• Қоғам
  • 12 Сәуір, 2013

Азаматтық неке – арымызға сын

Адамгершілік асыл мұрамыздың бірі иманшыл, қоғамшыл, өркениетшіл саналы жастарды тәрбиелеу. Осы мақсатта ақ-адал принциппен өмір сүретін жастардың қатарын көбейтуіміз керек-ақ. Ол жастарды өмірге әкеліп тәрбиелеп отырған ата мен ана болғандықтан, әрбір өмірге келген жас отбасылардың шаңырағының шайқалмағанын тілер едік. Осындай игі мақсатпен өмір сүріп жүргенде төбемізден жай түскендей тамыры келте «азаматтық неке» туралы түсінік қайдан пайда болғанын ұға алмадық.

Тіпті, бірін-бірі танығысы келетін екі жас келешекте өзіне сүйікті, адал жар, сенімді серік болатын сыңарын алшақтан әңгімелесіп, сұхбаттасу арқылы-ақ таңдап алмайды ма? Оның үстіне оны әшкере тұтатын, некесіз байланыс жасағаны үшін көп болып бетіне топырақ шашатын ата-салтымыз бар. Мұндайда көзімізді жылтыратып, бетімізді бедірейтіп қойып, ағайын-жұрағаттың алдында жүре алмаймыз. Қашанда «қыздың жолы жіңішке», «ұлдың жолы ұлы жол» деп ұлағаттап келген қазақ халқы басқа санасыздықтарды былай қойғанда жастардың ғұмыры шолақ, келте некеге баруына жағдай жасауы жақсылық емес. Бір отбасының берекесін бекем ете алмай отырып, ел басына күн туғанда еміренбей-ақ қояды бүгінгілер. Тарихымызда адал махаббатын сақтап өмірден өткен ғашықтар қаншама?! Тіпті тараптар келіскеннен кейін ұрын келу, екі жасқа ақ батасын беріп жасау-жүгімен ұзатып салу, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып туысу, т.т. сыпайы салтымыз қаншама?! Мұның бәрін місе тұтпай, қолын бір сілтеп «ұзатыла» берген жастың   бақыты баянды болмақ емес. Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды! Гуманистік идеяның иесі болып келген халық мұндай әрекеттерден кейін өздерін өркениетті елдердің қатарынан сезінбей-ақ қойғаны абзал.
«Жаман айтпай жақсы жоқ», «ажал айтып келмейді» деп келген халық кез-келген уақытта ағайыншылдықтың, мейірбандылық пен бауырмалдылықтың қадірін білген. Ақылсыздықтан туындаған шын мәніндегі ұлттық болмысты жою қазақ топырағына жат үрдіс. Келін болып ана сыйлау өзің ана болғанда келіннен сый көрудің кепілі, күйеу болып ата-ене сыйлау өзің қарт болғанда жастан жақсылық көруіңе сын. Сол сияқты айтпаса да түсінікті табиғаттан белгілі қарапайым таным-түсініктер жеткілікті.
Жастарды айтамыз, қазіргі күнде сақалды басын сапситып, өзінің баласына татитын өрімдей жас қыздарға қолқа салатындарды қайтесіз? Қандай да бір мансап үшін немесе ақша үшін ешқашан сүйкім тауып болмайтын жиркенішті шалдың қойынында «торға түскен торғайдай» болып өмір сүруге кім барады? Қашан да баршылық болса да, жоқшылық болса да өзім сүйген ақ адал, жас жарыммен көремін деп өмір сүріп келе жатқан арлы жастар арсыз көз бояушылардың құрығынан сақ болуын тілейміз. Биік мансап пен көп ақша ешқашан да бақыт сыйлай алмайды. Мораль мен гуманизм ғана адам өмірін абыройлы етерін есте ұстау абзал.
Қашан да еліміздің еңсесін көтеретін, елдің абыройы үшін егілетін ержүрек ұлдарымыз бен көреген қыздарымыз ғұмыры үзақ некеге тұрып, мемлекетіміздің көсегесін көгерте берсін! ¥лтымыздың ұлағатын асқақтатар толыққанды жас ұрпақ дүниеге келіп, «шағын мемлекет – отбасының» тірегі болсын!  

Кенжегүл Мақанқызы
 
Алматы

461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы