• Білім-ғылым
  • 19 Қазан, 2018

Суреттен түйген сыр

Әр нәрсенің өзіндік себебі бар. «Егеменнің» кезекті санын ашып қалсам, Қайсар Әлімнің «Сырбай мен Ғафу» деген мақаласы жарқ етіп, жанымды толқытып, жүректің ар жағында тығылып жатқан біраз сырды бері суырып шығарды. Біз де алпыстың ернеуінен асып қалдық, жақсылармен бірге болған кездерді айтсақ сөкеттігі жоқ, айтудың да еш әбестігі жоқ секілді. Оған мынау Сырбай мен Ғафудың суреті куә, екеуінің қол ұстасып тұрған жансыз бейнесі көп нәрсені көкейге түйгендей, олар шындығында, айтса айтатын-ақ адамдар, қазақ өлеңінің бір туарлары осындай-ақ болар, біреуге қолынан келген жақсылығын жасауға да жатсынбаған қазақтың қара баласы осылар ма дерсің. 72-ші жылы орта мектепті бітіріп, Алматыға оқуға келдік. Мені Сырбай ақынның Қызылордада, біздің ауылда тұратын немере қарындасының кішкентай қыздарын қосып, астанаға жіберді. Мақсатым – Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түсу. Қолымда әкелерімнің институт ректоры Хайдар Арыстанбековке жазып берген хаты бар, олардың бар арманы – мені әуелі мол өнімші агроном етіп, сонан кейін жұрттың екі аяғын бір етікке тығып, ел билеген «райком» ғып шығару. Ал, менің арманым – «Лениншіл жаста» үсті-үстіне жарияланып жүрген Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов секілді болу. Сол хатты Сырағаң Хайдар Арысанбековке тапсырып, мен агрофакқа түстім. Бірақ, КазГУ-дің журфагі деген «аурумен» сырқаттандым да тұрдым. Сөйтіп, ыңғайына қарай, әуелі КазГУ-дің филология, жыл аяғына жетпей журналистика факультетіне ауыстым. Бұл туралы сол кезде факультет деканы болған Мырзатай Жолдасбеков ағамыз кейінгі шыққан алты томдығында: «Сол бала филология факультетінде оқи беру керек еді», деп айтып өтіпті. Ағаларымыздың соған дейін елеп-ескеріп, көңіл керуенінің көшіне ілескенімізге қалай риза болмассың. Қазір ойлайсың – осы кезге дейін қырсақ қырып жіберер едік қой. Арада Мәскеудің Әдебиет институтын көрдік. Қырсақ қайда жүрміз?! Сырағаңның өзін де, үйіндегі жеңгейді де көріп тұрдық. Тек агроном болмай, басқа жаққа бұрылып кеткенімді сол кісі білді ме, жоқ па деп, өзімнен-өзім қысылып жүрдім. Сырағаңмен қолтықтасып тұрған Ғафу Қайырбековпен «Жұлдызда» бірге істедім. Ол кісі Бас редактордың орынбасары болды, мен проза бөліміндемін. Өзіне тән жұмыс ережесі бар, түстен кейін көбіне болмайды. Сосын анда-санда жігіттерге ретімен келетін қалыптасқан дағдысы да бар. Поэзия бөлімінде жалғыз адам, онда белгілі ақын Шөмішбай Сариев. Бір күні аяқ астынан ол кетіп, Серік Тұрғынбековті алды. Күндегі қалыптасқан дағды бойынша шығарып салады. Бірде Ғафекең: «Әлі Шөмішбайдың деңгейіне жете алмай жүрсің», – депті Серікке көңілі көншімей. «Енді не істеуім керек», –дейді Серік. Ал, Шөкеңнің қай жағынан болса да қамшы салдырмас қалыптасқан өзіндік ережесі бар. Ақын болғасын осындай болмай тұрмайды ғой. Ғафекеңді жаңа үйге көшірдік. Жасымызға қарай Марат Қабанбай екеуміз балконда отырып, інілік ең жақсы тілегімізді айттық... Қос суретті көріп тұрып, екі ақынның адами қасиеттері көз алдымнан сырғып өтіп жатты. Кейін Сырағаңмен көрші тұрдық. «Ағаңның темекісі таусылып қалып, дүкен жабылып қалмай тұрып...» деп, екі өкпесін қолына алып, жеңгеміз жүгіріп келе жататын. Қарсы бетте ғұлама Әлкей Марғұлан, Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Асанбай Асқаровтар... Олардың айтқан әр сөзі, табаны тиген жерлер қазір ірілерден қалған іздей боп, бәріміздің жадымызда жаңғырып тұр десек, үлкенге де, кішіге де сабақ болар еді. Есіктің алдында Ғали ақын отырады, бірінші қабатта тордағы арыстандай боп темірмен қоршалған балконды қос қолымен қыса ұстап, Қалижан ақын тұрады. «Әй, Қалижан, менің гәзитімді әкеп берші», –дейді Ғали ақсақал. Көңілін қимай шығып, тәлтіректеп барып әкеп береді. «Әй, ақымақ, әшкиімді (көзілдірік) неге әкелмейсің», – дейді зекіп. «Осы, Ғафекең мені бала көреді-ей», – деп қайта кетеді. Ғали ақын өзінен екі-үш жас кіші інісін жұмсағанына жаны ләззат алып, мәз болатынын қайтерсің. Әйтпесе, дәл қасында қолды-аяққа тұрмай, жиырмадан енді асқан мен тұрмын ғой. Сол жерде жалаңаш денесіне шапанын жамылып ғұлама Әлкей Марғұлан отырады. «Жазушылар одағында не жаңалық?» дегенде бір-бірімен қырқысқан қаламгерлердің әрекетіне көңілі көншімей Әлкей Марғұланның: «Сірә, көшпенді дәуірдің әсері болар?!» дейтін жері де осы жер. Қазір осы сөздердің бәрі естелікке айналды. Қос ақынның суреті көп нәрсені еске салып, адами ілтипаттан арылмаған Сайын Мұратбеков, Фариза Оңғарсынова, Бекежан Тілегенов, т.б. жаны жайсаң жандардың әсерлі сөздері мен көңіліңді баурап тұратын бауырмал бейнелерін қалай ұмытарсың. Қазір бәрінің үйіне ескерткіш тақта ілінген. Сол жерден өткенде кезінде ілтипат пен ізет білдірмей кеткен кездеріміз болды ма екен деп ойлайсың. Олар да ғасырға бет алып барады. Өзіміз алпыстың беліне иек артқанда, солардың кеңк-кеңк күлген күмбір күлкісін сағынамыз. Суреттер сыр шертеді. Жансыз әлемнің ар жағында олардың өзіндік бейнесі тұр. Тек соны ұмытпасақ болғаны.

Қуан Боқайұлы

425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы