• Cұхбаттар
  • 15 Қыркүйек, 2018

Домбыраға адалдық

Оқу жылы басталғанда қала көшелерінен өскелең ұрпақ өкілдерін көптеп кездестіре бастадық. Міне, соның бір айғағындай ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен көмкерген қобдишаларын арқалап бір топ жеткіншектер аялдамаға жақындап келе жатты. Орталарындағы домбыра тартуды үйретуден жалықпайтын Тасқын Әлімбай көзіме оттай басылды.

Әр жылдары мектептерде мерекелі жиын болса, сол жерде жиі кездестіретін жас жігіт те мені бірден шырамытты. Амандық сұраса бастағанда-ақ жас жігіттің көңілінде кірбің бар екенін бірден аңғардым. – Қытайда туған және тұрған адамдар үшін виза тоқтатылды ғой. Ата-анаммен телефонмен де бұрынғыдай еркін сөйлесе алмаймын, – деп күрсінді ол. Әкесі Әлімбай Ескелді Іле-Қазақ автономиясындағы емханада 30 жыл оташы болып еңбек етіп, 2010 жылы 60 жасында зейнеткерлікке шыққан екен. Анасы Шолпан Балтабекқызы Қытайдың Текес ауданының әкімшілігінде ұзақ жылдар қызмет атқарған. Екі інісі яғни, Жарқын мен Айдын да сол аспанасты елінде тұрып жатыр. Жазғы каникулда етжақындарына бара алмағанына күйзеліп жүргенін Тасқын жасырмай айтып салды. – Өзің отбасын құрдың ба? деп сұрадым ойын бөлмек болып. – Иә. Қытайдың Құлжасынан Талдықорға-нға ертеректе көшіп келген бір отбасының Ұлан есімді қызымен көңіл жарастырдым. Қазіргі күні Наурызбай ауданына қарасты Ақжарда тұрамыз. –Мына шәкірттерің «Ақжелеңнен» бе? деп сұрадым. –Бұлар жаңадан домбыра үйренушілер. Алмалы ауданындағы №2 Оқушылар үйінде аптасына бір рет жиналады. Ал, оларды үй-үйлеріне өзім апарып тастауға міндеттімін. Көлікке отырғызып беталды жіберуге дәтім жібермейді, – деді ол байсалды қалыппен. Міне, ғажап, Тасқынның әр балаға, соның ішінде өзіміздің қаракөздерімізге деген жанашырлығы әрдайым дауысынан байқалып тұрады. –Бұрынырақта мен көрген өнерпаз-дарың ендігі ержетіп, бойжетіп қалған шығар? –Әрине. Уақыт зымырап жатыр ғой. Бағдарламашы (программист) мамандығын Кореядан оқып келген Дәулетбек Ерғали қазіргі күні Алматының Халықаралық – Информациялық технология университетіне жұмысқа тұрды, сол оқу ордасының домбыра оркестрін жандандыруға да ат салысуда. Ал, Назарбаев университетінде оқитын Жаншырай Тұрсынәлі болса «Орда» тобының жанындағы «Жүзім» ансамблінде жүр. Айдана Алайзарова – Алматының, ал Сұлтанбек Тәжіғалиев болса Канаданың Бонк Ковер қаласының университетіне биыл грантпен қабылданды. Бұлардың екеуі де мектепті «Алтын Белгіге» бітіргендер. Иә, ойлап қарасам өнерге бейім оқушылар жан-жақты болып өсіп жетіледі. Бұл орайда ұлттық аспапта ойнауды үйретіп қана қоймай, әр күйдің шығу тарихын, авторының өмірбаянын, кімдердің қалай орындайтынын, бәрі-бәрін тәмпіштеп, домбыра үйренем деушілерге айтудан жалықпайтын Тасқын Әлімбайдың еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, өз халқына деген құрметі мен махаббаты ерекше. Оны мен 5-6 жыл бұрын-ақ байқағанмын. Сонымен енді-енді аяққа тұрып, шаруасы түзеліп, үй салып алып, отбасын құрған кезде Алматыға әке-шешесін, ағайындарын, інілерін көшіріп әкеле алмағанына қапалы жігіттің жәйін бірте-бірте түсінгендей болдым. 2006 жылы Шыңжан педагогика университетінің музыка факультетін ойдағыдай тәмамдаған Тасқын Құлжаның музыка мектебінде ән-күй пәнінен сабақ береді. 2007 жылы аңсары ауып, Алматыға қыдырып келеді де, әсем шаһарда түпкілікті қалуға бел буады. Алғашында №62 мектепке қытай тілінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сөйте жүріп домбыраға қызығушылығы бар балаларды жинап «Мұрагер» ансамблін, кейінірек 2015 жылы №67 мектеп оқушыларынан «Атадан мұра», №36 гимназия жанынан «Ақжелең», лицей қабырғасында «Жігер» домбырашылар оркестрін құрады. Әр оқушының өзіндік болмысына бейімделіп, солардың уақыттарымен санаса отырып жасалған тынымсыз еңбек бүгінде нәтижесін беруде. Қалалық, республикалық байқауларда Тасқын Әлімбайдың шәкірттері жүлделі орындарды иеленуі осының дәлелі. Тек қана соңғы жылдарды еске түсірсек, «Ақжелең» ансамблі 2016 жылы республикалық «Тай жарыс» радио байқауына қатысып, бірінші орынды иеленді. 2017 жылы Грузияның Батуми қаласында өткен «From Georgia with love!» атты өнер сайысында 2-ші орын алды. Ал, осы жылдың жаз айында Италияның Пинето қаласына жол түсті. «Great Vita» senza Frontiere 2018» атты жасөспірімдер арасындағы халықаралық өнер байқауында аспапта ойнау номинациясы бойынша бас жүлдені қанжығаларына байлапты. – «Ақжелең» ансамблінде 12 бала бар, соның ішіндегі 5 оқушыны жеке-жеке жарысқа қостым. Мәселен, Құрманғазының «Адайын» Мұратжан Қарабалаев күмбірлетіп 2-ші орын алды. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін Мұстафа Құрман орындап, бас жүлдеге қол жеткізді әрі 300 еуроны олжалады. Н.Тілендиевтің «Жекпе-жегін» Темірлан Сәруаров, Құрманғазының «Балбырауынын» Әлмерек Айдарұлы, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» Сұлтан Қадыр орындап 3-ші орындарға ие болды. Сөйтіп шет елде өткен өнер сайысында фольклор номинация-сы бойынша «Ақжелең» ансамблі бірінші орынға қол жеткізді. Әсіресе, «Секіртпе» күйі орындалғанда зал іші гуілдеп кетті. Өйткені, бұл күйді домбыраны иыққа қойып та, әрі-бері қозғап ойнақшыта отырып тартады. Пернедегі саусақтың қағыстары да сан-алуан болып келеді. Осы жаңалықты айтқанда әлгінде ғана мұңайып тұрған Тасқынның көздерінен от ұшқындады. Сірә, ұстаз үшін шәкіртінің жетістігін көруден асқан бақыт болар ма?! Айтпақшы, Тасқынның өнерпаздары Алматы қаласында өтетін көптеген мерекелік концерттермен әр кез қатысып келеді. Биылғы жылдың 1 шілдесі «Домбыра күні» болып ресми түрде жарияланғанын көпшілік жақсы біледі. Сол күні Тасқын Әлімбай төрт мектептен 50 оқушыны «Арбатқа» алып барды. 500-ден астам домбырашылардың қатарында күй күмбірлету мәртебесіне шәкірттерінің ие болғанын Тасқын үлкен қуанышқа балайды. Иә, қайғының дәмін білмейтіндер қуаныштың әнін қайдан ұқсын!

Салтанат ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ

580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы