• Білім-ғылым
  • 24 Желтоқсан, 2018

«Тоқта, джазз!»

Сара Жақсылық 1997 жылы Қостанай облысы, Әулиекөл ауданында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Қостанай мемлекеттік педагогикалық уни-верситеті, филология факультетінің 4-курс студенті.

Оның джазды не себепті ұнататынын түсінгендеймін. Кеудеңізде жып-жылы боп соғып тұрған жүрегіңізді ұстап көріңізші. Қағысы жай ма? Ал, енді Луис Армстронгтың бір әнін қосыңыз. Баяу қалыппен, ауада қалқыған ән толқынына ілесіңіз... «Әлем неткен ғажап!» әнін білесіз бе? Тамаша емес пе?! Дәл қазір, ала көлеңкеде осы әнді тыңдап отырмын. Қарсы алдымда ол. – Сəлем! – деді. *** – Сəлеметсіз бе! – дедім жымиып. Оны көргенде ерекше қуанатынымды білсін дегендей әдейі жымиятынмын, оным тым жасанды көрінсе де. Ұялғанымнан қолымдағы кола құйылған стақанды айналдырып, қарай беремін. Стақан қырында мен білмейтін дүниелер жасырынғандай үңілемін. Көзімді көтеріп қарасам, өртенетінімді білемін. Міне, тағы да... Ол қобалжи беріп, шарабын аудара жаздады. Үстел шетіне жылжыта салды. – Жағдайың жақсы ма? – Күнделікті күйбең тірлік, газет бетіне жарамды дүние іздеумен әлек боп... Сіздің көңіл-күйіңіз жоқ сияқты. Елге оралғалы бері хабарласпадыңыз, уайымдаттыңыз ғой?! – Бәрі баяғыша. – Жоғарыдан төне қалған ұзынша жарық шамға қарап қалды. – Мына әнді сезесің бе? Оның тіліне назар аударма, ырғағын сез. Өнер ұлтқа бөлінбейді ғой... Қазақ бол, ағылшын не Африкадағы абориген бол, бәрібір емес пе? Егер ол құдірет сені басқалай күйге бөлей алса, жеткілікті. – Мен әнге, оның жанрына келгенде онша «қырағы» емеспін. Жаныма жайлысын тыңдай беремін, – дедім қабырғадағы суреттерге көз тастап. Ішімнен қаншалықты сағынғанымды шамалап жатырмын. Саксофон әуені дамылдап қалды. Бірер секундтық тыныштық. Хаттарымыздағы сырлы сөздерді осында әкеп төгілте салсаңыз ғой деп армандап қоямын. Бірақ, оған ешкімнің де батылы жетпейді. – Алыс құрлықтан жетпей қалған хаттарымды күтуден шаршадың ба? Құдайым-ау, ол бәрін де біледі екен ғой деп ойладым. Көкіректе атылғалы тұрған бір тығын босап кеткендей: – Əə, иə... Сіз жауап жазбаған соң, өзім де мазаңызды алмайын дедім. Сағынғаннан тіпті... Ол тіпті соңына дейін тыңдамай: – Білесің бе, мен ол жақта да жалғыздығымнан арылған емеспін. Қайда барсаң да өз-өзіңнен қашып құтыла алмайсың. О, ескі пәлсапа! Тыныш, маған олай жанарыңмен сұрақ жаудырта берме. «Әлем неткен ғажап!». «Біз білмейтін дүниелерді айтар, сәбилердің жылаған дауысын естимін» деген жолдар есіме түсіп кетті. Сезімге ерік беріп, жүрегіңді ашар сәтті күтпей-ақ, айта салуға болар еді. Бірақ біз жылылықтан қашамыз. Бетперденің шешілуінен қорқамыз. Мен тіпті анамның мойнынан құшақтап көрмеппін. – Махаббатты білдірудің жолдары жетіп артылады ғой. Жылы сөз айтпасаң да, жанашыр боп жүрсең, уайымдасаң, түсінуге тырыссаң ол махаббат емей немене?... – Хм, біздегі сезімге ұяңдық аноу жұлдыздар тозаңынан келген бе? Мен кейде әлемнің жаратылуы жайлы ойланамын. Шегі жоқ Құс жолы осынау ғаламның тозаңы ғана екенін ойласам, миыма сыймай кетеді. Әрі қарай ойлауға шамаң жетпейді, Құдай өзі бұғаттап тастағандай. Кейін әндеріме, Жерге қайта ораламын. Сиықсыз өмірімнің сәнін келтірер ән ғана. Қарашы, мен мына шарапты ұстап отырып Алатауды көз алдыма әкеле аламын. Бұл әннің тауға не қатысы бар дейсің бе? Оны өзім де білмеймін. Жай ғана өзімді солай жайлы сезінемін. Қаншама ай жасырынған сөздерді, айна алдында талай айтқан сөздерімді осы сәтте айта алмай қалдым. Кейде әдеттегіден ұзағырақ күтіп қалсаң ол сөздердің де дәмі кетеді ме, қалай өзі?... Үстелін маған жақындатты. Үздіге шыққан демін сеземін. – Мысалы, сен өз жақындарыңа сезіміңді қалай білдіресің? – Үйде жақындықты білдіру үшін арнайы сөздерді қолданбаймыз. Ұялатын да секілдімін. Мен өзі көп сөзге келгенде шорқақпын. – Сенің осы қылығың бәрін де құртады. Айту керек! Не болса да, сезгеніңді, не қобалжытатынын, не ұнамайтынын барлығын да айтып қал! Әлемді сондай сөздер мен жылылық ұстап тұр емес пе?! Мейірім жоқ дейсіздер, сол мейірім жақсы сөзден басталады! Менің отыз бес жылдық ғұмырым осыған кеп тірелгенін қарашы. – Сіздің соншалық ашулаңғаныңызды түсінбеймін. Екі жылда жиналған өкпе-назымның айтылғаны осы болса керек. Көзіме жас та келмей қалды. Бұл сәтті қанша көз алдыма елестетсем де, дәл бұлай болатынын ойламаппын. Мені айтпады дей ме? Оған жазған ұзын-сонар сөздердің арасынан іңкәрлікті көрмеген, сезбеген... «Менің ішімді жарып көрсең, жылағаныңды қойып, шошыр едің». Бойымды жаман сезімдер билеп, орнымнан атып тұрдым. Баяулата соққан ән самалын менің іс-қимылым бұзып жібергендей. «Сәлем, Долли!» шырқала кетті. – Менің сүйкімдім, саған осы әңгімені не үшін айтып отырғанымды білмеймін. Санамдағы негатив ойлардан арылып, жаңа өмір бастағым келеді. Тек осы тартыстың соңы өлім сияқты көрінеді де тұрады. Жүрегім ұша жөнеліп, ұстай алмай қалсам, дәл сендей... – Мен осындамын ғой! – Жоқ, болмайды. – Не кедергі? – Білмеймін, сені осындай образ қалпында армандай бергім келеді. Сенің пендешілігіңді көрмесем, қиналғанынды білмесем. Рұқсат па? Осыған дейінгі қиялымдағы елесінің мінсіз емес екенін, шынайы өмірде де дәл осы қалпын қабылдайтынымның маңызы болмай қалды. Құлағым тарс жабылып, ештеңені де естігім келмеді. Ол сөйлеп жатыр. Шөлмектер босап, жұрт тарай бастапты. Оның «ақылды сөздерінен» гөрі, үнсіз отырғаны жаныма жағар еді. Үйге жинала бастадық, мені шығарып салғысы келді, рұқсат етпедім. Мардымсыз әңгімеміз санамда сайрап, көз жасым кептетіле шығып кеттім. Көз қарықтырған жарыққа кеудемді аша жұлқына бастым. Біреу бақылап тұрғандай, әлде өзіме солай көрінді ме, білмедім... Артқа қарауға жүрексінгенім болмаса, бойымнан үлкен салмақ түскендей көрінді. Ендігәрі біреуді ұзақ күтпейтініңді білген қандай жақсы!

372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы