіп жатқанда, тынып жатқан теңіздің бетіндей теп-тегіс, жап-жасыл жазықтың дәл ортасындағы көзге қораш, көңілге оғаш, пошымы жұмбақ тақия төбені нұсқап: «Омаш, биыл Албандар көтерілісіне алпыс жыл, оған куә анау жатқан Ереуіл төбе» – деп, ойға батқандай болып едің, сол ойың кейін «Мың сыр тұнған, бір төбе» атты үлкен еңбек болып жазылып, қоғамға да, адамға да ой салып, пікір туғызып, айтулы мәселе көтерді. Қазір сол жерде тұрған, «Ереуілтөбе» ескерткіші мен Ереуіл атты ауылдың тіршілік етіп жатқанына сенің еңбегіңнің үлесі сүбелі екенін кім білмейді! Кейін Албан көтерілісіне 100 жыл толғанда, сол уақытты суреттейтін «Қырдағы қырғындар немесе Аруана айтындары» өлең-роман қаламыңнан жыр болып құйылды. Адамның бойындағы кекшіл, қиқар да қияңқы мінезі жайында сөз өрбіткім келсе... Оның саған тіпті де қатысы жоқ, өйткені, сенің өкпең «жібек орамал кепкенше». Керісінше, пешенеңе табиғатың тарту еткен, алдыңа қойған мақсатыңды қандай да бір кедергілерге қарамастан, орындамай қоймайтын табандылығың, діттеген нәрсеңе, «ақ қар, көк мұзға қарамай», жетпей тынбайтын жігерлілігің, кімге болсын көмек қолын созсам деп тұратын қайырымдылығың, дәлелді датыңды қандай жер болсын, қаймықпай, қасқайып тұрып айтатын өткірлігің, білгір білімділігің мен өжеттігің. Оны мінезіңнің көлеңкелі тұсы деп түсіну әбестік болар. Екі аяқты пенденің мыңнан бірі ғана көтеріп алып жүру қолынан келетін, қарапайым-дылық дейтін ұлы қасиет – бақ десе де болады. Ол сенің бала боп, басыңа шаш шыққан кезіңнен бас-тап, сол шаштар қайтадан түсе бастаған бүгінгі күнге дейін, тәніңдегі тамырдай, тамырыңдағы қаныңдай ажырамай, айнымай келе жатқан құдірет. Бұдан әрі қарай да адаспасың кәміл. Уақыт деген шіркінді үнемді жұмсап, өнімді пайдаланатын ұқыптылығың, салақтаған бос уақытқа сараң қарайтын сақтығыңды ойласам, осыдан 40-45 жылдың ар жақ, бер жағы, яғни өткен ғасыр, «СССР», «КПСС», «ВЛКСМ», «Сапа белгісі» дейтін заман... Анасының ақ сүтінің дәмі әлі аузынан кетпей жатып, құлыныңда тайдан, тайыңда құнаннан озған, артқы аяғын алдыңғы тұяқтың ізінен асырып басқан, болар бала, болашақ ғалым – Сақаң оралады. Тұрсынхан Шәлдибекованың шапағатына бөленіп жүрген Сәкеңдер (Сәуле, Сағатбек, Света т.б.), анда-санда шапалағына шалдығып қалатын – Қанат, Омар, Ертайлар елестейді. Қарқараның ауа-райы да, Сағатбектің әкесінің мінезі сияқты мейірімді, һәм қаһарлы. Аспан мен жердің арасын қара түнек қылып, қаусырып, қалтыратып жіберіп, бір сәтте шайдай ашылып, жадырап сала беретіні бар (Медеубек әкеміз де, дүниеден қайтқан күнгі суық өңменімізден өтіп, тәнімізді емес, жанымызды қалтыратты. Ал, ертесі жерлейтін күні түк болмағандай, мамыражай, майтоңғысыз бола қалды. Әкеміздің «тіршілік» дейтін тотанақтан құтылғаным шын ба, өтірік пе дегені ме, кім білсін?). Әсіресе, қыстың қарбаласы қауырт болады. Оның үстіне түні ұзақ, күні келте. Сағатбек сол қысқа күнде қырық шаруаның басын қайырып, үлгеріп жататын. Кейде салып ұрып, аудан орталығы Кегенге кетіп бара жатқанын немесе келе жатқанын көресің. Бұл оның аудандық газетке өлеңдерін, жазған дүниелерін апарып жүрген сәттері. Мектепте Сағатбек араласпайтын қоғамдық жұмыс жоқ. Міндетті түрде қатысуың керек, қосымша сабақтарың тағы бар. Түрлі үйірмелер мен секциялардағы шаралар Сағатбексіз жүрмейді және әр дүйсенбіде шығатын мектептің қабырға газеті Сағатбексіз шықпайды. Жұмасына бір рет Шәлдибекованың үйіне барып, қарсы алдында қаздиып отырып, қағаз шұқып қайту – қаза қылмай оқитын намаздай парызы. Шаш етектен келетін үй шаруасы да Сағатбексіз бір шеті ақсап қалатындай. Ыждаһаттылық пен төзімділікті, әрі ұқыптылықты, шын пейілді талап ететін, малды уақытысымен суғару, жемін беріп, шөбін салу, тұзын төгіп, астын тазалау, үйілген қарларды сыртқа шығару, отын жарып, су әкелу сияқты жұмыстың бәрі – Сақаң ұршықтай иіретін күнделікті тірлігі... Тоқтасын ағам мен Ерекең (Еркін ағам), «Омар бізді арам тамақ қылды ғой» – деп айтпайтынын білем. Олар да шаруаның бір шетінде жүреді. Тек ортасында емес. Өйтпегенде ше? Тоқаң – атасы мен апасының баласы. Ерекең еркелеу. Асан мен Үсен жас. Күнделікті осындай сапырылысқан жұмыстың арасынан оқуға да, ойынға да уақыт тауып, үлгеру үлкен ерлікке пара-пар емес пе? Кейде күндізгі қарбаластан мұршасы болмаған Сақаң ел орынға отыра, Қабақтан тарамтасын зырқыратып немесе Қарқара өзенінің жағасындағы жазықта (сай дейтінбіз) айдың жарығымен шаңғысын айызы қанып, зулатып, ойынның орнын толтыратын. Үйдің күйбең тірлігімен қолы босай бермейтін анамызға дүкенге жұмсайтын сенімді, әрі ұқыпты бала керек. Тоқтасынды жұмсаса, Тоқаң Еркінді жұмсайды, Ерекең, онсызда жортуылдың жетек атындай елеңдеп қайда болсын дайын тұратын Сағатбекті жұмсайды. Демек, дүкен деген дүние де Сақаңның еншісіндегі мәселе. Дүкен демекші, Сақаң меншікті маршрут бойынша салып-ұрып дүкенге барсын. Алушылардың соңына барып тұра қалады. Кезегі жақындай бергенде, еденде екі бүктеліп етбетімен жатқан үш сомға көзі түседі. «Алтын көрсе, періште жолдан тайған» ешкімге байқатпай, лып көтеріп, жұдырығына жұма қояды. Жүрегі лүп ете қалады, жүйрік қиял ойға-қырға жүгіре жөнеледі... Анасының айтқан заттарын, жаңағы үш сомға сатып алып, шығып кетеді. Көп ұзамай, үрмей қапқан ит сияқты бір ой бойын селк еткізеді. Ақшаны қайдан алдың десе не дейді?!. Қатқыл мінезді әкенің «өтірік айтпа, ұрлық істеме, біреудің ала жібін аттама» деп жиі айтатын өктем үні, сұсты жүзі көзінің алдында тұра қалады. Кілт бұрылып, дүкенге қайта барады. Сатушы Нұрыш тәте: «Сақатай, бір нәрсе ұмытып кеттің бе?» – дегенде, қолды қалтаға ұрып жіберген Сақаң, оқ тигендей сілейіп қалады. Манағы тауып алған үш сом, кезекте тұрғанда түсіріп алған өзінің ақшасы екенін түсінгенде, есіктен атып жөнеледі. Осы жасқа дейін Сақаңның біреуді тіл-депті, біреуден сөз естіпті, біреумен төбелесіпті, біреуден таяқ жепті немесе соққыға жығыпты дегенді естіген адамның құлағы мүкіс шығар. Осылай адалдық пен адамдықтың ақ көйлегін бала күннен киген Сақаң – Сағатбек Медеубекұлы (белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіпше айтсақ, «Алтын сақа») адам өмірінің айтулы белестерінің бірі – асқаралы алпыстың киелі табалдырығын анасының адал сүтін емген қалпы, табиғаты тарту еткен талант, дарынының арқасында асқақ абыроймен аттап отыр. Сақа, сенің журналистика жолындағы жетістігіңді, ғылым саласындағы ғалымды-ғыңды, ұстаздық тарапыңдағы тәлей биігіңді зерделеп-зерттеп, талдап-таратып, ақтарып айту маған, құрық тимеген, ноқта кимеген шу асаудың шашасынан ұстағанмен бірдей болып көрініп отыр. Оны өзіңіз сияқты алпысты аттап, ақыл толығып, ой тоқтатқан кездің кезегіне, келер күннің еншісіне қалдырайын... Асқар шыңдардың аясында, ну, қарағай-дың саясында, күмбірлеген аспан таулардан, ақтарылып аққан арынды өзеннің жағасында, Хантәңіріден ескен ерке самалға маңдайымызды сүйгізіп, кекілімізді таратып, Қарқарадай қасиетті хан жайлаудың киелі топырағын басып, саф ауасын бірге жұтып, білімнің Шәлдибековадай шал-қар көлінен нәр татып, Сағатбектей сегіз қырлы, сексен сынды, бір сырлы саңлақпен құлын күнімізден құлдыраңдап бірігіп, күні бүгінге дейін біте қайнап, кірігіп келе жатқанымды мақтаныш сезіммен айтам hәм өзімді бақытты санаймын. Елеусіз жүрген жоқсың қалтарыста, Ай маңдай азаматсың Алты Арысқа. Сапарың сәтті әрі ұзақ болсын, Өлшеулі өмір дейтін алпарыста!

825 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы